Қазақ фольклоры
Миф, аңыздар
Көшпелілер мәдениетінің ең бір көне нұсқалары — ол миф пен әпсаналар. Миф — фольклордыңең көне жанры. Оның тұп-тамырлары сонау алғашқы қауымдық құрылыстан басталады. Адам баласы өзін қоршаған орта, табиғат, жан-жануарлар, өмір, өлім, өсіп-өну туралы ерте заманнан-ақ өз түсініктерін қалыптастырған.
Көшпелілердің көне мифтік көзқарастары жыр-аңыздарда көрініс тапқан. Түркі көшпелілерінің ең көне аңыздарына Қорқыт туралы аңыз-әңгімелер жатады. Қорқыт туралы аңыз-әңгімелердің негізгі сюжеті — өмір мен өлім, адамның ажал алдындағы дәрменсіздігі.
Ежелгі ғұндардың, көне үйсіндермен қаңлылардың аңыз-әңгімелеріне, жырларына "Ер Төстік", "Еділ — Жайық" эпостық жырлары жатады. Ә.Марғұланның айтуынша, бұл ғажайып мифтер Қазақстанныңкөп жерінде сақталып келген, әсіресе Еділ мен Жайық өзендері аралығында көп таралған. "Еділ" аңызындағы батыр жалғыз көзді дәумен кездесіп, оның көзін қыздырған темірмен ағызып түсіріп жеңеді.
Ғұн дәуірінен сақталған аңыздың бірі — "Дың-сұлу". Аңыз бойынша, ерте дәуірдегі ұлы ханның қызына Әлеупа батыр ғашық болады. Хан биік мұнара — "дың" тұрғызып, қызын сол мұнарадағы жайға орналастырып, дыңның сыртынан қырық күзетші қойған екен дейді. Жігіт мұнараға тылсым арқылы шығады. Қыз оған ғашық болады. Содан әкесінен рұқсат сұрап жігітке қосылады. Бұл аңыздың таза ғұн дәуіріндегі нұсқасы бойынша, хан өзінің өзгеше сұлу туған екі қызын елсіз жапан түзге салынған
"дың" — мұнара ішінде сақтайды. Оның қыздарына бәрі (қасқыр) ғашық болып, қыздарға күн болып дарып, олардан көп ұрпақ тарайды. Қозы Көрпеш—Баян сұлудың кешенін ғалымдар ғұндарда да болған сондай "дыңның" бір түрі деп есептейді.
Ғұндардың керемет әпсаналарының біріне олардың басын біріктіріп үлкен мемлекет құрған Мөде тәңірқұты туралы аңыз-әңгіме жатады. Ғұндар бірнеше ғасырлар бойы Қытайды бағындырып келген. Бірақ әр кез Қытайдан жеңіліс тауып отырған. Ғұн елі бір әлсіреген кезде Қытай үкіметіМөдеге елші жіберіп, оның бір керемет жүйрік атын беруді талап етеді. Мөде уәзірлерін шақырып кеңеседі, уәзірлер бермеуге кеңес береді. Бірақ Мөде күш жинап алғанша елдің амандығын тілеп, атты бергізеді. Соғысқа сылтау іздеген Қытай басшысы ендігі жерде Мөденің бір сұлу жас тоқалын өзіне әйелдікке беруді сұрайды. Мөде бұл қалауын да бергізеді. Үшінші жолы әбден даңдайсыған қытайлар ғұндардың оңтүстігіндегі бос жерді сұрайды. Сонда Мөде тағы да уәзірлерін жинап алып ақылдасады. Сонда уәзірлері: "Ақыры бос жатқан жер ғой, берейік", — дейді. Мөде сонда "Біздің ең құнды, қасиетті дүниеміз — жер, біз бір тұтам да жер бермейміз", — дейді де, Қытайға соғыс ашады және жеңіске жетеді. Ғұндардың бұл әпсанасынан көшпелілер үшін "жер", "атамекен" ұғымы сонау ерте бастан-ақ ең қасиетті, ең қадірлі құндылық саналғанын көреміз.
Достарыңызбен бөлісу: |