СӨЖ Тақырыбы: Әдебиеттану ғылымының тарихы және озық тәжірибелері
Орындаған: Жумабекова П.Б.
2021-2022
Қазақ әдебиеттану ғылымы – қазақтың ұлттық көркем әдебиетін зерттейтін ғылым.
Қазақ әдебиетінің тарихы, теориясы, сыны, сондай-ақ текстологиясы мен библиографиясын қарастыратын салалары бар. Қазақ әдебиеттану ғылымының мақсаты мен міндеті – қазақ әдебиетінің туу, қалыптасу және даму жолдарын зерттеу, әдеби құбылыстар мен сыншылдық-эстет., әдеби теориялық, және ғыл.-зерттеушілік ой-пікірлерді анықтап, ғыл. жүйеге түсіру және әр түрлі қоғамдық-әлеум. жағдайлар барысында ұлттық әдебиеттің халық руханиятына, қоғамдық сана-сезімі мен ұлттық таным білігіне жасайтын ықпалын айқындау. Қазіргі Қазақ әдебиеттану ғылымының ұлттық ғылым ретінде туу, қалыптасу және даму жолы негізінен былайша жүйеленеді:
Қазақ әдебиеттану ғылымы пайда болуындағы тарихи алғышарттар кезеңі
Бұл кезең ежелгі әдебиеттен басталып, қоғамдық даму сатыларына сай 20 ғ-ға дейінгі уақыт аралығын қамтыды. Түркі жазба ескерткіштерін хатқа түсіруден бастап, 19 ғ-дың соңына дейін созылған ұзақ мерзім Қазақ әдебиеттану ғылымының тууына дейінгі тарих алдындағы дайындық кезең болғандығы, тарихи сабақтастық принципіне сай өсу-толысу, эвол. даму сипатында өткені анықталды. Ол 19 ғ. шегінде Ресей ориенталист-фольклортанушы ғалымдарының еңбектерімен ғана шектелмей, ұлтттық зиялы қауым өкілдерінің фольклортану, әдебиет тарихы мен теориясы салаларындағы зерттеу еңбектерінде белгілі бір дәрежеде өсіп, ұлттық ғылымның тууына негіз болды
Қазақ әдебиеттану ғылымының туу кезеңі (1900 – 40)
20 ғ-дың басында ғұмырнамалық зерттеулердің көбеюі, ұлттық әдебиеттің тарихы мен теориясы мәселелерінің нақты сөз бола бастауы, библиогр. бағытта алғашқы қадамдардың жасалуы Қазақ әдебиеттану ғылымының пайда болғандығын көрсетті. Әдеби мұраны ғыл. игерудегі барлық талап-тілек пен әдіс-тәсілді меңгеруге дейінгі ғыл.-зерттеушілік ой-пікір 20 ғ-дың басынан бастап әдебиет тарихы мен теориясын зерттеуде, әдеби сынды тудыруда ғыл. және эстет. биіктіктерге ұмтылды. 20 ғ-дың 20-жылдары “Әдеби мұра керек пе, жоқ па?” деген мәселеде пролеткультшылдық нигилизмге қарсы күресе отырып, әдеби мұраны игеруде “бірыңғай ағым теориясының” оң бағытын пайдаланды, оны жинау, жариялау, ғыл. тұрғыда бағалау, заман талабына сай пайдалану, шығарм. үйрену секілді өзекті мәселелерді шеше алды. Ал 30-жылдары “тұрпайы социологизм” теориясының ықпалында бола тұра, фольклор мен қазақ әдебиетінің сан ғасырлық даму жолын тарихи тұрғыдан тану, зерттеу және кезеңдерге бөлу секілді келелі мәселелерге батыл бара білді.
Сонымен қатар, осы уақыт аралығы Қазақ әдебиеттану ғылымы үшін ғыл. зерттеу әдіснамасын меңгеру, идеялық, шығарм. принциптерді игеру кезеңі болды. Қазақ әдебиеттану ғылымының туу кезеңі тап келген бұл мезгіл республика тарихындағы өте ірі оқиғалар мен орны толмас қателіктерге толы кезең еді. Халық ағарту ісінің жолға қойылуы, мәдениет орындары мен зерттеу ин-ттарының ашылуы, баспасөздің өркен жаюы, т.б. әдеби-мәдени іс-шаралар әдеби мұраны игеруге қолайлы жағдай туғызғанымен, ұлт саясатының бұрмалануы, жеке басқа табынушылық, маркстік-лениндік әдіснаманың тапшылдық, партиялық талаптары оған кері әсер етті. “Ұлтшыл-алашшылдарға” қарсы күрес пен 37-жыл зұлматы Қазақ әдебиеттану ғылымының ізашарларын, тәжірибелі әдебиетші ғалымдарды қуғын-сүргінге ұшыратты, ғыл. жұмыспен еркін шұғылдануға мүмкіндік бермеді. Осындай қиыншылықтарға қарамастан, Қазақ әдебиеттану ғылымы 1900 – 40 ж. аралығында өзінің туу кезеңін аяқтады.