1. Сәбит Мұқанов зерттеулеріндегі Абай шығармаларының текстологиясы туралы баяндаңыз Абайды зерттемеген ғалым жоқ шығар



Дата22.05.2022
өлшемі18,54 Kb.
#35283
Байланысты:
абай


1. Сәбит Мұқанов зерттеулеріндегі Абай шығармаларының текстологиясы туралы баяндаңыз
Абайды зерттемеген ғалым жоқ шығар. Қазақ поэзиясына әкелген жаңалығынан бастап өлеңдерінің мазмұны, құрылымы мен текстологиясы әлі күнге дейін өзекті зерттеу еңбектері болып саналады. Абайды ең көп зерттеген ғалымдар қатарына М.Әуезов, С. Мұқанов, З. Қабдолав, Қ. Жұмалиев, А.Нұрқатов, З. Бисенғали сынды ғалымдарымызды жатқызамыз. Зерттеулердің ішінде Абай шығармаларының текстологиясы тақырыбы да ғалымдарымыздың назарынан тыс қалған жоқ. Әсіресе, Қ.Мұхаметханов, С.Мұқанов,Қ.Мәдібаева сияқты зерттеушілеріміз бұл тақырыпқа кеңінен тоқталған. Солардың ішінде С.Мұқановтың еңбектеріне тоқталып өтсем. С.Мұқанов «Абай Құнанбаев» зерттеу монографиясында ақынымыздың өскен ортасын, өмір жолын, шығармалары мен өлеңге көзқарастары туралы ашып айтады. Бұл еңбегінде ақынның өлең құрылысы мен текстологиясына тереңінен талдау жасайды. Әсіресе Абайдың шығыс әдебиетімен байланысын және орыс ақындарынан аударған өлеңдеріне кеңінен талдау жасайды. Еңбекте Абай өлеңдері қазақ тіршілігін нақты және айқын көрсететін айнасы деген пікірін келтіреді. Ақын тілі өте бай екен және онда қазақтың негізгі сөздік қорын толық пайдалана алған деп сеніммен айта аламыз. Зерттеуші Абай тудырған шендестіру,ауыстыру,метафора,теңеулерге де терең зерттеу жасайды. Олардың қазақ халқының шаруашылығымен, тыныс-тіршілігімен, аңшылық дәстүрімен тамырлас екендігін баяндаған. Соынмен қатар Абайдың қазақ поэзиясына әкелген жаңалықтарынан да кері айналып өте алмайды. Абай қазақ поэзиясына жиырмаға жуық түр қосып,жаңалық енгізгенін жазады С.Мұқанов. Абай жыр үлгісімен жазған «Болыс болдым,мінеки», «Жаздыгүні шілде болғанда», «Өзгеге көңілім тоярсың» сияқты өлеңдерінде бірқалыпты үйлес жиі қолданылғанын айтады. Абайдың өлең құрылысы мен текстологиясына,сонымен қатар ақын өлеңдерінің буын,тармақ,ұйқас,шумақ құрылысының ерекшеліктеріне талдау жасайды. Қазақ тілінің заңдылықтарын пайдалануда да сауаттылығын көрсеткен ақынның халқымыздың тілінде қолданылмайтын жаңаша етістіктерді аса шеберлікпен пайдалануы туралы мәліметті де С.Мұқанов осы еңбегінде дәлелдейді. Мысалы, «Ақыл іздеп,ізерлеп,Бәрін сынап сандалған». Мұндағы түбірі «із» сөзінен «іздеу», «ізерлеу» сөздері өрбіген. Сосын «соңырқап» етістігі де «соны», «сонарлау», «соныдан», «соныға» деген сөздерден шыққан болуы керек деп тұжырым жасадйды. «Түзу бол» деген сөзді де «түзу болмас ырықтап» пайдаланғанын С.Мұқанов «ырық» зат есімі етістікке айналмайтынын,тек жалғаумен «ырқы,ырқына» деп түр өзгертетін айтты. Құбылға бәрі керек қой,Бәрі жайсыз тоқтауға деген жолдардағы «құбыл» зат есімінің де «құбылу» етістігінен шыққандығын алға тартады. Ал Абайдың «Әлифби» өлеңінің тестологиясына тоқталар болсақ, мұндағы сөздердің көпшілігі араб сөздері екендігін, тіпті «әлиф» сөзінің өзі араб тілінде сөздің басы екендігін де айтады. Осы және басқа да көптеген өлеңдерін құрылысы мен текстологиясы бойынша біршама талдаулар жасайды. Аталған еңбектен бөлек С.Мұқановтың «Абай-халық ақыны» атты мақаласы, «Жарқын жұлдыздар» монографиясы бар. Қорыта айтқанда Абайтану ғылымына С.Мұқановтың қосқан біршама үлесі бар деп толық айта аламыз.

