11. ҚАзақ халқының ХХ ғасырдағы мәдениеті мақсат



бет1/2
Дата08.04.2023
өлшемі39,89 Kb.
#80494
  1   2

11. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ХХ ҒАСЫРДАҒЫ МӘДЕНИЕТІ
Мақсат: ХХ ғасырдағы қазақ қоғамындағы күрделі өзгерістерге, қазақ-кеңестік мәдениеті мен тоталитарлық жүйеге ғылыми-объективті баға беру.


11.1 ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ұлттық ояну мәдениеті
Абайдан басталған қазақ мәдениетіндегі тың сарын XX ғ. бас кезінде ары қарай жалғасты. Қазақ мәдениеті XX ғ. әрі үмітпен, әрі күмәнмен қарсы алды. Дүниежүзілік техникалық және демократиялық прогресс Азия орталығына да жете бастады. Ұлттық идея темір тордағы халықты толғандырып, оны азаттық үшін күресуге ұмтылдырды. Әрине, ұлт-азаттық күреске бүкіл Ресей империясын камтыған революциялық және реформалық қозғалыстар да әсерін тигізді. Алайда Қазақстандағы толқулар тек орыс революционерлерінің ықпалымен болды деу жаңсақ пікір. Бірде-бір ресейлік саяси ұйым мен белгілі қайраткерлер империяны таратып, басқа ұлттарға азаттық әперу туралы мәселе көтермеді. Социал-демократтардың өздері Шығыс халықтарының оянуына панисламизм, пантюркизм айдарын тағып, күдіктене қарады. Мәселе, сонымен бірге Ресейдің халықтары әр түрлі өркениеттерге жататындығында. Батыс христиандарына жақын эстондар мен араб-парсы әлеміне түбірлес өзбек, қазақтардың арасында ортақ мәдени негіз тым аз еді.
Өзіне туысқан халықтардағы сияқты Қазақстандағы мәдени қайтадан жаңғыру патшалық Ресей экспансиясына қарсы шығудан басталды. XX ғ. басында қазақтан шыққан алғашқы саяси қайраткерлердің бірі Міржақып Дулатов қазақ халқының манифесі-«Оян, қазақ!» өлеңін жариялады. Ол тұңғыш рет халықты ашық күреске шақырған ұран тастады: «Қазақстаннан болған социал-демократтарға бір ауыз сөз айтамын: Еуропаның пролетариясы үшін қанды жас төгуіңіз пайдалы, бірақ өз халқыңыз қазаққа артық назар салыңыз, орыстың қара халқының күнелтуі ауыр, сонда да алды ашық. Қазақ халқы алты миллиондық бір ұлы тайпа бола тұрып, басқа халыққа қарағанда жәрдемсіз азып-тозып кетер» (Дулатов М. Оян, қазақ! – Алматы: Алтын Орда, 1991.-10 б.). Міржақып саяси мәселелермен коса өз шығармасында қазақ мәдениетін тұйықтан шығаратын жолдар іздейді. Ең алдымен мәдени тоқыраудың себебін М. Дулатов бодандықтан көреді.
Екі ғасырдың арасында қазақ мәдениетінде пайда болған бір құбылыс кейін өріс алған маргиналдықтың көбеюі. Бұл жерде әңгіме ұлттық мәдениеттен алыстап, үстемдік етіп отырған жат өркениетке қызмет еткендер туралы болып тұр. Болыстар мен тілмаштар, әкімшіліктің маңайындағы неше түрлі пысықтар көптеген жағдайларда «мәңгүрттік» қасиеттерге ие болып, ұлттық мәдениеттен қол үзе бастады.
Екі ғасыр арасында қазақтың ұлттық санасының оянуына үлкен әсер еткен тұлғаның бірі-Әлихан Бөкейханов. Ол қазақ хандарының тікелей ұрпағы, ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшісі, қазақтың алғашқы саяси партиясының басшысы, қазақтың бірінші ұлттық үкіметі – Алашорданың көсемі еді. Әлихан Бөкейханов сан қырлы қоғамдық қызметтерімен бірге қазақтың рухани мәдениетін алғашқы зерттеушілердің қатарында танымал. Ол Абайдың шығармашылығы туралы тұңғыш мақаланы жариялады, қазақ эпосы мен фольклоры жөнінде әлі күнге дейін ғалымдарды өзінің ой тереңдігімен таң қалдыратын еңбектер жазды. Солардың ішіндегі құндысы-1899 жылы «Түркістан ведомостыларында» жарияланған «Қырғыздың «Қобыланды» аңызындағы әйел бейнелері» атты еңбегі еді. Әлиханның бұл жерде көтеріп отырған мәселесі бұрынғы қазақтың рухани мәдениетінің бай мұраларына байланысты. Аталған аңызда мұсылмандық дін мен ежелгі тәңірлік түсініктердің қарым-қатынасы, көшпелілер мәдениетіне тән ана мен әйелді қастерлеу, ел намысын пендешіліктен жоғары қою т.б. мәселелері талқыланады.
Шексіз сахара қазақ мәдениетін көптеген жылдар бойы сыртқы жаулардан қорғаштап, өзіндік ерекшеліктерін сақтауға себебін тигізді. Дүлей далада тек жүз бен руға бөлінген тұтас қауым ғана өмір сүре алатын еді. Қысқаша айтқанда, Әлихан мен Міржақып, Ахмет Байтұрсынов пен Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов пен Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді алаштың арыстары өз күресінде халқының ғасырлық мұрасынан қашанда күш-қуат алып отырды.
Қазақтың рухани мәдениеті мен менталитетінде өшпес із қалдырған алып тұлғаның бірі-Шәкәрім Құдайбердіұлы. Оның шығармашылығының негізгі тақырыбы мораль философиясы мен мәдениет ілімін қамтиды. Шәкәрім Абайдың немере інісі және ұлы ақынның мұрасына сүйенген. Ол арнайы оқу орнында оқымаса да, араб, парсы, орыс, шағатай тілдерін өз бетімен үйреніп, осы тілдердегі шығармалардан дала ойшылы тұрғысынан ой қорытқан.
Абай сияқты Шәкәрім де қазақ елін қалай өркениетті, мәдениетті елдер қатарына қосамын деп талпынады. Оның ойынша, бұл азаматтық өтеудің басты шарты туған елдің бүкіл тарихи мәдени құндылықтарын жоғалтпай, оларды заман талабына сәйкес қолдану. Шәкәрімнің рухани ізденісінде ежелгі сақ-түрік заманынан қалыптасқан ғарыштық дүниетаным ерекше орын алады. Тәңірі, Нұр, Күн, Табиғат-ол үшін қасиетті, киелі үғымдар.
Қазақ мәдениетінде бұрыннан келе жатқан идея-жанның мәңгілігі. Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи, Абай мен Мағжан жалпы Шығыс ғұламалары бойынша, адамның дүниедегі тіршілік ету мағынасы жанның мәңгілігімен айқындалады. Әйтпесе өмір мазмұны жануарлық күн көруден алыс кетпек емес. Әлем мен адамға бағыт беретін жол көрсетуші, мәңгілік пен шексіздіктің кепілі-Нұр. Оған адамның жай ақылы жетпейді, оны аңғару, түсіну, жан дүниеңмен қабылдау қажет. Өтпелі өмірден мәңгілікке (фәниден бақиға) көшу, басқа сөзбен айтқанда, бұл дүниеден кету дегеніміз адам жанының Нұрға қосылуы. «Жан,-дейді Шәкәрім,- менің айтқанымдай баста бар болса, тұрған денесі орын болуға жарамаған соң, денеден шыққанда біржола жоғалып кетпейді. Құр ғана өзгеретін болса, бұрыннан бар жанның жоғалуына түк дәлел жоқ. Олай болса бір түрге түсіп барлықтың ішінде бар болып жүреді» (Үш анық.-«Әлем», 39 б.). Осы негізгі шығармасын Шәкәрім ұзақ дайындықтан соң жазған және ол Жаңа замандағы қазақ кәсіпқой философиясының алғашқы туындысы болып табылады. Бұл шығармада айтылған ойлардың сыры мен астарлы қатпарлары мол.
Яғни, басты мәселе-ар ілімі, моральдың төңірегінде. Кәдімгі этиканы Шәкәрімнің «ар ілімі» деп атауында да үлкен мән бар. Себебі оның негізгі категориясы, мәдениеттіліктің тірегі-ұждан. Бұл категорияны түсіну үшін Шәкәрімнен үзінді келтірейік: «Әрине, жаның өлген соң тазарып, жоғарылайтынына нанған кісі қуанышта болып, жоғалуына нанған кісі өкініште болып біржола жоғалмады-ау деп өлсе керек. Және ұждан жанның тілегі екеніне нанған кісі қиянат қылғанына қатты кейіп, жақсылық қылғанына жете қуанса керек. Олай болса нанбай, ұждан, совесть құр ғана көрініс үшін адамдыққа лайық деген кісіге жақсылық, қиянаттың көп айырмасы жоқ болса керек.
Ізін білдірмеудің айласын тапса болғаны, себебі өлген соңғы жан өміріне нана алмай ұждан, совесть, жан екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір жол, заң тазарта алмайды. Erep бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман жолы сияқты. Кейбір діншілдерді қорлыққа түсіріп жүрген шатақ дін, жалқаулық, әйтпесе жаратушыда білім бар, өлген соң да бір түрлі жан тіршілігі бар. Жан екі өмірде де азығы-ұждан, совесть деумен еш нәрседен кемдік көрмейді. Тіпті бұл жоғарылаудың ең зор жардамы үш анық дегенім осы». (Үш анық. – «Әлем», 44-45 бб.). Шәкәрімнің ұжданы біз жоғарыда айтқан, ежелгі гректегі «каллокагатия», И. Канттың «кесімді императив» ұғымдарымен астас. Ұждан дегеніміз-ынсап, әділет, мейірім.
