1 Мəделі Жүсіпқожаұлы Шортанбай Қанайұлы Қалнияз Шопықұлы Шынияз Шанайұлы Нысанбай жырау шығармалары «Нұрлы Press kz» Алматы



жүктеу 0.9 Mb.
Pdf просмотр
бет1/12
Дата27.03.2017
өлшемі0.9 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

1
Мəделі Жүсіпқожаұлы
Шортанбай Қанайұлы
Қалнияз Шопықұлы
Шынияз Шанайұлы
Нысанбай жырау
ШЫҒАРМАЛАРЫ
«Нұрлы Press.kz»
Алматы
2014

2
УДК 821.512.122
ББК 84 (5 қаз)-5
М 35
Қазақстан Республикасының Мəдениет министрлігі
«Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
бағдарламасы бойынша жарық көрді
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті 
Жамбылтану жəне халық ақындары ғылыми-зерттеу институты
Редакция алқасы
С. Пірəлиев, С. Қирабаев, Т. Кəкішев,
У. Қалижанов, Б. Ыбырайым, Б. Сманов
«Ақындар аманаты» қазақтың ауызша 
əдебиеті жобасының авторы
Бекен Ыбырайым
М35  Мəделі  Жүсіпқожаұлы,  Шортанбай  Қанайұлы,  т.б. 
Шығармалары.  Алматы «Нұрлы Press.kz», 2014 – 288 б. – (Ақындар 
аманаты)
ISBN 978-601-80483-2-6
Мəделі  Жүсіпқожаұлының  тепсінген  қайратты  да  өжет  өлендері  ба-
тыр лы ғынан  белгі  берсе,  əлеуметтік  теңдік  үшін  жанын  шүберекке 
түйген, қан майданнан қайтпаған батыр ақынның заман торына шырмалу 
салдарынан ерік сіз қамығуы – дəуірдің, қоғамның қыспағы.
Өлеңді  жазып  та  шығаратын,  суырып  салып  та  айтатын  Шортанбай 
Қанайұлының  шығармашылығы – қазақ  поэзиясындағы  өзіндік  екеулі 
құбылыс.  Отаршылдық  құрсауындағы  елдің  ауыр  халы  толғандырған 
ақын ның қайғысы қарапайым қалың елдің зарын білдірді, ақын жырлары 
заманның зарына айналып, əдебиетіміздегі «зар заман» ұғымын туғызды.
Түрлі  басылымдардан  алынған  шығармалар  саяси-қоғамдық,  əлеу-
меттік өмірдің өзекті мəселелері суырып салма ақындарымызды қашанда 
толғандырғанына куə.
УДК 821.512.122
ББК 84 (5 қаз)-5
ISBN 978-601-80483-2-6  
 
© Ыбырайым Б., 2014
©«Нұрлы Press. kz», 2014

3
Мəделі 
Жүсіпқожаұлы
(1816-1888)

4
ӨЛЕҢДЕР

5
ҚОҚАН  ХАНЫНА  АЙТҚАНЫ
Бұл жерден үш жұрт өтіпті
Парсы дари – қызылбас,
Ақтабан ноғай, қалмақ-ай,
Төртіншісі біз едік,
Бізге де түсті салмақ-ай!
Бектеріңнің қорлаған
Қорлығына шыдамай
Көшті елім жапа-тарғамай,
Адамға тəн ар-ұят
Бөктеріңде қалмады-ай!
Атадан қалған жол ма еді
Қу нəпсіге құл болып,
Қайуандай тоят алмай-ай?!
Біз білмейтін болмаса
Шариғатта бар ма жол
Қыздан зекет алмақ-ай?
Айт десең айтып берейін,
Ақ шындықты сөйлеуден
Тіл менен жағым талмағай!
Жазықсыз елді жазғырма,
Айыптың тұр алдында
Мырзабиді өлтірген
Басын кесіп алмадай,
Кешсең – кеш, кессең – міне бас,
Шариғат жолы сара дер
Даңғыл жатқан сарнап-ай
Жарлы менен байға да-ай,
Қара менен ханға да-ай!
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

6
МЫРЗАБИ  ДЕГЕН  БЕК  ШЫҚТЫ
Қараағашты Тəшкеннен
Мырзаби деген бек шықты,
Екі иінін жеп шықты,
«Қатын менен қызыңнан
Зекет бергін» деп шықты,
Ордабасы басында,
Қотырбұлақ қасында
Жер астынан жік шықты,
Қаһарын шашып халыққа
Екі құлағы тік шықты,
Оның қылған ісіне
Ел денесі түршікті,
Желкеге шашын түйгізіп,
Еркекше киім кигізіп,
Жасырып қыз бен əйелін
Көшкелі беттеп жұрт шықты,
Көштің бетін қайырып,
Ақ білек ару қыздарды
Ата-анадан айырып
Көзінен жасын ыршытты,
Қанадан асып кеткен соң,
Зұлымдығы өткен соң,
Ел намысын қорғайтын
Қазақтан да ұл шықты,
Қыран құстай түйіліп,
Жеңсіз сауыт киініп,
Əруағына сыйынып,
Мəделі батыр сайланып
Қожа ішінен бұл шықты,
Халықтың қамын ойланып,
Беліне жарақ байланып,
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

7
Орта жүзде Қоңыраттан
Мұсабек деген ер шықты,
Мінген аты арқырап
Алтынды тоны жалтырап
Ұлы Жүздің данасы,
Ер Шонайдың баласы
Ырысқұлбек келді жарқырап,
Ақбұлақтың басында,
Қарабастау қасында
Үш елдің ері бас қосып,
Үкімін айтқан халық ұнап,
Қоқанның бейбас бектері
Жəбек бидің үйінде
Қымызға тойып балқып ап,
Қазы менен қарта жеп,
Отырған шақта шалқып-ақ
«Асқанға тосқан осы!» деп
Бектердің басын кескенбіз
Шариғаттың шарты ұнап.
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

8
АМАН БОЛ,  ҚОСЖАРСУАТ – ТУҒАН  ЖЕРІМ
(Бұхара  ауғанда)
1-нұсқасы
Аман бол, Қосжарсуат – туған елім,
Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім,
Желі тартып жем беріп бедеу атқа,
Дүрілдетіп жылқыны қуған жерім.
Жарсуат, жайлаушы едік, қыстаушы едік,
Кəмшат бөрік дұқаба тыстаушы едік,
Сыртына Қосқұдықтың жылқы салып,
Құр ат қылып жайлауышты ұстаушы едік.
Қосқұдық, қой-түйенің қонысы едің,
Арпа төкті, Ақдала қобысы едің,
Жер қарада мал жетіп жайылмаған
Қара жусан қойлық от сонысы едің.
Қара мал Əлімтауға қаптаушы еді,
Соны емес от аузына жақпаушы еді,
Қосқақтағы бауырдай қара жусан
Мұс атқанша малымды сақтаушы еді.
Тасқотан, ыққан малдың панасы едің,
Қос тұстың Айғырұшқан саласы едің,
Қар жауғанда екі мал араласқан,
Сіргелі мен Қоңыратқа талас едің.
Бөріойнақ, жылқы малға жағушы еді,
Жоқ жоғалтқан сол жерден табушы еді,
Алты ай мінген арық ат айдау жүрсе,
Қабырғасын бір айда жабушы еді.
Айтайын қайран жердің қайсы бірін,
Сыр бойына құдайым төккен нұрын,
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

9
Кімге қоныс боларын құдай білсін,
Замана жылдан-жылға келді қырын.
Енді саған бола алмас баянымыз,
Келіп-кетті жылан мен шаянымыз.
Құс салып, Байырқұмда қуалаған
Аман бол, қырғауыл мен қоянымыз.
Қаршығаны қайырып салған жерім,
Қырғауыл мен қоянды алған жерім,
Аман бол, қызыл қоңырау – қара шеңгел
Шалбар-сымды қылатын өрім-өрім.
Қаршыға алып, қалыңды жақтаушы едім,
Қалың шеңгел қоянды сақтаушы едім,
Қораз қуған қаршығам қонып қалса,
Қоңырау даусы шықпаса таппаушы едім.
Аман бол, көк жапырақ тораңғы тал,
Бүлдіргені мейіздей, жидесі бал,
Қаш қуысты қайыққа қаратпаған
Жел қайықтан ілгері ысқадан сал.
Аман бол қара өлең мен қамыс, мия,
Үстіне қонушы едік пішен жия,
Есіл Сыр, қаласың-ау енді бізден
Сендей қоныс бола ма Сұңқарқия?!
Ақ баттауық аралға жарасушы ең,
Күштілікке арпамен таласушы ең,
Түбің көктеп тұғырды жалдандырып,
Аттың майын бергендей қарасушы ең.
Өзен Сыр, жайлы жер ең күздемекке,
Ат жаратып мереке іздемекке,
Көргенде аман болғын, оман дария,
Құдай сенен көтерді тұз дəмекке.
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

10
ЕСІЛ  СЫР,  ҚАЛАСЫҢ-АУ  ЕНДІ  МЕНЕН
(Түймелі Жүсіпқожаұлының жаздырғаны)
ІІ-нұсқасы
Аман бол, Қосжарсуат – туған жерім,
Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім,
Желі тартып жем беріп бедеу атқа,
Дүрілдетіп жылқыны қуған жерім.
Жарсуат, жайлаушы едік, қыстаушы едік,
Кəмшат бөрік дұқаба тыстаушы едік,
Сыртына Қосқұдықтың жылқы салып,
Құр ат қып жайшылықта ұстаушы едік.
Қосқұдық, қой-түйенің қонысы едің,
Арпатөкті, Ақдала қобысы едің,
Жер қарада мал жетіп жайылмаған,
Қара жусан қойлық от сонысы едің.
Қара мал Əлімтауға қаптаушы еді-ай,
Соны емес от аузына жақпаушы еді-ай,
Қосқақтағы бауырдай қара жусан
Мұз қатқанша малымды сақтаушы еді-ай.
Тасқотан, ыққан малдың панасы едің,
Қос тұстың Айғырұшқан саласы едің.
Қар жауғанда екі мал араласқан
Сіргелі мен Қоңыратқа талас едің.
Бөріойнақ, жылқы малға жағушы еді-ай,
Жоқ жоғалтқан сол жерден табушы еді-ай,
Алты ай мінген арық ат айдау жүрсе,
Қабырғасын бір айда жабушы еді-ай.
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

11
Айтайын қайран жердің қайсы бірін,
Сыр бойына құдайым төккен нұрын,
Бұл орыстың келерін білгеннен соң
Қожасы Бұқар барды бір жыл бұрын.
Кімге қоныс боларын құдай білсін
Замана жылдан жылға келді қырын.
Өзен Сыр, қаласың-уа енді менен,
Күдер үзіп отырмын мен де сенен.
Енді маған сен қосын бола алмайсың,
Үстіңе орыс келген от кемемен.
Орыстың от кемесі өрге жүзді,
Ақыр алмай қайтеді тұрсақ бізді?!
Аралап аралыңнан ағаш кесті,
Енді сенен Мəделі күдер үзді.
Енді саған бола алмас баянымыз,
Келіп, кетті жылан мен шаянымыз.
Құс салып Байырқұмда қуалаған
Аман бол, қырғауыл мен қоянымыз.
Қаршығаны қайырып салған жерім,
Қырғауыл мен қоянды алған жерім.
Аман бол, қызыл қоңырау қара шеңгел
Шалбар-сымды қылатын өрім-өрім.
Қаршыға алып қалыңды жақтаушы едім,
Қалың шеңгел, қоянды сақтаушы едің,
Қораз қуған қаршығам қонып қалса,
Қоңырау даусы шықпаса таппаушы едім.
Аман бол, көк жапырақ тораңғыл тал,
Бүлдіргені мейіздей, жидесі бал,
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

12
Қаш қуысты қайыққа қаратпаған
Жел қайықтан ілгері ысқадан сал.
Аман бол, қара өлең мен қамыс, мия,
Үстіңе қонушы едік пішен жия,
Есіл Сыр, қаласың-ау енді бізден,
Сендей қоныс бола ма Сұңқарқия?!
Ақбаттауық аралға жарасушы ең,
Күштілікке арпамен таласушы ең,
Түбің көктеп тұғырды жалдандырып,
Аттың майын бергендей қарасушы ең.
Өзен сыр, жайлы жер ең күздемекке,
Ат жаратып мереке іздемекке.
Көргенше аман болғын, оман дария,
Құдай сенен көтерді тұз дəмекке.
Мəделі Бұқар барып қоныс алар,
Бір жылдан соң бұл жерді орыс алар,
Шымкент пенен Түркістан, жеті кентті
Асып барып Тəшкенге қолын салар.
Кəпірлердің қауымы көршімен өрт,
Əзір мені кəрəмат айтты дер жұрт,
Менің сөзім далаға кетпейтұғын,
Келгенде болатұғын бəрі де мерт.
Балалар, күлісерсің қош уақта,
Əзір жағаң кəпірден бос уақта,
Біздің сөз еш далаға кетпейтұғын,
Жетпейді ендігі жыл осы уаққа!
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

13
ОРЫСТЫҢ  ОТ  КЕМЕСІ  ӨРГЕ  ЖҮЗДІ
ІІІ-нұсқасы
Өзен Сыр, қаласың-ау енді менен,
Күдер үзіп отырмын мен де сенен,
Енді маған сен қоныс бола алмайсың,
Үстіңе орыс келген от кемемен.
Орыстың от кемесі өрге жүзді,
Ақыр алмай қайтеді тұрсақ бізді?!
Аралап аралыңнан ағаш кесті,
Енді сенен Мəделі күдер үзді.
Мəделі Бұқар барып қоныс алар,
Бір жылдан соң бұл жерді орыс алар,
Шымкент пенен Түркістан, жеті кентті
Асып барып Тəшкенге қолын салар.
Кəпірлердің қауымы көршімен өрт
Əзір мені кəрəмат айтты дер жұрт,
Менің сөзім далаға кетпейтұғын,
Келгенде болатұғын бəрі де мұрт.
Балалар, күлісерсің қош уақта,
Əзір жағаң кəпірден бос уақта,
Біздің сөз еш далаға кетпейтұғын,
Жетпейді ендігі жыл осы уаққа.
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

14
ТҰРМЫСЫҢ  АМАН-ЕСЕН,  ОРДАБАСЫ
1858-жылы  Мырзабидің  өліміне  байланысты  Қоқан 
хандығынан қысым көрген Мəделі батыр Бұхар өңірінен 
пана іздейді.
Алайда Бұхар əмірінің қол астынан да жайлы жағдай 
таба алмаған Мəделіқожа екі айдан соң туған еліне қайтып 
келеді. Бұл өлең сол оқиғаға байланысты туады. Мəделінің 
«Тұрмысың аман-есен, Ордабасы» деген өлеңі Шымкент 
маңындағы Қоқан хандығының езгісіне қарсы күресті ұй-
ымдастырушы болғанын жəне бұл мəселеде шешуші рөл 
атқарғанын дəлелдейді.
Тұрмысың аман-есен, Ордабасы,
Не көрмес тіршілікте бастың жасы,
Алдынан қыз-қатынды шұбыртқан соң,
Қоқанның қырғын тапты бозбаласы.
Тұрмысың аман-есен, Қотырбұлақ,
Мырзаби зекет алды жаудай бұлап.
Өлтіріп Мырзабидің өтін алып,
Еліміз төмен ауды Арыс құлап.
Тұрмысың аман-есен, Бадамым-ай,
Қаһар қып атқа мінді адамым-ай,
Көргенше енді сені көп қой деуші-ек,
Екі айда қайтып тиді қадамым-ай.
Сағындық Құрысай мен Бөріжарды-ай,
Көтерген ауыр жүкті мен бір нарды-ай,
Алдынан қыз-қатынды өткізген соң,
Қалшаның қырып салдық бəрін малдай.
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

15
Арыстың өткел бермес суы тасып,
Мырзаби қаша алмады қара басы.
Зекетке зерделі ел тұра алмады,
Қыз-қатын көштен шықты шуылдасып.
Арыстың суы ағады жарыменен,
Байлар қосы тасиды нарыменен,
Өлтіріп Мырзабиді, өтін алып
Қолымның ет асадым қаныменен!
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

16
ОСЫНДАЙ  ЖЕРДІ  ЖАМАНДАП
Жаужұмыры құмғандай,
Жесең көңілің тынғандай,
Осындай жерді жамандап
Неден болдың қу маңдай?!
Жуасы бар таяқтай,
Жусаны тұсар аяқты-ай,
Əр бұтаның түбінде
Еттері жатыр табақтай.
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

17
ӨЗІМ  ДЕ  ƏДІЛЕТ  ҮШІН                                                  
ҚЫЗМЕТ  ЕТТІМ
Қоқан  əкімдері  Мəделіні  ұстауды  Шардара  өңірінің 
беделді адамы Өтетілеу датқаға тапсырады. Көп қолмен 
аттанған  Өтетілеу  ақынды  ұстаудың  ұрымтал  жағдайын 
келтіреді. Осы кезде Мəделіқожа қасындағы он жеті жігіті-
мен  бір  үйде  отырған  екен.  Қуғыншылар  қоршап  келіп 
қалғанын естігенде, батыр: «Өтетілеу өлтіре алмас, өлтірсе 
де көме алмас» деп жігіттеріне басу айтып, аттарына мініп, 
ауылдан аулақтағы төбе басына шығады. Сөйтіп, аттары-
ның  белін  қайта  тартып,  құмалақ  тастатып,  олай-былай 
жүрісіп, қуғыншыларға қарсы қасқара қарап тұрады. Бұны 
көрген Өтетілеу: «Оу, жігіттер! Қолға түсетін адам мына 
сөбенің басында «Мені көрдің бе?» деп бұлайша тұрмас 
болар» деген сөзді айтып, жөніне кете беріпті.
Сол кездері осы секілді қуғынның талайын көрген ақын 
көңіл назасын былайша білдірген екен:
Құдая, өзің оңда бұл ісімді,
Дұшпандар көріп жүрсін күлісімді,
Өзім де əділет үшін қызмет еттім,
Ел үшін қанға бояп қылышымды.
Туысым бөлек, туғаным бұл жерде аз,
«Тақсыр-тақсыр!» дегенде боп жүрдік мəз,
Басыма қиыншылық іс түскенде,
Қасымнан табылмады көңілі саз!
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

18
ДАРИЯНЫҢ  ГАУҺАР  ЖАТАР  АРНАСЫНДА
Мəделіқожа  қоқандықтардың  тепкісінен  Бұхар  əмір  -
лі гін  жағалап  кеткенінде,  ауылын,  Жаппас  руының  бе-
делділерінің  итермелеуімен  Алшын  руының  батыры  Ер 
Шойын  жігіттерімен  батырдың  ауылын  шауып,  Момын 
деген қарындасын алып кеткен екен. Бұхардан елге оралған 
батыр мұны естіп, інісі Кенжехан екеуі қарындасын іздеп 
Саудакент жаққа аттанады.
Ол  жақта  бейғам  отырған  Ер  Шойынның  қосын  тұт-
қиылдан шауып, қоян-қолтық ұрыс басталып кетеді. Сол 
айқаста  Ер  Шойын  Кенжеханды  найзамен  шаншып,  жа-
радар етеді. Мұны көрген Мəделіқожа қаһарланған оның 
бес  бірдей  жігітін  атынан  аударып  тастайды.  Солардың 
қата рын, да Ер Шойынның жалғыз ұлы мерт болады. Ұры-
стың арты Мəделілердің шегінуімен бітеді. Ер Шойынның 
жасағы  ұзақ  уақыт  қалыспай,  қамамақшы  болғанмен, 
Мəделінің  қолы  жүре  соғысып,  сытылып,  қарасын  үзіп 
кетеді.  Сонда  өзі  құр  алақан  қалған,  оның  үстіне  қайғы 
жұтып қара жамылған Ер Шойыннан қасындағы сарбаз-
дары: «Сіз оңтайыңыздан келген жігіт (Кенжеханды) неге 
шаншып өлтірмедіңіз?» деп сұраса, ол: «Ой, онда атылған 
оқтай, жалынды оттай ат бауырында ойнайтын батырды 
мыңдаған  қатынның  бірі  ғана  табар,  өлтіруге  қимадым» 
деп, ағынан жарылған екен. Ақыры, Ер Шойынның мерт 
болған жалғыз баласының дауы ұзаққа созылып, Мəделінің 
дүниеге, малға жарымаған аз ғана руы өлген жігіт құнын 
төлей  алмай,  батырдың  басы  біраз  сергелдеңге  түседі. 
Мына  өлең  сол  тұста,  өзі  талай  мəрте  қолын  басқарып, 
қызмет еткен қайын жұрт Қоңырат руының беделді кісісі 
Қанай датқаға айтқаны екен:
Дарияның гауһар жатар арнасында,
Көпестер күйме жегер арбасына,
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

19
Датқа-еке, құлақ салып тыңдасаңыз
Ініңнің бес-алты ауыз арзасына.
Жығаң бар жығылмаған басыңызда,
Жолдас ем жастай ерген қасыңызға,
Дос сүйсініп, дұшпаның күюші еді
Жүргенде мен ілесіп қасыңызға.
Жолдасың Сапақ би мен Асқар болып,
Халыққа үш қарқара достар болып,
Үшеуің көк ұлына қорған болдың,
Халқыңа қызметтерің асқан болып.
Дəуірге үшеуің де мініп едің,
Бəйгеден кезек озған күлік едің,
Арда құнан секілді араңызда
Тентектік қылып жүрген інің едім.
Шабушы едім дұшпанды дала қылып,
Арқама үшеуіңді пана қылып,
Шетте жүріп не тентек іс қылсам да,
Бетіме жан келмейтін жала қылып.
Алыстан шошушы еді мені көрген,
Жаудан сағы сынбаған асыл ем мен,
Айқай салып, ат қойып ұмтылғанда,
Мылтығын тастай жаяу қашқан мерген.
Көрінбес бұл күндері көзім жастан,
Датқа-еке, не қызықтар өтті-ау бастан.
Жалғыз інім жаралы болғаннан соң,
Бесеуін қатар шаныштым аямастан.
Бəйгеден үш тұлпар ең келген талас,
Атыңды түгел білді үш жүз алаш,
Қасыңдағы жолдасың қайда кетті,
Ойласаң, бұл дүниеде ешкім қалмас.
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

20
ҚАНАЙ  ДАТҚАҒА
ІІ-нұсқасы
Жаппас руының бай саудагерлерінің керуенін Мəделі 
шауып, елін кедей-кепшігіне таратып бергенінде, əлгілер 
Қанай мен Сапақ датқаларға пара ұсынып, Қоқан ханының 
алдына өздерінің сөзін сөйлетеді. Хан дауды шешпек мақ-
сатымен  Мəделіні  шақыртып,  датқалармен  беттестіреді. 
Сонда Қанай мен Сапақ болған оқиғаны өз көздерімен көр-
мегендіктен, айыпкердің мойнына қойып бере алмай, Қоқан 
ханы дауды Мəделінің пайдасына шешеді. Қателесіп, ұятқа 
қалған датқалар ордадан ұзап кеткен батырдың соңынан 
қуып жетіп, бітімге келмек боп кешірім сұрайды. Ол өлең 
Мəделіқожаның  сол  кезде  бетіне  тік  қарауға  дəті  шыда-
маған Қан датқаға ашына қарап тұрып айтқаны екен:
Деуші едім жалғыз шынар, Қанай, сені, 
Ілгері дастан қылдым талай сені, 
Айбаты Алатаудай інің едім, 
Бауырға не себепті тептің мені?
Дəу едің дұшпан қарсы келе алмаған, 
Тұлпар ем тынбай шауып дем алмаған, 
Бауырға сен тепкенді білгеннен соң, 
Қалмады ешбір дұшпан кек алмаған.
Бар еді қандай досың менен жуық, 
Болғанда сен – кереге, мен ем – уық, 
Жұлдызым Сарыатаннан ыстық еді,
Сен мені не себепті көрдің суық?
Алдымда ағам едің асқар таудай,
Ықыласың не себептен менен ауды-ай?
Соңымнан ит пен құсты шəуілдетіп,
Кекті өткен жеті атасы көрдің жаудай!
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

21
Датқа-еке, осы жерде туып едім,
Саған келген жауларды қуып едім,
Бетіме бадырайтып куə болдың,
Тіріңде – пір, өлгенде – туың едім!
Қисайып қылған ісін мойнына алған
Сен сияқты жаманның бірі ме едім?
Қалған соң сөзі жерде өлді-ау деп ем,
Қабаттап кеп қалыпсың, тірі ме едің?
Бүйтпес едің нағашым Байбақ болса,
Батыр жауды ала алмас тайғақ болса,
Қожаның бір қылғаны осы ма еді,
Бұрын қазақ жоқ па еді айғақ болса?
Қорқады алдымдағы арынымнан,
Сырттағы жау сескенер сарынымнан,
Сен Қоңыраттың баласын қорғаймын деп, 
Сауыт жыртып, оқ тиді қарынымнан.
Басқа емес, Қоңырат елге жиен едім,
Өзім қатар жігіттен киелі едім,
Үш жүздің баласында асарың жоқ,
Ісіңді қай адамға жүйеледің?
Жау болсам мен сіздерге шаппас па едім,
Əлде сен Қоңырат емес, Жаппас па едің?
Күшім менен тынжым шыдатпайды,
Болмаса көжемді ішіп жатпас па едім?
Датқа-еке, басың піскен асқабақтай,
Дау келсе сөйлемейсің жасқалақтай,
Жаппастың жүз ділдəсін қарпығанда,
Көк ұлын соғыстырдың тастабақтай.
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

22
МƏДЕЛІНІҢ  ҚАНАЙҒА  АЙТҚАНЫ
(Өмірзақұлы Байзақ нұсқасы)
VI – нұсқасы
Көпестер жорға деген арбасына,
Теңіздің гауһар жатар арнасында,
Датқа-еке, құлақ салып тыңдасаңыз,
Хат жазған ініңіздің арзасына.
Жығылар жығылмаған басыңыз да,
Мен үзеңгі жолдас ем қасыңызда,
Дос сүйеніп, дұшпаның жылаушы еді,
Жүргенде біз ілесіп қасыңызға.
Басқаның Бесабақ пен Асқар болып,
Басында үш қарқара достар болып,
Үшеуің көк ұлына арна болдың,
Халқына адал болған асхал болып.
....
....
Жолдасың екі бірдей қайда кетті,
Ойласаң, бұл жалғанды, ешкім қалмас.
Əмірлікке үшеуің де мініп едің,
Бəйгеден кезекті озған күлік едің,
Арқаңда арда бала секілденіп,
Тентектік қылып өскен інің едім.
Шабушы ем дұшпан елін дала қылып,
Арқама үшеуіңді қала қылып,
Далаға қанша бұзық іс қылсам да,
Ешбіреу келмеуші еді жала қылып.
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

23
Кім қалар тура қаза жеткеннен соң,
Маусым шақ екі келмес өткеннен соң,
Қоңыратқа жалғыз қара болып шықтың,
Жолдасың екі талас кеткеннен соң.
Бар еді қандай досың менен жуық,
Болғанда сен – кереге, мен ем – уық,
Қоңыраттан кісі өлтірген жерім бар ма, 
Немесе не себептен көрдің суық?
Алдымда ағам едің асқар таудай,
Ықыласың не себептен менен ауды-ай,
Соңымнан ит пен құсты шəуілдетіп,
Кектескен жеті атаңнан көрдің жауды-ай.
Халқыңның, бір мен емес, ағасы едің,
Оқ өтпес кіреуке мен жағасы едің,
Жандардың байларменен бірі болсам,
Жаппастан жүз ділдəні алмас едің.
Өзеннің мен де өзіңдей саласы едім,
Ұрыста бозбаланың қаласы едім,
Жаппастан жарым қазы жақын едім,
Көк дамбал көк ұлының баласы едім.
Заманым заманыңмен теңдеседі,
Еш дұшпан тату болсақ келмес еді,
Бұл қылық, аға, сізден өстеді деп,
Түсіме үш ұйықтасам келмес еді.
Заманым заманыңмен теңдеседі,
Мыналар ұрсар екен демес еді,
Артымда жасақ байлап сен тұрғанда,
Теңіме Жаппас менің келмес еді.
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

24
Өтті Жүсіп, Құлжан, теңіменен,
Көңілінің дос боп өтті кеңіменен,
Қолыңа жұрт тізгіні тигеннен соң,
Айтыстың жаудай тартып меніменен.
Қалып ем қай жауыңнан даулағандай,
Сен – шоқ боп, мен – жалын боп лаулағандай,
Тістеуік тəтəй қыздай мінез аштың,
Басыңа кəриялық аунағанда-ай.
Қасты етсе досты құдай, шара бар ма,
Аңлаңдар бұл сөзімді ақылы сара,
Жауымен көк ұлының ұрысқанда,
Алдымнан алты жерден жедім жара.
Қай дұшпан қорықпаушы еді сарынымнан,
Басылдым орыс алып, арынымнан,
Ап бердім əділет деп топқа нанды,
Оқ өтті сауыт бұзып қарынымнан.
Ұрыста шошушы еді мені көрген,
Қайтпаған жаудан саны қасыма ерген,
Ат қойып, айғай салып ұмтылғанда,
Мылтығын тастай қашты жаяу мерген.
......
Қырылып жаяу мерген қашты саймен,
Елу Қоңырат Арқада, үш жүз Арғын,
Ұрыстық үш күн, үш түн Ағыбаймен.
Сұрашы Жантайыңнан мұның ағын,
Ер болса білген шығар адам шағын,
«Қоңыраттың бозбаласын бермеймін!» – деп,
Інімнің мылтық үзді шынашағын.
Мəделі  Жүсіпқожаұлы

Каталог: books
books -> Мақалалар, баяндамалар жинағы
books -> 1 Бес томдық шығармалар жинағы Телжан Шонан лы Оқу құралдары, оқулықтар
books -> Ғылым комитеті М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Сейіт Қасқабасов
books -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) 82 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылып отыр Редакция алқасы
books -> Құл-Мұхаммед М., төраға
books -> Ербол шаймерден°лы шы армалары бесінші том


Поделитесь с Вашими друзьями:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет