Байланысты: Шона Смаханұлы және Садықбек Адамбековтің шағын прозасындағы тілдік ерекшеліктер
5. Сатиралық шығармалардағы әдеби нормадан тыс элементтер Көркем әдебиет сөздік құрамға әдеби нормадан шет тұратын қарапайым сөз, жергілікті сөз сияқты элементтерді тек қана белгілі бір стильдік мақсатпен енгізетіндігін және мұны қазіргі белгілі жазушылар саналы түрде, шеберлікпен жүргізіп отырғандығын баса айтуға болады [27, 160].
Халықтың ауызекі сөйлеу тілі элементтерінің экспрессиясы айрықша күшті болып келеді. Бұл орайда осы лексикалық топтарға берілген анықтамаларға назар аудару қажеттілігі туындайды, себебі көрнекті қазақ тілші ғалымдарының пікірлерінде қайшылықтар байқалады. Мәселен: «Қарапайым сөздер деп аталатын лексикалық топ та, жаргон деп аталатын шағын бірліктер де - әдеби нормадан тыс тұратын сөздер. Олар, негізінен, ауызекі сөйлеу үрдісінің дүниелері. Қарапайым сөздердің жазба үлгілерде кездесуі шектеулі, көбінесе көркем әдебиетте, оның ішінде де прозалық шығармалар мен драмалық туындыларда қолданылады. Мұның өзінде де жазушы, драматург оларды негізінен кейіпкерлердің аузына салады. Демек, қарапайым, жаргон сөздер ауызекі сөйлеу тілінің нормасы болады. Сонымен қатар оларды көркем сөз иелері стильдік мақсатта өз баяндауларында да қолдана алады» [28].
«Сөйлеу стилінің лексикасы лексика-семантикалық, экспрессивтік-стилистикалық сипаты жағынан өз ішінде бірыңғай емес. Сондықтан іштей мынадай топтарға бөлінеді:1. Тұрмыстық-қарапайым лексика, 2. Варваризмдер, 3. әдеби-сөйлеу лексикасы» [28].
Халық тілінің екінші бір бөлігі болып табылатын ауызекі сөйлеуге байланысты қарапайым сөздер, белгілі бір территорияға байланысты жергілікті тіл ерекшеліктері (диалектизмдер) белгілі кәсіпке байланысты белгілі мөлшердегі адамдарда ғана түсінікті кәсіби сөздер, халықтың белгілі тобына ғана қатысты жаргондар, жөнсіз қолданылған бөтен тілден енген кірме сөздер – варваризмдер әдеби тілге қарама-қайшы құбылыс болып келсе де, олардың қоғамдық өмірде өмір сүруінде байланыс бар, бір-бірімен қатынасып отырады, кейде тіпті олар әдеби тілге еніп, нормаланып, әдеби тілді байытуға байланысты қызмет атқарады. Олардың әдеби тілмен қарым-қатынасқа түсіп, жалпыхалықтық көрініс алатын орны – көбіне көп көркем шығарма [29].
Келтірілген дәйексөздерден байқалатыны, ауызекі сөйлеу тілінің лексикасын топтауда варваризм мен жаргондарды анықтау мәселесі бірізді емес, С.Исаевтың пікірін қостай отырып, жаргондар мен варваризмдердің екі түрлі құбылыс екенін тілдік материалдар көрсететінін атай кетпекпіз.
С.Адамбеков пен Ш.Смаханұлының шығармаларындағы қарапайым тұрмыстық лексика автор баяндауында да, кейіпкер тілінде де кездеседі. Автор баяндауындағы қарапайым лексика ситуативтік контекст қажеттілігінен туындайды: Тылтиған таркөйлегі аяғын шідерлеп, бөдене бүлкілмен стол басына келген балапан ауыз, секпіл бет, жирен шашты сары қыз қара бояу кірпігін қағып-қағып қойып, құмырсқа бел рюмканы жаңадан ерніне тигізе бергенде, сарт еткен дыбыс кеудесін періп өткендей шошынып, төсінен сорғалап бара жатқан қара қошқыл шарапқа қарап, шыңғырып жіберді. Автор баяндауындағы пейоративтік мәні аса қанық эпитет, перифраздар суреттеліп отырған жағымсыз кейіпкерлерді даралап көрсетуге, қаламгердің субъективті пікірін білдіруге мүмкіндік жасаған, өз кезегінде оқырман да бұл кейіпкерден шошынып, үркіп отырады, яғни автор мақсаты орындалды деген сөз.
Келесі мысалдарда қарапайым, дөрекі сөздерді қолдану да осындай мақсаттан туындайды.
Ән, мерси? Мерси… Сондай да ән бола ма екен… Пшту! –
Жаңа жыл алдында мына арқанды шұбатпай қиып таста, мына үстіңдегі қабыңды шеш, о, оккей, оккей, - деп, түрік ерін, қитар көз қара қыз талдырмаш бойжеткеннің көйлегін бір тартып, бұрым ұшындағы жемелегін ала қашты. Жирен сары оған қуанып, бостан-босқа тағы да бір шыңғырып жіберді. (С.А.)
Қиқар шалдың шақылдаған даусынан үйді-үйінде қызыл-күрең шай ішіп, қызара бөртіп отырған қатын-қалаш, қайбірі жүгіріп сыртқа шықса, енді біреулері есік-терезелерінен сығалап, жыртың-жыртың күлді-ай кеп! Жаны ашып тұрған бірі жоқ, «Сауап болды өзіне» деп табалай күледі. Мұны естіп отырған үй иесі – қария шайпау кемпірі мен шаңытпа келініне «қойыңдар» деп тіс жармады. Есті көршілер: «Өз мүлкіне ұрлық жүрмейді» десе, есерсоқтары жас келінді жамыра мазақтады. (Ш.Смаханұлы, Елпекбайдың телпегі).
Ал төмендегі мысалдардағы тұрмыстық қарапайым лексика коммуникативтік стилизация нәтижесі:
- Жүректен кетті ме екен бейшара…
Өлген дәнеңесі де жоқ. Мас, - деді.
Лағынет! – Біреулер оған түкіріп жатыр.
Папашым – деп, Берік әкесінің үстіне құлай кетті.
Е… бәріне де түсініп тұрмын. Одан да піштухана демейсің бе?
Ауруханадан шыққасын да үйренген әдеттен құтыла алмадым. Бір жолы бүйтіп бұралқы иттей қор боп жүргенше, өлейін дедім де, көзімді тас жұмып, заулап келе жатқан жүк машинаға қарсы жүгірдім. Шофері тәжірибелі, әккі неме екен, машинасын бұрып әкетіп, тоқтады да, өзімді ұстап алып, төмпештеді-ай келіп!
О, көк қарғаның балапанындай албасты,шарап сасыған салдақы! – деп ақ құба бойшаң бозбала жирен шашқа тап бергенде шыңғырған бойы халатты әйелдің артына тығылып.
Мына төмендегі диалогтардағы басқа тілдерден енген сөздер тек кейіпкер тілінде ғана кездеседі: