1917 ж. 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталды. Келесі күні көтерілісшілер қаланың ең маңызды объектілерін басып алды. 1917 ж. 25 қазанда (7 қарашада) Әскери-революциялық комитет Уақытша үкіметтің билігінің жойылғандығын жариялады. Осылайша Қазан төңкерісі жеңіске жетті.
Источник: https://e-history.kz/kz/contents/view/843
© e-history.kz
Кеңес өкіметі Уақытша үкіметтің жақтастары қарулы қарсылық көрсете алмаған Сырдария, Ақмола облыстары және Бөкей Ордасында бейбіт жолмен орнады. Ал, Торғай, Орал, Орынбор, Семей және Жетісу облыстарында Кеңес өкіметін орнату үшін қиян-кескі күрес болды. Облыстық орталықтар мен уездік қалаларда кеңес өкіметі қызыл гвардиялық отрядтардың және жергілікті горнизондар солдаттарының қарулы көтерілісі арқылы орнады. Перовск (Қызылорда) жұмысшылары мен солдаттары өкімет билігін 1917 ж. 30 қазанда (12 қараша) өз қолына алды. Ташкентте Кеңес үкіметі 1917 жылы 1 қарашада кескілескен ұрыс нәтижесінде орнады. Ал 1917 жылдың қараша айының орта кезінде Кеңес өкіметі Черняев (Шымкент) қаласында жеңді. Қараша-желтоқсан айларында Кеңес өкіметі Әулиетада, Түркістанда, Қазалыда, Арал поселкісінде және облыстың басқа да ірі елді мекендерінде бейбіт жолмен орнады. Көкшетау, Павлодар, Атбасар, Өскемен уездерінде казак-орыс әскерлерінің басым болуынан Кеңес өкіметі үшін күрес біраз қиындыққа кездесті. Кеңес өкіметі 1918 ж. наурыз айында Жаркентте, Сергиопольде (Аягөзде), Талдықорғанда, сәуірдің бас кезінде Лепсіде орнады. 1917 ж. соңы мен 1918 ж. наурызы аралығында Кеңес өкіметі Қазақстанда негізінен қалалар мен басқа да ірі халық тығыз орналасқан жерлерде орнады. Кеңес өкіметін орнатумен бірге өлкенің шаруашылығы мен мәдениетін қайта құру шаралары қатар жүргізілді. Өнеркәсіп орындарында, мәселен Спасск заводында, Қарағанды шахтасында, Успен кенішінде, Ембі мұнай кәсіпорындарында бақылау қойылып, сондай-ақ банктер мемлекет меншігіне көшірілді. Кеңестердің 2-ші Бүкілресейлік съезінде қабылданған Жер туралы декрет бойынша алғашқы шаралар жүргізіле бастады.
Источник: https://e-history.kz/kz/contents/view/843
© e-history.kz
Әсіресе, Қазан төңкерісінің жеңісінен кейін ұлттық, ең алдымен ұлттық-мемлекеттік құрылыс мәселелері өткір сипат алып, талқылана бастады. Кеңес өкіметінің ұлттық саясатының негізгі принциптері маңызды екі құжатта - 1917 ж. 2 қарашада қабылданған “Ресей халықтары құқықтарының Декларациясында” және 1917 ж. 20 қарашада жарияланған Кеңес өкіметінің “Барлық Ресей және Шығыс мұсылман еңбекшілеріне” үндеуінде көрініс тапты. 1918 ж. қаңтарда кеңестердің Бүкілресейлік 3-съезінде В.И.Лениннің дайындаған “Еңбекшілер мен қаналған халықтардың құқықтары Декларациясы” қабылданды. Бұл құжатта Коммунистік партияның кеңес республикасының мемлекеттік құрылымы түріндегі кеңестік федерацияны ымырасыз жақтайтыны айқын көрсетілді. Декларацияда “Кеңестік Ресей Республикасы еркін ұлттар одағының негізіндегі кеңестік ұлттық республикалардың федерациясы түрінде құрылады” делінген.