Ресей патшалығы отарланған қазақ халқын қанды шеңгелінен шығармау мақсатымен үш түрлі қанды қақпанға құрылған түбірлі саясат ұстанған. Олары: қазақ жеріне келімсектерді қоныстандыру тәсілімен тартып алып түпкілікті меңгеру; өздерінің рухани сағын сындыру үшін, христиан дініне шоқындыру арқылы орыстандыру; ең қауіпті нәрсе-қазақтардың ұлттық санасын оятпау, азаматтық сезімін өшіріп рухани құлдыққа таңудың таптырмас құралы территориялық ұстынға негізделген болыстық сатылы сайлау жүйесін орнықтыру арқылы рушылдықтың отына май құйып, өздерімен өздерін жауластырып қоюдан басқа ешнәрсе де емес.
Қазақ зиялылары бұл саясатқа қарсы тұра білді. Мысалы, Шәкәрім Құдайбердіұлы қазақ тілінде «Мұсылмандық шарты» атты дінді қазақ мәдениетімен үйлесімді қосуға арналған еңбегін жариялады. Аталған еңбегін жазылу себебін Шәкәрім былай түсіндіреді: «Оқығандарыңыз кітаптан, оқымағандарыңыз молдалардан есітіп білген шығарсыздар. Олай болса біздің қазақ халқының өз тіліменен жазылған кітап жоқ болған соң, араб, парсы кітабын білмек түгіл ноғай тіліменен жазылған кітаптарды да анықтап ұға алған жоқ шығар деп ойлаймын. Сол себептен иман-ғибадат туралы шамам келгенше қазақ тіліменен жазайын деп ойландым. Бұл кітап әрбір қазақ үшін оқуға оңай болып, әрі оларға пайда әрі өзіме сауап болар ма екен деп үміт еттім» (Шәкәрім. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1988.-560 б.).
Шәкәрім ықшамдаған мұсылмандық құқық қағидаларында екі нәрсе қатал сақтанған: а) қазақы салт-дәстүр мен исламдық нормалардың арасындағы үйлесімдік; ә) жалпыадамзаттық мораль құндылықтарының әмбебаптылығы. Мысалы, адам еркінділігін алайық. Исламның фундаменталистік түсініктері бәрі алдын-ала жазылған деп адам еркіндігіне шек қояды. Шәкәрім еркіндікті жақсылық пен жамандықтың арасындары таңдау деп қарастырады.
Әрине, біз бұл жерде канондық құқықты мұрат ретінде ұсынып отырғанымыз жоқ. Мұсылмандық құқықтың да кертартпа жақтары жеткілікті. Әңгіме канондық құқықтың әдептік-өркениеттік нормалары туралы болып отыр. Және Ресей боданы Қазақстан үшін бұл құқық мәдени қорғаушы қызметін атқарды дейміз.
Тарих аумағынан қарағанда тым қысқа уақыт аралығында (70 жыл – бір адамның ғұмыры) қазақтың ұлттық мәдениеті Кеңес өкіметі кезінде сан қырлы құбылыстарды өз басынан өткізді. 1916 жылдан басталған күрес келесі жылы мақсаттарына жеткендей болды. Өздерін «демократтар» санаған Уақытша үкімет өкілдері сөз жүзінде езілген халықтарға азаттық береміз деді. Қазақ ғұламасы Ә. Бөкейханов революция жасала сала «Жаңарған Ресейдің ерікті азаматтары-қазақтарға» деген өз үндеуін жариялады. Жалпы алғанда, қазақтың ұлттық мәдениетін XX ғ. талаптарына сәйкес қайта құруда «Алаш» партиясының рөлі ерекше болды.
Революцияның бастапқы кезіндегі маңызды мәселенің бірі ұлттық-мәдени автономияға қатысты еді. Ресей революциялық қозғалысының кадеттік, социалистік және коммунистік бағыттарының көсемдері бұл идеяға қарсы шықты. В.И. Ленин болсын, Ф. Керенский болсын территориялық федерацияны желеу етіп, бір орталыққа бағынған Ресейдің империялық мәнін сақтап қалуға тырысты. Большевиктер оған қоса өздерінің аты шулы «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіндер!» ұранын басшылыққа алып, ұлттық мүддені шетке шығарып тастады.
1917 жылғы маусым айындағы басылымында «Қазақ» газеті осы мәселені тікелей қойды. Автономияның қазақтарға ауадай қажет екендігін айтып, оның үш негізі бар екендігіне оқырман назары аударылды (территория, мәдениет және ұлттық ерекшеліктер). 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынбор қаласында Бірінші бүкілқазақтық құрылтай өтті. Оның шешімдері бойынша «Алаш» партиясының бағдарламасы жарияланды. Бағдарламаның кейбір бөліктерінен үзінді келтірейік:

  1. «Россия демократиялық Федеративтік Республика болуы керек, оның құрамындағы әрбір мемлекет тәуелсіз әрекет етеді.

  2. Қазақтар тұратын аймақтардан құралған автономия Pocсия Федеративтік Республикасының құрамды бөлігі болып табылады.

  3. Россия Республикасында тең праволылық, тұлға, сөз, баспа, ұжымдар еріктілігі болады.

  4. Дін мемлекеттен бөлінеді. Барлық діндер тең праволы... қазақтардың өзіндік муфтийлігі болуы керек.

  5. Билік пен сот әр халықтың ерекшеліктеріне сәйкес құрылуы қажетті, би мен сот жергілікті халықтың тілін білуі міндетті.

  6. Білім алу – барлығының ортақ игілігі. Бүкіл оқу орындарында білім алу тегін. Қазақтардың өз тіліндегі орта және жоғары оку орындары, университеттері де болуы керек».

Бұл бағдарлама 5-12 желтоқсанда өткен Бүкілқазақтық екінші съезде құпталынып, осы құрылтайда ұйымдастырылған Алашорда үкіметінің негізгі заңына айналды. Сонымен 1917 жылдың аяғына таман Қазақстан үдеріс жолында талай жетістіктерге жетті және ұлттық төл мәдениетті дамытуға мүмкіндік алды. Қазақ рухани мәдениетінің сол тұстағы деңгейінде «Алаш» қайраткерлері алдыңғы қатарда тұрды. Кейін тоталитарлық жүйе оларға әдейі «контрреволюцияшыл-ұлтшылдар» деп жала жапқан.
XX ғасырдың басында қазақ мәдениетінде жаңа нышандар пайда бола бастады. Біріншіден Ресей Қазақстанды толық отарлау саясатын жалғастырды. Бұрынғы дәстүрлі басқару мен реттеу тетіктерінің орнына империялық заңдар енгізілді. Билер соты өз функциясынан айырылып қалды. Оны әлсірету мақсатында Ресей әкімшілігі билер сотының шешіміне аппеляция (шағым) беруді ресми бекітті, яғни барлық мәселені түбінде болыстар мен ояз әкімшілігі шешіп отырды. Алайда кейінгі Кеңес өкіметіндей Ресей дәстүрлік мәдени реттеу тетіктерін толық жоймады.
Ресей өкіметі өзінің Қазақстан жеріндегі мүдде-мұратына қарсы келмейтін, олардың іске асуына кедергі жасамайтын әдептік «аудандардың», принциптердің, нормалардың өмір сүруіне бейтараптық танытты, «көнбістік» көрсетті. Мүмкіндігінше оларды «көрмеуте», «байқамауға», не болмаса «айналып өтуге» тырысты. Мұндай аймақтардың, қағида-жарғылардың тыныштығын бұзбауға, «мазасын алмауға», «қытығына тимеуге» ұмтылды. Тіптен, мұндай әдет-ғұрып нормаларымен жергілікті халықты «игеріп», басқарып, оны «тыныштықты ұстап тұру» мүддесі тұрғысынан келіп, осы көзқарас аясында бағалап, пайдалануға тырысты. Яғни, аталмыш әдеп нормаларының мәдени-рухани, реттеушілік-басқару, іс-қимылдық бағдар беру потенциалын Ресей мемлекеті мүддесі шеңберінде қолдап, қолданып отырды.
Қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі түбегейлі өзгерістер, сонымен, табиғи жолмен емес, күштеу принципі арқылы жүргізіліп отырылды. XIX ғасырдың ортасы мен XX ғасырдың басы – қазақ халқының отаршылдыққа қарсы толассыз көтерілістер кезеңі. Қазақтың дәстүрлі әдептік реттеу тетіктерінің біртіндеп істен шығуы далада тек мінез-құлықтық ретсіздік ғана емес, сонымен бірге ұлттық сананың оянуына әкелді. Қазақ мәдениетінде ұлт-азаттық қозғалыс дүмпуі басталды және бұл қазіргі тәуелсіз Қазақстанға дейін апарған сара жолға жатады.
ХХ ғасырдың басында қазақтың дәстүрлі мәдениетін өзгерту қажеттігін мойындаған мынадай бағыттар қалыптасқан:
1. Түркиядағы «Танзимат» және Ресейдегі милләтшілдік пен жәдидшілдік идеялары ықпалымен дамыған діни-реформистік ағым (М.Ж. Көпеев, Ғ. Қараш, Г. Мұсағали, А. Әділбайұлы, Ә. Кердері т.т.) Жәдидшілдік атауын қазақ тіліне «жаңару, елдікті сақтау үшін жаңа бағытты ұстау» деп аударуға болады.
2. «Түрікшілдік бағыт» (М. Шоқай, М.Жұмабаев, Т.Рысқұлов, М. Ходжаев т.т.).
Бұл бағыттың өкілдері түркілік өркениет тұтастығы контекстінде қазақ мәдениетін қалыптастыруға шақырды. Бұл типтің басты ерекшеліктеріне тарихи сананы түркілік тұтастық идеясы негізінде жаңғырту, тәңіршілдік, Батыс пен Шығыстан даралану, қазақ халқы түріктің қара шаңырағының иегері деп мойындау, т.т. жатады.
ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамында қалыптасқан келесі бағытқа реформашыл либерал-демократтық сипаттағы тұлғалар жатады және олар Алаш ұлттық қозғалысын дүниеге әкелді (А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов т.т.). Ә. Қодар Алаш қозғалысының руханият саласында үш тенденциясы болды дейді: а) ағартушылық (А. Бөкейханов, А. Байтұсынов, М. Дулатов); ә) көшпелі әлеммен ностальгиялық қоштасу (Ж Аймауытов, М. Әуезов); б) жаңа ұлттық мифтік шығармашылық (М. Жұмабаев).
Мәдениетке Алаш қозғалысының өкілдері ұлттық мүдде тұрғысынан қарады. Алдымен олар большевизм ұсынған таптық принципті бекерге шығарды және «қазақта тап жоқ» деді. Мысалы 1919 жылы Мәскеуде жарияланған А. Байтұрсыновтың «Революция және қазақтар» атты мақаласында қазақ қауымының мүддесін білдіретін жазушы қалай болу керек деген сұраққа жауапты былай топтастыруға болады:
- Алаш жазушысы бауырмал, қазақшыл, ұлтшыл. Өйткені жұрттың теңсіздігі осы қасиетті талап етеді.
- Қазақ азаматтары мәдениет жігін жою жолындағы жұмысқа күшін, ісін сарп ету керек. Басқалармен мәдениеті теңеліп, жарыса-жармаса күнелтуге қазақ жеткен күні қазақтың қасындағылары қыңсылауды қояды.
- Мәдениет алға басу тіршілік ісі шеберленуімен, сана-саңылауы күшеюімен болады. Тіршілік ісінен шыққан шеберлікті-өнер дейміз, сана-саңылау күшінен шыққан білімді-ғылым дейміз. Бұл екеуі де үйренумен табылатын нәрсе.
- Оқу ісі сабақтас әдебиетпен: оқу әдебиетті күшейтеді, әдебиет оқуды күшейтеді.
- Қалам қайраткерлерінің жұмысы-әдебиет, әдебиетсіз оқуда қуаттану жоқ, оқусыз мәдениетте қуаттану жоқ, мәдениет қуаттанбай қазаққа қорлықтан, зорлықтан құтылу жоқ.
- Азаттық асылы-мәдениетте, мәдениет күшеюінің тетігі-оқу мен әдебиетте.
- Жазушыларымыз бытыраңды болмай, ұйымдасып, бірлесіп іс істесе, бәлкім істері берекелі, өнімді болар.
Алаш қозғалысы ұсынған қазақ әлеуметтік мәдениетін реформалау жобалары тоталитарлық мәдениетте жүзеге аспай қалғаны белгілі




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет