Қазақ жастарының бүгінгі келбеті



Дата25.11.2023
өлшемі17,58 Kb.
#127373

Қазақ жастарының бүгінгі келбеті
Өмір – адамға бір-ақ рет берілетін табиғаттың баға жетпес сыйы, сол сыйдың ең қымбаты – жастық шақ. Жастық шақ – адам өмірінде күннің көтеріліп келе жатқан шуағы тәрізді. Ол- таң сәрісіндегі күннің сәулесі сияқты, келешекке мақсат қойған, сол арманына жету үшін бойы шабытқа толы, адам ойлау сезімінің толықсыған кезеңі.Әр адам жалындап, тынымсыз еңбек етіп, өмірінің негізін қалайтын уақыт бұл. Иә, өмірге шырылдап келген шарана күйімізден тепсе темір үзетін атпал азаматқа айналарымыз ақиқат. Еліміздің болашағы, ертеңі мен тұтқасының тізгінін бірдей ұстайтын бүгінгі жастар. Ақ пен қараны әлі ажырата алмайтын жастардың тәрбиесі, бойындағы қадір-қасиеті мен құндылықтары, еліміздің ертеңгі жағдайына елеулі әсерін тигізеді. Біздің қазақ халқымыз ежелден-ақ үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, бойында адамгершілік, адалдық пен әдептілікті дарытып, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын сақтайтын, Отанына деген сүйіспеншілігі мол, өз елінің патриоты болатын ұрпақты аңсаған. Бүгінгі жастардың келбеті қандай, олар еліміздің гүлденуіне қандай ықпал жасай алады? Менің ойымша, бүгінгі жастардың келбеті олардың алған тәрбиесі мен біліміне байланысты және олардың мақсаттары мен көздеген армандары Қазақстанымызды дамыған елдердің қатарына жетелейді. Қалайша?
Заман өзгерген сайын, оның өзіне тән құндылықтары да өзгеріп, олар бүгінгі жас ұрпаққа әр қилы әсер етеді. Қазіргі таңда әртүрлі жастарды кезіктіруге болады. Қоғамдағы бір топ арзан атаққа құмар, екіншісі өмірлік сапары басталмай жатып-ақ түңіліп, қараңғы түнекке кіріп барады, алдындағы тойтарысқа қарсы соққы беруді емес, бұғып, тығылып, кері айналып кетуді әдетке айналдырғандай. Бос мақтанға еріп, тән азығына шөлін қандырып, өзін-өзі шамадан тыс бағалауға көшті. Бұрынғыдай қазақ жастарының бойында қарапайымдылық, әдептілік пен сыпайылық қасиеттері бірте-бірте жойылып барады. Ол - Батыс елдердің мәдениетіне еліктеушілік, ырқынан шыға алмаушылықтың әсерінен. Сонымен қатар, XXI ғасыр-жаңа технологиялар заманы болғандықтан, бүгінгі таңдағы жастардың көбі гаджеттерді шамадан тыс қолданып,тәуелді болуынан, оларға “Әлеуметтің мүгедек” диагнозын қоюға болады. Швециядағы беделді университеттің докторы Аяд Рахван: «Әлеуметтік мүгедек – желіге өте тәуелді адам» деп көрсетті. Виртуалды өмірдің бояуына қанып бара жатқан белсінділер – жастар емес пе? Әлемдік өрмек тордың өрмегіне шырмалып, адам айтқысыз іске баруда. Байқасаңыз, имандылық, еңбек пен білім, теңдік пен шынайылық сынды ұлттық темірқазығымыздан айырылып бара жатқандаймыз. Дегенмен, бір жамандықтың артында бір жақсылық бар дегендей, жаңа технологиялардың арқасында еліміздің жастары өз білімдерін шыңдауға, қасиеттерін жетілдіріп, өздерін жан-жақты дамытып, жаңа нәрсені үйренуге, біліктілікті арттыруға мүмкіндік алады. Еліміздің білімді, әрі талантты жастары үшін үлкен мүмкіндіктер жасалып жатыр. Дарынды балаларға арналған мектептер ашылып, арнайы олимпиадалар мен сайыстар ұйымдастырылып жатыр, студенттерге шет елдерде білім алуына арналған бағдарламалар жұмыс істейді. Президентіміздің бастауымен осы жылдың түлектеріне грант санын көбейтіп, студенттердің стипендиясын арттыру жөнінде шешім қабылданды. Біздің біліміміз мол, көзі ашық,өз ғасырымыздың көшбасшысы болуы үшін, еліміздің жасап жатқан мүмкіндіктері сансыз көп. Ғабиден Мұстафин алқалы жиын үстінде: «Бүгін ұлтшылдықпен күресіп жатырмыз, ертең ұлтсыздықпен күресетін шығармыз», - деген екен. Сол сияқты осы мүмкіндіктерді пайдаланып, шет елдерге оқуға кетіп, сонда қалып қойған қандастарымыз айтарлықтай көп. Әрине, олардың шет елде жұмыс істеп, өмір сүруге, саяхаттап,Жер шарын аралау құқы бар. Дегенмен де, еліміз оларды жоғары білікті мамандардан білім алып,тәжірибе жинап, елімізде сол бағытты дамыту үшін жібереді. Сол себептен, Туған Жеріміздің біз үшін жасаған мүмкіндіктеріне риза болып, елімізге еңбек етіп, жақсылығын екі есе етіп қайтару керек. Қазірдің өзінде, Бейжіңде болып жатқан Қысқы олимпиадада Қазақстанның жұлдызын жарқыратып жүргендер қаншама. Ұлы ойшыл, дана Абай атамыз айтқандай “Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан” , біздің еліміздің жастары екі көзі оттай жанған, оқуға құштар елінің патриоттары болып, оның көркеюіне қандай да бір үлес қосып, аты бүкіл дүниежүзіне мәлім мемлекетке айналдыруы керек.
Қорытындылай келе, қазақ жастарының бүгінгі келбеті бұрынғыдан өзгергенімен, олардың Отанына деген махаббаты жүректерінің түбінде. Ғұмырын тиімді пайдаланып, жетістіктің асқар шыңын бағындырып, еңбек етуден, білім алудан жалықпайық.
Сен жанбасаң лапылдап,
Мен жанбасам лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ, - деген Назым Хикметтің жыр жолдары жастарымыздың жалындаған жігеріне жігер қосып, ел тізгінін ұстар нағыз азамат болатынына сенім мол.


Кусаинова Айым
Семей қаласы «№30 ЖОББМ» КММ 11-сынып оқушысы

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет