№7 СӨЖ тақырыптары: Сәтбайұлының математикалық мұрасы. 2. Омарұлының математикалық мұрасы. 3. Ермекұлының математикалық мұрасы. 4. Боқайұлының математикалық мұрасы. 5. Ақбергенұлының математикалық мұрасы. «Алгебра» оқулығын алғаш жазған - Қаныш Сәтбаев Сөз басы: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет. Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек», - деген еді. 1918 жылы В.И.Лениннің «сауатсыздықты жою» туралы жарлығы жарияланып, бұл жарлық Қазақстанда 20-жылдардың басында жаппай жүзеге аса бастады. Сол кезеңде А.Байтұрсынұлы жетекшілік ететін Халық ағарту комиссариаты көзі ашық, ғылымнан хабары бар қазақ оқымыстыларына ғылымның әр саласынан оқулық жазу мен орыс тіліндегі ғылыми әдебиеттерді аудару жөнінде тапсырыс бергені белгілі. Ал, қазақ математикасына алғаш рет «Алгебра» оқулығын жазып, өшпестей мұра қалдырған – геолог-ғалым, қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев екенін бүгінде бірі білсе, бірі біле бермейді. 1919 жылы жазылып басталған «Алгебра» оқулығын Қ.Сәтбаев орыс ғалымы, математик Андрей Петрович Киселевтің «Алгебрасынан» аударған... Қ.Сәтбаевтің «Алгебра» оқулығының ішкі мән-мазмұнына тоқталмас бұрын, Киселев және оның «Алгебрасы» туралы бірер сөз айтып өтуді жөн көрдік. Киселев Андрей Петрович (1852 – 1940) – орыс және кеңес педагогы, мектеп математикасының негізін қалаушы. Өте қарапайым отбасында дүниеге келеді. Андрей алты баланың ең кішісі болады. Орлов гимназиясын «Алтын» медальға бітірген Киселев 1871-1875 жылдары Петербург университетінің физика-математика факультетінде П. Л. Чебышёв, А. Н. Коркин, Е. И. Золотарёв, О. И. Сомов секілді профессорлардың шәкірті болып, білімін жетілдіреді. Математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған А.П.Киселев 1875-1901 жылдары 15 жылдан аса математика пәтнінен сабақ беріп, мұғалімдік қызметін атқарған. Тек, 1901 жылы зейнетке шығып қана өзінің сүйікті ісі математика, арифметика, физика, геометрия пәндеріне оқулық жазумен айналысады. Әрине, Киселев бұл оқулықтарды мектепте мұғалімдік қызметте жүрген кезде жазып, жартылай дайындап та қойған болуы керек. Маңыздысы ол емес, маңыздысы оның математика пәніне арналған оқулықтары бүгінгі күнде де аса қажетті, өзекті оқулықтардың қатарынан табылып отырғандығында. Оны К. Д. Ушинский атындағы Мемлекеттік ғылыми педагогикалық кітапхана директорының орынбасары Л. Н. Аверьянованың: «А. П. Киселев педагогика және орта мектепте математиканы оқыту дәуірінің негізін орнатты. Оның математика оқулықтары 60 жылдан астам уақыт бойы отандық мектептегі ең тұрақты оқулықтар ретінде ұзақ өмір сүру рекордын орнатты», - деген пікірінен анық байқаймыз. Киселев математика ғылымы саласын бірнеше оқулықтармен толықтырды. Оның: «Элементарная алгебра» (1888), «Элементарная геометрия» (1892—1893), «Краткая арифметика для городских училищ» (1895), «Краткая алгебра для женских гимназий и духовных семинарий» (1896), «Физика» (две части) (1908), «Краткая арифметика для высших начальных училищ» (1917), «Краткая арифметика для городских уездных училищ» (1918), «Элементы алгебры и анализа» (чч. 1—2, 1930—1931) секілді бірнеше оқулықтары бар. Киселевтің жазған оқулықтары өз заманында ғана емес ғасырлар бойына сұранысқа ие екендігін ескерсек, Қ.Сәтбаевтің «Алгебра» оқулығын дәл Киселевтан аударғаны өте сәтті таңдау деп айтуымызға толық негіз бар. 2011 жылы жарық көрген «Қаныш Сәтбаев энциклопедиясының» жазуы бойынша: «1918 жылы 19 жастағы Қаныш Имантайұлы Томск технология институтының математика факультетіне оқуға тапсыруға дайындала бастайды. Ол сол кезде Томск университетінің математика факультетін бітірген, Семейде еңбек ететін Ғарифолла Нығметуллин деген мұғалімнен қыс бойы математика пәні бойынша қосымша сабақ алады. Бірақ, 1919 жылы Қаныш қатты ауырып ауруханаға түседі. Ауруханада емдеген дәрігер С.Н.Разумовский науқасқа бұдан былай ауылға барып қымыз ішіп емделу керектігін айтып, оқуы тоқтатылады» [1, 23]. Міне, өмірінің осы кезеңінде ауылда ем алып жүрген оқымысты Қаныш ауыл балаларының математикадан сауатын ашып, мұғалімдік қызметін бастап та кетеді. Небәрі 20 жасар Қаныш 1919 жылы тәжірибе ретінде мектеп оқушылары үшін «Алгебра» оқулығын жаза бастайды. Қ.Сәтбаевтің «Алгебра» оқулығы 1924 жылы толықтырулар мен жөндеулерден өтіп, қолжазба күйінде Халық ағарту комиссариатының ғылыми-әдеби кеңесінде математикалық оқулық ретінде мақұлданып, баспаға ұсынылады. Бірақ, баспада оқулық ішіндегі алгебралық жазбаларды белгілейтін шрифтар мен матрицалардың болмауына байланысты, «Алгебраны» басып шығару мүмкін болмады. Сол себепті де оқулық 1927 жылы Мәскеудегі Центриздатқа жіберіледі. Мұнда да, «Центриздат» пен «Казиздат» баспаларының арасындағы түсініспеушіліктің салдарынан оқулық тағы да баспадан жарияланбай қалады. Осы оқулықтың үнемі кедергіге ұшырап, жарыққа шықпай қалуы жөнінде Халықаралық Қ.И.Сәтбаев қорының президенті Кәкімбек Салықов былай дейді: «Автор ретінде Қ.Сәтбаев бұған қатты алаңдаушылық білдіріп, бұл баспаларға бірнеше мәрте хат жолдағанымен, ешқандай нәтиже шыға қоймайды. Мұнан кейін 1929 жылы латын алфавитіне ауысуға байланысты Қ.И.Сәтбаев оқулықтағы формулаларды бастан-аяқ латын әріптерімен түзеп шығып, 03.03.1929 жылы латынша көшіруге тапсырады. Сөйтіп, қолжазба қайта латыншаға көшіріліп, қайтадан баспаға өткізіледі. Бірақ, 30-жылдардан бастап Қазақстанда біртіндеп кеңестер одағына бірыңғай, ортақ оқу бағдарламалары мен аударма оқулықтарға көшу басталып кетеді де, Қ.И.Сәтбаевтің «Алгебра» оқулығын басып шығару ісі аяқсыз қалады» [2,4],- дейді. Біз жоғарыда Қаныш Сәтбаев «Алгебра» оқулығын орыс ғалымы Андрей Киселевтан аударғанын айтып өттік. «Сәтбаев аудармасы қай дәрежеде аударылған? Оқулықтың ғылымилығы мен сапасы қандай? Сәтбаев Киселевтан тек аударып қана қойған ба?», - деген сұрақтар төңірегінде ойымызды өрістетсек. Біздің қолымызға түскені Киселевтің 1908 жылы баспадан шыққан «Элементерная алгебра» оқулығының 2005—2006 жылдары «Алгебра» деген атпен қайта жарық көрген нұсқасы. Осы 1908 жылғы «Элементарная алгебра» оқулығының «алғы сөзінде» былай деп жазылған: «Оқулық авторы оқулыққа қойылатын ең негізгі үш талапты сақтаған. Олар: тұжырымдамалар мен анықтамалардағы дәлдік, есептердегі қарапайымдылық және күрделілік»,-дейді. Расымен де автор оқулықта осы үш негізгі талапты басты назарда ұстаған. Автор анықтамалар мен тұжырымдамаларды нақты және дәл бере отырып, қарапайым есептерден күрделі есепке, яғни оңайдан қиынға қарай жүріп отырған. Сәтбаев та Киселевтің ізімен алгебра курсын оқытудағы осы негізгі үш талапты қатаң түрде сақтаған. Алаш зиялылары ХХ ғасырдың басында мектептерде оқулықтардың жетіспеушілігінен оқулықтар мен оқу құралдарын жазып, аударумен айналысқанын білеміз. Аударма ісі де үлкен білім қоры мен таудай еңбекті қажет етеді. Тіпті, Алаш оқымыстыларының өздері де өз заманында аударма ісіне байланысты газет беттерінде бірнеше мақалалар жариялап, өз оқырманымен ой бөлісіп отырған. «Орыс тілінде жазылған кітаптарды қазақшаға аударушылардың есіне салатын бір сөз бар. Осы күнде үлкен-үлкен пән кітаптарын, уақ кітапшаларды (брошюра), әдебиет әңгімелерін қазақшаға әркімдер аударып жүр. Аудармалардың (перевод) кейбірі жақсы, кейбірі жаман делініп, сын, тексеру жазылып жүр. Аудармаға қандай шарт, қандай тілек қоюымыз керек? Қайткенде аударма дұрыс болады? Бір пікір бар: сөзге сөз тауып, орысшасынан бұлжытпай, дәл қылып аудару керек,- дейді. Тағы бір пікір: сөзге сөз тауып, дәл аудару керек емес. Оқушының ұғымына лайықтап, қазақтың өз тіліне, тілінің заңына, өзгешелігіне қарай аудару керек,- дейді. Қайсысы дұрыс? Біздің ойымызша, екеуі де өз орнында дұрыс болуға тиіс. Белгілі ереже, заң өрнек ұғымдарын баяндайтын, бұрақтатса мазмұны (мәнісі) бұзылатын сөздерді, сөз жоқ, дәл қылып аудару керек. Мұндай сөздер, көбінесе, пән кітаптарында, математика заңдас ғылымдарда жолығады» [3, 4],-дейді Жүсіпбек Аймауытұлы. Алайда, Сәтбаев «Алгебра» оқулығын аударып-жазу барысында Киселевтің оқулығын негізгі бағдаршам ретінде ұстап, оның барлық жүйе мен формасын сақтағанымен оқулықтың мазмұнын өз жанынан өзгерткенін байқаймыз. Яғни, Жүсіпбекше айтсақ, орысшасын бұлжытпай дәл, ал кейде қазақ оқушысының таным-түсінігіне сай да аудара білген. Жалпы, Қ.Сәтбаевтің «Алгебрасы» 11 бөлімнен тұрса, Киселевтің «Алгебрасы» 2 кітаптан, 1-кітабы 6 бөлімнен, ал 2-кітабы 12 бөлімнен, барлығы 18 бөлімнен тұрады. Бұл жерде Сәтбаев оқулығында бөлім саны қысқартылса да Киселевте берілген тақырыптардың барлығы қамтылған. Сәтбаев көбіне кейбір тақырыптарға жеке бөлім арнауды керек деп санамай, оларды тек бір бөлімнің ішіне кіріктірген. Енді екі оқулықтың ішкі мазмұнын салыстырсақ... Киселев «Алгебрасының» «Уравнения первой степени» атты 4-бөлімінде: «Школа закупила толстых и тонких тетрадей всего 80 штук. Толстая тетрадь стоит 35 коп., тонкая 4 коп. Сколько было куплено тех и других тетрадей, если уплачено 9 руб.40 коп.? [4, 95]»,- деген теңдеу құруға арналған мәселе есебін Сәтбаев «Бірінші дәрежелі бір белгісізді теңдеулерді шығару» деп аталатын V-бөлімінде былайша береді: «Үш тұяқ күмістің салмағын бір қоссақ, 33 қадақ болады. 1-ші тұяқ қалғандарынан үш қадақ ауыр. Тұяқтардың әрқайсысының салмағы неше қадақтан болғаны? Екі ауылдың қойларының жалпы саны – 220, егер де 1-ші ауыл 2-ші ауылға – он төрт қой берсе, екі ауылдың қойы теңесер еді, әр ауылда неше қойдан болған еді? [2, 177]. Мына есептерді оқып отырған оқушыға «тұяқ» та, «ауыл» да, «қой» да, «саудагер» де, «пұл» да бәрі түсінікті. Ары қарай тек көз алдына елестетіп, ойланып, есепті шығарып, жауабын табу ғана қалды. Бұл жерде Сәтбаев Жүсіпбектің «Оқушының ұғымына лайықтап, қазақтың өз тіліне, тілінің заңына, өзгешелігіне қарай аудару керек» деген аудармаға қойылатын екінші талапты ұстанғанын анық байқаймыз. Алайда, Сәтбаев оқулықты аудару барысында әрдайым бұл талапты ұстанып отырмаған. Термин сөздерді жасап, қазақшаға аудару кезінде Жүсіпбекше айтсақ: «сөзге сөз тауып, дәл аудару керек,- деген бірінші талапты ұстанғанын көруімізге болады. Сәтбаев кейбір термин сөздердің негізгі атауын жақша ішіне жазып барынша қазақшалаған. Бірақ бәрін емес, кейбір сөздерді ғана. Олар: «Қоршау – жақша, действия – амалдар, өрнек – формула, возведение в степень – дәрежеге сатылау, относительные величины – бағытты шамалар, противоположные числа – бұрыс және теріс сандар, положительное направление – дұрыс шама, отрицательное направление – теріс шама, одночлен и многочлен – бірмүшелі және көпмүшелі әлпеттер, коэффицент – сан өшіргіш (копицент), функция – берне (функция), график – сызба, - шексіз, куб – текше, квадрат – шаршы, соединения и Бином Ньютона – Құрастырулар. Ньютон қосмүшелігі және үздіксіз бөлшектер» деп терминдерді қазақшалаған. Мұнда математикалық термин сөздердің аудармасы сауатты және бүгінгі ғылыми математикалық термин сөздерге сәйкес келіп тұрғанын анық байқаймыз. Сонымен қатар, Сәтбаев тек термин сөздерді ғана емес өлшем бірліктерді де қазақтың тұрмыс-тіршілігінде қолданатын сөздермен алмастырған. Олар: «қарыс (19-20см)», «үш торсық су (2,5 литр)», «сүйем (17-18см)», «елі (2см)», «қадақ(200гр)». Киселев «Алгебра» оқулығында көп дүниелерді, мысалы, арифметикадағы қосу («+»), алуды («–») түсіндірмейді, себебі, ол бұл тақырыптарға өзінің «Арифметика» (1884 ж) кітабында кеңінен тоқталған. Ал, Қ.Сәтбаев Киселевтің оқушыға түсінікті деп санаған («Арифметика» оқулығында айтылып қойған) амалдарды егжей-тегжейіне дейін жазған. Мысалы, Киселевта: «Действия, рассматриваемые в алгебре, следующее: сложение, вычитание, умножение, деление, возведение в степень и извлечение корня. Что такое первые четыре действия, известно из арифметики... [4,9], - деп көбейту, бөлуден бастап түсіндіреді. Ал, Сәтбаев: «Алгебрада 7 есеп амалы қолданылады. Олар: қосу, алу, өсіру, бөлу, дәрежеге сатылау, түбір табу... Бұлардың соңғысына кейін тоқталамыз. Әзірше жоғарғы алтауының мәнін анықтайық»,- деп «қосу», «алудан» бастап оқушыға неғұрлым оңай, түсінікті болу амалдарын қарастырады. Киселевтің «Относительные числа и действия над ними» атты ІІ-бөлімін Сәтбаев «Бағытты шамалар, дұрыс және теріс сандар» деп аударған. Киселев бұл бөлімінде де «қосу» мен «азайтуға» тоқталмай бірден «Умножение относительных чисел» («Бағытты шамалардың көбейтіндісі»), «Деление относительных чисел» («Бағытты шамалардың бөліндісі») деген тақырыптан бастаған. Осы мысалдарға қарай отырып, Киселевтің оқулығы математикадан біраз дайындығы бар, яғни 6-7 сынып оқушыларына арнап жазылған оқулық деп айтамыз. Сәтбаев оқулық жазуда Киселевтің өзі қойған дәлдік, қарапайымдылық және күрделілік талаптарын қатаң сақтап, осы үш талапты, оның ішінде екінші талап «қарапайымдылықты» ұстануда автордан да асып кетеді. Сәтбаев оқулығының негізгі ерекшелігі – жеңілден күрделіге қарай, қарапайым тілде математикалық тақырыптарды жіктей келе, топтастыра беріп отырғандығында. Жоғарыда Киселевтің арифметиканың алғашқы курстарын үйрететін 1-4 сынып оқушыларына арналған «Арифметика» оқулығын жазғанын және сол себепті де оның «Алгебра» оқулығында «қос», «алу» амалдарына тоқталмағандығын айтып өттік. Осы орайда Қ.Сәтбаев не себепті математиканың алғашқы курстарын үйрететін бастауыш сыныпқа арналған оқулық жазбады?,- деген сұрақ тууы мүмкін. 1924 жылы М.Дулатов «Есеп құралы» атты арифметика оқулығын жазып жарыққа шығарғанын еске алар болсақ, Қ.Сәтбаев арифметикаға бөлек оқулық арнауды қажет деп таппаған секілді. Сәтбаевтің Киселевтан аударма барысында мынадай бір негізгі ерекшелікті байқаймыз. Ол – Сәтбаев аударма оқулығында тақырып формасын түпнұсқаға (оригинал) барынша жақындатуға тырысса, мазмұндық үлгіде соншалықты алшақтаған. Оны төмендегі мысалдардан байқаймыз... Киселев «Алгебрические умножение» тақырыбында: «Пусть надо умножить а³ на а², что можно обозначать так: а³·а², или подробнее: (ааа)·(аа)», - деп қысқа бір сөйлеммен қайырады. Ал, Сәтбаев: «Дәрежені» бірдей, дәреже көрсеткіштері бөлек болатын сандарды өсіру. Мысалы, бізге d5-ші d3-ке өсіру керек болсын. Әуелі бұл сандарды өзара амал белгісімен жалғаймыз. Онда, d5· d3 әлпеті жасалады. Дәрежеге сатылау амалының ережесі бойынша d5=d·d·d·d·d мен d3=d·d·d», - деп бірнеше сөйлеммен түсіндіреді. Мұндай мысалдар өте көп. Яғни, Сәтбаев Киселевті қайталамау үшін есептерде амалдарды, сандарды, тіпті әріптерді қолданғанда өзгертіп беріп отырған. Түпнұсқадан алшақтап, аудармашылықты да авторлықты да қатар алып жүрген. Барынша авторға бағынышты болмай оқулықтағы көптеген мысалдарды өз жанынан жазған. Сонымен қатар, Сәтбаев бұл қағиданы амал есептерді беруде де ұстанғандығын көреміз. Мысалы: Киселев «Упражнение» деп: (5а2b3)(3ab4c) 2y3)2 берсе, ал Сәтбаев: (0,5a3b4y)(0,4aby3) (- am-2bcn+2)(- am+2b2-ncd-2), деп өзгертіп беріп отырған. Сондай-ақ, Киселев тақырыпты түсіндіріп, бір-екі мысал келтіріп болғаннан соң, бірден «упражнение» деп бірнеше есептерді тізіп береді. Ал, Сәтбаев тақырыпты түсіндіріп, мысалдар көрсеткеннен соң да оқушыларға арналған тапсырмалардың алғашқы үшеуін міндетті түрде өзі шығарып көрсетіп отырған. Мұнда Сәтбаевтің авторға тәуелді болмай, барынша бірінші талап «нақтылық пен дәлдікті» сақтай отырып өз жанынан есептер құрастыруды ұстанғанын байқаймыз. Киселевтің «Алгебра» ІІ-кітабындағы «Возведение в степень…» тақырыбында: «В начале курса мы уже видели, что возведение в степень есть действие, посредством которого данное число берется сомножителем столько раз, сколько единиц содержится в другом данном числе (показатель степени)»: 2·2·2·2·2=25=32 а·а·а=а3 n раз Ал, дәл осы тақырып Сәтбаевың «Дәрежеге сатылау» деген IV бөлімінде: «Егер де бір шама өзіне-өзі бірнеше қабат өсіріліп отырса, ондағы орындалатын амалды дәрежеге сатылау» деп айтады. Егер де мысалы «а» саны өзіне өзі «n» қабат өсіріліп тұрса, мұны «а»-ны «n»-ші дәрежеге сатылау деп оқу керек болады. Соңғы жасалатын өсірінді: an түрінде белгіленбекші. Соңғы әлпетте жаңа дәрежеге сатылау амалының мәнісіне ой жіберсек, былайша жазуға да келмекші: Қ.Сәтбаев. n қабат Сәтбаев кез-келген тақырыпты, анықтаманы, есеп пен амалдарды барынша түсінікті, жүйелі, қарапайым беруге тырысқан.