1. Лексикология пәнінің зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеті тіл білімінің өзге салаларымен байланысын көрсетіңіз. Лексикология (гр. lexikos сөз туралы және logos ілім сөздерінен) тіл білімінің сөздік құрамды, тілдің лексикасын зерттейтін саласы. Сөздік құрам дегеніміз тілдегі барлық сөздердің жиынтығы, ол лексика деп те аталады. Сөздік құрамға байланысты лексикологияның қарастыратыны: тілдің негізгі бірлігі ретінде көрінетін сөз мәселесі, лексикалық бірліктердің функциялық қызметі, сөздік құрамның толығу, даму жолдары, лексиканың тілден тыс шындық өмірге қатысты, тілдің басқа салаларына сөздік құрамның қарым-қатынасы. Қазақ тілінің лексикологиясы- қазақ тілінің сөздік құрамын (лексикасын) тексеретін ғылым. Лексикологияны жете түсіну үшін, оның нысаны болып табылатын сөздік құрам тұтас бір бүтін жүйе ретінде қаралуға тиіс. Сөздік құрам тұтас жүйе ретінде көпсалалы болумен бірге, тілдің басқа салаларымен де тікелей байланысты. Шындық болмыстағы заттар мен құбылыстарды тек сөз атап білдірмейді, сонымен бірге тұрақты сөз тіркестері де білдіре алады. Осыған орай лексикология сөз мағынасымен үйлесіп, сәйкесіп отыратын тұрақты сөз тіркестерін зерттейтін фразеологизмдерді де (гр. pharasis сөйлемше, logos ілім) нысан етіп қарастырады. Тіл байлығы тек сөздің молдығынан көрінбейді, тіл байлығы дегенді тілдің мағыналық байлығынан тыс қарастыру біржақтылық болады. Бұл жағынан лексикология сөздердің мағыналық құрылымын зерттейтін семасиология (гр. semasia мән,мағына,) ғылымымен тікелей байланысты. Семасиология шындық өмірдегі заттар мен құбылыстарды атап білдіретін атауыш сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасы жан-жақты қарастырылады. Тіл білімінің лексикологиямен шектес салалары: 1. Сөздердің қалыптасуына, өзгеруі мен дамуына қатысты тарихи заңдылықтарын тарихи лексикология тексереді. Тарихи лексикологияның бір саласы- этимология (гр. etymen шындық) сөздердің шығу төркінін, олардың ең алғашқы түр-тұрпаты мен мағынасын анықтайды. 2. Тілдегі жалқы есімдерді зерттейтін ономастика ғылымымен лексикология тығыз байланысты. Ономастика (гр. onomastike ат беру өнері) іштей антропонимика және топонимика болып екі салаға жіктеледі. Антропонимика (гр. antrhoropos адам, onyma ат, атау) кісі аттарын зерттеу нысаны етіп қараса, топонимика (гр. topos-орын, мекен +onyma- ат, атау) географиялық атауларын жеке нысан етіп зерттейді. 3. Лексикология тіл білімінің грамматика саласымен де үнемі қарым-қатынаста болады. Тілдегі сөздер номинативтік (атауыштық) қызмет атқара отырып, грамматикалық формалар арқылы өзгеріске түсіп отырады. Бұл әсіресе тілдің тарихи даму барысында лексикалық бірліктердің грамматикалану процесінен, сонымен бірге сөз тіркестерінің лексикалық бірлікке (сөзге) ауысуы (лексикалану) процесінен айқын көрінеді. Мысалы, құлап қала жаздады дегендегі жазба сөзінің лексикалық мағынасынан айрылып, көмекші етістікке айналуы грамматикалану нәтижесі. Осындай жағдай басқа да бірқатар көмекші етістік мәндегі (сал, бол, бер, қал, қой, тұр) сөздерден байқалады. Сондай-ақ, абайсызда, қапыда, тұтқиылда, кенеттен, лажсыздан, жүресінен, етпетінен, шалқасынан, қырынан, түнімен, қыстай, жаздай т.б. сөздер бастапқы төркіндерінен бөлініп, қимылдың әр түрлі күй-жайын білдіретін туынды үстеулерге айналып кеткен. Мысалы, қоғам мүшесі, ұжым мүшесі т.б. дегендей мүше; иненің көзі, бұлақтың көзі, күннің көзі т.б. дегендегі көз сөздерінде нақты мағынадан метафораланған атауыштық мағына туып тұр. 4. Сондай-ақ лексикология фонетикамен де үнемі байланыста. Сөздер көбінесе бірнеше дыбыстың тарихи қалыптасқан тіркесімен айтылғанда ғана белгілі бір мағынаны білдіреді. Тілдегі сөздердің дыбыстық құрамының өзгеруі олардың мағыналарының өзгеруіне әкеп соғады. Мәселен, ал, әл, ол, іл, ұл дегенде дауысты дыбыстың өзгеруінен әр түрлі мағына беретін сөздер жасалып тұр. Тілде белгілі бір дыбыс өзгергенімен, сөздердің сыртқы тұлғасы да, мағынасы да оншалықты өзгеріске ұшырамай, үнемі ұқсасып келетін жағдайлары болады. Мысалы: айғай-айқай, бау-бақ, сұрау-cұрақ, үлгіру-үлгеру, түгендеу-түгелдеу, жаңқа-жоңқа.