Қажығали Мұханбетқалиев «Тар кезең» романы. 1-тарау. 2-сабақ шығарма идеясына сай кейіпкерлер жүйесін анықтау



Дата25.04.2023
өлшемі21,68 Kb.
#86879
түріСабақ

Қажығали Мұханбетқалиев «Тар кезең» романы. 1-тарау. 2-сабақ


шығарма идеясына сай кейіпкерлер жүйесін анықтау.
Көркем шығармада суреттелетін оқиғаға қатысушы адам, әдеби образ кейіпкер деп аталады. Әдебиетте адамның көркем бейнесін жасағанда, жазушы оның кескін-тұлғасын, іс-әрекетін, мінезін сол ортаның, дәуірдің өзгешеліктерін танытатын типтік сипаттарымен қатар өзінің басына ғана тән ерекшеліктерді де анық байқалатындай етіп суреттейді.
Кейіпкерсіз ешқандай көркем туынды болмақ емес, «Тар кезең» тарихи романында суреттелетін оқиғалар, түрлі қақтығыстар, әлеуметтік тарихи жағдайлар тек кейіпкер төңірегінде шоғырланып, содан оқиғалар желісі тарап жатады. Қ.Мұқаметқали туындысындағы кейіпкерлер өзіндік тұлғасымен, сөз саптау мәнерімен, тарихилығымен, әрқайсысы өзінше бір бейнемен оқырман есінде қалады. Бұл ең алдымен жазушы шеберлігіне байланысты. Шығармадағы басты кейіпкерлер – Сырым Датұлы, Нұралы хан, барон Игельстром, ІІ Екатерина патшайым. Романдағы (тарихтағы) өзіндік орнын, айтқан сөздері мен іс-әрекетін, мінезін, портретін автор шебер суреттей білген.
Тарихта Сырым Датұлы ерлігімен, жорығымен танылса, әдебиетте аузы дуалы би-шешендігімен танылды. Кейіпкер образын жасап, адам характерін ашудың, тағдырын көрсетудің өзі үлкен өнер. «Тар кезең» романында Сырым бидің ерекше тұлғасы, бейнесі толық ашылады. Сырым батырдың халқына жақын болғандығын «Мен ағайыннан екеумін, біреуі – өзім, екіншісі – халқым» деген аталы сөзінен байқауға болады. Қаңырап қалған даланы ойша шарлап, Қарақамыстың аз ғана уақыт ішінде тұяқкешті болып әбден тапталып, тозғындап, берекесі кеткені аздай-ақ, енді егесіз қалып бара жатқан мына жетім күйіне өз көңілінің де құлазуы қосылып, кенет Сырым бидің іші әлденеге ұлып қоя берді.Текенің тас түрмесінде, терезесі темірмен шілтерленген қараңғы үйде төрт ай жатып шыққаннан кейін Сырым батырдың көңіл күйі болмай, екі-үш апта ешкіммен тілдеспей, үйінде тым-тырыс жатып алған болатын.
Шығарманың басты кейіпкерлерінің бірі – Нұралы хан. Нұралы қазақ халқының ханы бола тұра, ел басына күн туғанда өз халқынан гөрі өзге жұртқа арқа сүйеп, алжасып, опасыздық жасап тынады. Одан кейінгі жақсы ниеттегі істердің бірде-бірін орнықты шеше алмай дағдарысқа түседі.
Барон Осип Игельстром – сырт көзге қатал, қабағы қайысқан, екі көзі аларған нағыз қатал адамның өзі еді. Патшалық Ресейдің қазақ халқын отарлау әкімшілігінің өкілі, генерал-губернаторы болды. Негізгі қызметі – Орынбор өлкесін және Кіші жүз қазақтарын басқаруды реформалау ісімен айналысу еді. Кіші жүздегі соңғы күндері болып жатқан қат-қабат оқиғалар генерал-губернатор Барон Игельстромның ойын сан-саққа жүгіртті. Оны қатты ойлантқаны қырғыз-қайсақтың Кіші ордасындағы ірі-ірі 25 рудың 21-нің ақсақалдары, билері мен батырлары қол қойып, қазіргі хандары Нұралы Әбілқайырұлын орнынан алу туралы жазған хаты болатын.
ІІ Екатерина патшайым – неміс ақсүйегінің отбасынан шыққан, Ресейдің алтын ғасыры саналатын 1762-1796 жылдары билік құрған орыстың императоры. Патшалық билік тарапынан Нұралы ханды қазақтың бірінші ханы етіп сайлаған да өзі еді.
Романда Сырым Датұлы Кіші жүз халқын жиып, ұлы жиын өткізеді. Сырым бидің төбе би дәрежесіне әбден лайық екендігін барон Игельстроммен жасаған саяси қарым-қатынастарда оның тапқырлығын, батырлық тұлғасын, ұлттық қаһармандық бейнесін көруге болады. Барон Игельстром Кіші жүзде хандық билікті жойып, оны отарлауды тездетіп, Ресейлік әкімшілік билік шегаралық сотты тікелей генерал-губернаторға бағындыру реформасын жүзеге асырып, дала қазақтарын уысынан шығармай басқаруды көздеді.

Қажығали Мұханбетқалиевтің «Тар кезең» романы. Автор бейнесі


Қажығали Мұханбетқалиұлы «Тар кезең» романын жазуға 20 жылдан астам уақыт жұмсаған. Ұзақ ізденістің нәтижесі 2012 жылы роман болып жарық көреді. Жазушы романды жазуда ресми құжаттарға, хаттарға, бұйрықтарға сүйеніп, тарихи шындықты көркем шындықпен өрнектеген. Ақын Несіпбек Айтұлы «Тар кезең» романы Қ.Мұханбетқалиұлының жиырма жыл көз майын тауысып зерттеп жазған шығармасы және үлкен, күрделі шығармаға келу үшін адам оны көп уақыт зерттеу керек» деген пікірі осының айғағы. Бұл құжаттардың шығармадағы көрінісі автордың осы уақыт аралығында талай мұрағаттардан құнды деректер жинағанын, романның тарихилығын айқындай түседі. Роман Қадыр Мырза Әлінің мына өлеңімен басталады:
Бұл жерде ел ұрандасқан, айқайласқан,
Бұл жерге жау аяғын байқай басқан!
Ерліктің етегінен ұстап тұрып,
Еркіндік сонда алғаш тәй-тәй басқан.
Жазушы Сырым батыр бейнесі арқылы бостандық, еркіндік үшін шайқасқан халықтың келбетін танытты. Ел басына күн туған, халықтың басына түскен тар кезеңді толыққанды көрсетуді мақсат етті. Сырымның елдің, жердің тағдырын уайымдаған, тебіренген сәтін атақонысын тастап көшуге мәжбүр болған халықтың зар-мұңы, өксік пен өкінішке толы жыры арқылы жеткізеді.
– ...А-а-ай-и-и-и!!!
Бұ қоныс жеті жұрттан қалған қоныс,
Ноғайдың көшіп талақ салған қоныс.
Қазтуған, Асан қайғы, Орақ, Мамай,
Біз түгіл, солардан да қалған қоныс.
Бұ қоныс жеті жұрттың кеткен қоныс,
Ноғайдың көшіп талақ еткен қоныс.
Кәмелсіз қонған елін көп тоздырған –
Қайырсыз осы секілді неткен қоныс?!
Жазушы қолбасшының ішіндегі шер-шеменді қара қобыздай күңіренген халықтың мұңымен жеткізеді.
Жазушы сонымен қатар қазақ пен орыс жерінің географиялық ерекшелігін тыңғылықты зерттеген. «...биыл қазан туысымен қарауындағы елді Қырмызы мен Қособадан, Мақарша мен Қарағұстан, Қосағаш, Көкайыл, Бөлекқұмақтан түгел көшіріп, тіпті шаруа баққан кісінің көзі қимайтын қайран Жетікөл мен Тұздыкөлге де көп кідіртпей, қарашаның алғашқы қары төпеп жауып тұрғанда, түу Қалдығайтының сыртындағы Қарақамыстың қойнына әкеп қондырған.»
Оқиғаның басым бөлігі еліміздің батыс бөлігін қамтығандықтан, шығармадан автордың кіші жүздің руларын, олардан шыққан батырларды жіті зерттегені көрінеді. Сырым батырдың өзін қолдаған жиырма бес рудың бәріне қамқорлығы, оларды жарты жолда тастап кетпеуі, бірге көшіріп, бір қонысты бөлісуі қазақ халқына тән бауырмалдық, қамқорлық қасиетті танытады.
Қажығали Мұханбетқалиевтің «Тар кезең» романынан үзінді

2-тарау
Әрине, бұл соғыс – қазақтың бұрынғы башқұртпен барымталасуы, яки қалмақпен қидаласуы секілді сыралғы соғыс емес. Жекпе-жекке шақырып, айғай салып ат ойнатып, ортаға шығу дегеніңіз де – бұған мүлде жат. Ондай одағайлықты, өйтіп одыраңдағаныңды орыс көтермейді, оқабында отырып алып, жалғыз оқпен-ақ «тырс» еткізіп жайрата салады да, тым-тырыс жата береді бұлар. Сондықтан мұндай соғысқа аңдыспақ керек, аңысын аңдай отырып, алдын-ала ойластырылған нақты амал-әрекет керек. Әйтпесе, әлек болудың түк мәні жоқ! Бұл орыспен қалай соғысқым келсе, солай соғысамын деп асқақтаған талай жұрттың жүрегі шайлыққан. Талай-талай менменсігендердің таудай көкірегі жер болған. Бір кезде қаһарынан дұшпанының дізесі дірілдеп тұра алмайды екен десетін Қырымның қондыкері әні.. қандай күйге ұшырап отыр?! Қырық таңбалы қайран Қырымның сорлы болған ең соңғы ханы Шағынгерей атадан қалған алтын тақтан айрылғаны өз алдына, кәуірдің қолына қарап, кіріптарлық қамытын мойнына ілді емес пе?! Өзі қазір орыстың ортақол қалаларының бірінде мырзақамақта жүр деседі. Ал, аржағындағы Анадолының түріктерін сұрасаңыз... Айдаладағы Бөлек деген жұрттың жерінен әскеріңді әкетпей отырсың деп тиісіп, осы орыспен алты-жеті жыл арпалысқан ол да ақыры түк бітіре алмаған соң, «ойбай, жаздық-жаңылдық» деп, Күшік-Қайнарлы деген жерде бітім сұрап, әрең жөнін тапты. Содан кейін ғой, Қозылы деген жердегі ұрыста түріктердің талқанын шығаратын әлгі... Суорып деген батыр жандаралын қатын патша енді Жайық бойына жіберетіні...


Бұл – Пугаш батырдың да ешкімге бой бермей, асқақтап тұрған кезі еді. Залым қатын әдейі... болатты әкеп болатқа салды ғой шақырлатып!
Жандарал Суорып дегеніңіз – көзімен көргендердің айтуына қарағанда, сол кезде жас шамасы қырықтың үстіне шығып кеткен, әйтсе де сақал-мұртын үнемі тап-таза қылып қырып жүретіндіктен, шанаш беті көзаязданып, қатпар-қатпар боп тұратын, қапсағай бойлы, қайыстай қатып қалған арықша кісі екен. Бірақ, сол нәзіктеу, әлжуаз түріне қарамастан, бұл бәленің діні де қатты, ділі де берік көрінеді... Қимылы да шалт, ширақ... Кісіге қараған да қарашығы қозғалмайтын көкшіл сұр көзі тіпті суық, тым сұсты деседі. Сол жандарал.. Орынборға келе сала, ешкімге дес берместен, бар билікті өз қолына алып, ұрыс тәсілінің не түріне де үйретілген көп санды, көп қарулы тұрақты әскерді тас түйін қылып, жұдырықтай жұмылдырып әкелді де, екі-үш жылдан бері қайыру көрмей, «бізді жеңетін күш қайда?» деп астамсып алған, соның салдарынан жайдақтанып та кеткен Пугаш батырдың аламанына ал кеп тиісті дейсің!
Құдды, таудай-таудай толқындар жағадағы қаңқиған қара жартасқа кеп лек-легімен соғылғандай... Құдды, қара жартас қаптаған тау-тау толқындарды қайыра теңізіне лақтырғандай...
Қаншама күн кескілескен ұрыс...
Қаншама күн бірі қашып, бірі қуған әскер... Аспан асты, жер үсті – у да шу! Аламан-асыр. Жер жаңғырықтырған адам даусы... Арқыраған, шыңғыра кісінеген жылқы үні. Толассыз күркіреген зеңбірек... Тарс-тарс атылған мылтық. Дүн-дүние көкпеңбек көк түтін! Сол көк түтіннен арыла алмай, қанша күн кең дала көгілдір мұнарға бөгіп жатты десеңші! Ақыры... ауыр айқастан қалжыраған, азық-түлік те жетіспей, әбден арып-ашқан Пугаш батырдың әскері сәл шегініс жасап еді, Суорыпқа да керегі сол екен, титықтаған казак-орыстарға тыныс алғызбай, табан тіремек болған жерлерінің бәрінен де оларды тықсырып айдап шықты.
Және жандарал мұнымен де тынбады. Өзі бұрын мына Хажы Тархандағы жаяу әскерде сардар боп, біраз жыл қызмет істеп кеткен екен, жер жағдайын жатқа білетін бәле боп шықты. Жан-жаққа тырым-тырақай қашқан жұртты енді ойдан-ойға, сайдан-сайға тырқыратып қуғанын көрсеңіз.
Бұл Сырым ол кезде Пугаш батыр қосынында, Сейдалы сұлтанмен тізе қоса қимылдап жүрген. Жеңілген елдің қыр соңынан қалмай, құмнан-құмға құмай тазыша қуған Суорыптың сыпайлары асқынып алғаны сонша, қауіп-қатер дегенді мүлде ұмытып, тіпті шығына қашқандардың өзін шалғай түкпірлерге дейін індетіп қоймаған соң, ыза-кегі қайнаған бұлар да елсіз-күнсізде олардың талайын шөлге қамап, қатты шығындаған болатын. Бірен-саран аман кеткендері айтып барса, жандарал Суорып: «Сол Сырым деген разбойникті көрген жерде ұстап, басын шабыңдар немесе қол-аяғына кісен салып, маған қайтсеңдер де жеткізетін болыңдар!» деп қалшылдапты деседі.
Жә, бұларды қойшы... сайын сахарада өскен қазақ та бір, ен даланың еркін ұшқан азат құсы да бір ғой!!! Мына Жайық бойындағы өздерінің казак-орыстарын аямағанын айт! Солардың қырылғанын айт... Аямады ғой, атаңа нәлет, жандарал! Аямады!!! Қан сасытып, қырды да салды!!!
Басқа-басқа, бұл Сырым соның бәрін өз көзімен көрген...орыстармен бірге соғыса жүріп, бұл елдің нендей жұрт екенін де білген; өз халқын аямаған мұндай елдің басшылары қарсы шыққан өзге жұртқа тіпті де аяушылық жасамасын да сонда сезген.
Соның бәрін көре тұра, соның бәрін біле тұра, енді қазақты шабуға қарулы қалың әскер шыққалы жатқанынан күнілгері құлағдар болғанында, қалайша бұл қол қусырып қарап отырмақ?! Қалайша қалың елдің, – артындағы қарындас қауымның, – көз жасына қалмақ?! Құдай бетін аулақ қылсын әрине, бірақ ертең ел бір жаманшылыққа ұрынып қалар болса, олардың обалы ел ағасының, – қам-қарекетсіз қол қусырып отырып қалған мұның мойнында өмір бойы кетпей ме?!
«Иә, дайындалу керек! Даярланбай болмайды! – деп батыр іштей тас-түйін қатайып алды. – Көп болса, «еркек тоқты құрбандық» – біз болармыз. Бірақ... өлсек те, жастығымызды ала жығылып, бұлармен тек шайқасып өлу керек, тек шай-қа-сы-ып!»

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет