Қазақ терминологиясының даму белестері
С.Әлісжан, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемтерминком
мүшесі, Қазақстан
Назарбаев Университеті, Астана
Бұл мақалада еліміз тәуелсіздік алғалы ғылым ретінде дамып отырған қазақ
терминологиясының жай-жапсары туралы баяндалады.
Тіл білімінің басқа салалары тәрізді терминология да қазіргі кезде қарқынды даму
үстінде. Бұрын лексикологияның бір шағын саласы болып келген терминология – қазір
өзінше үлкен бір бағыт, зерттеу әдістері мен тәсілдері қалыптасқан, өзіндік ұстаным мен
бай тілдік материалға ие, басқа ғылым атаулымен шектесетін, ажырататын тұстары бар
үлкен сала болып табылады.
Бұл мақалада қазақ терминологиясы дамуының негізгі аспектілері сөз болады.
С.К. Алисжан
Назарбаев Университет, Астана, Казахстан
aliszhan-sarkyt@mail.ru
В статье рассматриваются современное состояние терминологический науки в
казахском языке. В частности, дается обзор проделанных научных работ в период
Независимости Казахстана, способствующих развитию казахской терминологии. Также
указываются важные аспекты в развитии казахской терминологии.
казахский язык, термины, терминологическая наука
The issue of the modern scientific terminology in Kazakh language is considered in the
article. In particular, it gives an overview of the research conducted since Kazakhstan has
become independent country, contributing to the development of the Kazakh terminology. Also
it indicates major aspects of the development of Kazakh terminology.
the Kazakh language, terms, scientific terminology
Еліміз тәуелсіздік алғалы қоғамдық өмір ғана емес, тіліміз де үлкен
өзгерістерді басынан кешіргені белгілі және ол өзгерістер жақсы жағына
қарай ойысып келе жатқанын аңғару қиын емес. Баз біреулер Тәуелсіздік
жылдарындағы тілдік өзгерістерге сыни көзбен қарап, оның дамуы мен
толыққанды қолданысына күдік келтіретіндей сыңай білдіреді. Алайда
мұндай сындар соншалықты шынайы деп айта алмаймыз. Егер еліміздегі
қоғамдық өмірмен санаса отырып, мемлекеттік тілдің жетілуін соған лайық
бағаласақ, тіліміздің қолданысы мен әртүрлі салалардағы көрінісін өзіне
берілген құқықтық және моральдық кеңістікте кезең-кезеңге орай іске асып
келе жатқанын байқаймыз. Әрине, кемшін тұстар жоқ емес, бар, тіпті көп
болуы да мүмкін, алайда қазақ тілінің қарқындылығы дәл қазір құқықтық
өріске емес, көбінесе адамдық факторға тәуелді екендігін мойындау қажет.
Тәуелсіздік жылдарында тілмен бірге тіл білімі де түлегені анық. Тіл
білімінің кейбір қасаң қағидалары шаң қауып, сол тілді қолданушы – адамға,
адамның рухы мен ойлауына, мәдениетке, дәстүр мен жаңашылдыққа тіл
білімі өз назарын аудара бастады. Тіл білімі тілдік құралдарды жалаң
зерттеуден гөрі осы аталған нәрселермен бірлікте, солармен байланыста алып
қарастыруға бет бұрды. Қоғам үшін, төл идеологиямыз үшін керекті мәселеге
ден қоя бастады. Тіл ғылымындағы жалпы зерттеу қағидаларының осындай
сипаты руханиятымыз үшін берері мол деген ойдамыз және оның бағасы
болашақтың еншісінде дегіміз келеді.
Тіл білімінің басқа салалары тәрізді терминология да қазіргі кезде
қарқынды даму үстінде. Бұрын лексикологияның бір шағын саласы болып
келген терминология – қазір өзінше үлкен бір бағыт, зерттеу әдістері мен
тәсілдері қалыптасқан, өзіндік ұстаным мен бай тілдік материалға ие, басқа
ғылым атаулымен шектесетін, ажырататын тұстары бар үлкен сала болып
табылады. Терминологияны осылайша түсінудің өзі осы саладағы ірі
бетбұрыстан хабар береді және бұл Тәуелсіздік жылдарының жемісі. Себебі
оған дейін қазақ тіліндегі «термин» ұғымының өзі қасаң түсініліп келді және
ол ұғымды ғылыми тұрғыдан таратар, жай-жапсарын түсіндірер тілдік
деректердің өзі тым тапшы, мардымсыз болды десе болады. Біздің
айтпағымыз, бұрынғы кеңестік түсінікпен «термин» десе көз алдымызға,
санамызға орыс тілінен енген сөз пайда болатындығы (өкінішке орай, мұның
сарқыншағы әлі жойылып біткен жоқ, басқа емес ғылыми жұртшылық
арасында «бұл сөзді аударуға болмайды, ол термин ғой» дейтін үстірт
көзқарас ауық-ауық кездесіп қалады) және ғылым тілінің негізінен
орысқолды үрдісте дамуы. Тәуелсіздіктен бері қарайғы тұста бұл мәселелер
өз-өзінен ығыса бастады, ғылым тілі қазақшаға бет бұрды, онымен бірге
бұрын аударуға болмайды деп жүрген термин сөздер аударыла бастады,
қазақ сөзі ғылым тілінің бірлігі ретінде жаңа сапаға көшті, міне, осының бәрі
қазақ тілінің ғылыми айналымға түсуінің көкжиегін кеңейтті. Қазақ тіліндегі
терминдер сала-сала бойынша зерттеле бастады, төркіндес ғылымдар
бойынша қарастырылды, екі тілді, көп тілді сөздіктер жарық көрді, термин
мәселелеріне арналған қаншама конференциялар өткізілді, қысқасы, қазақ
терминологиясы ғылыми әдебиеттерге бай, өзіндік ұстанымы қалыптаса
бастаған жеке салаға айналды. Біздің ойымызша, қазіргі қазақ
терминологиясының осы жетістіктерін сараптап, ғылым тезіне салатын және
алдағы міндеттерді айқындайтын уақыт жетті, сондықтан бұл конференция
деркезінде өткізіліп отыр деп санаймыз, осы басқосуда терминологияның
жаңа белестері айқындалып, талқыға салатын тың пікірлер, көзқарастар сөз
болады деп үміттенеміз. Біздің де көздегеніміз осы игілікті іске өз
тарапымыздан ат салысу, үн қосу болмақ.
Қазақ терминологиясы бойынша зерттеу жұмыстарын шартты түрде
төрт топқа бөлуге болатын сияқты: дәстүрлі зерттеулер, қолданбалы
сипаттағы зерттеу жұмыстары, танымдық терминология (терминдердің
когнитивтілігі), терминография мәселелері. Бұл топтардың барлығы өз
кезегінде дәстүрлі терминологиялық зерттеулерге қарыздар, өз бастауларын
содан алатыны кәдік. Дәстүрлі көзқарастардың негізінде басқалары туындап,
қазіргі кезде терминология саласының ауқымын кеңейте түсті.
Дәстүрлі зерттеулердің ауқымы кең. Оған термин қалыптастыру
тарихынан бастап, терминжасам және оның түрлері, құрылымы, лексикалық
қабаттар және жеке сала терминдерінің зерттелуі жатады. Термин жасаудың
қазығын қадаған Ахмет Байтұрсынұлының және басқа да Алаш
зиялыларының көзқарастары дәл осы Тәуелсіздік жылдарында жаңаша
сараланып, қазіргі терминологияға берер үлесі, қосар жаңалығы қайта
жүйеленді. Отызыншы жылдардың орта шеніндегі Құдайберген Жұбанов
негіз еткен термин қалыптастыру қағидалары бүгінгі күн тұрғысынан
қарастырылды. Қазақ сөзінің термин ретіндегі қолданысы күшейген сайын
зерттеулер де жандана түсті. Ә.Қайдар, Ө.Айтбаев, А.Абдрахманов,
Б.Қалиев, Ш.Құрманбайұлы, Ш.Біләл, С.Ақаев, Қ.Айдархан т.б. көптеген
зерттеушілер қазақ терминологиясын әр қырынан сипаттады. Бұл
авторлардың жұмыстарын қазақ терминологиясын ғылыми сала ретінде алға
жылжытқан, ілгері дамытқан және өзіндік бет-бейнесін айқындаған
зерттеулер қатарына қосамыз. Бұрынғы кеңестік мерзімде аты аталғанымен
терминология бойынша орыс тіліндегі теорияны пайдаланып келгеніміз
шындық, осы жұмыстардан кейін төл ұстанымдар пайда бола бастады және
бүгінгі күні ол ерекше қарқынмен жанданып отыр.
Қолданбалы зерттеулерге қазіргі термин ұсынуға, терминдерді
аударуға, термин жасаудың әртүрлі тәсілдеріне қатысты пікірлерді, сондай-ақ
Терминком жұмысын жатқызуға болады. Осындай сипаттағы жұмыстар
бұқараға термин шығармашылдығы жайында, терминдерді аудару, оның
себептері мен жолдары туралы мағлұмат беруде пайдалы болмақ. Өйткені
термин дегеніміздің өзі ғылым саласында ғана емес, күнделікті өмірде де жиі
қолданылатын, араласпайтын жері жоқ тілдік бірлік және қолданыста тосын
бір терминдік сөз пайда болғанда жұртшылықтың тосырқап (немесе
керісінше) қарайтыны бар. Міне, осы орайда ойымыздағы неге, неге олай?
деген сұраққа жауап бере алатындай терминдік (лингвистикалық) түйсік
болуы қажет және бұл міндетті көпшілікқолды жұмыстар орындайды.
Терминдердің өмірге дендеп енуінде БАҚ-тың рөлін айтпасқа
болмайды. БАҚ – жаңа терминдердің ең басты насихаттаушысы.
Терминдердің баспасөз бетінде жарияланып тұруы, әсіресе, өзгерісі көп
қазіргі кезеңде қажет. Баспасөз жаңа терминдерді көпшілікке таныстырады
және таныстырып қана қоймай, олардың пайда болуындағы,
қалыптасуындағы, жасалуындағы ерекшеліктерді көрсетеді, осының барлығы
жұртшылықтың термин жайындағы танымын, сондай-ақ ұстанымын
қалыптастырады. Ал мұндай жұмыстардың да керектігі сөзсіз, өйткені
көпшілік арасындағы әртүрлі мазмұндағы сауалдарға жауап қата алатындай
болуымыз қажет.
Терминологиялық сөздіктер де өз кезегінде аса қажет және олар
терминография саласының құрамында көрінеді. Бүгінгі күні қазақ тілінде
отыз бір томдық терминологиялық сөздіктің жарыққа шыққаны және оларды
өңдеп, толықтырып қайта шығару ісі де қолға алынып жатқаны мәлім. Жеке
авторлардың бастамасымен жарық көрген сала сөздіктері қаншама. Осы
тәріздес сөздіктерге теориялық тұрғыдан бағыт болатын, өлшемдері мен
қағидаларын белгілеп беретін, сөздік түзудің қыр-сырын зерттейтін еңбектер
қазіргі кезде ауадай қажет, сондықтан бұл бағыттың да болашақ бағдары
жоғары деп санаймыз.
Терминологияны танымдық тұрғыдан зерттеу енді қалыптаса бастады
және бұл, біздің ойымызша, қазақ терминологиясының ең бір өзекті,
болашағы зор ғылыми саласы болып табылады. Осы орайда танымдық деген
сөзді сән үшін емес, терминнің табиғатын жете тану үшін, терминнің таным
нәтижесі екендігін айқындау үшін қолдану қажет. Ғылымның өзі – таным,
қоршаған ортаны, заттар мен құбылыстарды ғылыми тұрғыдан тану болып
табылатыны түсінікті. Міне, осымен байланысты терминнің рөлі қандай,
адамның ғылымдағы (кейбр еңбектерде «кәсіби») іс-әрекеті мен ойының
көпірі іспеттес терминнің қызметін, теориялық жай-жапсарын кең тану –
қазіргі терминологиядағы басты міндеттердің бірі. Әсіресе қазақ тіліндегі
ғылым үшін бұл белсенді бағыт. Терминдерді танымдық тұрғыдан зерттеу,
сайып келгенде, ғылыми ой мен оны тіл арқылы жеткізудің сабақтастығы,
белгілі бір тәжірибеге негізделуі, қазақ тілінде сөйлейтін мамандардың
түйсігі мен танымының кепілі. Міне, осылар арасындағы үзілмейтін, бір-
бірімен ұласатын берік негізді іздеу – осы бағыттың айналысатын ісі.
Осы жағынан келгенде, әрбір сала, сала атаулары – концептуалдық
құрылымға ие танымдық жүйе болып табылады. Сала терминологиясы
құрамындағы осындай әрбір атаудың өзіндік түсіндірмесі – сол сала
бойынша жинақталған когнитивтік білімді көрсетеді. Ғылым-білім болғаннан
кейін оның көп саладан тұруы табиғи нәрсе, ал солардың арасында қазақ
халқының төл тәжірибесінен туындап, халық санасында қалыптасқан атаулар
да тілімізде мол. Айталық, әдебиеттану, тіл білімі, халықтық философия т.т.
гуманитарлық ғылымдар, сондай-ақ мал шаруашылығы тәрізді нақты
ғылымдар да кездеседі. Төл түсінік тұрғысынан аударылып алынған
терминдер мен ұғымдар да тілімізде жетерлік. Осылардың бәрі айналып
келгенде, танымдық терминологияның нысаны. Қуаныштысы сол, олар
зерттеушілер тарапынан зерттеліп те жатыр, сонымен бірге осы бағытты
қарқынды түрде қарастыру – болашақтың еншісінде.
Тілді (терминді де) танымдық тұрғыдан зерттеудің бір аспектісі – тілдік
тұлға мәселесі. Тілдік тұлға – когнитивтік тұрғыдан зерттеу нысаны ретінде
алынып жүрген жаңа түсінік. Тіл білімінде антропоөзектік бағыттың белең
алуымен байланысты қалыптасқан ұғымның бірі әрі бірегейі осы тілдік
тұлға ұғымы.
Жаңа ғылыми парадигмаға сәйкес тілді зерттеуде негізгі назар тілдік
жеке тұлғаға аударылады, сонымен байланысты тілді зерттеудің жаңа
мақсаттары, маңызды ұғымдар мен тәсілдер, теориялық негіздер қалыптаса
бастады. Атап айтқанда, антропоөзектік парадигма бірінші орынға адамды
шығарады да, тіл адам психикасын құрастырушы сипатта қарастырылады.
Адамның сөзді қабылдауы, сөз талғауы, бірегейлендіруі, олардың қыр-сырын
ой елегінен өткізе пайымдауы, осылардың нәтижесінде жинақталар
ақпараттар мен мәліметтерді жадыда сақталар қор ретінде жүйелеу –
барлығы тілдік бірліктердің болмысын ішкі және сыртқы әсерлер
тұрғысынан талдауға жол ашады, ал құрылымдық принциптер
психологиялық, философиялық, логикалық, танымдық қағидаларға ұласып,
тіл білімі ғылымының өрісін кеңейте түсуге ықпал етеді [Мына еңбекті
қараңыз: 1, 3-б.].
Осыған орай Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялыларының
термин жасаудағы тілдік тұлғасы мен қызметі жан-жақты талдауды қажет
етеді.
Қазіргі кезде ғалымдарымыздың терминдерді кәсіби (белгілі бір сала)
іс-әрекетпен тығыз байланыста қарап, кәсіби сана бірлігімен сәйкес келетін
қарым-қатынас тілінің бірлігі деп айқындауы осы бағытқа сай келеді.
Терминдердің әрбір жүйесі адам білімі мен іс-әрекетінің қандай да бір
саласындағы когнитивті-логикалық үлгіні білдіреді деуі де құптарлық. Сол
себепті С.Исақованың терминтанымның когнитивтік қырларында кәсіби
тілдік тұлға ұғымының басты орындардың бірін алатындығын негіздеуі
қолдауға тұрарлық. Автордың айтуында, кәсіби тілдік тұлға –
терминтанымның когнитивтік санаты болып табылады [2, 28-б.].
Аталған жайттар терминдерді танымдық тұрғыдан қарастырудың
кейбір тұстары ғана.
Қорыта келгенде, біз бұл баяндамада Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ
терминологиясының жалпы бет-бейнесін және даму жолдарындағы өзіміз
топшылаған кейбір мәселелерін барынша қысқа шолуды ұйғардық.
Әдебиеттер:
1.
Кенжеғалиев С.А. Қазақ тіліндегі ділдік лексиконның берілу
жолдары Диссертация авторефераты. Астана, 2009.
2.
Исақова С.С. Қазақ терминтанымының когнитивтік-прагматикалық
аспектісі (қоғамдық ғылымдар терминдері негізінде). Диссертация
авторефераты. Алматы, 2008.
Достарыңызбен бөлісу: |