Хан тау керек десеңіз - Хантәңірдей өр едім,
Хан жайлау керек десеңіз-Қарқара ,Асы,Шәлкөде,
Әрқайсысы бір-бір мәртебе,
Жайылып жатқан төр едім.
Мөлдірлік керек десеңіз- Көлсайдай тұнық көл едім,
Жетісу жеті өзенім,
Жеті атамнан бері қарай жетуіне де егемін.
Су жол берген кешегі - Райымбек батырды ұран қылған ел едім,
Мұзда туған - мұзбалақ,
Мұқағали ақынды қыран қылған ел едім.
Қос қанатым секілді - Құлмамбетпенен Көдегім,
Қапездің салған әніне,
Жылап жатқан жұбанар бесіктегі бөбегің,
Сәдіқожа ән салса,
Кетпентау еді өзегім.
Шалдабаймын Шарғынмын,
Тәңірден күткен кезегін.
Албан Асанның өзі едім,
Бөлтіріктің сөзі едім,
Нұрбапа менен Айтжандай,
Тарихтың тартқам тереңін.
Бердібек Соқпақбаев пен Баққожа Мұқай секілді,
Сөздіңде салғам өрнегін.
Сағат Әшімбаевтай Желтоқсанның желіне жүрегімді бергемін.
Еркін Ібітанов пен Мұқатай Жылқайдаровтай
Аспан таудың белі едім,
Мұқағали мен тең едім,
Айтыңдаршы ағайын қай ақыныңнан кем едім!
Қожекенің күйлерін қобыздайтартып шалқысам,
Тербелген Мөлдір көл едім,
Заманбек көкем тұрғанда батырлықтың өрі едім.
Алтынбек Сәрсенбайевпен ақылдың бітпес кені едім.
Оразалыны қозғасам ай...
өртенеді өзегім.
Бүкіл Албанның жайлауы,
Нарынқол менен Кегенім,
Бүкіл Албанның қыстауы,
Қарадалада туған мен едім.
Алматыға дейін созылған,
Еңбекшіқазақ ,Шелегім,
Алатаудың төрінде,
Қызылбөрік Медеуім.
Әлмеректей әуллием қолтығымнан демегін,
Қолтығымнан демесе айналайын ағайын пәлен-түген демегін,
Он екі болыс Албанның ақтарып айттым дерегін,
Қаймақтай сүзіп аларсың
Болып жатса керегің,
Хантәңірден ғана көрінер
Байқасаң менің көлемім.
Бүкіл байрақты бауырына
Басып жатқан АЛБАН деген ер едім.