2. Абай психологизмінің тақырыптық-идеялық негіздері туралы баяндаңыз


Абай өлеңдері мен қара сөздерінің мағынасы жете түсініп оқыған адам ақынның барлық өлеңі тұнып тұрған психология екендігін түсінер еді. Абай өз өлеңдерінде жан мен тәннің, адамның мінез құлықтарының, қоғам психологиясы, ұлттық мінез секілді тақырыптарды сөз еткен, осыдан ақ ақын психологизмін анық байқауымызға болады. Абай психологизмі әлем әдебиеті ақындарымен ұштасып жатыр, мысалы, әл-Фараби, Аристотель секлді ойшылдарды атауға болады. Абай өлеңдерінің психологизмінің тақырыптық-идеялық негіздері адам мен Алла арасындағы байланысқа, жанның мәңгілік ұғымдарына құрылған. «Өлсе өлер табиғат», «Мені» менен «меннің» айырмасы өлеңдерінің психологиясына терең бойлайтын болсақ, тән мен жан, адам мен табиғат байланысын көре аламыз. Одан кейін ақынның көп мән аударған тақырыбы «жүрек», «қайрат», «ерік жігер», «мінез», «махаббат» және тағы басқалар. «Махаббат» туралы өлеідерін оқыған адам оны адам мен адам арасындағы махаббат деп топшылағанымен, Абайдың психолгизмі бойынша ол адам мен Алла арасындағы махаббат. «Көзімнің қарасы», «Ғашықтың тілі - тілсіз тіл», «Ғашықтық пен құмарлық ол екі жол» секлді өлеңдеріндегі «махаббат» тақырыбы осының айғағы. Адамның ішкі жан-дүниесіне терең бойлай білген ақынның өлеңдерінің басты тақырыбының бірі-сезім. Ақыл,қайрат,жүректі бірдей ұста деген жолдарда адам сезімінің осы үш қырын тұтастыра қарастырады. Адам өмірінде сезімнің қандай маңызды қызмет атқаратындығын, адамның рухани дамуы үшін алдымен жан дүниесінің бай болуы керектігін өлеңдерімен, қара сөздерімен айтып отырады. Абай адамның адамгершілік, эстетикалық, имандылық, көрегенділік секілді сезмдеріне үлкен мән береді. Мұндай сезімдерді бойға дарыту үшін адамға ақыл мен қайрат,білім мен ерік-жігер керектігін баса айтады. Адамның жаратылыстың ішіндегі ең мықтысы, себебі нәпсі тек адамда бар. Адамның міндеті өмір бойы сол нәпсімен күресіп өту. Абай психологизмінің негізгі бөлшегіне осы нәпсімен күресу тақырыбы айналып отыр. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде де адам бойынан табылуы керек, сонымен қатар бойын аулақ салуы керек болған бес қасиет айтылады. Жалқаулық, көрсеқызарлық, мақтан,өсек секілді нәпсінің қалауымен жүзеге асатын дүниелерден іргемізді аулақ ұстап, талап, еңбек,қанағат секілді асыл қасиеттерді бойымызға дарытуды насихаттайды.
Уайым-ер қорғаны,есі барлық,
Қиыны бұл дүниенің қолы тарлық
«Ехе-ехеге» елірме бозбалалар
Бұл – бес күндік бір майдан ер сынарлық, - деген өлең жолдарынан уайымның өзі адамды сабырлыққа шақыратынын терең психолгия арқылы жеткізе білген. Адамның рухани мықты болуы үшін өзін шыңдауы керектігін де баса айтады.
Абай психологизмі тек өлеңдерінде ғана емес, сонымен қатар қара сөздерінде де толып жатыр. Адам ата-анадан туғанда есті болып тумайды: естіп,көріп,ұстап,татып барып жақсы мен жаманды айырады деп он тоғызынша қара сөзінде адам өзін,өз мінезін өзі ғана тәрбиелей алатындығы туралы айтқан. Түрлі мінез-құлықты келтіре отырып адамға керек мінездерді және оларды іріктеу өз қолымызда екендігін айтады. Абай шығармаларында жеке адам мінезінің қалыптасуына бала шақтың психологиясы әсер ететіндігін айтқан пікірлері де көп. Жетінші қара сөзінде жас бала анадан екі түрлі мінезбен туылатындығын: бірі-ішсем,жесем,ұйықтасам,екіншісі:көрсем,білсем,үйренсем. Біріншісі тәннің,нәсінің,екіншіс жан қалауы екендігін әдемі айтып өтеді. Бұл жерде де бала психологиясының әсерін көре аламыз. Абай бала психологиясының ерекшелігі-білуге деген құштарлық екендігін айтады. Баланың тұлға болып қалыптасуына ата-ананың, ортасы мен достарының,ұстаздарының әсері мол деп есептейді Абай.
Абай психолгизмі тек мұнымен шектелмейді. Ол өз халқының әлеуметтік жағдайын ескере отырып олардың түрлі тап пен топқа бөлінгенін жақсы білген. Байлар мен болыстарды сынап, кедей халыққа ояныңдар,білім алыңдар деп үндеу тастап отырған. Ал ақындар тек сылдыр су ғана жаза бермей адам психологиясын терең білуі, «сырты күміс,іші алтын» сөз маржанын орнымен қолдану жайында да айтады. Абай психологизмінің тағы бір басты тақырыбы-өнер. Оның адам бойына қандай әсер беретіні, халық тұрмыс-тіршілігінде өлең мен музыка өнерінің алар орны да ақын өлеңдеріне арқау болған. Музыка мен өлеңнің мақсаты адам көңіл-күйіне әсер етіп, рухани азықтандыру, жағымды қасиеттер қалыптастыруға әсер ету деп санайды.
Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй,
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең менше сүй,-деп ақын адамнің қылдай нәзік көңіліне ем болар қоректі осылай өлеңіне қосты. Психологизм тақырыбының термин ретінде қалыптасуына,оның таралуына әсер еткен Абай атамыз десек артық айтқандық емес. Психологиялық мәні ашылған, анықтама берілген сөздердің көпшілігі бізге Абайдан жеткен және сол ұғымдар мен түсініктердің мәнін ашатын шығармалары арқылы қазақ халқына психология білімінің таралуына ықпал етті.

3. Абайдың отыз сегізінші қара сөзін қысқаша баяндаңыз


Абайдың ең көлемді қара сөзі - осы отыз сегізінші сөз. Бұл қара сөзінің көтерген тақырыбы адам баласының мінезі. Адамның адамдығы ақыл,ғылым сияқты нәрселермен,осылардың дұрыс жетілуі үшін денсаулықтың маңызын айтып кетеді. Адам мінезінің дұрыс қалыптасуына жақсы ана,жақсы дос,жақсы ұстаз әсер етеді дейді ақын. Ғылымға баланы үйір қылу үшін әуелі алдаусырата тұру керек, керек болса зорлықпен үйрету керек,кейіннен бала өзі ізденетін болады дейді. Ғылым әуелі алланы, сосын өзін,айналасын,дүниені тануға керектігі де айтылады. Ғылым-алланың бір сипаты екендігін, білім алуға деген махаббат алланың өзіне ғашықтық екендігін, ал мал табу,атақ-абырой үшін ғылым ізденумен ғылымның махаббаты табылмайтындығын ұлы ақын дәл тауып отыз сегізінші қара сөзінде айтады. Егер мал,мақтан,құрмет адамды өзі іздеп тапса адамдығы бұзылмайтынын, керісінше адам өзі соларға ұмтылар болса тапсын,таппасын адамдығы жоғалатының дөп басып айтады. Дін жолындағы адамдарға иманның ақиқатын білуін ескертеді. Әуелі Аллаға иман келтірдің,пайғамбарымыз оның елшісі екендігіне сендің,сонымен не бітеді, кім үшін иман келтірдің Алла үшін бе,өзің үшін бе деген сұрақты ортаға тастайды. Алла иман келтіргеніңе мұқтаж емес, ал өзің үшін болса оның не пайдасы бар дейді. Оны да пайдалана алсаң ғана пайдасын бермек, болмаса құр иманғаннан келер ештеңе жоқ екендігін айтады. Ол үшін Алланың есімдерінң мағынасын танудан бастау керектігін айтып, сегіз сипатын келтіреді,олар: Ғылым,Құдірет,Хаят,Басар,Сәмиғ,Ирада,Кәлам,Тәкин. Көркем сипатқа Алла мұқтаж емес,біздің ақаылымыз мұқтаж дей келе Алланың тоқсан тоғыз есімінің төртеуін білдіремін,оның екеуі-ғылым,құдірет дейді. Алла өлшеусіз,ал біздің ақыл өлшеулі,демек біз ешқашан бәрін толықт білдім деп айта алмаймыз. Алланың бізге деген махаббатына махаббатпен жауап беру керек,ол бізге өзге хайуандардан айырмамыз болуы үшін ақыл-сана берді, денеміздің әр мүшесі көркем жаратылды,соның өзі махаббат емей немене дейді ұлы ақын. Күнның шығуы,жаңбыр жаууы,неше түрлі жемістердің өсуі, табиғаттың бар ғажайыптары Алланың адам баласының пайдасына жаратқан нығметтері,біздің міндетіміз сол нығметтерге махаббатпен жауап беру, яғни ғылым үйрену. Сонымен қатар бұл қара сөзінде ақын Құраннан аяттар келтіре отырып,олардың мәнін ашуға тырысады. Сонша берілген нығметке шүкір етпей, суық көзбен қараудың күнә боларын,екі дүниеде де қор болатыныңды жазып оқырманның иманын бекіте түседі. Тура жол іздеген хакімдер болмаса дүние ойран болар еді дей келе, әр ғалым-хакім емес, әр хакім-ғалым деп әр істің себебін іздеушілерге хакім деген ат қойып,оның мәнін ашып көрсетті. Өз заманының надан молдаларын сынап, хакім атына дұшпан деп санайды. Олар білімсіздігімен,надандығымен,өзін өзгешелеймін деп әуре болуымен жұртқа пайдасы тимек түгілі зияны тиіп жатқандығын айтады. Алланың жолы өзі секілді қиянатсыз болады,сондықтан адал,таза жолмен жүріңдер,ғылымды мал табу үшін емес,Алланың хикметін тану үшін үйреніңдер,сонда мал өзі келеді деп өз ұрпағына өнегелі сөздерін айтады.Адам баласын қор қылатын үш нәрсе деп:надандық, еріншектік,залымдық деп әрқайсына жеке сипаттама береді. Намаздың әр қимылының мәніне жеке тоқталып, дұғаларының,салауаттардың мәнін жеке ашып көрсетеді. Жалпы, Абай отыз сегізінші қара сөзінде адамды Алла жолымен шын ниетпен жүруге шақырып,білім,ғылым жолын насихаттайды.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет