Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы,
Нұркен ауылы. Бастауыш сынып мұғалімі
Нұрмағанбет Жібек Серікқызы
Ғылыми жетекшісі: Ж. Д. Рапишева
Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті ф. ғ. к., доценті
«Қазақша ғылым тілін дамытудағы қазақ зиялыларының орны» тақырыбындағы ғылыми жұмыстың өзектілігі
Кіріспе
Қазіргі қазақ тілі тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі мәртебесін алып отыр. Сондықтан оған дүние жүзіндегі дамыған ұлттық әдеби тілдерге қойылатын талаптар тұрғысынан қарау керек. Бүгінгі таңда дамыған ұлттық әдеби тілдердің негізгі белгілерінің бірі – сол тілдегі ғылыми стильдің қалыптасуы болып саналады.
Тақырыптың өзектілігі. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге сәйкес қоғамдық қызмет аясының кеңеюі мен күшеюі, соған сай қазіргі қоғамдағы ғылым тілін қазақша дамытып, қалыптастырудың талап - мүдделері қазақ тіліндегі ғылыми стильдің қалыптасуын арнайы қарастыруды қажет етеді.
Дипломдық жұмыстың мақсаты: Қазақ тілінің ғылым саласындағы қолданысын жүзеге асыру үшін аянбай еңбек еткен қазақтың алдыңғы қатарлы оқыған азаматтарының мұрасын зерделеу:
Ұлттық ғылым тілінің негізін салушы қазақ зиялыларының ғылым тілі мен оның терминологиясын қалыптастырып, дамытудағы қызметін, орнын, рөлін көрсету, қазақ тілінің терминжасамдағы мүмкіндіктерінің ғылым тілінің дамуына әсерін көрсету.
Міндеттері:
– ғылым тілінің туу, қалыптасу дәуірін белгілеп, оның жетілуіне әсер еткен әлеуметтік - экономикалық (лингвистикалық және экстралингвистикалық) жағдайларды көрсету;
– қазақша ғылым тілінің қалыптасуындағы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының қызметін көрсету;
– қазақ тілінің термин жасаудағы мүмкіндіктері шексіз әрі «ұлттық терминология – ұлттық ғылым тілінің негізі» екендігін дәлелдеу;
– ұлттық термин елдің рухани өркендеуінің, ғылымының дамуының көрсеткіші екендігін, әр кезең, әр дәуір өзіне қажетті жаңалықтарды туғызса, сол жаңа ұғымды жаңа атаумен қамтамасыз ететін тіл екендігін дәлелдеу;
– терминденудің ұлт тілінде термин жасаудың бір тәсілі ретінде қазіргі тілімізде термин жасауда алатын орнын анықтау;
– ғылым тілінің қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің әрі қарай дамуындағы, кейінгі қазақша ғылыми әдебиет стилінің дамып, жетілуіндегі орнын көрсету.
Дипломдық жұмыстың нысаны – қазақ зиялыларының еңбектері, ғылым тілі және оның терминдері.
Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытудың басты жолдарының бірі – ғылыми тілдің мәртебесін айқындау, терминологиялық бірліктердің құрамын реттеу, олардың мағынасын ашудың әдіс - тәсілдерін анықтау.
Академик Ә. Қайдар, атап көрсеткендей, ең алдымен, ана тіліміздің тұғырына тірек болар үш тағанын – жазу - сызуын (ұрпақ арасын жалғастырар алтын көпірін), ономастикасын (жер бетіндегі ескерткішін) және терминологиясын (оның баю, жаңару көзін) берік ету қажет. Осыған байланысты терминология саласында жүргізілетін жан - жақты ғылыми зерттеулер оның ғылым тілін дұрыс қалыптастыруға көмектеседі.
Дипломдық жұмыстың құрылымы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Жұмыстың мазмұны бойынша «Ұлттық ғылым тілін қалыптастырудағы терминдердің қызметі» «Қазіргі қазақ тіл білімі: қолданбалы лингвистиканың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми - теориялық конференция материалдарында (Алматы, 2012), «Қазақша ғылым тілінің зерттелуі туралы» «Vedecky prumysl evropskeho kontinentu – 2012» Materialy VІІІ mezinarodni vedecko - prakticka konference. Filologicke vedy (Praha, 2012), «Ұлттық ғылым тілінің қалыптасуы жайында» «Экономикалық интеграция жағдайында бәсекеге қабілетті мамандарды тілдік даярлаудың қазіргі заманғы үрдістері» атты атты халықаралық ғылыми - тәжірибелік конференция материалдарында (Қарағанды, 2012), «Ғылым тілі хақында» «Европейская наука ХХІ века» атты халықаралық ғылыми - теориялық конференция материалдарында (Польша, 2013) төрт мақала жарық көрді.
1 Ғылым тілі мен әдеби тілдің арақатынасы
1. 1 Ғылым тілі, ерешеліктері, зерттелуі
«Әдеби тіл» мен «ғылым тілінің» өзіндік арақатынасы, қалыптасу жолы мен даму ерекшеліктері бар. Сонымен қатар «ғылым тілі» мен «ғылыми тіл» деген ұғымдар өзара байланысты болса да, екеуі бір емес. «Ғылыми тіл» әр саладағы ғылымның өзіне ғана тән тілдік ерекшеліктердің белгілі жүйесі, қолданыс тәсілдері. Бұл терминді көбінесе «ғылыми стиль» деп те атайды.
«Ғылыми тілге» қарағанда «ғылым тілінің» мағынасы әлдеқайда кең, ауқымы зор. Өйткені “ғылым тілі” деген ұғымды зерттеушілер жалпы әдеби тілдің атқаратын әлеуметтік - қоғамдық қызметінің үлкен бір саласы деп түсінеді. Бұл сала ғылыми - техникалық прогрестің шарықтап дамуына байланысты қанатын жайып, тамырын тереңдете түседі, өзі де дамиды, жалпы әдеби тілімізді де кемелдендіре түседі. Басқаша айтқанда, қоғам өміріне ғылыми - техникалық прогресс қаншалықты қажет болса, сол қоғам мүшелеріне қызмет етіп отырған ғылым тілі де соншалық қажет деп есептейді академик Ә. Қайдар [1, 9]. Демек, жалпы жазба әдеби тіл мен ғылым тілі өзара байланыса, астарласа дамитын құбылыстар. Әдеби тілдің құрамында ғылым тілінің пайда болуы оның қоғамдық қызметі мен қолданыс аясын кеңейту қажеттілігінен туады да, бұл оның дербес тіл ретінде өмір сүруінің бірден - бір кепілі болып саналады. Әдеби тілдің құрамында ғылым тілінің белгілі бір себептермен қалыптаса алмауы, немесе қалыптасса да, ғылыми қауым тарапынан кең қолданыс таппай, қалың көпшіліктен оқшау тұруы әдеби тілдің қоғамдық қызметіне нұқсан келтіреді. Ғылым тілі қалыптаса алмаған әдеби тілді толыққанды әдеби тіл деп айтуға болмайды. Сондықтан да ғылым тілінің қалыптасуы, ғылымның жан - жақты дамуына сай жүйелене, жетіле түсуі әдеби тілдің әдебилігі мен әмбебаптылығының шартты белгісі болып табылады.
1. 2 Ғылым тілі мен ғылыми стиль
XX ғасыр ғылымында кеңінен сөз болған жаңа мәселелердің бірі – ғылым тілі. Аталмыш термин философия және лингвистика салаларында қарастырылды. Философтардың көпшілігі оны, бір жағынан, ғылыми білім ретінде, екінші жағынан, сол ғылыми білімді игеруге қажетті ғылыми аппарат ретінде түсінді. Алғашқы, кең мағынадағы философиялық түсінік бойынша ғылым тілі – жүйесі мен құрылымы бар жалпы ғылыми білім ұғымын қамтиды. Екінші, тар мағынадағы логикалық түсінік бойынша, ғылым тілі – формальды таңбалық жүйелердің жиынтығы болып табылады. Тар мағынадағы түсінік кең мағынадағы түсініктің құрамына кіреді. Екінші, тар мағынадағы, формальды логикалық тіл бірінші, яғни кең мағынадағы ғылым тілін бейнелеудің, сипаттаудың тәсілі болып табылады.
Ғылым тілі бойынша XX ғасырдың соңғы ширегінде жүргізілген зерттеулер жаңа нәтижелер әкелді. Ғылым тілінің дербестігі туралы, оның «шағын тілдің» бір түрі болып табылатындығы жөнінде кеңінен сөз бола бастады. Ғылыми қолданысқа алғаш XX ғасырдың 60 - жылдары енген «шағын тіл» (sublanguage, подъязык) термині жалпылама қолданымға кірді. Оның жалпыхалықтық тілдің функционалдық бір түрі екендігі, әрқилы кәсіби қызмет аясында қолданылатындығы белгілі болды. Жалпыхалықтық тілдің негізгі бөлігін құрайтын әдеби тіл мен жалпылама қолданымға тән емес салалық ғылым тілдерінің арақатынасы айқындала бастады.
Шетелдік ғылыми ортада бұл кезде халықтық тілдің ерекше бір түрі ретіндегі арнайы мақсатта қолданылатын тілдер туралы зерттемелер жасалды [17]. Шынында да, ұғымдардың нақты салаларда қалыптасқан жүйесін ашып көрсету үшін қолданылатын тілдік құралдардың жиынтығын арнайы мақсатта қолданылатын тіл деп те, кәсіби тіл деп те атауға болады.
Ғылым тілі бойынша кейінгі кезеңдерде жүргізілген зерттеулердің негізінде қалыптасқан жаңаша көзқарасты қолдайтын ғалымдар оны жеке функционалдық тіл ретінде қабылдағанды жөн көреді [18, 349 - 350]. Терминология саласының белгілі маманы А. В. Суперанская өзінің «Әдеби тіл және терминологиялық лексика» атты зерттеуінде осы мәселені жан - жақты талдайды [19]. Осы зерттеудің нәтижелері мен тұжырымдары біздің жұмысымыздың нысанына да тікелей қатысты. Олар зерттеу барысында толық қолдау тапты. Атап айтқанда, ғалым терминологиялық лексика әдеби тілдің құрамына кіреді деген пікірдің қаншалықты ақиқаттығына көз жеткізу үшін бірнеше қарама - қарсылықты салыстырма жасайды.
Телефон сөзінің жалпылама қолданымдағы мағынасы – белгілі бір қашықтықта сөйлесуге арналған аппарат. Ғылыми тілде ол: 1) электрлік тербелістерді дыбыстық тербелістерге айналдыратын құрал; 2) дыбысты қашықтыққа беру үшін қолданылатын электрлік аппараттар жүйесі. Келтірілген мысалдардан арнаулы мағынаның кейде жалпы мағынадан айтарлықтай алыстап кететіні байқалады.
ғылым тілінің әдеби тілдің құрамына кірмейтіндігін, екеуінің де жалпыхалықтық, ұлттық тілдің құрамында қарастырылатынын дәлелдейді. Сонымен, термин өзінің сыртқы формасы жағынан сөз түрінде болғанымен, ұлттық тілдің грамматикалық қағидаларына сөз тәрізді бағынғанмен, ұғымдық жақтан жалпы лексикалық сөзден ерекшеленеді. Шындығында, терминология ұлттық тіл лексикасының дербес бөлігін құрайды. Әрбір ғылым саласының өзіне тән терминологиялық жүйесі мен ерекше терминдері бар. Ол терминдердің мағыналары сол ғылым саласында ғана актуалданады.
2 Ұлттық ғылым тілінің негізін салушы қазақ зиялылары
2. 1 Ұлттық ғылым тілінің бастаулары (Ахмет Байтұрсынұлы)
Ұлттық ғылым тілінің бастаулары Ахмет Байтұрсынұлынан басталады. Ахаң жасаған ілім – ұлттық ғылымның қайнар көзі, сусындар бұлағы десе де орынды. Себебі ХХ ғасырдың басында «ұлт тілі» мәселесін қазақ зиялылары теориялық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да түбегейлі шешкен болатын. Сол үлгіде ұлттық ғылымның негізі жасалды. Оған А. Байтұрсынұлының рухани серіктері, сол кездегі қазақтың оқыған, зиялы азаматтары ат салысты.
Олардың ішінде Елдес Омаровты (геометрия, физика оқулықтарын жазған), Жүсіпбек Аймауытовты (психология оқулығын жазған), Халел Досмұхамедұлын (адамның тән тірлігі (анатомия), жануарлар т. б. медицина оқулықтарын жазған), Қаныш Сәтбаевты (алгебра оқулығын жазған), Міржақып Дулатов, Кәрім Жәленов, Сұлтанбек Қожановтарды (арифметика оқулығын жазған), Жұмахан Күдеринді (өсімдіктану оқулығын жазған), Әлімхан Ермековты (жоғары математиканың аналитикалық геометрия оқулығын жазған) ерекше атап өтуге болады. Бұл еңбектер А. Байтұрсынұлы жасаған ғылыми терминология принциптеріне негізделіп жазылған. Ғылымның әр саласы бойынша ұлттық ғылыми атаулар жасалып, айналымға енгізілді, ғылыми жазу мәнері қалыптаса бастады. Бірақ бұл үрдіс ұзаққа созылмай, «ғылымды ұлтсыздандыру» ағымы өріс алды.
2. 2 Ғылым тілін қалыптастырушы қазақ оқымыстылары
ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басы – қазақ ғылымының қалыптасуы, кең қанат жайған уақыты.
ХХ ғасырдың бас кезі қазақ терминологиясының қалыптасуындағы ерекше кезең болып табылады. Бұл кезең 1910 жылдар мен 1930 жылдардың бас жағына дейінгі аралықта қамтиды. Өйткені дәл осы мерзім ішінде қазақтың білікті ұлттық кадрлары қалыптасып, білім беру мен ғылымды ұлт тілінде дамытудың негізі берік қаланған еді. Аталған уақыт ішінде ғылымның әр түрлі салалары бойынша жазылған А. Байтұрсынұлы, Ш. Құдайбердіұлы, Х. Досмұхамедұлы, Ж. Күдерин, М. Дулатұлы, М. Жұмабайұлы, Ж. Аймауытов, С. Қожанұлы, Е. Омарұлы, Т. Шонанов, Н. Төреқұлов, К.
Жәленов сияқты қазақ зиялыларының еңбектері жарық көрді.
Өткен ғасыр басында ғылым - білім саласында еңбек еткен алаш оқығандары терминологиялық қорды қазақ тілі негізінде жасап, ұлттық ғылым тілін қалыптастыруды мақсат етті. Олар қазақ балалары ана тілінде білім алып, ғылымды өз тілінде игеруі қажет деп санап, оған өте үлкен мән берді. Қазақ білімпаздары аталған мақсаттарына сәйкес жұмыстар атқарды. Оны ең алдымен, ғасыр басында (20 - 30 - жылдары) алаш оқығандарының қаламынан туындаған оқулықтар мен оқу құралдарынан анық көруге болады. А. Байтұрсынұлының – «Тіл – құрал», «Әліппе», «Әдебиет танытқыш»; Е. Омарұлының – «Пішіндеме» Х. Досмұхамедұлының – «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі», «Табиғаттану», Ж. Аймауытұлының – «Психология», Ж. Күдериннің – «Өсімдіктану», М. Жұмабайұлының – «Педагогика», М. Дулатұлының – «Есеп тану» сынды оқулықтары мен оқу құралдарындағы терминдердің орта есеппен 90 пайызы қазақ тілінің төл сөздері немесе солардың негізінде жасалған жаңа атаулар болып келеді. Кірме атаулар 10 - 15 пайыздан аспайды. Олардың дені тіліміздің дыбыстық ерекшеліктерін ескеріп, үндестік заңын сақтай отырып өзгертіліп алынған. Осы деректің өзі алаш оқығандарының қазақ тіліндегі термин шығармашылығына басымдық бергеніне дәлел бола алады.
Жалпы тіл білімінің негізін қалаудағы, ғылым тілі мен оның қазақ терминологиясын қалыптастырудағы А. Байтұрсынұлының еңбегі зор. А. Байтұрсынұлының қаламынан туындаған, тіл және әдебиет терминдері сөзжасамның түрлі тәсілдерін пайдалану арқылы жасалған.
Терминдердің терминдену тәсілімен туындауына терминденуші ұғым мен терминденуші сөз атау болған тілде бұрыннан бар ұғымның қандай да бір ұқсастығы негіз болды. Мысалы, жалпы қолданыста жалғау деп «бір жіпке септелетін екінші жіптің үзігін» айтса, тіл білімінде сөз бен сөзді; сөйлем мен сөйлемді жалғастырып, сөз тудырып, сөз өзгертіп тұратын қосымшаны айтамыз. Немесе жалпы қолданыста шумақ деп «бір нәрсенің жиынтығын, тізбегін, будағын» айтса, әдебиеттануда шумақ деп төрт тармақты өлең өлшемін айтады [45]. Осы мысалдардан - ақ сөздің бастапқы мағынасын метафоралау арқылы да А. Байтұрсынұлының ғылыми терминдерді (пән сөздерін) өте сәтті жасай білгені көрінеді.
Жалпы ғалымның термин шығармашылығының қарастырылып отырған тәсілін пайдалану арқылы туындаған терминдерін іштей екіге жіктеуге болады. Олардың бір тобы – жалпы қолданыстағы сөздердің мағынасын метафорлау жолымен, екінші бөлігі – сөз мағынасын нақтылау арқылы терминдік мағына жүктеу жолымен жасалған деп тұжырымдайды зерттеушілер.
Сөз болып отырған кезеңде жарық еңбектердің бірі – қазақтан шыққан тұңғыш биолог - ғалым Жұмақан Күдериннің «Өсімдіктану» оқулығы. Бұл оқулық 1927 жылы араб әрпімен Мәскеуде, 1930 жылы латын әрпімен Қызылорда қаласында басылған.
Қазақ тілінде жазылған тұңғыш өсімдіктану оқулығы екендігіне және жарық көргеніне 70 жылдан астам уақыт өткендігіне қарамастан, бұл еңбектің бүгінгі күннің дәрежесі жоғары биолог ғалымдары тарапынан жоғары бағалануы ғасыр басындағы зиялылардың кәсіби деңгейінің қаншалықты жоғары екендігін көрсетеді.
Ж. Күдериннің 1927 жылы жарық көрген «Өсімдіктану» кітабы қазірдің өзінде маңызын жоғалтқан жоқ. Ол әлі де болса қазақ арасында өсімдік өмірі жөнінде ғылым - білімді таратудың құнды құралы болып табылады.
«Өсімдіктану» оқулығында 300 - ге жуық қазақ тілінде жасалған терминдер мен көптеген қазақша өсімдік атаулары кездеседі. Мысалы: аналық, аталық, тұқымдық, түйіршік, тостағанша, сабақша, қалбырша, қабықша, қалташа, қайықша сияқты терминдер морфологиялық тәсілмен, аналықтың мойны, аналықтың аузы, ағаштың сүйегі, бұтақты тамыр жолы, ұялы тозаң, тұқымқап, гүлжапырақ тәрізді терминдер аналитикалық тәсіл арқылы, ал буын, тарамыс, түйір, тұғыр, түк, тап, тыс, тегеурін, желек, жік, шақ, шырын, сақина, құндақ, өзек, сұрып, обы сынды терминдер жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі арқылы жасалған [46]. Осы мысалдағы терминдерді жасауда ғалым қазақ тілінің сөзжасам тәсілдерін кеңінен пайдаланған. Бұл терминдердің көбі қалыптасып, қазіргі өсімдіктану терминдерінің қатарынан орын алған.
Термин шығармашылығының сөз болып отырған тәсілін пайдалану арқылы жасалған терминдерді ғасыр басындағы оқулықтар мен оқу құралдарын жасаған авторлардың бәрінің еңбегінен көреміз. Мысалы: Сұлтанбек Қожанұлының 1924 жылы Ташкентте басылған «Есептану құралында» дәреже (разряд), түбір (корень), сыр (свойство), дүркін (период) сияқты терминдер болса, Елдос Омарұлының 1928 жылы Қызылордада басылған «Пішіндеме» (геометрия) оқулығында түйін (теорема), қар (катет), пішін (фигура), қия (диагональ), өріс (радиус), өре (диаметр), саты (таблица) тәрізді терминдер, ал 1923 жылы Ташкентте жарық көрген Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика оқулығында» абай, әсер, елес, әдет, ес, жон, хиял, қайрат сияқты терминдер кездеседі [47, 131]. Жалпы ұлттық ғылыми терминологияны қалыптастыруда осы кезеңде жарық көрген оқулықтардың орны айрықша болғанын айтқан жөн.
ХХ ғасырдың 30 - жылдары орын алған зорлық - зомбылықтың, заңдылықты бұзудың кінәсіз құрбаны болып жазықсыз жазаға ұшырап, кейін ақталған қазақ интеллигенциясының қыруар қайраткерлері қатарындағы ірі тұлғалардың бірі – аса көрнекті мемлекет, қоғам және саясат қайраткері, ұлы ғалым профессор Халел Досмұхамедұлы.
Халел Досмұхамедұлы – қысқа өмірінде қыруар іс тындырып, көп еңбек жасап үлгерген адам. Өзіне табиғат аямай берген дарынды терең біліммен толықтырып, ана тілімізге қоса латын, араб, парсы, түрік, орыс, неміс және француз тілдерін қажетті дәрежеде меңгеріп, сол тіл - дерде еркін оқып, сөйлеп, жаза білген Х. Досмұхамедұлы көзінің тірі кезінде алдына жан салмас ғажайып лингвист, фольклорист, тарихшы - этнограф, аудармашы болған.
Х. Досмұхамедұлы – медицина, зоология, биология, тарих, тіл, әдебиет және басқа түрлі ғылым салаларына қатысты 20 шақты кітап, 40 - тан аса мақала жазған ғалым. Солардың бәрін жиып - теріп, оның ғылыми - теориялық пайымдауларын, практикалық ой - ізденістерін, қазақ тіл біліміне қосқан үлесін зерттеп, анықтау – кейінгі ұрпақтың парызы.
Х. Досмұхамедұлы өзі аударып жазған «Табиғаттану», «Адамның тән тірлігі», «Жануарлар», «Оқушылардың саулығын сақтау» деген еңбектерімен қатар Ю. Вагнердің «Дене бітімі мен оның жұмысы туралы әңгімелерін» қазақ тіліне аударып жарыққа шығарды.
Х. Досмұхамедұлы мамандығы дәрігер бола тұрып медицина, гигиена салалары бойынша ғана емес, жалпы табиғаттану, анатомия, физиология, зоология пәндерінен мектеп оқушылары мен институттардың шәкірттеріне арнап оқулықтар жазған, аудармалары мен мақалалары араб жазуымен жарық көрді.
Х. Досмұхамедұлының соңына мол шығармашылық мұра қалдырғанын көреміз. Х. Досмұхамедұлы Нобель сыйлығының иегері, академик И. П. Павловтың шәкірті болған, зерделі, зейінді ол В. В. Бартольд, В. В. Радлов, Бодуэн де Куртенэ сияқты есімі әлемге белгілі ғалымдардың назарында болған.
Әмбебап ғалым, энциклопедист Х. Досмұхамедұлының қаламынан туған кітаптар мен оқулықтарға көз салсақ, оның басты екі салаға жіктелетінін көреміз. Өте қажеттіліктен туған «Табиғаттану» оқулығынан басқа сүбелі еңбектері өз мамандығына тікелей қатысы бар, яки медицина - биология ілімі аясынан туындайтын шығармалар. Еуропа ғалымдарының үлгі - өнегесіне сүйене отырып, қазақ тілінде төл терминдік қор жасап, жаңа сапалы оқулықтарды дүниеге әкелді.
Қазақ зиялыларының ішінде Ж. Аймауытовтың шоқтығы биік екені сөзсіз. Зерттеуші Қ. Жарықбаев «... Біртуар қазақ зиялыларының ішінде тәлім - тәрбие, оқу - ағарту мәселелері саласында сындарлы, терең мағыналы ғылыми еңбектерді өндірте жазған адамның бірі – Жүсіпбек Аймауытов. 1924 жылы мектеп мұғалімдері мен педагогикалық оқу орындарында оқитындарға арнап «Тәрбиеге жетекші», 1926 жылы екі кітап бірі – «Психология», екіншісі – «Жан жүйесі және өнер таңдау», 1929 жылы «Комплекспен оқыту жолдары», мектеп оқушыларына арналған «Жаңа ауыл», «Сауатсыздықты қалай жою керек?» кітаптарын шығарды» дей келе, Ж. Аймауытов еңбектерінің айрықша айтуға тұрарлық дүниесі – оның «Психология» еңбегі дейді. Өйткені, «... бұл бүткіл советтік түркі тектес халықтар тіліндегі сол кездегі бірден - бір туынды» [51, 428].
Бұл бір жағы болса, еңбектің құндылығының екінші себебі – ондағы психология пәніне байланысты терминдердің алғаш қолға алынып, тілімізде қолданыла бастауы. Бүгінгі таңдағы өзекті мәселеге Ж. Аймауытов жиырмасыншы жылдардың өзінде - ақ назар аударған.
2. 3 Ұлттық терминология – ұлттық ғылым тілінің негізі
Ш. Құрманбайұлының айтуынша, біріншіден, Ахаң бастаған алаш оқығандары ұлт тіліндегі терминологиялық қордың негізін қалады. Біз ХХ ғасыр басынды алаш зиялылары жасап, ресми бекіткен жүздеген терминдерді күні бүгінге дейін өзгеріссіз қолданып келеміз. Олардың қатарына жәбірленуші (потерпевший), ұғым (понятие), өкіл (представитель), үкім (приговор), қосымша (приложение), өткізгіш (проводник), тозаң (пыльца), ерітінді (раствор), алым (сбор), буын (слог), аталық (тычинка), серпімділік (упругость), күлте (венчик), сөгіс (выговор), баяндама (доклад) сынды сан түрлі саланың терминдерін жатқызуға болады. Бұл сияқты терминдер қатары қазақ терминологиясының негізінің сонау жиырмасыншы жылдары қаланғанын көрсететін нақты тілдік деректер болып табылады.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының бас кезіндегі қазақ оқығандары өзге тілден қабылданған сөздерді «жат сөздер», «кірме сөздер», «бұратана сөздер», «бөгде сөздер», «қотыр сөздер», «бұралқы сөздер» деп атап, бұл сөздердің тілімізге көптеп кіруін тілімізді шұбарлау ретінде қабылдады. Нәзір Төреқұлұлы «Жат сөздер» деген кітап жазса, Қошке Кемеңгерұлы «қотыр сөздер» деген мақала жазды.
Өзге тілдерден енген сөздерді төл сөздеріміздей көрмей, оларды бөтенсініп жат, кірме, бөгде, қотыр, бұралқы, бұратана деген анықтауыштармен беру тіл тұтынушыларының, зиялылардың бұл сөздерге деген сол кезеңдегі көзқарасын білдіреді. А. Байтұрсынұлы, Н. Төреқұлұлы, Х. Досмұхамедұлы сияқты ұлт зиялылары бастаған қазақ қауымы өзге тілден енген термин сөздерді «жат сөздер», «кірме сөздер» десе, кейінгілер неліктен оларды «интернационализмдер», «халықаралық терминдер» деп атайтын болғаны жөнінде шындап ойланатын уақыт жетті.
Қазіргі тәуелсіздік кезеңі мен жаһандану дәуіріндегі өзекті мәселенің бірі – қазақ тілінің қолданыстық, өміршеңдік және ұлтты бірегейлендіру қызметін күшейту. Соның барысындағы оның негізгі сипаты тілдің рухани - әлеуметтік жаңғыртуларға сай жаңа деңгейге көтеріліп, қалыптасушы ұлттық таным мен ой - өрістің мәнін мемлекеттік мүддеге ұластырып, қоғамның түрлі саласында кәсіби тілдік тұлғаның қызмет ету дәрежесін көтеруі және бағдарлауымен тығыз байланысты. Қоғам жан - жақты және жаңа сапада дамыған сайын онымен сабақтас тілдің де сол дәрежеде дамуы – мемлекеттік тіл мәртебесіне сәйкес тілдің қоғамдағы толыққанды қызметінің кепілі. Олай болса, ұлттың этномәдени болмысын сақтаған мемлекеттік тілдің осы бағыттағы даму деңгейі бұзылмауы тиіс. Бұл – қазақ тіл білімінің негізін салушы А. Байтұрсынұлы мен Қ. Жұбановтың қазақ тілінің мәні мен қызметін анықтаған ғылыми тұжырымдарынан басталады.
Қазақ ғылыми тілінің басым пайызын құрайтын халықаралық стандарттағы терминдердің қазақша баламаларын жасауға бетбұрысты, терминдерді «қазақыландыру» үрдісін – «солақай» немесе «пуристік бағыт», «әлемдік өркениеттен алшақтау», «ұлттық жырақтық» деп сипаттау – біржақты түсінік. Қазіргі заманда кез келген өркениетті мемлекетте ұлттық терминологиялық жүйенің қалыптасуы – қоғам мен тіл арасындағы байланыстан, ұлттық мүдде мен мемлекеттік мүдденің тоғысуынан, танымдық негіздерімен сабақтасуына мән беруден туындайтын, ғаламдасуға бір бөлшек боп енетін жаңаша дамудың заңды үрдісі. Мысалы, қазіргі қазақ тіл біліміндегі тіркесімділік (валентность), уәж (мотив), уәжділік (мотивированность), тілдік тұлға (языковая личность), тілдік жағдаят (языковая ситуация), үстірт құрылым (поверхностная структура), т. б. терминдер – соның нақты айғағы.
Қорыта айтарымыз, қазақ тілі ғылымға толыққанды қызмет етуі үшін, ең алдымен, мамандар өз саласы бойынша жасалған жаңа терминдерді дұрыс, толық қолдана білуі қажет. Сонымен қатар әрбір маман әдеби тіл нормасына сай ғылым тілін жете меңгеруі, өз еңбектерін де, өзгелерге де түсінікті етіп жаза білуі, ғылыми ой - пікірін дәл де бейнелі түрде жеткізе білуі шарт. Сонда ғана әдеби тіліміздің мәртебесі өсері сөзсіз. Себебі терминологиялық лексика ғылым тілімен тығыз байланыста дамиды әрі оның дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады.
Қорытынды
Қазақ әдеби тілі мен ғылым тілінің арақатынасы, «қазақша» ғылым тілінің қалыптасуы мен дамуы, ұлттық ғылым тілінің бастаулары және ұлт тілінде ғылыми тілі мен термин қалыптастыру сияқты мәселелерді қарастыру барысында «ғылым тілінің» қалыптасуындағы қазақ зиялыларының қызметі зор екендігін анықтадық. Мынадай қорытындылар жасадық:
1. Қазіргі қазақ тілі тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі мәртебесін алып отыр. Сондықтан оған дүние жүзіндегі дамыған ұлттық әдеби тілдерге қойылатын талаптар тұрғысынан қарау керек
6. Тілші ғалымдарымыздың көбі ғылым тілінің дүниеге келуін жазба әдеби тілдің қалыптасуымен байланыстырады. Өйткені жазу - сызуы болмаған, не кенжелеп қалған тілде ғылым тілінің дүниеге келуі мүмкін емес. Ғылым тілін жалпы әдеби тіл тұрғысынан алып, оны бейнелі түрде “кішігірім тіл”, “үй ішінен тігілген үйшік” (“подъязык”, “языковая подсистема”, “миниязык” мағынасында) деп қарайтын болсақ, “осы үйшіктің” дүниеге келуін жазба әдеби тіліміздің қалыптасуынан басталады деп қараған жөн дейді зерттеушілер.
8. ХХ ғасырдың басында «ұлт тілі» мәселесін қазақ зиялылары теориялық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да түбегейлі шешкен болатын. Сол үлгіде ұлттық ғылымның негізі жасалды. Оған А. Байтұрсынұлының рухани серіктері, сол кездегі қазақтың оқыған, зиялы азаматтары атсалысты.
Олардың ішінде Елдес Омаровты (геометрия, физика оқулықтарын жазған), Жүсіпбек Аймауытовты (психология оқулығын жазған), Халел Досмұхамедұлын (адамның тән тірлігі (анатомия), жануарлар т. б. медицина оқулықтарын жазған), Қаныш Сәтбаевты (алгебра оқулығын жазған), Міржақып Дулатов, Кәрім Жәленов, Сұлтанбек Қожановтарды (арифметика оқулығын жазған), Жұмахан Күдеринді (өсімдіктану оқулығын жазған), Әлімхан Ермековты (жоғары математиканың аналитикалық геометрия оқулығын жазған) ерекше атап өтуге болады. Бұл еңбектер А. Байтұрсынұлы жасаған ғылыми терминология принциптеріне негізделіп жазылған. Ғылымның әр саласы бойынша ұлттық ғылыми атаулар жасалып, айналымға енгізілді, ғылыми жазу мәнері қалыптаса бастады.
9. Ұлттық ғылым тілінің бастаулары Ахмет Байтұрсынұлынан басталады. Ахаң жасаған ілім – ұлттық ғылымның қайнар көзі, сусындар бұлағы десе де орынды. Олардың еңбектері Ахмет Байтұрсынұлы жасаған ғылыми терминология принциптеріне негізделіп жазылған.
10. Қазақтың зиялы қауым өкілдері оқулықтарды, оқу құралдарын, ғылыми шығармаларды жалпы халықтық әдеби тілде жазуға тырысты. Ғылым - білімнің дамуымен байланысты, тілде жаңа ұғымдар туып отырды. Оны белгілейтін жаңа сөз (неологизмдер) туады. Ғылымның белгілі бір саласында пайда болған жаңа сөздердің ұзақ не қысқа уақыт қолданылуы ғылымның өмірде алатын орнына, практикалық мәніне байланысты.
12. Терминология мәселелерінің маңыздылығы, біріншіден, қазақ тіліндегі терминдерді дұрыс жасаумен, оның реттілігімен, тұрақтылығымен, екіншіден, мемлекеттік тілдің ертеңгі жай - күйі мен келешегін қанағаттандыра алатын ахуалымен өлшенуге тиісті.
15. Терминжасамның негізгі көзі ретінде ұлт тілі басты назарға алынғанда ғана шын мәніндегі ұлттық терминология қалыптасады.
Жалпы кез келген тілдің терминологиялық лексикасының түзілуіне негіз болатын екі көзі бар. Оның бірі – ұлттық тіл, екіншісі – өзге халықтардың тілдері. Алғашқысы – терминжасамның ішкі көзі, ал кейінгісі сыртқы көзі деп аталады. Бұл көздердің термин шығармашылығында пайдаланылуы – ғылым - білімнің даму деңгейіне, ұлт тілінің қоғам өмірінде алатын орнына тікелей байланысты. Бүгінгі ғаламдану жағдайында екі көздің екеуі де терминжасам үшін қажетті көздер болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |