Мәтіндерді мұқият оқыңыз. Мәтіндегі көтерілген басты мәселені анықтаңыз. Өз көзқарасыңызды жан-жақты тұжырымдап, мысалдар арқылы дамытып, дәлелдеңіз.
[10]
1-мәтін
Қазіргі таңда адамдардың рухани байлығы, олардың әлеуметтенуі көкейкесті мәселелерге айналып отыр, себебі олардың өмірлік бағыт-бағдарларын анықтайтын қоғамдық қатынастарға икемделуі тұлғааралық қарым-қатынастарға, ұлтаралық қарымқатынастарға, гуманизм қағидаларына негізделуі тиіс. Адам баласының тұлға ретінде дамып қалыптасуына оның өскен отбасылық, әлеуметтік ортасы, ұлттық салт-дәстүрлері көп әсер етеді. Кез келген жеке тұлғаның дербес психологиялық ерекшеліктерімен қатар ұлттық сана сезімдері, ұлжандылығы, ана тіліне деген сүйіспеншілігі сияқты ұлттық ерекшеліктері болады.
Ұлттық тәлім-тәрбие ұлттық тіл арқылы іске асатыны анық. Тіл – адамдардың байланыс, қарым-қатынас құралы. Ал басқа ұлт мәдениетімен танысу сол ұлттың тілін білу арқылы іске асырылады. Қазіргі жалпы білім беру мектептерінде ана тілімен қатар шет тілдерінің де оқытылуы осы себептен. Тек білім алу үшін ғана шет тілдері оқытылмайды, ол – практикалық қажеттілік, ол – заман талабы. Бірақ ұлттық сана-сезім дамуының іргетасы – ана тіліне деген сый-құрмет.
Халық тағдырындағы тілдің маңыздылығын бағалауға, құндылығын арттыруға байланысты айтылған мынандай ұлағатты ойлар күні бүгінге дейін өзекті болып отырғаны баршамызға анық: «Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды» (М.Әуезов).
2-мәтін
Әдетте құндылық деген сөзді естігенде ойыңызға не келеді? Құнды заттар, құнды ақпарат, басқа адамның құнды қасиеттері. Әр нәрсенің өз құндылығын білгенмен, біз өз жандүниеміздің құндылықтарына назар аудара бермейміз. Ойланып көріңізші, сіздің қандай құндылықтарыңыз бар? Сіз өзіңізді ақылды, тәрбиелі, парасатты, адамгершілігі мол және т.б. керемет қасиеттерге ие адаммын деп ойлауыңыз мүмкін. Бұның бәрі құнды қасиеттерге жатады. Сіз ата-анаңызды, туыстарыңызды, достарыңызды, туған жеріңізді, еліңізді, ұлтыңызды шексіз сүюіңіз мүмкін. Бұл да адамның ерекше жақсы көретін құндылықтары.
Сіздің үйіңіз, материалдық жағдайыңыз, айналысатын ісіңіз, әуесқойлығыңыз да құндылықтар қатарында. Аналар үшін баласы үлкен құндылық.
Мысалы, сіз бір адамның шығармашылығын сынадыңыз. Ол азар да безер болып, сізге ренжіді. Неге? Өйткені ол үшін оның шығармасы оның құндылығы. Ол оған жанын салды. Ал сіз үшін ол мүлдем құндылық болмауы мүмкін. Егер ол адам сізді кешіргісі келсе, ол сол құндылығын жақсарту үшін тағы жұмыс істеу керектігін түсінуі керек.
Адам бойында мыңдаған құндылық бар. Бірақ біреу менің құндылығыма тиісті деп ренжіп жүре беруге болмайды. Құндылығыңыздың кем-кетік тұстарын анықтаңыз, ол әлі де жөндеуді талап ететін шығар немесе құндылығыңыздың кішкене бағасын түсіріп, адамды кешіріңіз. Солай, достар...