Алтын Орданың әлемдік тарихтағы рөлі



Дата13.03.2023
өлшемі25,94 Kb.
#73684


Алтын Орданың әлемдік тарихтағы рөлі
Қайтыс боларының алдында Шыңғыс хан өз иелігіндегі жерлерді төрт ұлына бөліп берді. Жошының үлкен ұлдары Бату мен Орда-Еженнің еншісіне моңғол иеліктерінің қиыр батысында жатқан оңтүстік Ресей мен Қазақстанның жерлері тиді. Бату Алтын Орданы, Орда-Ежен Ақ Орданы билей бастады.
Алтын Орда — Басында моңғол — кейінірек түркіленген— 1240 жылдары Русь кінәздіктері жауланып алынғаннан кейін Моңғол империясының батыс бөлігінде орнаған хандық; ол қазіргі Ресей, Украина, Молдова, Қазақстан және Кавказдың жерінде орналасқан. Шарықтау дәуірінде Алтын Орда Шығыс Еуропаның Орал тауларынан Днепр өзенінің оң жақ жағалауына дейінгі жерлерді алып, Сібірге терең бойлап еніп жатты. Оңтүстігінде Орданың жері Қара теңізбен, Кавказ тауларымен және моңғол Хулагу мемлекетінің қол астындағы Персиямен шектесіп жатты.
1235 жылы Бату (тұңғыштық жолымен) қолбасшы Сүбедей баһадурдың көмегімен батысқа қарай жаңа жорық бастап, алдымен башқұрттарды, сосын 1236 жылы Еділ Бұлғариясын жаулап алады. 1237 жылы ол Украинаның оңтүстік даласын жаулап, ондағы құмандарды батысқа қарай ығыстырды. Содан ол солтүстікке қарай бұрылып, Руське басып кірді де үш жыл бойы орыс княздықтарын жаулаумен болды, сол кезде Күйік пен Қадан оңтүстікке қарай жылжыды.
Құмандардың батысқа қашып, Мажарстан королінің жерін паналап отырғанын желеу етіп, Бату, Шайбан, Орда-Ежен, Байдар және Мөңке хан сияқты Шыңғыс әулеті мен өз бауырларымен бірге батысқа жорық жасады. Легница және Мухи маңында неміс-поляк рыцарьларынан жиналған әскермен шайқасып, оларды талқандады. Бірақ сол 1241 жылы Үгедей хан қайтыс болып, Бату енді ғана қоршап-қамай бастаған Венаны тастап, елге қайтып кетті. Моңғол әскерінің ең батыстағы жаулап алуы осы болды.

1242 жылы Мажарстан арқылы қайтып (жолшыбай Пешт қаласын жаулап), Болгарияны бағындырды. Бату астанасын ежелгі Хазар қағанатының астанасының орнында орналасқан, Еділдің төменгі ағысындағы Сарай-Жүк қаласында орнатты. Содан сәл бұрын Бату мен Орданың бауыры Шайбан Орал тауларының шығысында Обь пен Ертістің бойында өз еншісіне ұлыс алып, сонда кетіп қалған болатын.


Моңғолия тарихы Алтын деген атау төрт шартараптың түсінен келген деген жорамал бар: солтүстіктің түсі — қара, шығыстың түсі — көк, оңтүстіктің түсі — қызыл, батыстың түсі — ақ, ал сары (немесе алтын) түс — орталықтың түсі.Басқа бір болжам бойынша, Алтын Орда атауы орыс тіліндегі «Золотая Орда», яғни Бату ханның Еділ өзенінің жағасында өзінің болашақ астанасының орнын белгілеу үшін алтын түсті үйлерден тіккізген салтанатты қаласының атынан шыққан, Моңғол тілінде «Алтын Орда» деген сөз тіркесі Алтын түсті орданы, немесе патша сарайын білдіреді.Моңғолдың билеуші руы да өздерін «алтын әулет» деп атаған, «Алтын Орда» атауы да осыдан келіп шыққан болуы мүмкін.Бұл мемлекетті Алтын Орда деп атайтын бізге келіп жеткен ең алғашқы құжаттар 17-ші ғасырға жатады. Одан ертерек құжаттарда ол мемлекет Жошы ұлысы деп аталды.
Ордаға жойқын соққыны Тоқтамыстың әскерін талқандап, астанасын қиратып, Қырым сауда қалаларын тонап, ең шебер қолөнершілерін өзінің астанасы Самарқандқа айдап әкеткен Әмір Темір берді.15-ші ғасырдың алғашқы бөлігінде Литуанияның патшасы Витаутастың әскерлерін Ворскла өзеніндегі шайқаста талқандаған Едіге билікті қолға түсіріп, Ноғай ордасын құрды.1440-шы жылдары Ордада тағы бір азамат соғысы бұрқ ете түсті. Енді ол бірнеше хандықтарға бөлшектеніп кетті: Қасым хандығы, Қазан хандығы, Астрахан хандығы, Қазақ хандығы, Өзбек хандығы және Қырым хандығы әрқайсысы өз алдына билік құра бастады.Бұл хандықтардың ешқайсысы да Мәскеу кінəздігімен күш сынаса алмады; ақыры 1480 жылы «Угра өзенінде болған тұрудан» кейін Мәскеу бағынудан мүлдем шықты. Мәскеу княздығы түбінде сол хандықтардың әрқайсысын (1550 жылдары Қазан мен Астарханнан бастап) басып алды. Ғасырдың соңына қарай Сібір хандығы Ресейдің құрамына кіріп, оның хандарының ұрпақтары орыстың патшасының қызметіне кірді.
Қырым хандығы 1475 жылы Осман империясына бағынышты мемлекетке айналып, 1502 жылға қарай Ордадан қалғанды өздеріне бағындырып болды. 16-шы ғасырда және 17-ші ғасырдың басында Қырым татарлары оңтүстік Ресей, Украина және тіпті Польшаны жиі-жиі шауып отырды, бірақ Ресейді жеңуге немесе Мәскеуді басып алуға күштері жетпеді. Османлылардың көмегінің арқасында Қырым хандығы жалғаса беріп, тек 1783 жылғы сәуірдің 8-інде ғана ІІ-ші Екатеринаны оны тарқатып, жерін қосып алды. Алтын Орда мемлекетінің ең ұзаққа созылған мұрагер мемлекеттерінің бірі осы еді.
Алтын Орданың саяси-мемлекеттік құрылысына келетін болсақ, онда ұлыстың мемлекеттік құрылысының түп негізі сақталды. Алтын Орданың ішкі басқару жүйесінде қызмет адамдарынан, сондай-ақ көшпелі, әскери шонжарлардан құралған әкімшілік-шенеуніктік аппарат маңызды орын алды. Олардың ішінде түрік халықтарынан шыққан – қыпшақтар, ортағасырлық ұйғырлар, Еділ бұлғарлары елеулі рөл атқарған екен. Армияны және мемлекеттің ішкі істерін тікелей басқару үшін ерекше лауазымдар белгіленді. Хан атынан бүкіл әскери істі беклер-бек басқарды, ал азаматтық биліктің басы уәзір болды. Беклер-бек әскери өкіметтің өкілі ретінде «патшалар мен сұлтандардың кеңесшілері» - уәзірден дәреже жағынан жоғары тұрды; ол сондай-ақ басқа мемлекеттермен дипломатиялық қатынастарды басқарды және негізгі әмір ретінде азаматтық істерді шешкен кезде жоғары сот билігін өз қолында ұстаған. Уәзір орталық үкіметтің атқарушы өкіметінің басшысы, мемлекетті азаматтық тұрғыдан басқару ісінде ханның кеңесшісі болды.
Алтын Орда мемлекетін басқару ісінде даруғалар мен басқақтар да маңызды орын алды. Даруғалар негізінен салық жинау, басқақтар басқару міндетін де атқара отырып, жергілікті халыққа әскери бақылауды жүзеге асырды. Кейбір жергілікті жерлерде олар салық жинаумен де айналысты. Атқарушы өкіметтің орталық органы диуандар қаржы, салық және басқа ведомствоға ие болды, ал диуанның бітікші деп аталған хатшылық қызметкерлері де болды. Бұдан көріп отырғанымыздай, Алтын Ордада шенеуніктік-әкімшілік аппарат жұмыс істеп тұрды. Осындай қатаң иерархия мен тәртіп Алтын Орданың феодалдық-әскери құрылысын нығайтты.
Алтын Ордада әкімшілік және әскери істер ғана емес, Орталық Азияда Қыпшақ дәуірінен гүлденген білім мен ілім, медицина, сауаттылық та кемшін қалған жоқ. Әрине, моңғолдың шапқыншылығы оңтүстік өңірдегі ірі кітапханалар мен ғибадатхана, архитектуралық нысандарды күйреткенін білеміз. Дегенмен Орданың іргесінде сауат ашу мен қала мәдениетін таратуға хорезмдіктер, ирандықтар, түркі-бұлғарлар, қыпшақ, қарлұқ, қаңлылар және ұйғырлар, шығыстан қытайлар мен тибет буддистері ықпал етті. Алтын Орда дәуірінде Еуразия даласындағы Жібек жолы тоқтап қалғанымен, халықтың келіп-кетуі толастаған жоқ. Ал, Жібек жолының бір бағытын теңіздің бойымен саяхатшы Чжэн Хэ жалғастырғаны тарихтан белгілі. Ол ары қарай батыс саяхатшыларының географиялық ашылуларымен жалғасын тапты. Түрік тілі және ислам дінінің келуімен Алтын Орда жаңаша кейіпке еніп, қолөнер, сәулет, монша, ыдыс-аяқ пен әшекей, геометрия, медицина дамып, Шығыс елдері және олардың астаналарымен байланысы нығая түсті. Мәселен, Алтын Орда астанасы Сарай-Батуға түрлі миссионерлер, қолөнершілер, құлдар да өзімен бірге мәдениет ала келді. Алтын Орда, Ақ Орданың тарихы тек шапқыншылық пен қанды соғыстар, хандардың ауыс-түйісі ғана емес, сол уақыт пен кеңістікте өмір сүрген халықтардың біртұтас шежіресі деуге болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:


Гумилов Л.Н. Көне түркілер.-Алматы,1994.
Н.У.Шаяхметов Қазақстан тарихы.-Алматы,2012



Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет