Қазақ Әдеби тілінің тарихи арналары жоспар



Дата13.10.2022
өлшемі18,46 Kb.
#42836

  1. ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІНІҢ ТАРИХИ АРНАЛАРЫ

Жоспар

  1. Ежелгі түркі ескерткіштерінің тілі

  2. Орта ғасырдағы түркі ескерткіштерінің тілі

  3. Ауыз әдебиетінің тілі

Қазақ халқы – ежелгі түркі тайпаларының ұрпағы. Сондықтан түркі тайпаларының арасында туып, ғасырлар бойы ауызша және жазбаша сақталып келген туындылар түркі халықтарының көпшілігіне, оның ішінде қазақ халқына да ортақ екендігі екендігі белгілі.
Ежелгі түркі (V-X ғ.ғ.) тілдері ескерткіштері (Орхон-Енисей жазу нұсқалары) мен ұйғыр жазу ескерткіштер тілі. Зерттеуші Қ.Өмірәлиев көрсеткендей, түркілердің V-VIII ғасырлардағы көркем сөз үлгілері түркі поэзиясының, әдеби тілінің тууының басы емес, тарихи белгілі кезеңінің ғана басы, яғни түркілердің ауызша поэзиясы: тұрмыс-салт жырлары, жоқтау, өлең айту салттары дидактикалық, шешендік толғаулар, мақал-мәтелдер өте арғы заманда жасалған.
Құлпытастардағы жазулар Тоныкөк, Білгеқаған, Күлтегін жайындағы мадақ жырлары, жоқтау өлеңдер болғандықтан ондағы шешендік сөйлеу, мақал-мәтелді тіркестер жанры, көркемдік тәсілі, жалпы тілдік қолданысы жағынан қазақтың ақын-жырауларының шығармаларына, батырлық жырларына біршама жуық келеді.
Қазақ тілі мен көне түркі ескерткіштерінің тіліндегі іліктестікті шамамен мынадай жүйеде көрсетуге болады:
Фонетикалық жүйеде. дауысты дыбыстардың жуан-жіңішке жұп құрауы, олардың сөз ішінде қазақ тіліндегідей позицияларда келуі. Түркі тілдеріндегі ш/с сәйкестігі бойынша екі нұсқаның да көне түркі тілінде қатар келетіні байқалады: іс/іш, ас/аш, кісі/кіші, йаш/жас, түргеш/түргес, адаш/адас, беш/беснч т.б. Көне түркі тілінде е/и(і) варианттары жарыса қолданылса, қазіргі қазақ тілінде е варианты көбірек қолданылады: ел/ил, бер/быр, йеті/йіті, кет/кит, кеш/киш т.б. Екінші буында у(ұ), у дыбыстарының орнына қысаң ы,і дыбыстарының келуі де (учун/учін, тоқуз/тоқыз, оғлум/оғлым, буңусуз/буңсыз) қазақ тілінен жалғасын табады. Сонор р,л,н дыбыстарына аяқталған сөздерге қатаң дыбыстан басталатын қосымшаның жалғануы көне түркі тілінде басым болса, қазақ тілінде бұл құбылыс қалдық ретінде сақталған: шідерті, жиынтық.
Сондай-ақ қазақ тілімен мүлде сәйкеспейтін белгілері де бар. Мәселен, көне түркілік тағ, бағыр, мүгіз, өгір тәрізді сөздердегі г/ғ дыбыстары қазақ тілінде й дыбысымен айтылады. Ескерткіш тілінде д-мен келетін тұлғалар қазақ тілінде й-мен келетіні белгілі (адырыл, ұлғад т.б.)
Орхон жазбаларындағы сингармонизм құбылысы, яғни сөздердің бірыңғай жуан не жіңішке айтылуы, алғашқы буындарында еріндік дауысты айтылғанына қарамастан кейінгі буындарда еріндік емес, езулік дыбыстардың келуі (ерін үндестігінің әлсіреуі), сөз буындарының дауысты/дауыссыз/дауысты түрінде құрылуы, ғ,г,п,р дыбыстарымен сөз басталмайтындығы – осылардың барлығы қазіргі қазақ тілінің нормаларына сай келеді.
Морфология саласында тәуелдік, жіктік, септік жалғауларының (барыстың
-ғару/геру,-табыстың ығ/іг түрінен басқасы) көрсеткіштері қазақ тілімен сәйкес келеді. Жіктеу, сұрау, өздік есімдіктері де қазақ тілінен көп ерекшеленбейді. Әрине, қазіргі қазақ тілінде жоқ тұлғалар да бар: есімшенің –мыш/міш, -чы/чі, көсемшенің –ы/і, -у/ү, шартты райдың –сар/сер тұлғалары т.б.
Тілдің ең өзгермелі қабаты оның лексикалық қоры екені белгілі. Соған қарамастан көне ескерткіштер тілінде қазақ тіліндегі тұлғалармен бірдей 130 сөз, фонетикалық айырмашылықтары бар 397 сөз, мағыналық та, тұлғалық та мүлде ұқсамайтын 311 сөз бар екені анықталып отыр.
Орта ғасыр (X-XVғ.ғ.) түркі ескерткіштері. X-XII ғасырларда Қараханидтер династиясы кезінде Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі халықтардың тіліндегі әдебиеті өркендеді. Қыпшақ, оғыз, қарлуқ, ұйғыр тілдеріндегі араб графикасымен жазылған ескерткіштер дүниеге келді. Ол ескерткіштер: Ж.Баласұғнидің «Құтадғу біліг», М.Қашқаридің «Диван лұғат ит түрік», Ахмет Иүгінекидің «Һибат ул хакаик» еңбектері.
XII-XVI ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштері Орта Азия мен Қазақстандағы, Еділ бойы мен Қырым түбегіндегі, Түркия топырағындағы түркі тілдес халықтарға ортақ мұра болып есептеледі. Ол ескерткіштер араб әрпімен жазылған: Рабғузи «Қисса сул әнбия», Абу Хянның «Китаб ал-идрак ли-лисан ал-атрак» атты шығармасы, «Ортаазиялық тефсир», Сайф Сараидың «Гүлістаны», Құтыбтың «Хосрау уа Шырыны», Хорезмидің «Мухаббат намесі» тәрізді шығармалар. Бұлардан да ілгеріректе IX-X ғасырларда жарыққа шыққан «Оғузнаме» дастаны бар.
«Оғуз наме» әуелде ауызша дүниеге келіп, XIII ғасырдың аяғында ғана хатқа түскен. Оның тілін, құрылымдық ерекшелігін ғалым Қ.Өмірәлиев жан-жақты зерттеді.
«Құдадғу біліг» - түркі жазба әдеби тілінде жазылған тұңғыш шығарма. Оның тілін зерттеушілер көне ұйғыр тіліне (С.Е.Малов), қарлуқ-ұйғыр (Ә.Нәжіп), қарлуқ-қыпшақ (Г.Ф.Благова), қараханидтер (А.Валидов) тілдеріне жатқызып жүр.
Махмут Қашқаридің «Диван лұғат ит түрік» еңбегіне қазақ зерттеушілері (Қ.Өмірәлиев, Р.Сыздықова) «көне түркі әдебиет ескерткіштерінің қысқаша хрестоматиясы» деп баға берген. Еңбектегі жоқтау өлеңдерінің, мақал-мәтел үлгілерінің, шешендік сөздердің мазмұны, құрылымы, ұйқастық ерекшелігі қазақ ауыз әдебиеті үлгілерімен, жыраулар шығармашылығымен, Алтын орда дәуіріндегі әдеби үлгілермен астасып жатқандығы байқалады. Ескерткіш тілі жағынан қазіргі түркі халықтарының ортақ мұрасы болып саналады.
Ахмет Иүгінекидің «Һибат ул хакаик» еңбегі қараханид түркілерінің тілінде жазылған.
Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» өлеңдер жинағы. Жинақтың тілі сол дәуірде Қазақстан мен Орта Азияны мекендеген бірнеше түркі тілдеріне ортақ түсінікті болған. Оның тілін зерттеген А.К.Боровков оны Қараханид әдеби дәстүріндегі оғыз-қыпшақ тілінде жазылған шығарма деп санайды.
Әмір Нәжіп шығарма тілі қыпшақ-оғыз аралас тілді танытады, оған «Құтадғу білігтің» тілі әсер етпеген десе, түрікмен зерттеушісі М.Хыдыров Ясауи тілін қарлуқ хорезм тілдерінің ескерткіші деп санайды. Көптеген зерттеушілер Ясауи хикметтерінің тілін қазақ әдеби тілінің бастау көзі болды деп есептейді. Қазақ ғалымдарынан хикмет тілін жан-жақты зерттеген – Р.Сыздықова екені белгілі.
Шығарманың бірнеше көшірмелері бар. Соның ішінде ең әрісі 1693-94 жылғы, берісі XIX ғасырдағы көшірмесі. Көшірмелердің сапасы, хикметтердің орналасу реті, көшіру сауаттылығы әр түрлі.Кейбір қолжазбаларда, кейін белгілі болғанындай, Ясауидікі емес өлең жолдары еніп кеткен.
Хикметтің тілі. Лексикалық құрамы үш қабаттан тұрады: түркі, парсы, араб сөздері.
Морфологиялық сипатында қыпшақтық та, қыпшақтық емес те деректер кездеседі. Қазақ тіліндегі сияқты сан есммен келген сөздерге көптік жалғауы жалғанбайды. Есімдік, үстеу тұлғалары, етістіктің грамматикалық формалары (көсемше, есімше) септік, көптік, тәуелдік жалғаулары кейбір ерекшеліктері болмаса, негізінен қазақ тіліндегі нұсқасымен бірдей.
Лексика-грамматикалық сипатына қарап, хикмет тілін қазіргі қазақ әдеби тілінің бастау көзі деп толық айтуға болады. Күні кешеге дейін, ертеректе қолжазбалар арқылы, кейінгі ғасырларда кітап болып басылу арқылы әрі ислам дінінің халық идеологиясына жақын суфизм ағымын насихаттау үшін, әрі мұсылманша оқу-ағарту ісінде оқу құралы ретінде жиі пайдаланғандықтан, Ясауидің өз шығармалары да, оның шәкірттерінің бірі С.Бақырғанидің өлеңдері де әуелі қазақ халқын құраған ру-тайпалар арасында, кейін қазақ қауымында өзге түркі ескерткіштеріне қарағанда кеңірек тараған. Сондықтан мұндағы араб, парсы сөздері қазақ тілінен орын алып, орныға түскен. Мысалы, тарихат, шариғат, хакикт, зікір, хақ нұры, он сегіз мың ғалам, сахар уақыты, жарық дүния, субхан ига сияқты тіркестер қазақ тіліне Иасауи мен Бақырғани хикметтерніңі таралуымен енген.
«Хосрау уа Ширин» - поэтикалық туынды. Поэтикалық ерекшелігі жағынан «Құдатғу білігке» жуық келеді. Тілін бар ғалымдар Алтын Орда уалаятының әдеби тілі десе, енді біреулері Орта Азияның оғыз-қыпшақ әдеби тілі деген пікір айтады.
Дастанның бізге жеткен жалғыз көшірме-қолжазбасының мәтінін жариялап, сөздігін жасаған және лексика-морфологиялық ерекшеліктерін зерттеген поляк ғалымы А.Зайончковский оны қыпшақ тілінің әдеби мұрасы деп таниды.
«Мухаббат наме» - Алтын Орда дәуіріндегі XIV ғасырдың ескерткіші. Поэма тілінің негізі – Алтын Орда қыпшақтарының тілі. Бұл поэма қазақ лиро-эпосымен үндес. Дастанның 11буынды, екі тармақты өлең тәсілімен берілуі де қазақ көркем сөзінің бастауы екендігін білдірсе керек.
Сайф Сараидың «Гүлстан» поэмасы да XIV ғасырдың ескерткіші. Тілі жағынан «Мухаббат намеге» жақындайды. «Хосырау уа Шырынға» қарағанда архаизмдер аз кездеседі. Осы ескерткішті терең зерттеген Ә.Нәжіп оның тілінің негізгі қабаты қыпшақтық, сонымен қатар оғыз-түрікмен элементтері де орын алған дейді.
Ә.Нәжіптің зерттеулеріне қарағанда, қыпшақ тілінде жазылып, оғыз тілдерінің әсеріне ұшыраған ескерткіштердің және біреуі Әли деген автордың «Жүсіп-Зылиха» поэмасы. Ал Дүрбектің «Жүсіп-Зылиха» поэмасын өзбек зерттеушілері өзбек тілінің ескерткіші деп көрсеткенмен, мұның да қыпшақ тілімен ұқсастығын өзге зерттеушілер баса көрсетеді.
Қазақ тіліне біршама жақын деп танылып жүрген ескерткіштің және бірі – «Аттһфиа-ул-закийа фил луғат ит-туркийа» («Түркі тілі туралы жазылған ерекше сыйлық»). Зерттеушілердің топшылауынша, XIV немесе XV ғасырлардың бірінде Мысыр елінде дүниеге келген. Мәтінін жариялап, тілін зерттеген – венгр, түрік, поляк, өзбек ғалымдары, Ә.Нәжіп, қазақ ғалымдары Ә.Құрышжанов, Т.Арынов сияқты ғалымдар. Т.Арыновтың зерттеулерінде бұл шығарманың лексикалық, фонетикалық сипатының қазақ тілімен дәл бірдей келетіні айтылған.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет