13-семинар. Бағалау – ерекше лингвистикалық категория



Дата28.04.2022
өлшемі17,36 Kb.
#32704
түріСеминар

13-семинар. Бағалау – ерекше лингвистикалық категория

Адам өмірден алған, жинаған тәжірибесі негізінде заттардың табиғи қызметін ашады, құбылыстарды жіктей отырып әлемді таниды. Өмірдің шынайы құбылыстарын мейірімділік пен жауыздық, пайда мен зиян, жақсы мен жаман т.б. бағалық қасиет тұрғысынан сипаттамайды.

Тілдік қарым-қатынаста өмір сүретін ерекше лингвистикалық категория, бағалау – қоғамдық мәні зор құбылыс. Белгілі бір зат я құбылыс жөнінде ой-пікір пайымдау – бағалауға тән негізгі қызмет. Бағалау негізінде анықталатын құндылық бағдар аясы арқылы жұртшылық мойындаған, құрметтеген, сыйлаған кең ауқымдық, жалпы адамзаттық құндылық, өркениет, өркениет құндылығы, қоғамдық пікір, имандылық сияқты әлемдік категориялар пайда болады. Дүниетаным үшін құндылық пен құндылық бағаның маңызы аса зор.

Тіл білімінде бағалау категориясы табиғи тілдерде әртүрлі тәсілмен берілетін жалпы сөздер тобына тән деп танылатын ұғымдық категорияға жатады. Үғымдық категория негізінен барлық тілге тән категория ретінде танылады. Осы қасиетіне байланысты олар әртүрлі жүйедегі тілді сипаттаудың жинақтау негізі ретінде көрінеді. Ұғымдық категориялар мәртебесіндегі бағалау әмбебап категория қатарынан орын алады. Логикалық философиялық негізі бар басқа да ұғымдық категориялар сияқты бағалауды да жалпы сипаттағы мағыналық компоненттер қатынасында концептуалдық, когнитивтік, онтологиялық, психологиялық, философиялық немесе логикалық деп атайды. Алдымен бағалау логикалық философиялық категория ретінде антикалық кезеңдегі философтар еңбегінде өз көрінісін тапқан. Адам табиғаты туралы белгілі философтардың трактатында «ізгілік» пен «мейірімсіздікке» қатысты негізгі ұғымдардың дефинициясы бар. Осы жөніндегі негізгі мәселе шеңбері Аристотельдің еңбектерінде айқындалған. Ойшыл еңбектерінде бұл мәселелерді екіге бөліп қарастырады: (1) бағаны қабылдайтын объектілердің түрлері және (2) оларға қосақтала берілетін бағалау предикаттарының мағынасы.

Шығыс философы Әбу Эли ибн Сина өзінің жан туралы ілімінде органикалық әлем шеңберіндегі қызмет деп түсінетін «күштерді» сыртқы және ішкі деп бөледі. Сыртқы күштерге ол сезу, иіс түйсігі, дәм, есту қабілеті, көру қабілетін жатқызады. Ішкі күштерге қиял, елес күшін, елестету мен бағалауыш күшін жатқызады. Ибн Синаның айтуы бойынша, бағалауыш күші тікелей сезім арқылы қабылдаудан дерексіз, жеке дене мен заттарда маңызды және бұл жалпы бағалауга сәйкес ұғынылады. «Ізгілік» категориясының көпмағыналылығы, бағалау мәнінің субъектілігі туралы Т.Гоббс жазған болатын. Жаман мен жақсының гедонистикалық концепциясы Фж. Локктың еңбектерінде көрсетілген. Бағалау мәнін талдауға норматив ұғымын еңгізген Б.Спиноза болды. Бағалау теориясын утилитарлық бағытта И.Кант қарастырды. Мәселені осы сипатта қарастыратын еңбектер өте көп, әсіресе, философия, баға логикасында кеңінен қарастырылғаны байқалады. Бағалау логикасы немесе формальді аксиологияда бағалау деп заттың құндылығы туралы пікірді айтады. Бұл жайында А.Ивин «Основания логики оценок» деген еңбегінде «под ценностью при этом понимается всякий предмет любого интереса, желания, стремления и т. п.» деген еді [1,12-6.].

Бағалау табиғатына қатысты негізгі философиялық тұжырымдама Н.Арутюнованың «Типы языковых значений: Оценка. Событие. Факт» атты іргелі зерттеу жұмысында қарастырылған. Осы бағытта жете зерттелетін тақырыптарды автор екі негізгі мәселе айналасында топтастырады: (1) бағалау мағынасының анықтамалары және (2) баға берілетін пікірде фактіге негізделген ақпарат және иллокутивтік функциялардың арақатыстары [2].

Н.Арутюнова құндылық категорияларының түрлі тәсіліне негізделген бағалау предикаттарының анықтамаларына талдау жасайды. Бағалау феноменінің мәнісіне ең жақын деп автор теологиялық принциппен байытылған бағалау мағынасының нормативтік анықтамасын жатқызады. Бұл анықтама тіл үшін маңызды болып табылатын бағалау мағыналарын дескриптивтік мағыналарға қарсы қоюды есепке алады. Ол бағалау мағынасын реляциялық, яғни әлем мен оның дәріптелінген моделі арасында сәйкестік орнататын және модальдылық модустарымен байланысты мағына ретінде жіктейді [2, 59-6.].

Бағалау мағынасының логикалық философиялық бағытта жеткілікті дәрежеде қарастырылуы бағалаудың модальдық сипатына лингвистер назарын аударды. Логикалық және философиялық ойлардың нәтижелері тілдік құбылыстарда тиімді пайдаланылатыны еш күмән тудырмайды. Бұл тұрғыдан қарастырудың тиімділігін логика мен тіл білімі салаларын зерттеудегі еңбектер дәлелдей алады.

XX ғасырдан бағалау категориясы тіл білімінің зерттеу нысаны бола бастады. Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысынан жалпы мағына мәселесінің бөлігі ретінде бағалау мағынасының мәселесі ерекше өзекті болып табылады. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, тұңғыш қазақ тіл маманы А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегінің «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі» деген тарауында сөз, ұғым, мағына табиғатын карастырады. Зерттеуші ойлаудың екі түрін көрсетеді: «ойлау екі түрлі сипатты болады. Ол сипаттардың біреулері бойына біткен сипат болса, екіншілері адамның қосқан, таңған сипаттары болады. Мәселен, нәрсенің бірін жылы, бірін суық, бірін тегіс, бірін бұдырмақ, бірін қатты, бірін жұмсақ дейміз. Бұл сипаттар нәрсенің бойында бар сипаттар. Бұл сипаттаудың біреулері адамға ұнайтын болар да, біреулері ұнамайтын болар» [3, 209-6.]. Біздің зерттеу нысанымызға қатысты ұғымдар мұнда ұнау, ұнамау - жағымды, жағымсыз деген сөздермен беріледі. Зерттеуші М.Оразов «Қазақ тілінің семантикасы» атты еңбегінде эмоциялық мағынаға талдау жасай келе, әрқашанда объектив дүниедегі заттардың түйсік арқылы қабылданған информациясы адам ойы, санасының елегінен өтіп жататындығы, оған белгілі баға берілетіндігі шындық деп атап көрсетеді. Егер адамзат айналасындағы дүние, дүниеде болып жатқан құбылысты тек өз күйінде қабылдап, оған өз көзқарасын білдірмейтін болса, онда дүниедегі құбылыстарға баға бере алмаған болар еді [4, 107-6.].

«Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар» атты еңбекте соны сөздерді өмірге келтіріп отырған факторлардың бірі «бағалауыш» сөздерді қажет етуімізге байланысты деген орынды пікір айтылады. «Әдетте атауыш сөздер қолданылу мақсатына қарай термин сөздер және бағалауыш сөздер болып ажыратылады. Алдыңғылары белгілі бір ұғымның нақты (ресми, тұрақты) атауы болса, соңғылар кейбір зат пен ұғымдардың образды (ресми емес) атаулары болып келеді. Мысалы, дүниеқоңыздық (затқа табынушылық), топжарғандар (озаттар) сөздерін көрсетуге болады. Бұларда белгілі бір бағамен атау сипаты бар: экспрессия (топжарғандар, дүниеқоңыздық), көтеріңкілік (мақсаткер) т.т. Бір сөзді қайталай бермеу үшін де „бағалауыш” қосалқы сөздер оңтайлы соғады» [5, 5-6.].



Бағалауыштық деңгей туралы, дәлірек айтсақ, сын есімдегі сапа интенсивтілігі жөнінде орыс және қазақ тілі материалдарын салыстыру негізінде ғалым З.Ахметжанова жан-жақты зерттеу жүргізді. Ол өзінің «Функционально-семантические поля русского и казахского языков» деген енбегінде сапа мөлшерін білдіретін сын есімдердің ерекше тобы болатындығын айтады [6, 104-105б.].

Пайдаланылған әдебиет тізімі:

1.  Ивин А.А. Основания логики оценок. -М., 1970. - 280 с.

2.  Арутюнова Н.Д. Типы значений: Оценка. Событие. Факт.-М.,341с.

3.  Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. - Алматы: Ана тілі, 1989. 298 б.

4.  Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. -Алматы: Рауан.1991. – 216 б.

5.  Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар. -Алматы, 1985. -68 б.

6.  Ахметжанова З.К. Функционально-семантическое поле русского  и казахского языков. -Алматы, 1989. - 295 с.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет