№7-8 Дәріс тақырыбы: Сыныптан тыс оқу
Оқу нәтижелері: Сыныптан тыс оқуды ұйымдастыру формаларын біледі, баланың сыныптан тыс оқуы арқылы барлық пәннен алған білім, білік, дағдысын тереңдете түсу, кітаптан өзіне қажетті материалды алуын саралайды.
Жоспары:
Сыныптан тыс оқу. Оқу сабақтарында оқушылардың өздіктерінен орындайтын жұмысы
Оқу сабақтарында балалардың дағдыларын, біліктерін есепке алу
Бастауыш сыныптарда оқу сабақтарында жүргізілетін тәрбие жұмыстары
Дәріс мәтіні:
Сыныптан тыс оқуды белсенді ұйымдастырушы және басқарушы да мұғалім болуға тиіс. Сондықтан мұғалім өз оқушыларының кітапқа деген ықыласын үнемі арттырумен бірге, олардың қандай кітап оқуға тиіс екендіктеріне де бағыт беріп отырады. Балалар бастауыш сынып бітіргенде, ақын-жазушылардың белгілі шығармаларымен таныс болулары қажет екенін үнемі ескертіп отырады.
Сыныптан тыс оқу жұмысын балалар мектепке келген кезден бастаған жөн. Өйткені сауат ашу кезінде оқушылардың ақыл-ойын, тілін дамыту жұмыстары балаларға түрлі түсті суретті кітапшаларды көрсету арқылы дауыстап, мәнерлеп оқи отырып жүргізіледі.
Екінші сыныптан бастап мұғалім балаларға мектеп кітапханасынан алған кітаптарды бере бастайды. Оларға кітапты дұрыс ұстап, күте бідудің ережелерін үйретеді; кітапты арнаулы қаппен не қағазбен тыстап қою; оқыған кезде кітап беттерін бүктемеу; кітап беттерін су немесе кір қолмен ұстап парақтамау т.б. Мұғалім бұл ережелерді анық етіп жазып, сыныпқа іліп қояды.
Сыныптан тыс оқу оқушылардың кітапты өздіктерінен оқи алу дағдыларын арттырумен бірге, “Ана тілі” оқулықтарындағы шығармалардың мазмұны мен көркемдік ерешеліктерін түсінуге көмектеседі. Балалар оқыған шығармаларындағы негізгі ойды аңғара білуге, сол оқиғаға өзінің қалай қарайтынын айтып, кейіпкерлердің әрекетіне баға бере білуге талаптануы қажет.
Сыныптағы оқу сабақтарында оқушылар көркем тілмен жазылған шығармалардан басқа тарих, дүниетану т.б. пәндерінен мағлұмат беретін материалдармен танысады. Осындай, сыныпта алған ұғым сыныптан тыс оқу кезінде нығая, жетіле түседі.
Сыныптан тыс оқу сабақтарында мұғалім балалардың қандай кітаптарды оқығандарын біліп отырумен қатар, алдағы уақытта не туралы оқығылары келетінін де есепке алуы қажет.
Бастауыш мектептердегі сыныптан тыс оқудың мазмұны мен ұйымдастыру жолы жөнінде жаңа бағдарламаның жобасында былай делінген: “Сыныптан тыс оқудың мақсаты: баланың сыныптан тыс оқуы арқылы барлық пәннен алған білім, білік, дағдысын тереңдете түсу, кітаптан өзіне қажетті материалды алуға көмектесу; өз бетімен жұмыс істеу дағдысын нығайта түсу; оқуға, білуге ынтасын, құштарлығын арттыра түсу; баланың эстетикалық және дүниетану құмарлығын арттыру.
Сыныптан тыс жүргізілетін оқуды ұйымдастырудың ең негізгі принципі- оның сыныпта жүргізілетін оқумен тығыз байланыста болуы. Оқушының сыныптан тыс оқитын кітаптары сыныпта өтілетін сабақтардың жалғасы түрінде ұсынылады. Оны мұғалім күнделікті оқу, дүниетану, сурет, ән, еңбек, т.б. сабақьарында сұрап, сыныпта оқығандарына байланыстырып отырады…”.
Сөйтіп, сыныпта оқу сабағы жақсы ұйымдастырылса, онда көп мәселе жөнінде әңгімеленсе, балаларды мұғалім осы мәселелер жайында тағы да біле түсуге қызықтыра алса, сыныптан тыс оқу сабағы да нәтижелі өтеді. Оқушыларға қандай кітаптарды оқу керектігі, олардың тізімі беріледі. Мысалы, сыныпта М.Әлімбаевтың “Ұқыпты бала” және “Ұқыпсыз бала” өлеңдері оқылды делік, оның жалғасы ретінде “Ұқыпты оқушы” өлеңін оқытуға болады. Н.Айтовтың “Нүркен”өлеңін оқығаннан кейін, сөз жоқ, оқушылар Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған, ұшқыш Т.Бигелдиновтың балалық шағы жөнінді жазылған С.Бақбергеновтің “Талғат” атты кітабынан үзінді беруіне болады.
Сыныпта оқушылар жазушының бір шығармасынан үзінді оқыса, сол шығарманы толықтыра оқу сыныптан тыс оқуды іске асырылады. Кейде белгілі ақын- жазушылармен балаларды толығырақ таныстыра түсу мақсатында оның сыныпта оқылғаннан басқа шығармалармен сыныптан тыс таныстыруға болады. Мысалы, Ы.Алтынсариннің “Әдептілік” “Әдептілік” әңгімесін оқығаннан кейін, оның “Баланың айласы”, “Аурудан аяған күштірек”, “Өтіріктің залалы” т.б. әңгімелері сыныптан тыс оқуға беріледі.Кейбір жекелеген шығармаларды сыныптан тыс оқу сабағында да талдауға болады. Онда талданатын шығармалардың тәрбиелік жағы күшті болуы қажет.Оқушылардың кітап оқуға қаншалықты ынталы және бейім екендіктерін білу үшін мұғалім олардың әрқайсысымен оқыған кітаптары жөнінде жеке әңгімелеседі; салған суреттерін, жазып алғандарын қарап, бүкіл деректермен жеке танысады. Кейде кітапханадағы карточкасын қарап көруге де болады. Осындай ыждағатты тексерудің нәтижесінде, балалардың қайсысы қандай тақырыпты жақсы көретіндігі байқалады. Кейбір бала ертегілерді, кейбіреулері ерлік жайлы шығармаларды, ал бірсыпырасы қиял- ғажайып ертегілерін т.б. ұнатады.Осыдан кейін мұғалім балаларды біржақтылықтан сақтандыру мақсатымен, оларды басқа тақырыптарға қызықтыру жолдарын іздестіреді. Балаларға сыныптан тыс оқуға арналған тартымды кітаптарды іріктеп немесе жаңадан шығып жатқан шығармалардың ішінен іріктеп ұсынады, әдемі суреттермен безендірілген кітап жаймаларын, түрлі әдеби ойындар ұйымдастырылады.
Сыныптан тыс оқылуға тиісті кітаптардың тізімі бір тоқсанға арналып, әр тоқсан сайын ұсынылып отырады. Балалардың оқуға ынтасын арттыру мақсатымен мұғалім ұсынып отырған кітаптарының ішінен кейбір оқиғаларды бастап айтып, “одан әрі не болатынын осы кітапты оқып білесіңдер” деп аяқтайды. Кейде кітаптың сыртындағы немесе ішіндегі кейбір әдемі суреттерді көрсету арқылы да қызықтыруға болады. Ал енді бір жағдайларда шығарманың, кітаптың атын, авторын ғана айтып, оның осылайша неге аталғанын білуді тапсыруға болады.
Бастауыш сынып оқушыларын оқуға қызықтыру үшін 5-7-сынып оқушыларының да көмегі зор. Өздерінің кішкене бауырларына бұрын оқыған кітаптары, әңгіме, ертегілері жөнінде, өздеріне ұнайтын жазушылар жөнінде әңгімелеп айтып берсе, олар сол кітапты өздері де тауып оқиды.
Оқу жылы аяғында балаларға жазғы демалыс кезінде оқитын кітаптарының тізімі беріледі. Мектептерде ана тілі сабақтарының өтілу жайы мен сыныптан тыс оқудың мазмұнына сай, бастауыш сынып оқушыларымен мынадай жұмыстар орындауға болады:
1) Көркем шығармаларды (бір шығарманы немесе тақырыбына қарай топталған бірнеше шығарманы), ертегілерді, мақалаларды талдау.
2) Күнделікті баспасөздегі («Балдырған», «Ақ желкен», « Бала би» журналдары мен «Ұлан» газеті) мақалаларды оқу.
3) Кітаппен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру.
Көркем шығармаларды талдау үшін сюжетті әңгімелер қолайлы.
Оқушылардың өз беттерімен оқитын шығармаларына сұрау берудің қажеті жоқ, олар өз беттерінше қорытынды шығарғандары жөн, яғни әркімнің өз оқығандары жөнінде өз көзқарастары болғаны дұрыс. Кейде оқығандары жөнінде жолдастарынан сұрау, пікір алысу т.с.с. тыйым салынбайды.
Сыныптан тыс оқу сабақтарында көрнекі құралдар қолданудың да пайдасы мол. Мұнда да шығармада кездесетін қиын сөздер түсіндіріліп отырғаны жөн.
Сыныптан тыс оқуда бір жазушының шығармасын талдау кезінде сол жазушының өмірі мен қызметінен толығырақ мағұлмат беруге болады. Мұндай сабақ шамамен былай ұйымдастырылады: а) Мұғалім немесе балалардың бірі жазушы жөнінде қысқаша әңгімелеп береді: ә) жазушының балаларға таныс кітабы я шығармасынан үзінді оқылады, кейде бір шығармасынан әдеби монтаж, ойын ұйымдастыруға болады. Бірінші сабақта сол жазушының өмірбаяны туралы айтылып, оның балалар оқыған шығармасы жайлы қысқаша әңгімеленеді де, басқа бір шығармасы тағы оқуға тапсырылады. Екінші сабақта оқуға берілген шығарма талқыланады ал үшінші сабақта қорытындыланады. Жоғарыда бастауыш сыныптарда балалар ертегі оқуға құмар келеді дедік. 2-3 сыныптарда көбіне жануарлар туралы ертегілерді жақсы көреді. Мұндай сабақтарға көрнекі құралдарды балалардың өздеріне жасатуға болады. Бірқатар ертегілер жөнінде шыққан суреттерде бар. («Түлкі мен бөдене» т.б.), ал көптеген ертегілер бойынша диафильмдер жасалды.
2-3 сыныптарда оқу үшін ұсынылатын материалдарды мұғалім өзі іріктейді, ал 4-сыныпта балалар өздері іріктеп алады. Оқушыларды газетпен таныстыру сабағын мына сияқты жүйемен жүргізуге болады:
а) Балаларды өздерінің алатын газет- журналдарына қызығатындай етіп, осы басылымдағы мақалалардан үзінді келтіре отырып (балалардың мектептегі, үйдегі іс-әрекеттері мен еңбектері, оқушылардың өз мектебіне, ауылына, қаласына, ата анасына қандай көмек көрсеткендері т.б.) әңгіме ұйымдастыру балалар газетті оқи ма, ондағы мақалаларды түсіне ме, қандай мақалалар ұнайды т.б.).
ә) Газет- журналдарды кімдер шығаратынын, қай жерде, қай күндері шығатынын, қай кезден бастап шыға бастағанын айту.
б) «Ұлан» атты газеттің кезекті нөмірінің құрылысымен (макетімен) және мазмұнымен таныстыру. Мұндай сабақтарда қажет жерлері болса, географиялық карта, кітап жаймасы, т.б. болғаны жөн. Журналмен таныстыру сабағында журналдың кітаптан айырмашылығы (ай сайын шығып тұратыны, тақырыптарының алуан түрлілігі) айтылады.
Сыныптан тыс оқуды есепке алып тексеріп отыру жөнінде жоғарыда да айтқанбыз. Оған қосымша, оқыған кітаптары жөнінде оқушыларға күнделік жаздырып үйретудің де орасан зор тәрбиелік мәні бар екенін еске сала кетудің артықтығы болмаса керек. Бұл- балаларды ойларын жинақы, өз сөздерімен жаза білуге дағдыландырады , жазу қабілетін жетілдіреді. Күнделікке кітаптың аты, авторы , шыққан жылы, оқығаны қандай мақала екені және ол жөніндегі өзінің пікірі жазылуға тиіс.
Мұғалімнің басшылығымен жүргізілетін оқу сабақтары оқушыларыдың өздіктерінен орындайтын жұмыстарымен ұштастырылып отырады. Балаларды өздіктерінен жұмыс жасауға үйретуде негізінен екі түрлі мақсат көзделеді: 1) кітаппен жұмыс жасауға дағдыландыру : 2) тапсырманы өз беттерімен орындауға үйрету, өз еңбектерінің жемісін көріп, "рахат" сезіміне бөленуге жағдай жасау.
Өздігінен орындалатын жұмыстың негізгі мазмұны - оқушылардың ой белсенділігін арттыру. Мұғалім оқу кітабындағы материалды толық оқып шығып, оның қандай бөлігіне басшылық керек, ал қандай бөлігін балалардың өздіктерінен орындауларына болатынын анықтайды. Өздіктерінен орындайтын тапсырманың түрлерін, оның сабақтағы орнын белгілейді, мақсатын түсіндіреді, орындау барысын тексереді.
Тапсырманы ауызша да беруге болады, бірақ егер жұмыс бірнеше кезеңнен тұратын болса, онда ол жұмыстың орындалу тәртібін көрсетіп, тақтаға жазады.
Балалардың өздігінен орындайтын жұмыстарының түрлері:
1. Кітаптың мазмұнымен (кітаптың ең соңында берілген материалдардың тізімі) таныстыру : Оқу кітабында қандай бөлімдер бар ? Үй жануарлары туралы не оқығандарыңды кітаптың мазмұнынан белгілеңдер.
2. Шығарманы балалардың іштерінен оқуы. Әдетте мұнда сұрақтар ойлап табады, белгілі бір оқиғаны суреттейтін үзіндіні табады, мәнерлеп оқуға дайындалады т.б.
3. Жоспар жасау жұмысы: мәтінді бөлікке бөлу, қандай суреттер салуға болатынын ойластыру, мәтінді мұғалімнің қойған аттары бойынша бөлу т.б.
4. Тапсырманы өңдеу. Мақаланың жоспарын жазу, жаңа сөздерді жазу, шығарманың қортындысын жазу т.б.с.с.
5. Оқушылардың үйден орындайтын жұмыстарына көңіл аудару. Үйге мәтіннің мазмұнын қайта оқып шығуды бермей, шығармашылық тапсырма беру керек, Мысалы, « көктем белгілері» туралы айтылған жерлерді табыңдар, мәтінге қандай сұрақтар қоюға болатынын ойластырыңдар, Ш.Смаханұлының "Көбелек пен ебелек" өлеңіндегі көбелек пен ебелекті салыстырып, оларға ортақ қасиетті әрқайсысына тән ерекшеліктерді сызбамен көрсетіңдер т.б. с.с
«Ана тілі» сабақтарында мұғалім балалардың қаншалықты саналы, дұрыс, мәнерлеп, шапшаң оқуларын бақылай отырып, олардың дағдылары мен біліктерінің деңгейін анықтай алады. Сыныптан тыс оқығандары бойынша әңгімелесу және өз беттерімен оқыған кітаптарынан түсінгендерін айтып беру балалардың оқуға қаншалықты ынталы екендігін, шығарманың идеясы мен мазмұнын қаншалықты терең түсінген- түсінбегендіктерін көрсетеді. Сонымен бірге баяу балаға дұрыс, саналы, мәнерлеп және шапшаң оқу дағдысын қалыптастыруға, жетілдіруге уақытында көмектесу үшін, оны жүйелі түрде есепке алып отыру керек. Мұндай есеп әсіресе I, II және III сынып оқушыларына қажет. Мұғалім дағды мен білікті есепке алу үшін бөлек дәптер арнайды. Онда әрбір оқушыға бірнеше жол орын береді де, сыныпта оқыған кезде жіберген кемістіктерін белгілеп қояды. Бірінші сынып үшін дағдылары мен біліктерін толық есепке алатын кесте жасауға да болады. Мысалы, кесте
Тегі: Омаров Асан, Сәлменов Серік
Қате саны:3,1.
Оқу тәсілі.
Әріптеп: -.-
Буындап: ия, -.
Тұтас сөз: -,-.
Бір минутта оқыған сөз саны: 24, 29.
Оқығанын түсінеді: иә, иә.
Мәнерлілігі: нүктеде пауза жоқ, нүктеде даусын бәсеңдетпейді.
Баға: 3, 3.
Бастауыш сынып оқушыларының дағдыларын, біліктерін есепке алу үшін, бағдарламалық талаптарға орай, аудандық әдістемелік кабинеттің ұсынған формасы пайдаланылады.
2-сыныптан бастап іштен оқуға мұқият көңіл аударылады. Іштен шапшаң оқу сағат арқылы тексеріледі: оқудың басталу уақыты белгіленеді, балалар оқып болғанда қол көтереді, мұғалім ең асығыс оқығандар мен ең жай оқығандарды белгілейді.
Оқу жылының басында және әр тоқсанның аяғында барлық оқушының дағдылану дәрежесі тексеріледі. Бұл оқыту арқылы мұғалім оқудың дұрыстығын, орфоэпиялық норманы сақтау жөнінде кімнің қалай оқығанын белгілеп отырады. Шапшаңдық белгілі бір уақыт мөлшерінде қанша сөз оқығанымен, ал саналылық сұраққа жауап беру сияқты жұмыстармен өлшенеді.
Мәтінді саналы қабылдау арнайы берілетін тапсырмалар арқылы да тексерілуі мүмкін. Хабарлама сипатындағы мәтін үш немесе төртке бөлінеді де араластырылады. Оқушы оны оқып, әр бөлікті жүйесімен біріктіруі тиіс. Мұны әрі тез, әрі дұрыс орындаған оқушы саналы қабылдауға жақсы дағдыланған болып есептеледі.
Екінші бір жағдайда балалар оқыған мәтіндеріне жоспар жасайды және сол үзіндіге ат қояды. Үзінді бойынша оның бұрын өздері оқыған қандай шығармадан алынғанын айтып беру ұсынылады.
Кейбір оқушылардың оқу кемістіктерін түзету үшін олардың себептерін анықтау қажет. Мұндай кеміст мысалы іктер әртүрлі болады, мысалы: зейіннің тұрақсыздығынан, зейінін шоғырландыра алмаушылық (мұндай көріністі "мойны жар бермейді" дейді), буындап оқу дағдысының қалыптаспағандығынан (көбіне әріп тастап кету құбылысы), оқушының тіл кемістігі т.б.с.с. Мұндай кемістіктерді жою барысында істелетін жұмыстар дұрыс оқу дағдысын қалыптастыруға көмектеседі, оның қажеттілерін бекіте түседі.
Мәнерлеп оқи алмау саналы оқуға олақтықтан туады, яғни демді дұрыс ала алмау немесе дикция кемістігі. Ал мәтінді шала ұғынудың өзі де түрлі-түрлі жағдайларға байланысты: ақыл-ой дамуының жеткіліксіздігі, сөздік қордың тапшылығы, оқушының ұқыпсыздығы т.б. Оқушының бойында қалыптасуға тиісті дағды мен білік бағдарлама талабына сәйкес болу үшін мұғалім аталған кемістіктерді жоюға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізеді.
1. Мәтінді оқу ондағы басты ойды табу, оның мазмұнын ұғыну, көркемдік тіл құралдарын талдау, сауатты түрде оқу біліктігін арттырумен қатар, адамгершілік нормаларына үйренуге де мүмкіндік жасайды. Оқу сабақтарында жүргізілетін тәрбие жұмыстарының түрлерін қысқаша былайша топтап көрсетуге болады: «Ана тілі» оқулықтарында «Өнегелі өмір» жөнінде көптеген әңгімелер, өлеңдер, мақалалар беріледі. Осы мате
риалдар арқылы балалар үлкен адамгершілікке, қайырымдылыққа, еңбексүйгіштікке, еңбек адамдарына қамқорлық жасауға үйренеді. Ұлы адамдардың өмір жолынан үлгі алу тәрбиесі беріледі.
2. Оқу кітаптарында адамның қайырымдылығы, оның алуан түрлі көріністері талай-талай ситуацияларда көзге түсіп отырады. Әртүрлі шығармаларды оқу барысында балаларда қайырымды адам жөнінде елес жасалады. Қайырымдылық дегеннің мәнісін (қайырымдылық - айналадағы адамдарға, жолдастарына, достарына, туыстарына қамқорлық жасау, қиындыққа кездескендерге көмектесу) түсінеді. Оқулықтардан қайырымдылық жөніндегі материалдарды іріктеп, балаларға өз қылықтарымен салыстыратындай жағдай жасалады.
3. Балаларды еңбекті сүюге, оны қадірлеуге және өздерінің қолдарынан келетін қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға бағыттайтын материалдар оқу кітаптарында мол берілген. Осыған байланысты, олар өздерінің бүкілхалықтық іске қатысқандарына өздері баға беріп, оны саналы түрде сезінулері керек. Мысалы, «Сендер құстарды қалай қорғайсыңдар?» т.б.с.с. сұраулар арқылы оларды бағыт тауға болады. Бұл балаларда өз ісіне жауапкершілік туғызып, олардың ерік-қасиеттері мен күшін жетілдіре түсуге көмектеседі.
4. Заттар, құбылыстар жөнінде білім берумен қатар, олардың арасындағы өзара сабақтастықты байқауға мүмкіндік жасау, балалардың санасында жанама бейнелердің тууын қамтамасыз етеді, ойлау, шығармашылық қиял процесін тәрбиелейді және оның жетіле түсуіне жағдай жасайды.