Қастек Баянбай
Қастек Баянбай — 1936 жылы 15 қарашада Алматы облысының Алакөл ауданындағы Талдыбұлақ деген жерде дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінде білім алған. 1960 жылдан бастап Алакөл аудандық, 1965 жылдан бастап Алматы облыстық газет редакцияларында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеген. 1971–1995 жж. «Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі, «Жалын» баспасында Бас редактор қызметтерін атқарған.
Балаларға арналған «Арғымақ» атты алғашқы жинағы «Жазушы» баспасынан жарық көрген. Өлеңдері бастауыш сынып оқулықтарына, көмекші құралдарға еніп, кейбіріне әндер жазылған, ертегілері бойынша мультфильмдер түсірілген, орыс, украин, белорус, өзбек, болгар, молдован, түрікмен, әзірбайжан, литван және басқа тілдерге аударылған.
1986 жылы «Тәтті сабақ» жинағына І.Жансүгіров атындағы сыйлық берілген.
Бельгия ақыны Э.Верхарнның, болгар ақыны Л.Левчевтің, орыс ақындары С.Михалковтың, А.Бартоның, Р.Рождественскийдің, З.Александрованың, якут ақыны С. Даниловтың, түркімен ақыны Қ.Тәңіріқұлиевтің, молдован ақыны Г.Виерудің және т.б. ақындардың туындыларын қазақшалаған. Екі томдық «Орыс поэзиясының антологиясын» аударуға қатысқан.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2005) марапатталған.
Сары бояу
Сипап өткен самалға
Тербеледі сары алма.
Шолып едім бақшаны,
Қауын біткен сап-сары.
Көрінеді шалғайдан
Бел-белестер сарғайған.
Жарқыраған,
Жайнаған
Сары бояу айналам.
Жомарт күздің бояуы
Дәл осындай болады.
Балабақша
1. Жетіге аяқ басқалы
Жетіге аяқ басқалы
Жүз жыл өткен сияқты.
Ұмыт бола бастады
Созған күндер
Құлақты.
Күнтізбенің биылғы
Бетін күнде аударам.
Менің туған күнімді
Ұмытты ма
Әлде анам?
Өтіп жатыр ретімен
Көктем жазға жалғасып.
Осындайда жетіден
Кетпедім бе
Әлде асып?
Қанша жүрем күтініп,
Бөкпенімді жеп текке.
Балабақты бітіріп,
Барсам деймін мектепке.
2. Таңертең
Ерте тұрғым келмейді,
Бірақ тағы тұрамын.
Көзім түкті көрмейді,
Естімейді құлағым.
Суды ағызып ақырын,
Жуған болам бетімді.
Кешегі көп ақылым
Кеміп қалған секілді.
Балабаққа бүгін де
Барғым келе қоймайды.
Жақсы көрем үйімде
Кейде жеке болғанды.
Бірақ үйден шығамын,
Қол ұстасып көкеммен.
Ашылып көз,
Құлағым,
Балабаққа жетем мен.
Тапсырмалар.
Қастек Баянбайдың өмірі мен шығармашылығын оқу.
Автордың «Арғымақ», «Тәтті сабақ» жинақтарымен таныс болу.
Автордың бір өлеңін мазмұнын, құрылысын талдау.
Достарыңызбен бөлісу: |