Қазақ фольклорының тағы бір қомақты бөлігін тарихи жырлар құрайды. Тарихи жырлардакейде оқиғаларжазба тарих сарынына сәйкес баяндалса, екінші бір тұста қиялдау, көркемдік жинақтаутүрінде беріледі.
Түркі халықтарына ортақ, ноғайлы заманының тарихи жырларына Едіге батыр жайындағы жыр, аңыздар жатады. Бұл жыр қазақ, ноғай, қарақалпақ, башқұрт, татар, көшпелі өзбектер, алтайлықтарда сақталған. Сәкен Сейфуллиннің сөзімен айтқанда: "Қоспа ертектерін, жапсырма "кереметтерін" былай алып тастағанда, қазақтың ескі ел әдебиетіндегі бұл Едіге батырәңгімесінен Алтын Орда іріп-шіри бастаған кездегі заманның оқиғаларына меңзейтін бірсыпыра жайттар көрінеді". Едігенің ұрпақтары саналатын Орақ, Мамай, Қарасай, Қази жайындағы жырлар, "Шора батыр", "Ер Сайын" тарихта болған ноғайлы елі тұлғаларына арналған жырлар.
Қазақтың тарихи өлеңдерінің қалың жұртқа белгілісінің бірі — "Елім-ай" өлеңі. Белгілі фольклортанушы Рахманқұл Бердібайдың сөзімен айтқанда: "Бір замандағы ел басына душар болған қайғылы оқиғаның елесіндей бұл шығарма тек көркем мұра ғана емес, саяси құжаттың орнына да жүргендей". Бұл мұңлы өлең — 1723 жылы жоңғарлар шапқыншылығынан қойдай қырылып, бөкендей ауған қазақтың "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" заманының тарихишығармасы. Зерттеушілер бұл өлең ұзақ жырдың тек ел аузында сақталып қалған үзіндісі деп есептейді. Осы жырдың тобықты Топыш ақын айтқан екен деген нұсқасы 86 жолдан тұрады. Жырда қазақ елінің кіндік жері ретінде Қаратаудың аталуы тегін емес, өйткені XV ғасырдан бері "қазақ" деген атпен құралған халықтың әкімшілік, мәдени, діни орталығы Қаратау, Түркістан болғаны белгілі.
ғасырдың соңында, яғни "Ақтабан шұбырындыдан" бұрын жоңғарлар қазақ жеріне бірнеше жорық жасаған. Ол шабуылдарға тойтарыс берген қазақ қолдарын басқарған Төле би, Жәнібек, Қасым, Әбілмәмбет сияқты ел билері мен хандарының ерлігі баяндалатын жырлар әлі Қазақ әдебиеті қолжазбалары қорында зерттеушілерін күтіп жатыр.
ғасырдағы тарихи жырларға Абылайға арналған жырлар, "Қабанбай батыр", "Бөгенбай", "Шақшақұлы ер Жәнібек", "Олжабай батыр", "Сырым батыр", "Арқалық батыр", т.б. жатады. Бұл жырларда, негізінен алғанда, қазақ батырларының жоңғарларға қарсы күресіндегі ерлік жолы баяндалады. Бұл жырларда жыр арналған батырлардан басқа батырлар туралы да деректер кездеседі.
ғасырдың тарихи оқиғаларын суреттейтін жырлар да мол. Оның ішінде Кенесары
—Наурызбай бастаған халықтық қозғалысқа арналғандары — "Қиса Наурызбай төре",
"Кенесары — Наурызбай дастаны", "Кенесары поэмасы", "Қиса Наурызбай төрені" Жүсіпбек Шайхисламұлы, "Кенесары—Наурызбай" дастанын Хан Кененің жорықтарына қатысқан, барлық оқиғалардың куәсі болған Нысанбай жырау шығарған. Кенесарыға арналған, оның ерлік жолын дәріптеген, көбіне авторлары белгісіз жоқтау, мақтау өлеңдері де аз емес.
XIX ғасырдың тарихи өлеңдеріне "Исатай-Махамбет", "Бекет батыр", "Жанқожа", "Досан батыр", "Еңлік—Кебек", "Қалқаман— Мамыр", "Өтеген батыр", "Сұраншы батыр" жырларын жатқызуға болады.
Ығылман Шөрековтің "Исатай—Махамбет" атты шығармасында Жәңгір хан мен Исатай, Махамбеттің арасындағы күрес, 1836—1838 жылдардағы Кіші жүздегі халық қозғалысының тарихы баяндалса, "Жанқожа батыр" жырында қазақтардың Хиуа хандығы менРесей отаршылдарына қарсы күресі, "Бекет батыр", "Досан батыр" жырларында Маңғыстауөңіріндегі осы аттас батырлардың тарихи ерліктері жырланған. Бұл жырларда тарихишындық эпостық өсірелеумен астасып, араласып отырады.
XIX ғасырдың екінші жартысында Ресей империясының отарлық езгісіне қарсы Есет Көтібаровтың, Жанқожа Нұрмағанбетовтің, Досан Тәжиевтің көтерілістері жаншылып, отарлық саясат әбден күшейген кезде Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Нарманбет, Әбубәкір Кердері, т.б.өлеңдері тым мұңды, тым күйрек сарындағы шығармалар еді. Шортанбай бастаған бұл ақындарды кезінде "Зар заман ақындары" деп кінәладық та, шындығында, бұлар заманға қатты наразы, қазақтың, елдің, жердің, дінніңболашағынойлап күйзелген ақындар еді. Мысалы, Мұрат ақын:
Еділді тартып алғаны — Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны —
Жағаға қолды салғаны, — десе, Шортанбай:
Елді алды, елді алды,
Есілді алды, жерді алды,
Енді алмаған не қалды? —
дейді.
Кезінде Сүйінбай Аронұлы, одан соң Жамбыл Жабаев жырлаған "Өтеген батыр", "Сұраншы батыр" жырлары Жетісу жерінен шыққан XVIII ғасырда Жоңғар шапқыншылығына, XIX ғасырдың ортасында Қоқан басқыншыларына қарсы күрескен батырларжөніндегі эпостық өлең шежіре.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі жөнінде сол көтерілістерді көзбен көрген Омар Шипиннің,Кенен Әзірбаевтың,Есдәулет Кәндековтің,Сәт Есенбаевтың, Жамбыл Жабаевтың өлең-жырлары тарихи деректердің бір бөлігін құрайды.
Сонымен, көне мифтер, аңыз-әңгімелер, эпостық жырлар, тарихи жыр-өлеңдер — мұның бәрі де қазақтың тек әдеби туындылары ғана емес, әрқайсысында еліміздің тарихының табы, бедері бар тарихи деректер, тарихи қайнар-бұлақтар деп қарастырған жөн. Бұл мәселелерді белгілі әдебиетші-фольклоршыларымыз қарастырған. Бірақ Ә.Марғұланнан басқа маман тарихшылар бұл телегей-теңіз деректерге қажетті мән бере алмай келеді. Бұл мәселелердің болашақ зерттеушісі сендер деп білеміз, жас буын![1]
1. Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М.
Қойгелдиев, т.б. —Алматы: "Мектеп" баспасы, 2006. — 232 бет, суретті.
Достарыңызбен бөлісу: |