Источник: https://e-history.kz/kz/contents/view/843
© e-history.kz
Съезде қазақ автономиясы құрамына Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу облыстары және Закаспий облысымен Алтай губерниясының қазақтар мекендеген аудандары енуге тиіс деп шешті. Съезд Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қалалар мен селоларда, далада қазақтардың өмір сүруіне қауіп-қатер туғызған бей-берекеттік күннен-күнге күшейіп бара жатқандығын атап көрсетті. Сондықтан съезд қазақ халқын “аман алып қалу мақсатымен” “Уақытша Халық Кеңесі” түріндегі билік құру, оған Алаш-Орда (алаш автономиясының үкіметі) деген ат беру жөнінде шешім қабылдап және бүкіл қазақ халқына “бағынатын үкіметіміз осы деп сеніп… басқа үкіметті мойындамай, өз үкіметінің әмірін екі қылмай орындау керектігі” баса ескертілді. Съезд қазақ милициясын құру жоспарын жасады. Оның әрбір облыс бойынша белгілі бір сандық құрамы, уездер бойынша үйрету мен жабдықтау шаралары белгіленді. Милицияны қару-жарақпен қамтамасыз етуді орталық әкімшілік салық салу арқылы алынатын қаржы есебінен жүзеге асыруға тиіс болды. Ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын талап етуін заңды процесс ретінде түсінген “Алаш” азаматтары Кеңес өкіметімен келіссөздер жүргізіп, ұлттық автономия мәселесін шешуді қолға алды. Осы мақсатта 1918 ж. наурызында Алашорда үкіметінің тапсыруымен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Оралдан Мәскеуге барып, Халық Комиссары Кеңесінің төрағасы В.И. Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездесіп, оларға 1917 ж. желтоқсанда өткен екінші қазақ-қырғыз съезінің қаулысын табыс етті. И.В. Сталин қаулымен танысқаннан кейін 19-20 наурызда Семейдегі Ә.Бөкейханов және Х. Ғаббасовпен телефон арқылы сөйлесті. Сөз Алашорда автономиясының мәртебесі туралы болды. Телефон арқылы сұхбаттасудағы И.Сталиннің сөзі “Сарыарқа” газетінің беттерінде қазақ тіліне аударылып жарияланды. Газетте: “Ресейдегі халықтардың құқықтары туралы халық комиссарлары шығарған белгілі ережесі бұл күнге ұлт мәселесі тақырыбын кеңес өкіметінің негізгі қызмет жобасы етіп келеді. Үшінші советтер съезі осы ережені жалғастыруға қаулы қылды. Өзінің бізге тапсырып отырған жалпықазақ съезінің қаулысы түгелімен жоғарғы жобаға сай келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің съездің қаулысы өкілдеріңіздің совет өкіметін тануға қарсы болмаса болғаны. Үшінші советтер съезі советтік федерация жобасын жасап, бұл жоба Советтер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қылынды. Бұған қарағанда енді сөзді қойып, іске кірісу керек, яғни тұрмысы бір, салты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, федерациялау, тегінде басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығаруға съезд шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті Советтермен бірігіп, әлгідей комиссияны құрар. Сізден өтінетініміз, біздің осы жобамызды Алашорданың Кеңесіне салып жауап қайтарсаңыздар екен”,- деген мазмұнда болды.
Источник: https://e-history.kz/kz/contents/view/843
© e-history.kz
Өкінішке орай Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Алашорданың қойған талап-шарттарына тікелей ресми түрде жауап бермеді. Себебі алашордалықтардың автономия құру жөніндегі талаптары кеңес өкіметінің мүддесіне қайшы келетін еді. Ұлт мәселесін пролетарлық диктатураның құрамдас бөлігі ретінде қарастыратын кеңес өкіметіне алаштықтардың ұсынысы керағар болғандығын аңғару қиын емес. Сондықтан да 1918 жылдың 28-наурызында Мәскеуден Семейдегі Қазақ комитетіне И.Сталин және мұсылмандар ісі бойынша комиссар Вахитов қол қойған жеделхат келді. Жеделхатта “қырғыз істері бойынша Комиссариат құру үшін тез арада өкілдер жіберу” жөнінде айтылды. Мұның өзі кеңес өкіметінің өлкедегі барлық істі өз қолдарына алғандығын көрсетті. Осы жылдың 29-наурызында Семейге Х.Ғаббасовтың атына Мәскеудегі Алашорда үкіметінің өкілдері Халел және Жаһанша Досмұхамедовтерден жеделхат келді. Онда Кеңес өкіметінің тұтқынға алынған қазақ қайраткерлерін тегіс босату туралы облыстық кеңестерге әмір бергендігі және Алашорда өкіметінің қойған талаптарына таяу арада жауап беруге уәде еткендігі айтылды. Жеделхатта Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанынан қазақ бөлімі ашылып, оның құрамына қазақ халқының өкілдерін сайлау құқығы Алашордаға берілетіндігі де айтылған. “Сырдария” газетінде жарияланған осындай мәліметтер шындыққа жанасады. Оған дәлел ретінде Алашорда атынан РКФСР-дің Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И. Сталинмен Семейден тура телеграф сымы арқылы келіссөз жүргізген Халел Ғаббасовтың 1929 жылғы қарашаның 10-ында ОГПУ-дің тергеушісіне берген жауабын келтіруге болады. Онда былай делінген: “Келіссөздерде мен Совет өкіметінің декларациясының идеяларына сәйкес қазақ халқының өзін-өзі билеу құқығының кедергісіз жүзеге асырылуын талап еттім. Барлығы есімде жоқ, дегенмен де мен он төрт тармақтан тұратын талаптар қойдым. Олардың жадымда қалған негізгілері: таратылған қазақ мекемелерін қалпына келтіру, Совет өкіметі жағдайындағы ұлттық автономияны құру, қазақ халқының тұтқынға алынған қайраткерлерін босату. Сталиннің жауабының мазмұны Алашорда Совет өкіметін мойындағанда ғана Қазақстанның Құрылтай съезін шақыруға әрекеттер жасалады дегенге сайды… Біз Сталинге телеграф арқылы Совет өкіметін мойындайтынымызды мәлімдеп, сол кезде Москвада жүрген Досмұхамедовтерге Орталық үкімет алдында біздің мүдделерімізді қорғауды тапсырдық… Осылайша Халел және Жаһанша Досмұхамедовтердің Мәскеуге Кеңес үкіметі басшыларымен кездесулері мен телеграф арқылы Сталинмен жүргізген келіссөздерінде кеңес үкіметінің ұлттық тұтастық негіздегі қазақ мемлекеттігін мойындамайтындығын, тек кеңестік негіздегі автономия беруге даяр екендігін көрсетіп берді. Қысқасы Кеңес үкіметінің бұл мәселе жөніндегі ұстанымы: “Өзін-өзі билеу принципі социализм үшін күрес құралы болу керек және социализм мүдделеріне бағындырылуы тиіс”,- дегенге сайды. Кеңес өкіметінің мұндай ұстанымы Семей облысынан өзге де кеңестерге В.И. Ленин мен И. Сталиннің атынан жолданған жеделхаттардан айқын көрінді. Мәселен, Ақмола Кеңесі Мәскеуден келіссөздер жүргізу нәтижесінде орталықтан мынадай мазмұндағы жеделхат алған, онда: “Кеңес билігі большевиктердің қабылданған бағдарламасына сәйкес патша өкіметі кезінде қаналған барлық халықтарға автономия береді. Қазақ халқы өз территориясына лайық автономия құруға дайындала берсін”,- делінген.
Источник: https://e-history.kz/kz/contents/view/843
© e-history.kz
Достарыңызбен бөлісу: |