Қайырымды қоғам яки әл-Фараби арманы



Дата18.11.2022
өлшемі13,55 Kb.
#51175

Қайырымды қоғам яки әл-Фараби арманы...
Бейне бір шашы ағарған, абыз ақсақал іспетті басын ақ қар жапқан еңселі таулар, шошайған төбелер, айдынды көлдер көне қазақ сахарасындағы қаншама тарихи уақиғаларға куә. Даламызда көне замандардан, сақ, сармат, ғұн, қаңлы, Түрік қағанаттары, Алтын Ордалар, Қазақ хандығы, сияқты ірі державалар мекен еткені белгілі. Бұл аты аталған мемлекеттерде ғаламды мойындатар небір алып өркениеттер болды. Яғни өзеннің ағысындай ағып жатқан бұл өмірде қай ел болсын, баршасы кемел мемлекет болуға ниетті. Солардың қатарында қазақ топырағында өмір сүрген, жоғарыда баяндалған ұлыстардың да басты мақсаты осы кемелдік жолында ерекше еңбек ету болатын. Бір сөзбен айтқанда «Шығыстың бірінші ұстазы» атанған Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби жазып, армандап кеткен «Қайырымды қоғам, ізгі мемлекет» құру болатын.
Ұлық ұстаз ғибратты ғұмырында тек қана антикалық философтардың еңбектеріне түсініктеме жазып, шектелген жоқ. Өзінің ғұмырлық тәжірибесі арқылы «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері», «Бақыт жолын сілтеу» сияқты тағыда басқа бірқатар табанды еңбектер жазып қалдырды. Сол еңбектерінің ішінде шоқтығы биігі «Қйырымды қала тұрғындары» сияқты көлемді толғауы екені анық. Ғұлама бұл еңбегін Бағдад шаһарында бастап, Дамаск (Димашық) қаласында аяқтаған еді. «Қайрымды қала тұрғындары» атты еңбегінде мемлекетті барлық жағынан зерттеп, мемлекеттіліктің бірнеше үлгілерін жазады. Әл-Фарабидің басты назар аударған алғашқы мәселелерінің бірі, мемлекет ізгі болу үшін ол елді басқарып отырған басшының өзіне де көптеген талаптар қойылады. Одан соң қала яғни мемлекет тұрғындары да қайырымды болуы ізгіліктің басты нышандары екенін баяндайды. Яғни әл-Фараби өзінің осы еңбегінде мемлекет басшылырын ең әуелі Имам, және қайрымды қаланың бірінші басшысы дей келе, төмендегідей міндеттер жүктейді:

  1. Басшының мүшелері мүлде мінсіз болуға тиіс;

  2. Жартылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсіну тиіс;

  3. Өзі көрген, естіген нәрселерді жадында жақсы сақтауы тиіс;

  4. Алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуы тиіс;

  5. Ойын ашық жеткізетін ділмар һәм өнер білімге құшатар болуы тиіс;

  6. Тағамға, ішімдік ішуде қанағатшыл болып, бұлардан ләззат алуға жиренуі тиіс;

  7. Шыншылдықты сүйіп, жағандыққа жау болуы тиіс,

  8. Ар-намысын ардақтай білуі тиіс;

  9. Жаратылысынан игі істерге ынтық болып, пасық болмауы тиіс;

  10. Дирхем, динар сияқты дүние мүлікке салынбауы тиіс;

  11. Әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп, озбырлыққа қарсы болуы тиіс;

  12. Жақындарына да жат адамдарғада әділетті болуы тиіс;

Бұл келтірілген 12 талаптар бір адамның бойынан табылса мемлекетті бір адам, ал бірнеше адамның бойынан табылса елді ұйым болып басқаруы керектігін кең көлемде, философиялық ойлары арқылы жеткізеді. Қазіргі тілмен айтқанда парламенттік басқару жүйесі бұған өте қатты ұқсайды. Яғни осы талаптардың жартысына дерлік басшы лайық болса ол елдің бірінші басшысы болады. Ал екінші басшыға қойылатын тағыда 6 талап бар. Олар: дана болу; имамдар белгілеген заңдарды жетік білу; елде заң сақталмаған болса, имамдар үлгісімен жүру; тапқыр да білгір болуы; жұртты жігерлендіре білу; әскери жағынан қабілетті болу. Қарап тұрсақ бір мемлекет басшысының өн бойынан осыншама қабілеттердің табылуы шындығында өте сирек кездескені тарихтан мағлұм. Ал осындай қабілеттері бар мемлекет басшысы елді басқарса ол мемлекет шартты түрде ізгілікке еркін қол жеткізеді.
Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби бұл еңбегінде мемлекет ізгілікке жету үшін тек қана мемлекетті басқарушы басшы ғана қайырымды болуы жеткіліксіз екенін баяндай келе, оның тұрғындарына да көптеген талаптар қойып, сынай түседі. Яғни аты айтып, тұрғандай «Қайырымды қала тұрғындары» деген атқа лайық болуы үшін тұрғындар әуелі иманды болып, адасушылыққа күллі болмысымен қарсы болып, дүнияуи һәм рухани ілімдерден хабардар болуы керек. Онымен қоса бұл дүниеде болып жатқан табиғи апаттарға, астроаномиядағы яғни аспан әлемінде орын алып, жатқан құбылыстардың сырын толық меңгеріп, философиялық тұжырымдар жасай білуді де басты шарттардың бірі екенін айтады. Онымен қоса бұл мемлекеттің тұрғындары тек қана бұл өмірде қайырымды қоғам бар демей, өздеріне қарама-қарсы яғни надан елдерде бар екенін біліп, одан өздерін аулақ ұстауды басты қағида етіп, олардың яғни, надан, ақымақ, қайырымсыз мемлекеттердің бұл деңгейге қалай тап болуының себептерін біліп, бұлардан өздеріне ғұмырлық өнеге ала білуі тиіс екенін жеткізеді. Ізгілікте өмір сүру үшін ең алдымен тұрғындары да түгелімен иманды, ізгі ниетті, қайырымды, білімді, ақылды, әділ, әскери тәртіпке шебер, өркениеттерден хабардар болуы, сынды бірқатар жақсы қасиеттерге ие болуға шақырады. Адамдардың соншалықты бір-біріне ізгі ниетпен, қайырымды көзбен қарап, көмектесуі соншалық, табиғат құбылыстарына, яғни ағаштарға, жан-жануарларға да бөлекше қамқор болуы керек екендігін басшылыққа алады. Әл-Фараби тағыда мемлекеттің басты 3 ерекшелікке ие екенін айтады, яғни тілі, әдет-ғұрпы, табиғи қасиеттері. Ал осы келтірілген үш ерекшеліктің үйлесуі арқылы қоғам кемелділікке жетеді, ал үшеуі бір биікте түйіспесе елде тұрақтылық болмай, алауыздық белең алатынын айрықша айтады. Қаланың тұрақты түрде дамуы үшін алдымен елде кіші мемлекеттер яғни отбасылардың да қайырымды болуы шарт. Жәнеде осы отбасылардың дұрыс болуы арқылы көршілер жақсы болады, ал көршілер болуы арқылы қалалар, қалалардан мемлекет кемелділікке жететін болады деген тұжырым шығады.
Біз жұмақта емес жерде өмір сүрудеміз. Сондықтанда барлығы біз ойлағандай бола бермеуі де заңды құбылыс. Ендеше қайырымды қоғаммен қоса қайрымсыз яғни надан қалалардың болатынында сөз барысында айттым. Ендеше ғұлама қайырымды қоғам құруға керекті барлық шартты дерлік тұтасымен баяндайды. Онымен қоса бұған қарама-қарса мемлекетті де сынайды. Надан қоғам ең алдымен имансыздықтың арқасында қалыптасады. Яғни елде діни тұрақтылық болмаса ол мемлекетте ылғи түсініспеушілік белең алады. Әл-Фарабидің айтып жатқан надан қаласының басты қателіктерінің бірі жоғарыда келтірілген ұлтты жекелейтін үш болмысты дұрыс бағаламауында еді. Онымен қоса қазақ қоғамында бар көршімен тату болу мәселесіде қаралады. Ал бұл орайда қазақ өзге халықтарға қарағанда әлде қайда көш ілгері. Яғни қазақ «Алыстағы ағайыннан, қасыңдағы көршің артық» деген өнегелі сөзі байырғы кезеңдерден ел аузында айтылып келеді. Бұл канцепцияның болмауы нәтижесінде надан қалалар қалыптасады.
Қош енді, бұл трактатта екінші ұстаз өзінің идеяларымен қоса Платонның «Мемлекет», «Саясат» атты еңбектеріндегі тұжырымдарды ұштастыру арқылы «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатын жоғары деңгейде жаза білді. Трактат ең алдымен өз кезеңіндегі қалаларды сынап, кемелділікке шақыра отырып, қазіргі кезеңдегі мемлекеттерге зор үлгі бола білді.
Трактаттың басында баяндалатындай елдің негізі, басшы һәм тұрғындарында екені рас. Ол, мемлектті бір адам бейнесінде көзге елестетеді. Сөйтіп оның барша дене мүшесі сау болуы арқылы мемлекет кемел болады деген тұжырымға тоқталады. Сан ғасырлар ілгері ғұламаның баяндап кеткен мемлекет болмысы, дәлірек қайырымды, қайырымсыз мемелекеттердің болуы да қазіргі кезеңмен өте-мөте ұқсас. Яғни антикалық дүниемен және ортағасырларда философтарды мазалаған мемлекет мәселелері әлі күнге дейін өз өзектіліктерін жоя қоймағандағы бүгінде шындыққа айналып отыр. Ал біздің шежірелі тарихымызда халқымыз түгелімен қайырымды ел болуды басты мұрат еткен болатын ! Бүгінгі ұрпаққа басты міндет, әл-Фараби бабамыз жазып қалдырған «Қайырымды қоғам» идеясын жүзеге асыру басты талап болуы шарт !
Қанат Алтынбеков
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің, тарих, археология және этнология факультетінің 4-ші курс студенті, Үздік студенттер академиясының мүшесі.



Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет