8-дәріс Лексика. Сөз мағыналары. Мақсаты



Дата08.12.2022
өлшемі19,99 Kb.
#56007
Байланысты:
8-дарис


8-дәріс
Лексика. Сөз мағыналары.
Мақсаты. Лексикология. Сөз бен дыбыстың, сөз бен мағынаның және ұғымның өзара бірлігі мен айырмашылығы. Сөзге тән белгілер. Семасиология. Сөз мағынасының түрлері (тура және ауыспалы мағына, лексикалық, грамматикалық мағына, нақты және абстракт мағына, сөздің көп мағыналылығы т.б.). Омонимдер. Синонимдер. Антонимдер. Фразеологизмдер. Мақал-мәтелдер және олардың мәні туралы грамматикалық тұрғыдан мәлімет беру.
Негізгі терминдар мен ұғымдар: Лексика, мағына, семасиология, фразеологизм т.б.
Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы ғылыми тұрғыдан кең түрде зерттеліп келеді. Жалпы, лексикология – сөз туралы ғылым. Сөз - өте күрделі тілдік категория. Сөздің сан-салалы қабаттары бар. Атап айтар болсақ мағыналық, дыбыстық жағы, шығу төркіні, даму тарихы, қолдану ерекшелігі, жасалу жолы, өзгеру жүйесі және басқа да жақтары сөздің күрделілігін аша түседі. Қазақ тілінің негізгі сөздік қоры мен сөздік құрамын, оның дамып, жетіліп, баю жолдарын, сөздің шығу төркінін, қолданылу қабілеттілігін, күнделікті қарым-қатынастағы көрінісін, сөздердің экспрессивті – эмоционалды сипатын және сан қырлы стильдік ерекшеліктері мен қолданылу аясы туралы зерттейтін ғылымды лексикология дейміз.
Сөздік құрам тілімізге кірген жаңа сөздермен толығып, байып отырады. Тілімізде жаңа мағыналардың пайда болуы ауыспалы мағынадағы сөздерден (метафора, метонимия, синекдоха) келіп шыққан. Троптың бұл түрлері көркем шығармада өте жиі ұшырасады. Метафора, метонимия, синекдохалық қолданыстар әдебиетте де қарастырылады. Метафоралық мағына (гр. сөзі – ауыстыру) – белгілі бір зат атауының белгісі мен қасиетіне қарай басқа бір затқа атау болуына байланысты сөз мағынасын ауыстыра қолданатын троптың бір түрі. Метафора қолдану сипатына қарай негізінен екі түрге бөлінеді: а) тілдік метафора; ә) поэтикалық метафора.
Тілдік (сөздік) метафора сөзге үнемі жаңа мағына қосып, оның семантикалық аясын кеңейтіп әрі үздіксіз дамып отырады.
Синекдоха – гректің жобалап, нобайлап, шамалап түсіну – бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны, үлкеннің орнына кішіні немесе жалқының орнына жалпыны, бөлшектің орнына бүтінді қолдану негізінде сөз мағынасын алмастыру амалы.
Сонымен, семасиология (гр. semasia – “белгі”, мән, мағына + logos – ілім) сөздердің мағыналарын және олардың өзгеру, даму жолдарын, семантикалық заңдылықтарды зерттейді. Семасиология, әсіресе сөздіктер жасағанда өте қажет. Тіл-тілдің сөздік құрамында бірнеше лексикалық мағыналары бар сөздер де, белгілі бір тарихи жағдайларға байланысты мағыналары кеңейіп, не тарылып кеткен сөздер де, мағынасы мүлдем күңгірттеніп кеткен де, қолданудан шығып кеткен сөздер де жиі ұшырасады. Міне, осы сияқты сөз мағыналарының алуан түрлі қабаттары семасиологияның зерттеуіне айналады.
Омонимдер. Омоним (грек. homos – біркелкі, onyma – есім) – айтылуы мен жазылуы бірдей, бірақ беретін мағыналары әр түрлі болып келетін жеке сөздер мен сөз тіркестері және сөйлемдер. Омонимдердің көп кездесетіндері – лексикалық түрі – қас (дұшпан), қас (қабақтың үстіндегі шаш); күн (планета), күн (тәуліктің бір кезеңі), күн (күн көру – тіршілік). Морфологиялық омонимдер де кездеседі: -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе жұрнақтары етістіктің болымсыз түрін де, басқа сөз табынан зат есім жасауға да қатысады (айтпа, көрме, жазба, мінездеме, анықтама т.б.). Синоним (грек – мағыналас, мәндес) – түр-тұрпаты әр түрлі болғанымен, мән-мағынасы жақын сөздер болып табылады.
Синонимдер көп ретте екі түрлі қызмет атқарады. Біріншіден, олар бір-бірін алмастыруға бейім келеді. Екіншіден синоним сөздердің бірі екіншісін нақтылап отырады. Әдетте, дос, жолдас сөздерін синоним ретінде қолданамыз бірақ, Ол – досым емес, жақсы жолдастарымның бірі деген сөйлемде синоним сөздер арасындағы айырмашылыққа мән беріледі.
Антоним (грек anti – қарсы, onyma – ат, атау) – тілдің мағына жағынан өзара бір-біріне қарама-қарсы атауыштық бірліктер. Антонимдер мақал-мәтелдерде өте жиі қолданылады. Мысалы: Досыңның асын қасыңдай іш. Ер бір рет өледі, қорқақ мың рет өледі. Қорлық өмірден ерлік өмір артық. Көп ақымақтың ағасы болғанша, бір ақылдының інісі бол және т.б.
Оксюморондар бір-біріне қарсы мағыналас болып, антонимдік жұп құрайтын сөздер тіркесі арқылы жасалады. Мыс: тірі өлім, тірі аруақ, құрғақ су, жақсы өлім.
Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай…
Жақсы өліпсің, япырмай. (Абай)
Осындағы жақсы өліпсің – оксюморон, өйткені өлімнің жақсы болуы мүмкін емес. Сол сияқты сараң бай, өлі шөп, тірі өлік, зар күлкі.
Фразеология (грек. рhrasis-сөйлеу оралымдары, сөйлемше+logia-ілім). Біріншіден, тілдің фразеологиялық құрылымын, құрамын қазіргі және тарихи даму тұрғысынан алып зерттейтін тіл білімінің бір саласы. Екіншіден, белгілі бір тілдегі фразеологизмдердің жиынтығы, оның фразеологиялық құрамы.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. 1. Сөз, ұғым, мағына дегендерге түсінік, тура және ауыспалы мағыналарының айырмашылықтары қандай?

  2. 2. Сөздің лексикалық, грамматикалық мағыналарына түсінік. Семасиология дегеніміз не?

  3. 3.Омоним туралы түсінік. Мәндес сөздер туралы не білесің?

Әдебиеттер тізімі:

  1. Айткенова М.Б. Оқушылардың оқу cауаттылығын дамыту бойынша тапcырмалар жинағы. Әдicтемелiк құрал – Қарағанды, 2015. – 32 б.

  2. Ерғалиев Қ.С. Қазіргі қазақ тілі. Тест тапс. 1-2-кітап. –Павлодар, 2014

  3. Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. –Алматы, 1975

  4. Мацкевич В., Крупник С. Функциональная грамотность // Всемирная энциклопедия: Философия. – Минск: Харвест, 2001. – 687 с.

  5. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда 12 жылдық бiлiм беру мазмұнының кiрiктiрiлуi мен сабақтастығы. Әдiстемелiк құрал. – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық бiлiм академиясы, 2013. – 41 б.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет