«Абылай хан резиденциясы» — Петропавл



Дата07.01.2022
өлшемі0,58 Mb.
#18441

«Абылай хан резиденциясы»  Петропавл қаласында орналасқан Абылай ханның мұражайлық кешені. 2008 ж. 21 тамызда резиденция Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен ашылды.

Абылайдың ақ үйі

Абылайдың ақ үйі, Абылайдың ордасы – Абылай ханның Петропавл қаласындағы ордасы, тарихи ескерткіш. Қазақстанның солтүстік аймағын отарлау басталған кезде Есіл өзені жағасында орналасқан Қызылжар қыратында 1752 ж. әулие Пётр бекінісінің құрылысы басталды. Бұл өз кезегінде елдердің арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың орнығуына әсерін тигізді. Осыған байланысты казактардың дала тұрғындарына тиісіп, қазақтардан мал тартып әкетуі және жер учаскелерін басып алуы тәрізді мәселелерді талқылау үшін ханның арнайы ордасы қасында осындайқұрылыс салу қажеттігі туындады. Мұрағаттық материалдардың мәліметтері бойынша, «Оның, Абылайдың, өтініші бойынша Есіл өзенінің жоғарғы жағындағы Енқыстау тауында әулие Пётрдің бекінісі жанынан оның келіп тұруы үшін 1765 ж. ағаш үй салынды» (Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағаты, 158-қор, 1-тізбе, 295-іс 33-б.). «Енқыстау (қыстауға арналған кең жазық)» сонымен, «Абылайдың ақ үйі» тек қана тұрғын үй үшін емес, сонымен қатар шиеленісті мәселелерді шешуге арналған орынға айналды. Ғимараттың орналасқан жері туралы әртүрлі пікірлер бар. Оның бекіністен 2-3 шақырым жерде, «тау» етегінде (еңістік жерде) орналасқандығы дәлмедәл анықталды, бұл сол кезде (19-гасырдың екінші жартысы) қаланың шеті болатын. «Абылайдың ақ үйі» қалада болған өрттің бірінің салдарынан жанып кеткен тәрізді, оның орнына тастан үй салынған, оны халық бұрынғыша «Абылайдың ақ үйі» деп атаған. «Абылайдың ақ үйі» қазақ халқының ұлттық тарихи ескерткіші болып табылады. Абылайдың ақ үйінің құрылысы Абылай хан өмірінің деректерімен және мұрасымен тікелей байланысты. Оған көп уақыт жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмегендіктен үй айтарлықтай зиян шеккен. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Т.А. Мансұровтың бастамасымен және ҚР Президентінің қолдауымен 2006-2007 жылдар ішінде тарихи-мәдени ескерткіш толық қалпына келтірілетін болады.]



Мұражайлық кешені

2004–2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 1829 жылы салынған 1982 жылы 26 қаңтардағы № 38 ҚазКСР Министрлігі Кеңесінің Қаулысымен мемлекеттік сақтауға алынған республикалық маңызы бар тарих ескерткіші «Абылай хан үйінде» қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Тарихи-мәдени мұраны сақтау сұрақтары бойынша қоғамдық кеңестің байқатқан мүддесі негізінде және-де облыс басшылығымен алғашқы түрде болған тарих ескерткіштерін құру мәселесі бойынша шешім қабылданған.[2]

Мұражай ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен 2008 жылы 21 тамызда ашылды. Экспозицияның негізі – XVIII ғасырдағы Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері – Абылай ханның өмірі мен іс-әрекеттері жөнінде. [3]

Ғимараттың жалпы аумағы мен құрылымы — 1288,5 м². Жердің жалпы аумағы — 1,58 га енеді.[2]

Ақ үйдің алдында қоладан құйылған «Ат үстіндегі Абылай хан» ескерткіші бар. Авторы мүсінші Қазыбек Сатыбалдин. Ғимараттың өзі қазіргі күні екі қабаттан тұрады. Ресми атауы «Абылай хан резиденциясы». Тарихи маңызы бар, киелі ғимаратқа басшылық жасап отырған Гүлнәр Андарбекқызының айтуынша Абылайдың ақ үйі 4 залдан тұрады. Бірінші қабатында кешеннің әкімшілігі, екінші қабатында тарихи залдар орналасқан. Тарихи залдың біріншісі Абылайдың балалық шағынан хан тағына отырғанға дейінгі өмірін қамтиды. Яғни, 1710-1771 жылдар. Екіншісі хандық құрған 10 жылына арналған. Бұл 1771-1781 жылдар арасы. Үшінші залы Тақ залы, төртіншісі Абылай тарихына арналған коллаждар, картиналар, кітаптарға арналған залы. Осылардың ішінде келгендерге әсер беріп, көз тартарлығы ғимараттың әуелде ағаштан жасағанын еске алатын Абылайдың тынығу бөлмесі. Бөлмеде бірнеше жәдігерлер қойылған. Ыдыс-аяқ, көрпе-жастық, үстел, түкті-түксіз тоқыма кілемдер, жез құман, киім-кешек, сандықтар қойылып, үйдің ішкі көрінісі бейнелеген. Сонау ХVІІІ ғасырдан бері сақталып қалған адалбақан ағаштан, ілгешектері күмістен жасалған. Көне заттардың бірі кебеже ерекше көз тартады. Бірде-бір шегенің көмегінсіз ағаштан жасалып, сырты сүйекпен мәнерлеп жасалғаны таң қалыс тудырады. Екі жағы көтеріңкі керует төсекте жатқан батырлардың қан айналымын реттеу үшін пайдаланылған екен. Керует шымылдықпен көмкеріліп, жанына Араб Әмірлігінен әкелінген майшам тәрізді шамдалдар қойылған. Бөлмедегі көз тартар этнографиялық жәдігерлер Тақ залында жалғасын табады.



«Абылай ханның кезінде осы жерде ордасы болған. Яғни, 1765 жылы дәл осы маңда ханның ең алғашқы ағаш үйі орналасқан. Нақтылай кетсек, бұл жерде Ресей империясының Абылай ханға салған ең бірінші үйі болған. Екатерина ІІ-ші бір қабатты 4 бөлмелі ағаш үй салғызған. Осы ағаш үйдің жоспары Ресей мұрағатынан табылды. Бұл үй өрт кезінде жанып кетіп, оның орнына 1824 жылы екі қабатты әскери лазарет салынды. Дегенмен, лазарет те бірнеше рет өртеніп, қирады. 1995-1996 жылдары түсірілген фотосуреттерден ғимараттың қаншалықты қирағанын көруге болады», - деп әңгімеледі Абылай хан резиденциясының экскурсия жүргізушісі Ақмарал Елеусізова.

Маманның айтуынша, қазіргі мұражай кешені бұрынғы әскери лазареттің ғимараты. Оған 2005-2008 жылдар аралығында 3 жыл бойы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға бюджеттен 606 млн теңге бөлінген болатын. Далада кеңсе үйі, қонақ күтетін үй, монша, құдық, шошала орналасқан. Территорияның ортасында Абылай ханның ат үстіндегі ескерткіші бар. Оның жалпы салмағы 88 келіні құрайды. Ескерткіш авторы – алматылық мүсінші Қазыбек Сатыбалдин.

«2008 жылы 21 тамызда Абылай хан резиденциясының салтанатты ашылуы өтті. Мұражай кешенін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Бұл жерде Абылай ханның ордасы болғандықтан, халық арасында бұл жер Абылай ханның «ақ үйі» деп аталып кеткен», - деп толықтырды экскурсия жүргізушісі.

Ақмарал Елеусізова, сондай-ақ, Абылай хан туралы мағлұматпен бөлісті. Абылай хан 1711 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Оның азан шақырып қойған аты – Әбілмансұр. Әбілмансұрдың арғы аталары төре тұқымынан шыққан адамдар. Арғы атасы Дешті Қыпшақтың алғашқы ханы, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан бастау алады. Кейін Барақ хан, Жәнібек хан, Жәдік хан, Шығай хан, Есім хан, Жәңгір хан, Уәли сұлтан, Әбілмансұрдың атасы Абылай сұлтан Түркістанның әміршісі болған. Абылай сұлтан өзінің жауларына қатыгез, қаһарлы болғандықтан оған «қанішер Абылай» деп ат қойылған. Әбілмансұрдың әкесі Уәли сұлтан өте көрікті адам болғандықтан ол «көркем Уәли» деп аталып кеткен. Әбілмансұрдың әкесі шайқаста қайтыс болып, ол 11 жасында жетім қалады. Тарихта ол «Сабалақ» деген атпен белгілі. Замандастарының айтуынша, Абылай хан орта бойлы, кең жауырынды, күш-жігерлі адам болған екен. Атақ пен даңқ оған 20 жаста Шарышпен болған шайқастан кейін келеді. Абылай хан 7 тілде жақсы сөйлеген, оның ішінде қытай тілін жетік білген. Домбырада жақсы ойнаған, ол домбырасын жорықтарға қоса алып жүрген. Хан 20 шақты күйдің авторы. Күйлерінің ең атақтысы – «Шаңды жорық» күйі. Сондай-ақ, ол аңшылықпен айналысқанды жақсы көрген. 1771 жылы Әбілмәмбет хан қайтыс болып, халық Абылайды ақ киізге көтеріп, бүкіл қазақ халқының, үш жүздің ханы етіп жариялайды. Абылай хан билік еткен жылдары қазақ халқының саны өсіп, экономикасы нығайып, сол кезде жоғалған Еділ мен Орал аралығындағы жерлер қайтарылған. Өмірінің соңғы жылдарында Абылай хан алыс жорықтарға шықпай, Түркістан қаласында тұрған. Ол 1781 жылы қайтыс болып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленеді. Оның қырқына келген жұрт келесі ханды сайлайды. Хан болып оның үлкен ұлы Уәли сұлтан сайланады. Абылай хан мемлекеттік қайраткер, ержүрек батыр, қолбасшы, ең бастысы, үш жүздің басын қосқан хан ретінде қазақ халқының есінде мәңгіге қалады. Қазақстанның үш қаласында Абылай ханға арналған ескерткіш бар. Олар Алматыда, Көкшетауда және Петропавлда орналасқан.



Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет