3-блок. Жаңа дәурдегі қазақстан (XVIII хх ғ. басы) Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы халық-азаттық күресі Е. Пугачев көтерілісіне қазақтардың қатысуы



бет1/3
Дата04.11.2022
өлшемі236,5 Kb.
#47622
  1   2   3

3-БЛОК.ЖАҢА ДӘУРДЕГІ ҚАЗАҚСТАН (XVIII - ХХ ғ.басы)
Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы халық-азаттық күресі 1.Е.Пугачев көтерілісіне қазақтардың қатысуы. Е.Пугачев басқарған 1773-1775 жылдардағы орыс шаруалар соғысына Еділ мен Жайық бойындағы башқұрт, татар, Орта жəне Кіші жүз қазақтары қатысты. Қазақтардың қарсылығын туғызған жағдайлар: 1) Патша үкіметінің Каспий теңізінің солтүстік-батысындағы шұрайлы жерлерді орыс помещиктеріне бөліп беруі; 2) Петербург билеушілерінің осы аймақты жазалаушы топтармен ойрандатуы; 3) Жайық бойында патша үкіметінің бекіністерді көптеп салуы. Орта жүз қазақтары қозғалысы үш кезеңге бөлінді: 1) Пугачев шабармандарының Орта жүзді аралап, көтеріліске шақыруы (1773 ж. қыркүйек – 1774 ж. сəуір). 2) Орта жүз жасақтарының жоғарғы Жайық жəне Ой бекіністері төңірегінде Пугачев күштерін қолдауы (1774 ж.сəуір- маусым) 3) Орта жүз қазақтарының Ертіс жəне Оңтүстік Сібірдегі əскери шептерге қауіп төндіруі (1774ж. жазы – 1776 ж.). 1774-1775 жылдары Сібір шегінде орналасқан патша əскері 3500 болса, 1775 жылы қосымша 626 адам, кейін 409 солдат әкелінді. 1775 жылы Жайық бойындағы шаруалар соғысы əлсіреді. А.В.Суворов бастаған күш Пугачев көтерілісінің басты орталықтарын талқандады.1773-1775 жылдардағы шаруалар соғысына қазақ халқының белсене қатысуы орыс-қазақ байланысындағы маңызды оқиға. 2. «Көзге көрінбейтін» Көктемір көтерілісі Көктемір-Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі жеңілгеннен кейін Кіші жүзде көтерілісті әрі қарай жалғастырды. Көктемір қозғалысы 1775 жылы көктем мен жаз айындағы қаралы оқиғадан кейінгі күрестің жаңа түрі. 22 жастағы Сапура Мәтенқызы орыс отаршыларына қарсы шықты. 1775 жылдың қыркүйек айында Сапура 1 500 қолды бастап, патшаға қарсы көтерілді. Жасағының саны 10 мыңға жетті. Сапура бастаған жасақ алдымен Красногорский қамалына лап қояды. Бірақ бекініс мықты болып, жоспар бойынша Орынборға қарай бағыт алады. Кейін қайтып Қараөзен, Елек қамалдарына шабуыл жасайды. Қазақ жасақтары Верхнеуральский, Қызыл, Таналық, Ор, Ильин, Гурьев бекіністеріне шабуыл жасады. Жайық бойындағы жасақ Қир­сан мен Ертіс және Гвенвардовск қамал­дары арасындағы казак хуторларын басып алды. Қазақ жасақтарының бір бөлігі Гурьев төңірегінде шайқасты. Қаражар және Қызылжар (Краснояр, Чернояр) елді мекендерін басып алып, ары қарай Саратовқа бет алмақ болды. Көктемірдің көтерілісі 1776 жылдың жазында тоқтайды. Бұған Ресей жеріндегі шаруалар көтерілісінің басып-жаншылуы, сұлтандардың сатқындық жасауы секілді жағдайлар себеп болды. Сапураның өлімі де себеп болуы мүмкін. Қазақ даласынан шыққан қаһарман қыз­дың қалай көз жұмғаны туралы Н.Бекмаханованың және басқа да зерттеушілердің еңбектерінде айтыл­маған. Бірақ халық арасында ол туралы түрлі аңыз-әңгіме бар. Бірінде айқас кезінде көз жұмды десе, енді бір аңызда кісі аяғы жете бермейтін даланың бір қиырына көшіп кетіп, сол жақта қар­тайғанша өмір сүрген дейді. 3.Сырым Датұлы бастаған Кіші жүздің ұлт-азаттық қозғалысы Сырым Датұлы бастаған қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы 1783-1797 жылдары Сырым Датұлының басқаруында болған Кіші жүзінің қазақтарының қозғалысы. Көтеріліске қарапайым көшпелі қазақтардың едәуір бөлігі, старшындар, билер және батырлар белсене қатысты. Көтерілісшілердің арасында сұлтандар тобынан шыққандар да бар. Көтеріліс аумағы Еділ-Арал теңізі. Көтерілісшілердің басты мақсаты ғасырлар бойы қалыптасқан жерді пайдалану жүйесін қалпына келтіру, Орал казак әскерлерінің қазақ жерлерін басып алуын тоқтату, Нұралы хан мен оның сыбайластарының озбырлығына шек кою. Жеңілу себептері қазақ феодалары мен старшындық топтар арасындағы алауыздық, руаралық қайшылықтар, көтерілісшілердің нашар ұйымдасуы, қару-жарақтардың аздығы, Сырымның көтерілістің әр кезеңінде мақсаттарын өзгертуі. Тарихи маңызы Еділдің шығысындағы ірі халықтық сипаттағы қозғалыс, руаралық қайшылықтардың басты мақсатқа жетуде зор кедергі болатыны мен патша үкіметінің отарлау саясатының түпкі мақсаты ең шұрайлы Жайық өңірін басып алу екендігін дәлелдеді. Қазақ өлкесіндегі ең ұзақ көтеріліс болып, 14 жылға созылды. Көтерілістің нәтижесі 1801 жылы патша үкіметі қазақ руларына Жайықтың оң жағасына өтуге, мал жаюға рұксат берді. 4.Старшын Жоламан Тіленшіұлының (1822-1824 ж.) наразылық қозғалысы. Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтеріліс азаттық көтерілісі 1822 – 1825 жылдары аралығында болды. 1822 жылы табын руының батыры әрі биі Жоламан Тіленшіұлы Ресейге қарсы шығып, Елек өзені бойындағы жерлерді қайтарып алу жөніндегі күреске басшылық етті. Көтерілісшілер казактардың станицаларына шабуыл жасады, олардың үйлері мен шөбін өртеді, адамдарын тұтқынға алып, малдарын айдап әкетті. Көтерілісті басу үшін құрамында 500 Орынбор казагы мен екі зеңбірегі бар жазалаушы экспедиция жіберілді. 1825 жылдың көктемінде жазалаушы экспедиция Бұлдырты, Шиелі және Тамды өзендерінің бойындағы жүздеген қазақ ауылдарына ойран салып, аяусыз қырып – жойды. Көтерілісшілер аянбай қарсылық көрсетті, жазалаушы отрядтармен болған шайқастар кезінде 195 сарбаз қаза тапты, 125 адам тұтқынға алынды. Бұлардың құрамында әйелдер мен жас балалар да болды. Оларды Жайық түрмесіне айдап апарып, қамап тастады. Түрмедегі жағдай адам төзгісіз ауыр болды. Көптеген адамдар ауырып қаза тапты. Жоламан батырдың ең жақын алты бауыры Сібірге жер аударылды. Қалыптасқан мұндай ауыр жағдайда көтеріліс жетекшісі патша үкіметіне қарсыласуды уақытша тоқтата тұруға мәжбүр болды. 1835 жылы көтеріліс көтеріліс қайтадан бұрқ ете қалды. Ол Ор және Троицк бекіністерінің арасындағы кең – байтақ жерді Ресей империясының қазақтардан тартып алуына тікелей байланысты болды. Көтерілісшілерге Кіші жүз бен Орта жүздің жағалбайлы, жаппас, алшын, арғын және қыпшақ рулары қосылды. Қазақтар шекара шебіндегі бекіністерге жүйелі түрде шабуыл жасап тұрды. Көтеріліске тағы да Жоламан батыр басшылық етті. Кейінірек олар Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт – азаттық көтерілісіне барып қосылды. Жоламан батыр бастаған қозғалыстың отаршылдыққа қарсы сипаты басым болды. Көтерілістің әр жерде шашыраңқы жүруі мен оған қатысушылар санының аздығы оның жеңіліске ұшырауына жеткізді. Солай бола тұрса да ол Кенесары Қасымұлы бастаған қуатты көтерілістің пісіп – жетілуіне елеулі ықпал етті. 5.Бөкей хандығындағы Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлы бастаған қазақтардың көтерілісі (1836-1838 ж.), көтерілістің қозғаушы күштері, сипаты, кезеңдері, маңызы. 1833 жылы Жәңгір ханның қайын атасы Қарауылқожа Бабажанұлының Каспий теңізі өңіріндегі қазақ руларына билеуші етіп тағайындалуы көтеріліске түрткі болды. Көтерілістің басты мақсаты хан озбырлығына шек қою, шаруалар жағдайын жақсарту, жер мәселесіндегі патша үкіметінің отаршылдық саясатын өзгерту, әскери бекіністердің салынуын тоқтату. Көтерілістің негізгі себептері ақшалай салықтың өсуі, әр күз сайын әр шаңырақтың хан сарайының мұқтажына құны 70 сомдық жылқы беруге міндеттелуі,шаруалардың көшіп-қонғаны, шөп жинағаны, орыс помещиктерінің шабындығын басып өткені үшін салық төлеуі, Жәңгір ханның әділетсіздігі мен рақымсыздығы. Көтерілістің негізгі қозғаушы күші шаруалар болды, оған старшын, билер де қатысты. Көтеріліс басшылары-Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы. Көтерілістің сипаты антифеодалдық және отаршылдыққа қарсы. Көтеріліс үш кезеңге бөлінді. Бірінші кезең – 1833-1836 жылдар аралығы қарулы көтеріліске даярлық ретінде сипатталса, екінші кезең – 1837 жылдың басында көтерілісшілердің ханға қарсы аттануынан бастап, олардың осы жылдың күз айларында жеңіліске ұшырауына дейінгі аралық. Үшінші кезең 1837 жылдың желтоқсанында Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілердің шағын тобының Жайықтың сол жағалауына өтіп, күш жинап көтеріліске қайта шығуынан бастап, 1838 жылдың шілде айының ортасында Ақбұлақ өзенінің маңында болған шайқаста біржола жеңіліске ұшырауына дейінгі уақытты қамтиды. Көтерілістің жеңілу себептері үстем тап өкілдерінің опасыздығы, көтеріліс басшыларының Кіші жүздегі және Ішкі Ордадағы көтерілістерді біріктіре алмауы, қару-жарақ теңсіздігі, стихиялығы, ұйымшылдықтың жеткіліксіздігі, патша үкіметінің жазалау отрядтарының күшінің басым болуы, көтерілісшілердің бір бөлігінің өз ісіне сенімсіз болуы, көтерілістің жергілікті сипатта болуы. Нәтижесі салық мөлшеріне шек қойылды, патша үкіметі қазақ старшындарымен санасатын болды, ішкі Ордадағы хандық биліктің әлсірегенін дәлелдеді, қазақ феодалдарының отаршылдық басқару әкімшілігімен байланыста екенін көрсетті, әртүрлі халық өкілдерінің қанаушыларға қарсы біріккен күресінің негізі қаланды. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс – қоғамдағы әлеуметтік теңдік үшін болған, қазақ халқының Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы халықтың азаттық рухын жігерлендірген көтеріліс. 6.Сұлтандар Қасым Абылайханұлы, Саржан Қасымұлы бастаған Сібір ведомствосы қазақтары жеріндегі қозғалыс. Орта жүзде хандық жүйенің жойылуы және Қарқаралы (1824 жылы), мен Көкшетау (1824 жылы) округтерінің ашылуы және т.б. әскери-әкімшілік шараларға қарсы күресті Абылай ұрпақтары бастады. Оның басында тұрған Қасым сұлтан Абылайұлы  және оның баласы Саржан Қасымұлы  патшалық тәртіпке карсы табанды күрес жүргізді. Саржан өзінің інісі Есенгелдімен ауылдарды аралап, өкіметке қарсы күресуге үндеу тастады. Ұлғайған халық наразылығын басуға Батыс Сібір генерал-губернаторы П.М.Капцевич жазалау қосынын жасақтады. Карбышев бастаған 200 қазақ жасағы Қарқаралы округінің Қарпық болысына жіберілді. 1825—1826 жылдар жазалаушы күштер мен көтерілісшілер арасындағы қақтығыстармен өтті. Саржанның қол астына Көкшетау округінен Шыңғысұлы Сартай сұлтан бастаған топтар келіп қосылды. Саржанның қол астында сұлтан Абылай Ғаббасұлы, жас сұлтан Кенесары Қасымұлы да өз сарбаздарымен соғыс қимылдарын жүргізді. Патша әкімшілігі болса өз тарапынан бүлікшіл сұлтандардың іс-әрекетін бақылай отырып, мүмкін болған жағдайда қолға түсіріп, әскери соттың құзырына беру керек деп шешті.Үкімет көтерілісшілерді жазалау үшін олардың ізіне түсетін ірі қазақ жасақтарын қырға шығаруды кейінге қалдырды. 1827—1830 жылдары көтеріліс Ұлытау өңіріне тарады да, жаңа құрылған округ аумағын наразы топтар тастап шықты. Саржан бастаған көтерілісшілер өз кезегінде отаршыл әкімшілікті қолдаған сұлтандармен күресе жүріп, орыс керуендеріне алым-салық төлетіп, разьезд бен бекеттерге шабуыл жасады. Саржан сұлтан және оның жақтастары Қоқан хандығымен байланыс орнатады. Солтүстіктен келе жатқан қауіпке бірігіп күресуге бел шешіп кіріседі. Алайда қырға шыққан патшалық жасақтардың қимылы да қарқынды бола түсті. Патша әскерлерінің қысымымен Саржан Орта жүзді тастап шығып, Ұлы жүз иеліктеріне келеді, осы жақтағы шашыраңқы қазақ күштерін өз жағына тартуды көздейді. Саржанның бұл әрекеті Қоқан билеушісін алаңдатпай коймады.1836 жылы жазда Ташкентте Саржан сұлтан және оның інілері Ержан, Есенгелділер опасыздықпен өлтірілді.Саржан көтерілісінің саяси мазмұны бұған дейінгі көтерілістерге қарағанда тереңірек болды. Ол Абылай хан ұрпағы ретінде Қазақ хандығын қайта қалпына келтіруді мақсат тұтты. Саржан Қасымұлы өлімінен кейін де патша отаршылдығына қарсы күресті Саржанның кіші інісі Кенесары одан әрі жалғастырып әкетті. Саржан бастаған Орта жүздегі көтеріліс алдағы келе жатқан жалпыұлттық азаттық қозғалыстың ұшқыны еді. 7.Сұлтан Кенесары Қасымұлы бастаған қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы (1837-1847): қозғаушы күштері, барысы, негізгі кезеңдері және жеңіліс себептері. Тарихи әдебиеттегі Кенесарыхан. Көтерілістің алғышарттары. Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шегаралық аймақтарда жаңа бекіністер салып, қазақ жерлерін күштеп тартып алуды одан әрі жалғастыруы және қазақ қоғамында әлеуметтік қатынастардың шиеленісуі Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің шығуына себеп болды. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда болған басқа барлық көтерілістермен салыстырғанда Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күрестің басты ерекшелігі оған үш жүздің толық қатысуында болды. Көтеріліс кең қанат жайып, бүкілхалықтық сипат алды. Көтерілістің мақсаты Ресейдің отарлау саясатына шек қою,патша үкіметінің құрамына кірмеген өңірлердің дербестігін сақтау, қазақ жеріне бекіністер мен әскери шептердің салынуын тоқтату, қазақтарды Қоқан бектері мен Хиуа хандығының езгісінен азат ету. 1837-1847 жылдардағы көтеріліс бүкіл Қазақстан жерін қамтыды. Көтеріліске Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның баласы Кенесары сұлтан (1802-1847 жж.) басшылық жасайды. 1837 жылы қараша айында Кенесары Қызылжар (Петропавл) маңында Ақтау бекінісіндегі казак отрядына шабуыл жасап, патша үкіметіне ашық қарсылық білдірді. Бұл көтерілістің бастауы болды. 1838 жылғы желтоқсанда Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаков пен I Николайға арналған хатты тапсыруға жіберген елшілігінде Кенесарының қойған алғашқы талаптары мынандай болды: Қазақ жеріндегі округтік бұйрықтарды жою; Абылай хан кезіндегі қазақ жерінің дербестігін қалпына келтіру; Салық жинауды тоқтату. Көтерілістің жеңілу себептері:Қазақ феодалдарының біразы Кенесарыны қолдамады, қазақ халқы арасында рулық алауыздық пен руға бөліну болды, Ресей билеушілерінен жеңілдіктер алған ақсүйектердің бір бөлігі орталықтанған феодалдық мемлекет құруға мүдделі болмады, көтерілісті қолдамаған ауылдарға Кенесары аса қатты жаза қолданды, қазақтар қырғыздармен, қоқандықтармен болған шайқастарда Кенесарыны қолдамады. Бұхар, Қоқан феодалдарымен соғысып, күшін сарқыған Кенесары қолы Ресейге қарсы тұра алмады. 1841 жылдың қыргүйек айында үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында Кенесары Қасымұлы хан сайланды. Кенесары Қасымұлы – үш жүздің басын қосып, Ресей империясына қарсы тұра білген, қазақ жерінің біртұтастығын сақтап қалуға тырысқан, қазақтың соңғы ханы. 8.Жанқожа Нұрмұхамедұлы мен Есет Көтібарұлының көтерілістері. 19 ғасырдың ортасында болған Сырдария бойындағы көтерілістің себебі Хиуа ханы Мұхаммед-Рахым Аллақұлдың Жаңадария мен Қуаңдария аудандарында қамалдар тұрғызуы. Көтеріліс жетекшісі – Жанқожа Нұрмұхамедұлы. Көтеріліске Арал маңындағы ірі рулар қатысты.1843 жылы Жанқожа Нұрмұхамедұлының бастауымен Төменгі Сыр қазақтары хиуалықтардың Қуаңдария бойындағы бекінісін талқандады.1845 жылғы көктемде Жанқожа тобы хиуалық 2000 əскерді жойып жіберді. 1847 жылы Хиуа ханының Райым бекінісін жойып жіберуге тырысқан əрекеті сəтсіз аяқталды. Жаңақала ауданы көтеріліс ошағы болды. 1856 жылдың жазында Жанқожаның жанына 2 мыңдай қарулы топ жиналды. 1856 жылы желтоқсанның аяғында көтерілісшілер Қазалы портын қоршауға алды. Жанқожа бірігіп соғысу үшін қозғалыс басшыларының бірі Есет Көтібарұлына сенімді өкілін жіберді. Күштерді біріктірмеу үшін генерал-майор Фитингов тобы жіберілді. 1860 жылы Жанқожа көтерілісі талқандалды. Патша әскерінің қуғындауынан Жанқожа Арал маңынан шегінуге мәжбүр болды. Арал теңізінің солтүстігінде Есет Көтібарұлы бастаған көтеріліс жалғасын тапты. Орынбор әкімшілігі Есет батырды ұстауды сұлтан Арыстан Жантөринге тапсырды. 1855 жылғы 8 шілдеде Есет тобы сұлтан Арыстан Жантөрин лагеріне шабуылдап, сұлтанды сыбайластарымен қоса мерт қылды. 1857 жылы наурызда тұтқынға түскен 3 қазақ атылып, 18-і Сібірге жер аударылды. 1858 жылғы қыркүйекте Есет батыр Орынборға барып, патша билігін лажсыздан мойындады. Негізгі қозғаушы күші – қазақ, қырғыз шаруалары. Көтерілістің себебі: Мырза Ахметтің қазақ, қырғыз жерлерін күшпен тартып алып, өз жақындарына беруі. Қыздар мен тұрмыс құрмаған əйелдерге қосымша салық салуы. Көтерілісшілер Əулиеата, Тоқмақ, Шымкенттегі Қоқан бекіністерін қоршап, Пішпек түбінде қоқандықтарға соққы берді. 3 мыңдық қолы бар Мырза Ахмет Қоқан ханынан көмек сұрады. Көтерілісті басуға келген топтың бірін Кенесарының ұлы Тайшық сұлтан басқарды. Қоқан әскерлерінің жақындауы қазақ ауылдарын Ресей бақылауындағы өңірлерге көшуге мәжбүр етті. 1858 жылғы мамырда көтерілісшілер Созақ, Мерке, Шолаққорғанды алып, Жаңақорған мен Түркістанды қоршады. Қазақ феодалдары опасыздық жасап, Қоқан ханы Худиярмен ымырластық келісімге келді. Көтерілістің басты ошақтары аяусыз жаншылды. Бұл көтеріліс Оңтүстік Қазақстанды Қоқан тепкісінен босатып, Ресей құрамына кіруіне алғышарт жасады. 9.1868-1869 жылдардағы Торғай, Орал облыстарындағы және 1870 ж. Маңғыстау қазақтары көтерілістерінің себептері, сипаты мен барысы. 1868 жылы патша үкіметі Қазақстанды отарға түпкілікті айналдыруды көздеген «Жаңа ереже» қабылдады. Жер үкімет меншігі болып жарияланды. Қазақтар пайдаланған жері үшін түтін басы бұрынғы 1 сом 50 тиынның орнына 3 сом 50 тиын төледі, түрлі алымдар көбейді. Бұл көшпелі халықтың жаппай наразылығын тұғызды. 1868 жылы желтоқсандағы «Жаңа ережеге» сәйкес Кіші жүз екі облыс, 8 уезге бөлінді. Оның батыс жағы Орал казак-орыс әскерлерінің жерлеріне қосылып, Орал облысы, ал шығысында Торғай облысы құрылды. 1869 жылдың басында елге ұйымдастыру комиссиялары шықты. Комиссия халық санағын жүргізіп, салық жинауға, жергілікті әкімдер «сайлауын» өткізуге, болыстар құруға кірісті. Бұл халық наразылығын күшейтіп, көтерілістің шығуына тікелей түрткі болды. Табын, Кете, Адай, Таз, Ысық, Шеркеш, Есентемір руларының қарулы көтерілісшілері 1868 жылы 21 наурызда Гурьев қаласындағы ұйымдастыру комиссиясына шабуыл жасап, 10 көлік пен 900 сомның бағалы затын қолға түсірді, комиссия мүшелері қашып кетті. Қаракөлдегі Ысық және Беріш рулары «Ережені» қабылдамады, ұйымдастыру комиссиясын кейін қайтарды. 1869 жылы қаңтарда барлық уездердегі ұйымдастыру комиссиялары «Ережені» жүргізуді тоқтатты. 1869 жылы ақпанда ұйымдастыру комиссиялары бұрынғы сұлтан-әкімдері (М.Баймұхамедов, Сейдалин. Б.Кейкин) ертіп елге қайта шықты. «Ережеге» күшті қарсылық көрсеткен руларға «ықпал» ету үшін зеңбіректермен қаруланған 700 әскерді қырдағы бекіністерге жіберді. Елек өзен бойында 200 әскер күзеткен азық тартқан отрядқа 600-ге тарта көтерілісші қазақтар шабуыл жасап, арбаларын қиратып, бірнеше адамын өлтіріп жарақаттады. 1869 жылы наурызда ұйымдастыру комиссиясына қарсы көтеріліс ішінара Торғай облысын, ал Орал облысын түгел қамтыды. Көтеріліс дүмпуінен қорыққан ірі феодалдар (сұлтандар, билер, дін басылары) мал-мүлкін айдап оңтүстікке, одан Хиуаға өтіп кетті.Шаруалардың бұл көтерілісі нашар ұйымдастырылды, стихиялық түрде өтті, сондықтан жеңіліске ұшырады. Солай бола тұрса да, Орал мен Торғай облыстарындағы көтеріліс қазақ шаруаларының отарлау саясатына, қанаушыларға қарсы қозғалысының ерекше бір көрінісі болды. 10.Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақ даласы: 1916 жылғы 25 маусымдағы «Тыл жұмыстарына бұратана халықтарды реквизициялау туралы» Жарлық. 1916 жылғы Орта Азия ұлт-азаттық көтерілісі, оның себептері, қозғаушы күштері, басталуы, барысы және негізгі кезеңдері. Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылғы 19 шілдеде (1 тамызда) басталды. Соғысқа дейінгі тұста Ресейде жаңа өнеркәсіп салалары жедел қарқынмен дамыды. Өнеркәсіп орындары ел экономикасының дамуына үлес қосумен қатар, соғыс қажеттілігіне орай ірі мемлекеттік тапсырмаларды да атқарды. Өнеркәсіп өндірісінің ішінде металлургия өндірісі үлкен жетістіктерге жетті. Әйткенмен, Ресей соғысқа дайындықсыз, әскери-өнеркәсіптік әлеуеті төмен, көлігі нашар дамыған жағдайда кірісті, армия әскери-техникалық жағынан нашар қамтамасыз етілген еді. Соғыс басталған соң жалпы империяда, ішінара Қазақстанда өндіргіш күштердің даму деңгейі бірте-бірте кеми берді. Бірінші дүниежүзілік соғыс Қазақстан экономикасының құлдырауына әкеліп соқты. Ауыл шаруашылығы өлкедегі егіншілік облыстар бойынша біркелкі дамымады. Ол құнарлы, егіншілік шаруашылығын жетік меңгерген аудандарда жақсы дамыды. Соғыс егін шаруашылығына да елеулі өзгерістер енгізді. Ең алдымен, ауыл шаруашылық бақша дақылдарының егіс көлемі ұлғайды. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған соң, Қазақстан өнеркәсібі де соғыс қажеттері үшін жұмыс істеді. 1916 жылы 25 маусымда патшаның Қазақстан, Орта Азия, Сібір тұрғындарынан 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарын тыл жұмысына алу туралы жарлығы шығады. Бұл жарлық 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басталуына себеп болды. Шілденің бас кезінде Қазақстанның барлық аймақтарында дерлік стихиялы наразылықтар басталып, көп ұзамай қарулы көтеріліске ұласты. Көтерілістіңірі ошақтары Жетісу мен Торғайда болды. Көтеріліс бүкіл Қазақстанды қамтыды. Бұл көтерілістің басты мақсаты ұлттық және саяси азаттық болды. Көтерілістің негізгі күші шаруалар, жергілікті жұмысшы табының өкілдері болды. Жетісуда басшылары Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Жәмеңке Мәмбетов, Тоқаш Бокин, Әубәкір Жүнісов, Серікбай Қанаев, Монай және Мұқан Ұзақбаевтар және т.б.) және Торғайда басшылары - Әбдіғаппар Жанбосынов, Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин және басқалар болды. Жеңілу себептері. Қозғалыстың жеңіліс табуының ең басты себептері – оның бытыраңқылығы, көтеріліс ошақтары арасындағы байланыстың жеткілікті болмауы, патша үкіметінің қарулы жазалаушы күштерінің басымдылығы еді.Қазақстан мен Орталық Азиядағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұтас алғанда Ресей империясындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың одан әрі асқына түсуіне себепші болды. Ол Ресейдегі әскери-отаршылдық басқару жүйесінің іргесін шайқалтып, шығыстың отар халықтарының импералистік езгіге қарсы XX ғасырдың басында өріс алған бүкіл ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі болды. 11. «Алаш» қозғалысы және ұлттық мемлекет идеясы. Түркі-мұсылман халықтарының зияткерлік элитасы мен Ресей империясының өзара байланыстары. Ресей империясындағы мұсылман қозғалысының қалыптасуы. Алаш қозғалысы -ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. Алаш қозғалысының негізгі идеясы демократиялы қоғам қалыптастырып, сөзсіз еркіндік пен дамудың алғышарты ретінде қазақтың ұлттық мемлекетін құру болатын. Алаш партиясы- Еуропалық үлгідегі ұлттық-демократяилық партия. 1917 жылы 28-ші шілдеде құрылып 1920 жылы тартылды. Басшысы Әлихан Бөкейханов. Алаш қайраткерлері Әлихан БөкейханАхмет БайтұрсынұлыМіржақып ДулатұлыМұхаметжан ТынышбайұлыЖақып АқбаевБақытжан Қаратаев сияқты дүлдүлдер тұрса, солардың ізін басқан болашақтың нарқасқа ұлдары – Жаһанша ДосмұхамедовМағжан ЖұмабайСәкен СейфуллинМұстафа ШоқайТұрар РысқұловСмағұл СәдуақасовЖүсіпбек Аймауытов тағы басқалар. Алаш Орда- 1917 жылы желтоқсанның 13 құрылған қазақ Алаш автономиясының үкіметі. 1920 жылы тартылды. «Алаш идея­сы» – қа­зақтың мемлекеттік, елдің ұлт­тық идеясы. Өйткені Алаш - халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген ұлттық идея. Алаш - ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш - ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харакеті.  ХХ ғасырдың басында түркі және мұсылман халықтарының мұсылмандық қозғалысы - патша өкіметінің отарлық езгісіне қарсы ұлттық, мәдени және саяси талаптарға негізделген демократиялық сипаттағы күрес. Бұл қозғалыстың негізі түрікшілдік пен исламшылдық қорғанушылар идеологиясы еді. Мұсылмандық қозғалыстың пайда болуына Ресей империясының қол астында отаршылдардың тепкісін көріп, тауқыметін тартқан түркі тілдес және өзге де мұсылман халықтарының әлеуметтік - саяси жағдайы төзгісіз болуы ықпал етті. Патша өкіметінің отаршылдық саясаты, қоғамдық өмірдің барлық салаларын орыстандыруға бағытталған әрекеті империядағы мұсылман халықтарының тұрмыс - тіршілігін тығырыққа тіреп, дағдарысқа ұшыратты. Мұның өзі Ресей мұсылмандарының наразылығын туғызып, азаттық жолындағы күреске жетеледі. Ақпан революциясынан кейін 1917 жылы сәуір айында Түркістан өлкесінде ірі қоғамдық-саяси ұйым “Шуро-и-ислам” құрылды. Ұйымға өзбек халқының көрнекті қайраткері М.Қ Абдурашидханов жетекшілік етті. “Шуро-и-ислам” ұйымы өлке мұсылмандарының мүддесіне орай Уақытша үкіметті қолдап, үкімет орындарына мұылмандардан өкіл енгізуді мақсат етті. Сонымен қатар аталмыш ұйым мыналарды жүзеге асыруды көздеген еді: Қазіргі кездегі алдыңғы қатарлы қоғамдық-саяси көзқарастардағы мұсылмандарды насихаттау; Ортақ мақсат үшін мұсылмандарды біріктіру; Ескі билік өкілдерін жаңа өкілдермен ауыстыруды ұйымдастыруда тұрғындаға көмектесу; Болуы мүмкін ұлтаралық шиеленістің алдын алу және арандатушылыққа қарсы күрес; Өлкедегі барлық ұлттар мен олардың ұйымдарымен байланыс орнату, сондай-ақ мұсылмандардың негізгі мақсатымен оларды таныстыру. 12.Бүкілресейлік мұсылман съездеріне қазақ элитасы өкілдерінің қатысуы. Бүкілресейлік Мұсылмандардың Бірінші Съезі, 1905 жылы 15 тамызда Төменгі Новгород қаласында өтті. Съезд 20 ғасырдың басында жалпыресейлік мұсылмандық қозғалыстың өріс алған кезінде, 1905 жылы 8 ақпанда Санкт-Петербург қаласында өткен мұсылмандар мәжілісінің шешімімен шақырылды. Оған Түркістан өлкесінен, Сібір өңірінен, Қазақстаннан,Кавказдан, Қырымнан 150-ге жуық делегат қатысты. И.Гаспринскийдің төрағалығымен өткізілген бұл съезде делегаттар патша өкіметінің отаршылдық саясатын, мұсылман халықтарының құқылары жылдан-жылға шектеліп келе жатқандығын сынға алды. Олар бұдан былай Ресей азаматтарының тіліне, дініне, нәсіліне, ұлтына, жынысына қарамай тең құқықта болуын талап еткен шешім қабылдады. Съезде 5 тармақтан тұратын қарар шығарылды. Онда мұсылмандар отаршыл жүйемен күресте орыс және басқа да халықтардың демократиялық күштерімен бірлесіп әрекет етуінің қажеттігі аталып көрсетілді. Бүкілресейлік Мұсылмандардың Екінші Съезі, 1906 жылы 15 — 23 қаңтар аралығында Санкт-Петербург қаласында өтті. Съезге қатысқан 100-ден астам делегаттардың ішінде С. Жантөрин, У. Танашев, М. Оразаев, Ш. Қосшығұлов, т.б. қазақ зиялылары болды. Бүкілресейлік Мұсылмандардың Екінші Съезінде Ресей мұсылмандарының саяси ұйымын құру мәселесі қаралды. Делегаттардың ұйғарымы бойынша, бұл ұйым “Ресей мұсылмандары одағы” (“Иттифақ ул-муслимин”) деп аталды. Ұйымның 23 тармақтан тұратын жарғысы қабылданды. Жарғы бойынша, “Ресей мұсылмандары одағының” 16 қалада, соның ішінде Орынборда, Астраханда, Оралда, Омбыда, Қызылжарда, Семейде, Верныйда, Ташкентте, Ашхабадта бөлімшелері құрылатын болды. Бүкілресейлік Мұсылмандардың Үшінші Съезі, патша өкіметінің ресми рұқсатымен 1906 жылы 16-21 тамыз аралығында Төменгі Новгород қаласында өтті. Оған 800-ден астам делегат қатысты. Делегаттардың құрамында С. ЖантөринШ. Қосшығұлов, Ж. Алдоңғаров, Н. Сүлейменов, т. б. қазақ зиялылары болды. Бүкілресейлік Мұсылмандардың Үшінші Съезінің күн тәртібіне оқу ісі, діни басқарма, “Ресей мұсылмандары одағы” ұйымының бағдарламасы туралы мәселелер қойылды. Оқу мәселесі бойынша съезде 33 тармақтан тұратын қарар қабылданды. Онда мұсылман балалары үшін барлық елді мекендерде бастауыш және орта мектептер ашу, оқуды араб графикасы негізінде ана тілінде жүргізу мәселелері қарастырылды. Мұсылмандар бірлігін арттыра түсу мақсатында съезд “ортақ түркі тілі” барлық мектептерде оқытылсын деп шешті. Делегаттар діни мәселе жөнінде барлық мүфтилер сайланбалы болуы, қазақ облыстарының діни істерін Орынбор мүфтилігіне тапсыру, Түркістанда өз алдына жеке мүфтилік ашу туралы шешім қабылдады. Съезде “Ресей мұсылмандары одағы” ұйымының бағдарламасы қабылданып, осы ұйымның 15 мүшеден тұратын Орталық комитеті сайланды. Оның құрамына А.Топчибашев, И. Гаспринский, А.Ибрагимов, Ж. Акчурин, Жантөрин мен Қосшығұлов кірді. Бүкілресейлік Мұсылман Төртінші Съезі, 1914 жылы 15-20 маусым аралығында Санкт-Петербургте Төртінші Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының ұйымдастыруымен өткізілді. Съезд өткізу жөнінде мұсылман фракциясының төрағасы Қ.Тевкелев ішкі істер министрінен арнайы рұқсат алды. Б. м. с-не қатысқан 35 делегаттың 7-еуі қазақ халқының өкілдері болды. (Ә.Бөкейханов, Б.Қаратаев, С.Лапин, С.Шорманов, Ж.Сейдалин, Д.Аманшин, Ғ.Нарымбетов). Съездің күн тәртібіне мұсылмандардың діни істерінің жайы, бұл жөнінде Заң жобасын әзірлеу мәселесі қойылды. Съезде “Ресей мұсылмандарының діни істері” туралы Заң жобасы әзірленді. Онда Санкт-Петербургте мұсылмандардың орталық діни басқармасын құру, қазақтардың діни істерін жергілікті әкімш. қарамағынан алу, оны Орынбор мүфтилігіне тапсыру, Түркістан өлкесінде өз алдына жеке мүфтилік ашу мәселелері қарастырылды. Бұл Заң жобасын Мемл. думаға енгізу үшін делегаттар тарапынан мұсылман фракциясына көмек көрсету керектігі атап өтілді. Бүкілресейлік мұсылмандар Бесінші съезі - 1917 жылы 1 — 11 мамыр аралығында Мәскеуде Ресей мұсылмандарының Уақытша орталық бюросының ұйымдастыруымен өткізілді. Съезге қазақ облыстарынан, Түркістан өлкесінен, Кавказдан, Қырымнан, Сібірден, Хиуа мен Бұқара хандықтарынан 830 делегат қатысты, олардың 200-ге жуығы дін иелері болды. Бүкілресейлік Мұсылмандар Съезіне қазақ өкілдерін жіберу Орал,Торғай, Ақмола облысы қазақ съездерінде қаралып, өлкедегі қоғамдық-саяси ұйымдар тарапынан да делегаттар сайланды. Олардың ішінде Ж. Досмұхамедов, К. Тоғысов, А. Теміров, М.Жұмабаев, У. Танашев, С. Жантөрин т.б. қайраткерлер болды. Съездің күн тәртібіне: Ресейдің мемлекеттік құрылысы, жер, дін, әйел, жұмысшы және әскер мәселелері, оқу-ағарту ісі, соғысқа көзқарас, Құрылтай сайлауы кезіндегі мұсылмандар тактикасы, Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесін құру мәселелері енгізілді. Делегаттар мемлекеттік құрылыс мәселесін жан-жақты талқылап, Ресей мұсылмандарының федеративтік негіздегі демократиялық республиканы жақтайтындықтарын білдірді. Съезд белгілі территориясы жоқ халықтарға ұлттық-мәдени автономия берілсін, ал барлық мұсылман халқы ұлттық-терр. автономияны иемденсін деген шешім қабылдады. Діни істер мәселесін қараған секцияның шешімімен Торғай, Орал, Ақмола және Семей облысы қазақтарының діни істері Орынбор мүфтилігіне қарайтын болды. Съезде Орынбор діни басқармасының құрамы сайланды, оған Ғ.Қарашев та енді. Оқу-ағарту ісі бойынша 23 тармақтан тұратын қарар қабылданды. Онда жалпыға бірдей міндетті және тегін білім беру, барлық мұсылман мектептерінде ана тілімен қатар “ортақ түркі тілін” оқыту, т.б. мәселелер қарастырылды. Негізгі әдебиет:

  1. История Казахстана (с древнейших времен до наших дней). В 5-ти томах. Т.3. Алматы: Алматы кітап,2010 – 312с.

  2. Абусеитова М.Х. Казахстан и Центральная Азия в XV-XVII веках: история, политика, дипломатия. – Алматы: Дайк-Пресс, 1998. -592 с.

  3. Ерофеева И.В. Символы казахской государственности (позднее средневековье и новое время). – Алматы: Дайк-Пресс,2001. -256 с.

  4. Ерофеева И.В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик. – Алматы:Дайк-Пресс, 2007. - 456 с.

  5. МасановН.Э. Кочевая цивилизация казахов: основы жизнедеятельности номадного общества. – Алматы: Горизонт, 1995. - 320 с.

  6. Қазақстан тарихы (ҚaзaқЕлі). 3 кітап. Қазақстан тоталитарлық және отаршылдық жүйеде – Алматы:Қазақ университеті, 2018. – 265 б.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет