«Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап, Бұларды керек қылмас ешкім қалап». Өлең жолдарын оқып шыққан соң, мәтін семантикасы ойға қалғызады. Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап – бәрі де менде бар, мен осы талаптың бәріне жауап бере аламын деп кім айта алар? Сондықтан, Абаймен келісуге тура келеді. Қаламаса да, қажеттілік – осы екен. Мәтіндегі семантикалық сыңарлардың иерархиясы өлеңді қабылдауды жеңілдетіп, эстетикалық эффект береді, әрі бұл иерархия арқылы талап кеңейе түседі, тереңдей береді. Әр өлеңде «адам болам десеңіз» концепциясы дамытылып, мәтіннің құрылымдық семантикасы мазмұндағы жеке сыңарлар мағынасы арқылы арқаланып, ерекшеленіп, жаңаша қабылдаудың нұсқасын танытып отырады. Бір өлеңді бір өлеңнен бөліп, ерекшелеп тұрған мазмұн бар да, оларды жақындатып, ортақтастырып, бүтін бітім ретінде танытып тұратын мән мен басты концепция бар.
Шындық болмыстың бейнесі жайындағы авторлық жеке концепция әлем бейнесі жайындағы оның жеке пікірі ғана емес, сонымен бірге оның сол әлемдегі өзін де нақтылай түспек. «Сөзіне қарап кісіні ал» деп Абайдың өзі айтқандай, дана сөздің ар жағында дана адамның өзі тұр дегенді айтпақпыз. Демек, көркем мәтіннің парадокстік құпиясы да осында: шындық болмысты бейнелеу арқылы, суреткер өзін де танытады, өз ойы мен талғамын, дүниетанымын, өмірге көзқарасын және аңғартады, әлем бейнесін көркем суреттеу арқылы өзінің де ішкі жан дүниесі ашылады. Таланттың ішкі жан дүниесінің сыры өзінде сақталмайды, ол - өлеңде.
Осы ретте мәтінді когнитивтік тіл білімі тұрғысынан зерделеудің мәні ерекше, өйткені мәтін тек құрылымдық грамматиканың дерегі ғана емес, ол таным нәтижесі, тәрбие мен тағылым, жол көрсетуші, бастысы, ойлануға, ойландыруға нұсқаушы, сондықтан семантикалық ұйымдасу құрылымы бай, мәні мен мазмұны күрделі. Мәтін екіжақты: лебіз ретінде ойды білдіру құралы болса, екіншіден автор мен оқырманның арасындағы ойласу алаңы. Оқырман өз кезегінде автормен іштей ой бөліседі, тілдеседі: келіседі, келіспейді, сырласады т.б. Тілдік таңба арқылы екі тұлға тіл табысады, сыр бөліседі, ақпарат алмасады, ақылдасады.
Менің бір досым: «Ренжісем де, қуансам да Абайды оқимын», - дейді. Мен сенемін. Өйткені данышпан сені өлең арқылы түсінеді, түсіндіреді, мұңыңды тыңдайды, сырласады, ақыл айтады, жол көрсетеді, қуанышыңды бөліседі, сырласа отырып сынайды, сынай отырып сынығыңды жөндейді, емдейді, дем береді, ерік-жігеріңді жаниды, намысыңды қамшылайды. Сен де данышпанға сенесің, елжірейсің, бар ынтаңмен тыңдайсың, айтқанын ұғасың, құлағыңа құясың, «жанбай жатып сөнбеу» үшін ілгері ұмтыласың, «ақылмен жеңемін» деген сенім күшейеді. Бұл жөнінде А.И. Новиковтың мына сөзін келтіруді жөн көрдік: "Этот результат существует в виде той информации, которая возбуждается в интеллекте непосредственно под воздействием совокупности языковых средств, составляющих данный текст, а также той информации, которая привлекается для его понимания" (Новиков, 1983, с. 33).
Мәтіннің семантикалық кеңістігі – ұлттық дүниетанымның көрінісі. Кез келген көркем шығармада автордың дүниетанымы мен ішкі болмысы көрінеді деген уәжді мойындасақ, онда, әрине, мәтіннің де ішкі мәндік құрылымындағы менталдықты жоққа шығармаймыз. Мәтіннің семантикалық кеңістігінде ұлттық білім мен білік жинақталған, оның мазмұнындағы металдық кеңістікті өзіндік ерекшелігі ретінде бағалау қажет. Жалпы адамзаттық мәселені көтеру - мәтіннің мәнін анықтаса, ұлттық негіз бен ұлттық болмысты таныту мазмұнда көрініс табады. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңінде ұлы данышпан:
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап, Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап. Ақындары ақылсыз, надан келіп, Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап, Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап. Әр елден өлеңменен қайыр тілеп, Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап, - деп шенейтіні белгілі. Патша сөздің санын емес, сырын таныған ақын талабы мен толғамы әлем әдебиетіндегі суреткерлік шешіммен, поэзиялық үлгіге қойылар талаптармен көрші қонып жатса, келтірілген мәтін мазмұны арқылы қазақ даласының иісі аңқиды. Менталдық табиғат тек тілдік таңбалардың болмысымен ғана емес, лексикалық бірліктердің мағыналық құрылымы арқылы да айқын аңғарылады, «Ескі би», «Қобыз бен домбыра», «мақалдап айту» тіркестері осы пікірімізге дәлел-дерек.
Мәтіннің семантикалық кеңістігінде, біріншіден, көркем шығарманың өзі сөз патшалығының бір көрінісі ретінде қатынасып, сөз, сөйлем, күрделі синтаксистік құрылым сипатындағы тілдік бірліктердің жиынтығы арқылы авторлық интенцияны белгілесе, екіншіден, оқырманның қабылдауы мен тануы арқылы өзекті семантикалық кеңістігі анықталады. Семантикалық кеңістіктің бұл ерекшелігі мәтіннің семантикалық кеңістігіндегі мән мен мағына категорияларының ерекшеліктерін тануға көмектеседі. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, металдық білім мен шындық болмыстың, белгілі әрекеттің, жағдаяттың бейнеленуі – мазмұнды тиянақтаса, осы шындық туралы негізгі ой мәнді танытады. Мән оқырманның интуициясы, көзқарасы мен дүниетанымы арқылы белгілі болады. Яғни, мазмұн мәтіннің денотативті-референттік негізімен қатысты болса, мән – семантикалық кеңістік сыңарларының түсінігімен сәйкес келеді. Мәнді тануда автор мен оқырман екі жақтан қатысып, оның концептуалды бағытын айқындайды.
Мұндай семантикалық кеңістіктің бинарлығы мәтіннің сыртқы материалдық құрылымының сипатымен және ішкі мазмұн бүтіндігімен байланысты. Мәтіннің вербалды көрінісі мен мазмұны арасында үнемі сәйкестік бола бермейді, арасында үнемі гармония сақталмайды, керісінше, кез келген сөз өзінің тура мағынасында емес, өзгеше жаңа мазмұнда контекстік, мәтіндік мағынаға ие болады. Мәтін кеңістігінде сөз өзінің әуелгі мағынасымен ішкі терең семантикалық мағынасын үзбегенімен, оған толық тәуелді болып сол шекарада тұрып қалмайды, ішкі семантикалық даму жағдайында көпмағыналық, фразалық мағына, кейде тіпті антонимдік мағына тууы мүмкін. Бұл сөз даму үдерісінің басты кешенді принциптерінің бірі. Сөз мағынасы тек контексте, мәтінде ғана дамып, жетіліп, байып отырады. Шындап келгенде, сөзжасамдық үдеріс дегеніміздің өзі де осы. Мәтінде сөз өзгермей, тек тура мағынасында жұмсалатын болса, адам ойындағы әлем бейнесін толық таңбалай алмас еді. Тілдегі ауыспалы мағына, метафоралық қолданыс пен фразалық тіркестердің т.б. қалыптасу үдерісін де адамның ойлау жүйесіндегі дамумен байланысты қарастыру қажет. Яғни, көркем мәтіннің менталды семантикалық кеңістігі кең, ашық, онда күнделікті болмыста қабылданған танылған жайттардан бөлек, әлі анық емес, танық, имплицитті жайттар да көрініс береді.