Ахмет байтұрсынұлы – Қазақ зиялыларының КӨсемі нуржан Берикович Иманбаев Тарих пәнінің мұғалімі «Малайсары жалпы орта білім беру мектебі»



Дата30.03.2022
өлшемі24,95 Kb.
#29256

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ КӨСЕМІ

Нуржан Берикович Иманбаев

Тарих пәнінің мұғалімі

«Малайсары жалпы орта білім беру мектебі» КММ, Май ауданы



Адамдық диқаншысы қырға шықтым,

Көл жоқ, көгалы жоқ - қорға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым ектім,

Көңілін көгертуге құл халықтың.

А.Байтұрсынұлы

А. Байтұрсынұлының осы өлең жолдары оның бүкіл өмірінің эпиграфы іспеттес. Ол – ақын, жазушы, аудармашы, публицист, қоғам қайраткері, ағартушы, этнограф, фольклорист, түркітанушы, әдебиетші, тілші, ғалым...

Ахмет Байтұрсынұлы - халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі, әмбебап ғалым, ақын, аудармашы, журналист, көсемсөз шебері... Бір сөзбен айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» адам. Ахмет Байтұрсынұлының сан қырлы, қасиеттерінің бірі оның қоғамдық - саяси және мемлекеттік қызметі болып табылады.

Осы күнге дейін А.Байтұрсынұлының аса ірі қоғам және мемлекет қайраткері, айлалы саясаткер ретіндегі қызметі туралы жеткіліксіз айтылып, аз жазылып келеді. Оның басты себебі, Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық демократиялық Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі, Алаш партиясы мен Алаш автономиясын құрудың бастау көзінде тұрған айтулы тұлғалардың бірегейі болғандығына ғана байланысты емес еді. Қоғам және мемлекет қайраткері ретінде Ахмет Байтұрсынұлы біраз бұлтарысы бар күрделі жолдан өткен адам.

Ахмет Байтұрсынұлының еңбек жолын ағартушылықтан бастауының үлкен мәні бар. Өткен ғасырдың соңы мен үстіміздегі ғасырдың бас кезінде қазақ интеллигенциясы қалыптаса бастағаны мәлім. Петербор, Омбы, Қазан, Уфа, Орынбор, Троицк т.б қалаларда оқып, мұсылманша немесе орысша білім алған қазақ жастары шыға бастады. Олар дәулетті де, шағын да, кедей де ортадан шыққандар болғанымен, едәуір білім алғандарының көбі әкімшілік, сот орындарында қызмет етіп, бас пайдасын, өз мүддесін көздейтін болды. Ахмет Байтұрсынұлының өз тілімен айтқанда, «байға мал, оқығанға шен мақсат боп, жұрттың қамын ойлайтын адам аз боп» тұрғанда, оқу - білімнен кейін де, қараңғы қазақ қауымының сауатын ашып, білім беру жолын қалап алғандардың бірі, бірі ғана емес, бірегейі Ахмет Байтұрсынұлы еді. Ағартушылық ісі сол кезеңдегі қазақтың әлеуметтік тіршілігінде ең қажет, ең игілікті әрекет болатын.

1923 жылғы «Қазақ арасында оқу жұмыстарын қалай жүргізу керек» деген мақаласында: «Мектептер ашуға үкіметтің шамасы келмейтіндігі анықталып отыр, үкімет 2116 кісінің ғана шығынын көтермекші, ал балаларды тегіс оқытуға 20,000-нан артық кісі керек. Сондықтан бір ауыл, не бір болыс ел күш біріктіріп, байға байша, кедейге кедейше үй басына салық салып, сол жиналған салықты оқытушылардың һәм басқа қызметкерлердің ақысына, мектептің керек-жарағына жұмсауға міндетті болып, жергілікті оқу бөлімдерімен келісімшарт жасап, мектеп ашу керек. Ол мектептердің жанында интернаттар ашу керек» деп жазды. Осы айтылғандардың барлығы А.Байтұрсынұлының оқу-ағарту жайындағы ой-пікірлерін, көзқарасын, тілек-талаптарын танытады. Өткен ғасырдың II жартысынан бастап көтерілген оқу-ағарту мәселесі қазақ қоғамы үшін әлеуметтік мәндегі үлкен мәселе болса, оны іс жүзінде қолға алған тұңғыш ағартушы Ыбырай Алтынсарин екендігін білеміз. Осы салада одан кейінгі нақты іс істеген екінші адам Ахмет Байтұрсынұлы болды. Ол – халықты оқуға шақырған, білім-ғылымның қажеттігін түсіндірген жалаң үгітші емес, қазақ арасында ағартушылық жұмыстарын, жалпы мектеп ісін жолға қоюға көп күш салған, бала оқытып, ұстаздық еткен тәжірибелі жан. Сонымен қатар, ол – оқу-ағарту ісін жолға қою үшін қажет өзге де іс-әрекеттерді қолға алған қайраткер. Бұл іс-әрекеттер: қазақ жазуына лайық графика түзу, жазу тәртібі – емлені жасау, қазақша сауат ашатын «Әліппе» жазу, ана тілін танытатын мектеп оқулықтарын жазу, бала оқытудың әдістерін көрсету. Осы орайда Ахмет Байтұрсынұлы қазақ мәдениеті көгінде жалаң ағартушы болып қана емес, ғалым-ағартушы болып та көрінді. Ол қазақ тілі мен әдебиетін пән ретінде қазақ тілінде тұңғыш баяндаушы ғалым.

А.Байтұрсынұлының бағамдауы бойынша, тарихи прогресс адамдардың шаруашылық жүргізу әдістерінің өзгеруі арқылы айқындалып отырады. Сондай-ақ күрескер ағартушының көзқарасы мен пайымдарына қарағанда, сол кезеңнің өзінде-ақ ол маркстік әдебиеттің ықпалымен емес, батыстағы экономикалық көзқарастардың ықпалымен қалыптасқаны аңғарылады. Өйткені, «Алашорда» басшылары батыс ойшылдарының еңбектерімен жете таныс болған. Сөйтіп, олардың экономикалық, саяси және әлеуметтік көзқарастарының қалыптасуына Батыста туындаған озық өнегелер мықтап әсер еткен. Олардың қазақ қоғамының ерекшелігін дұрыс зерделеп, әлемдік өркениет дәрежесіне көтеру жолдарын дұрыс бағамдағанына мысалдар аз емес. «Шаруашылық өзгерісі» топтамасымен басылған мақалаларда халықтың шаруашылық тұрмыстық өмір тірлігін эволюциялық жолмен өзгерту жөніндегі көзқарасқа мықтап табан тірейді. Ахмет Байтұрсынұлы ғаламдық ілімдерді сарапқа сала отырып, қоғамдық экономикалық фармацияны бұрынғыша таныстырудан бас тартып, жаңаша алты сатыға жіктейді:

1) Аңшылық дәуір;

2) Жануарларды тіршілікке икемдеу, бақташылық (бағбандық) дәуір;

3) Жер шаруашылығының дамуы мен пайда болу дәуірі;

4) Жер шаруашылығы мануфактуралы (кәсіби игеру) дәуірі;

5) Жер шаруашылығы мануфактуралы-тауар айналымы дәуірі;

6) Машиналардың пайда болуы және таралу дәуірі.



Ал қоғамның эволюциялық дамуының қозғаушы күші қоршаған табиғи орта, халықтың тығыздығы, техникалық прогресс, өзге елдердің жетістіктері, саясат пен заң, дін мен адамгершілік, білім мен оның таратылуы, сыртқы ықпалдар, мемлекеттің мақсаты болып табылатынын Байтұрсынұлы дөп басып көрсете білген. Ол тұрмыс-тіршіліктің өзгеруі ешқашанда шұғыл түрде жүзеге аспайтынын, мұның өзі көптеген ғасырлар бойы сандаған сатылар арқылы жүзеге асатынын нақты айта алды. Сөйтіп, ұлы ойшыл тірлік көзін секірмелі түрде өзгертуге болмайтынын, оның бірқалыпты эволюциялық жолмен дамуы орынды екенін көрсетеді. Мұндай теориялық тұжырымдар Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және олардың көзқарасымен ортақ болған серіктері қазақ халқының болашағы мен қазақ қоғамының даму заңдылықтарын дұрыс болжап, мүмкіндіктерді дұрыс қарастырғанын, ал көшпелі өмір салтын дереу отырықшылыққа ауыстыру, жер шаруашылығын, жалпы шаруашылықты бірден отырықшылық тәсілге аудару, экстенсивті мал шаруашылығына ауысу зор қателік болғанын ұғыну қиын болмаса керек.Ал патшалық Ресейде кейінгі кезеңдегі кеңестік дәуірдегі отырықшылыққа шұғыл көшіру қандай зардапты болғанын бұл күні жақсы білеміз. Өкінішке орай, сол кезеңнің өзінде қазақ зиялыларының бір тобы «Айқап» журналының маңына шоғырланып, патша әкімшілдігінің сойылын соғып, орыс шаруаларының көптеп қоныс аударуы үшін қазақ жерлерін отырықшылыққа көшіру нәтижесінде босатып отыруды жақтады. Мұның қате екенін Әлихан Бөкейхан өз сөзінде кеңінен дәлелдеп көрсетіп отырды. Алайда, Алашорда басшылары отырықшылыққа және жер шаруашылығына ауысуға мүлде қарсы болған жоқ. Олар бұған эволюциялық жолмен біртіндеп көшуді уағыздады. Мұның өзі 1917 жылға дейін жан-жақты сөз болып, кеңінен қозғалды деуге болады. Осы жылдан қазақ жеріне төңкеріс дүмпуі келіп, ұжымдастыру басталып, ел арасында отырықшылыққа жаппай көшу күштеп жүргізілгені мәлім. Мұның салдары қандай зардаптарға, қайғы-қасіреттерге ұрындырғаны баршамызға белгілі. Егер еліміздің тарихындағы түрлі реформалар Әлихан мен Ахмет бастаған қазақ зиялыларының көзқарастарына сай жүргізілген болса, халқымыз мұндай алапат нәубетке ұрынбаған болар еді. Мұның өзі қазіргі күнге де сабақ болса керек. Бүгінгі таңда да ауылдағы күрделі ахуалдарға көз жүгіртсеңіз, ел ішіндегі асығыс жаңартулардың олқы тұстары «мен мұндалап» тұр. Демек, «Алаш» қозғалысы басшыларының әлеуметтік-экономикалық көзқарастары мен тұжырымдарын, жоба-жоспарларын бүгінгі таңда да мықтап ескеріп, оқып-үйреніп басшылыққа алып отыруымыз өте маңызды, әрі келешекке қажет демекпін.

Шындығында, Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық даму заңдылықтары жөніндегі көзқарастарын тереңдей зерделесек, ол қоғамның дамуының қозғаушы күші таптық күрес емес екенін, сондай-ақ, қазақ қоғамының тапқа бөлінуін зардапты деп дәлелдегенін ұғынамыз. Ол «Төңкеріс және қазақтар» деген мақаласында қазақтарда капитализмнің нышаны да, тапқа жіктелу де жоқ екенін, тіпті меншік дегеннің өзі өзге халықтар секілді нақты айқындалып белгіленбейтінін, көптеген тұтыну заттары ортақ игілік болып табылатынын баса көрсетеді де, қазақтардың Ресейдегі алғашқы 1917 жылғы Ақпан төңкерісін барынша құптағанын мұны патша үкіметінің езгісінен құтылу деп қабылдағанын, ал екінші төңкерісті қорқынышпен, үреймен қарсы алғанын, мұны мүлде түсінбегенін, өйткені, қазақтардың арасында таптық (жікке бөліну) антагонизм болмағанын нақты дәлелдеп жазады. Ахмет Байтұрсынұлы мұнан басқа «Этностың пайда болуы және 1913 жылдардағы экономикаға сыни көзқарас» деген мақаласында экономика мен ғылым-білімнің тығыз байланысы, оның тарихи шарттарын негіздеді. Сөйтіп ол кез келген қоғамдағы прогрессті сауаттандыру, білімді болумен тығыз байланысты екенін атап көрсетті. Қандай бай болса да білімсіз халық сол байлығынан айырылатынын, оның қазына байлығы білімдар халықтың қолына ауысатынын атап көрсетеді. Әрі ол нақты сандық есептеулермен экономикамыздың біржақты шикізаттық бағдарға ұрынуын, біздің технологиялық ілімді игермегеніміз, артта қалушылығымыз екенін дәлелдей отырып, өзге өркениетті жұрттарға жем болатындығымызды көрсетеді дейді. Көреген ойшыл еліміздің ұлттық шаруашылығына бір жағынан халықтың өресіздігі зиян келтірсе, екінші жағынан сауатсыздықтың салдары да елді тәуелділікке ұрындыратынын ескертеді. Сондай-ақ, бұл мәселені саналы азаматтың мықтап ескеруі тиіақ, бұл мәселені саналы азаматтың мықтап ескеруі тиіс екенін баса айтады. Байқағандарыңыздай Байтұрсынұлы айшықтары тәуелсіз еліміздің ұлттық экономикасын жасап отырған бүгінгі таңдағы өзекті тақырыптарымызбен де үндесіп жатыр. Ахмет Байтұрсынұлының пайымынша «халықты озық ойлы технологиялық ақыл-оймен қаруландыра алсақ, онда шет жұрттардың езгісінен құтылатынымыз сөзсіз». Бұл ой-пікір ХХ ғасырдың басында айтылса да, дәл қазіргі тұрмыс-тіршілігімізді жақсарту жөніндегі біздің ой-арманымызбен қабысып, кірігіп жатыр. Тіпті, бір ғасыр бұрын қазіргі біздің алдымызда шешімін күткен мәселені дөп басып, болжап айқындаған А.Байтұрсынұлының көрегендігіне қалай сүйенбессіз. Ал патшалық Ресейдің аграрлық саясатына жер мәселесіне Алашорда басшыларының көзқарасын бағамдасақ та, көп жәйтті айқын аңғаруға болады. 1905 жылы шілде айында қазақ зиялыларының бір тобы Ресей үкіметіне өз наразылықтарын білдірді. Онда орыс бодандығына түскен қазақ елі, ата-бабамыздың қанымен ие болған жеріне деген меншіктік құқына мемлекеттің қол сұғып отырғандығы атап көрсетіліп, «орыс үкіметінің ешқандай себепсіз қоқан-лоққы күштеу арқылы заң шығарып, бүкіл қазақ даласын мемлекеттік меншік деп жариялауы салдарынан қазақ еліне орыс мұжықтарының ағылып келуіне жол ашылып, ең шұрайлы жерлер соларға беріліп, ал «қазақтар» жарамсыз жерлерге ығыстырылғанын» мәселе етіп көтерді. Ақиқатында, қазақ зиялыларының бұл мәселедегі көзқарасы айқын әрі түсінікті еді. «Қазақ жерінің мемлекеттік меншік болып жариялануы және келімсектердің қоныс аударуы дереу тоқтатылуы керек». Қазақтардың ұйғарымынсыз орыстар олардың жерін уақытша да, өмірлікке де пайдалануына, иеленуіне жол берілмеуі тиіс деген олар патша үкіметіне жіберген талабында. А.Байтұрсынұлы Мемлекеттік дума депутаты емес еді. Алайда, оның қазақ жұртының жері «мемлекеттік меншік болмауы тиіс, бұл қазақ халқының тікелей өзінің меншігі болып табылатындығы жөніндегі ойлары» Ресейдің парламентіндегі тұңғыш заңгер Бақытжан Қаратаевтың аузымен бірнеше рет айтылады.

Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және қазақтың өзге де демократ азаматтарының жер мәселесі жөніндегі көзқарастары «Алаш» партиясының бағдарламасында барынша айқын қамтылды. Олар Жер туралы Құрылтай жиналысының заңын шығарғанда жерді бірінші кезекте төл халыққа үлестіріп беру мәселесін көтерді. Мұның өзі жергілікті ұлттың мұң-мұқтажы мен талап-тілегіне сай келетіні түсінікті. Сондай-ақ бағдарламада жерді сатуға үзілді-кесілді тыйым салатыны жөнінде де нақты айтылды. Мұның өзі қазақтардың өз жерінен айырылып қалу қаупінен, жерді байлар мен шет жұрттық іскерлердің сатып алып иелену қаупінен туындаған көзқарас болатын. 1911 жылы А.Байтұрсынұлы «Айқап» журналында «Қазақ өкпесі» деген мақаласында жерді сатуға құқық берген жағдайда кейбір қазақтардың меншігіне алған жерін дереу сатып, сауық-сайран салатыны, сөйтіп ертеңінде-ақ қаңғырып қалатынын кеңінен сөз етеді. «Қазір қазақтар арасында жерін жалға бергісі келгендер аз ба? Кімде-кім жерін жалға бергісі келгенімен, оны сатпай тұра алмайды ғой» деп жазды ол. Бұл сөзде халықтың мұң-мұқтажын тереңнен ойлағандықтан ащы шындық жатты. «Алаш» партиясының бағдарламасында «аудандық және ауылдық қоғам жерді жеке отбасылар болып емес, бір атадан тараған туыстар бірігіп пайдалану жүзеге асырылуы тиіс, бүкіл жер байлығы – ірі ормандар, өзендер мемлекеттің қарауына жатады және жер жөніндегі құрылым арқылы басқарылады» деп жазылды. Сөйтіп, «Алаш» партиясының бағдарламасында экономика мәселесіндегі аграрлық бөлімінде қазақ көшпелі қоғамының ішінде жерді ұжымдық пайдалану жөніндегі талаптар қамтылды. Мұның өзі жерді жеке адамдардың бөлшектеп меншіктену институтын жойып, жер сатуға, әсіресе жер шет жұрттарға сатуға тыйым салу мақсатынан туындады. Бұл дегеніміз кертартпалық консерватизм нышаны емес, қазақ демократтарының халықтың табиғатын терең түсінгендігінің, сол кезеңдегі нақты тарихи жағдайға сергек қарай білгендігінің белгісі еді. Олар қазақтар арасында тауар – ақша, нарықтық қатынас барынша дамып, ұлттық буржуазия қалыптасатынын, сөйтіп бұлар бүкіл халықтық мүддені қорғауға қабілетті болатынын аңғара алды. Демек, бүгінгі таңда да біз жер реформасын жүргізгенде жерді жеке меншікке беру ұранын көтеріп, алғы кезеңге де көз жібермей отырғанымыз жөн болмақ па? Қазақ қоғамында қазір жоғарыда «Алаш» партиясы атап көрсеткеніндей, ұлттың мүддесін қорғауға бейім буржуазиямыз қалыптасып үлгерді ме? Бұл тұрғыдан салмақтасақ, жерді жеке меншікке беру мәселесіндегі қызу айтыс-тартысқа күдікпен, сақтана қарағанымыз жөн болар. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәселедегі алашордашылаодың көзқарасы қазіргі күнге де қызмет етіп тұрғанын аңғару қиын болмаса керек. Бұған дейін үнемі айыпталып келгеніндей, А.Байтұрсынұлы және ұлттық либералдық зиялылар «қазақ халқын ескірген орта ғасырлық шаруашылық жағдайына кері сүйреген» жоқ, қайта олар халықтың жақсы өмір сүруін көздеп, жекелей ауыл шеңберінде шаруашылықты ортақтасып өз алдына дербес жүргізуді, нарық экономикасы дағдысын меңгеруді, сонан кейін барып, жерге жекеменшік құқын иеленуді жақтады. Бұл А.Байтұрсынұлының өз халқына деген протекционизмі болды. Өйткені, қазақтар әлеуметтік-экономикалық даму жағынан көрші халықтардың әсіресе, экономикалық жағынан іскерлігі, кәсіпкерлігі, мәдениеті едәуір дамыған ұлттарға қарағанда артта қалып келгені жасырын емес.

Ахмет Байтұрсынұлы мен оның жақтастары өздерінің аграрлық мәселе жөніндегі көзқарастарынан Кеңес үкіметі жылдарында да бас тарта қойған жоқ. Мәселен, 1920 жылы шабындықтар мен жыртылған жерлерді теңестіру өлшемін олар негізсіз эксперимент және «даладағы азамат соғысы» деп есептеді. Олар 1928 жылғы малды тәркілеуге қарсы шығып, мұны «халықты тонау» деп әшкереледі. Ең бастысы, қазақ қоғамының әл-ауқатын көтеруге қажетті ірі корпоративтік және фермерлік шаруашылықтарды құру идеясын негіздеді. Тұтастай алғанда, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және «Алаш» партиясының өзге арыстарының еңбектерінде экономиканың өтпелі кезеңі теориясының негізін Қазақстанның өмір сүру ерекшелігін ескере отырып, жан-жақты дәлелдеп жасады және шаруашылық түрлерінің дәстүрлі әдіс-тәсілдерінен жаңа нарықтық қатынасқа байыппен, бірқалыпты, эволюциялық ырғақпен көшудің жолдары айқын көрсетілді. Бұл жағынан қарағанда, олардың көзқарастары мен ақыл-ойлары өздері өмір сүрген қасіретті кезеңінен әлдеқайда озық болғанын және сол кезеңдегі билеушілерге түсініксіз болып қалғанын ұғынамыз. Тек бүгінгі таңда олардың аса бай мұрасын зерделеп-зерттеп, қазіргі ұрпақ олардан бүгін өздерін толғандырып жүрген көптеген күрделі мәселелерге нақты, әр ұрпақ одан үнемі оқып-үйреніп отыратыны күмәнсіз.

Қолданылған әдебиеттер

1. Н.Т.Машқанова «Ахмет Байтұрсынұлы- қазақ жазуының реформаторы» - 1994.

2. «Қызыл Қазақстан» журналы - 1923.

3. А.С.Қыдыршаев «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» - 1995.



4. Г.М.Тұрғараева «Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі» - 2009.

5. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: Ататек, 1995.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет