Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау



Дата27.09.2023
өлшемі20,69 Kb.
#110501
түріБілім беру бағдарламасы
Байланысты:
Ботақара аңызы


Академик Е.А. Бөкетов атындағы университет

Филология факультеті “Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау” білім беру бағдарламасының 1-ші курс студенті Ахметова Айна Жарқынқызы.


Фольклорлық іс-тәжірибе
Мен 13-14.05 күнгі демалыстарда туған ауылым Қарағанды қаласы,Бұқар Жырау ауданы,Жаңақала ауылына барып фольклорлық іа-тәжірибе бойынша ізденіп жұмыстар жасадым. Ауылымның тумасы,ғалым, тарих ғылымының докторы,профессор Жамбыл Артықбаевтың “Бұқар Жырау” туралы кітабынан алынған үзінді аңызды жазып отырмын.

Жамбыл Артықбаев бұл оқиғаны көзі көрген ақсақалдардан естіп қағаз бетіне түсірген. Оқиға өмір шындығы екеніне өз басым кәміл сенемін. Себебі, қалмақтың сұлу қызы Цеценнің атының құрметіне қазіргі таңда Бұқар Жырау ауданы аймағындағы ауыл Шешенқара деп аталады деседі ауыл тұрғындары. Әрбір атаудың этимологиясы болғандықтан бұл аңыз толықтай шындыққа жанасады деген ойдамын.




Ханның көші сонау Қаратау алқабында "Хан қорғаны" атанған бекіністен бері талай жол жүрді. Сарысуды бойлап Нұраға жеткені де бірталай уақыт. Жақсы Толағай, одан Қарасерке, Қараағаш қонып, Қоржынкөлді басып, Қояндыны жағалап Қарасуға келді. Қарасудан кейін тоқтаған жері осы - Ботақара. Осы жерде көшті Мейрам сопы кіндігінен тараған бес тарап елдің сұңғыла жақсылары күтіп алды - батыры, биі, шешені аралас келген осы қорғасындай салмақты топтың мысы басты ма, әйтеуір Абылай аттан түсті. Ел жалма-жан ақсарыбасын сойын жорықтан аман келген жауынгерлерін қауышып қарсы алды. Абылай қалай бұл жерге тізе бүкпесін, өзі емес пе айтатұғын: "Осы бес мейрамның баласы деген ел пайғамбар мен шадияр тумады десеңдер, адамның бұлбұлы мен дүлділі түгел туған ел. Батыры көптіктен жаудан қорықпайды. Шетінен шешен бола туады да даудан қорықпайды" - деп.
Ақ Нұраның ұзын аққан бойындағы осы бір алқап аса көркем - бір жағы көл, бір жағы жылымшылап аққан Өткелсіз деген қара су, бір жағы суырылып жеке тұрған Жыланды. Қозы көш жер тұтас ескі заманның қорғандары екен, қазақтар оны ноғайлы заманынан қалған "мықтың үйі" дейді. Сонау бір төбеде көне кен орыны жатыр, апырмау қай заманда қазылған жер. Бұқар жадында арғы-бергі шежіреде Сары-арқада кен өндірісі дамыды деген дерек жоқ, бірақ осы төбелерден қазақтың ұсталары мысты да, қалайыны да жетерліктей тауып алады. Шұрқ-шұрқ қазып тастаған терең құдықтар соңғы мың жылдықтікі емес. Әбілғазы шежіресінде, Рашид ал-динде түркінің түбі темірші деуші еді - сол бағзы заманнан қалған белгі болар деп жобалайды жырау.
Ботақара бес мейрамға бірдей сияқты, бір жағы - сүйіндік-қаржас, бір жағы - қаракесек, бір жағы - қуандық-алтай. Қалың ел, қуатты рулар. Ерте уақытта осы жерде қазақ пен қалмақтың арасында бір соғыс болыпты дейді. Бұқар жырауға сол оқиғаға байланысты делінетін Өткелсіз бойындағы ескі бейіт те белгілі. Шамасы, Салқам Жәңгір ханның өлген кезі, елдің тыныштығы кеткен заман болса керек, қалмақта Батыр қонтәжі де өліп, оның орнына баласы Сенгенің жаңа ие болған уақыты. Қазақтың да, қалмақтың да басы асау төрелерінін басшылығын мойындамай, әр ру өз күнін өзі көріп жатқан уақыт екен. Осы бір қара төбенің бауырында Нарбота батыр бастаған қазақтың қосыны дамылдап қосын тігіп жатады. Ара-тұра арасында Әлтеке аталатын қарауылы бар, соны жұмсап жау қаратады. Бір мезгілдерде алыста қарауытып бір төбенің басында құс па, адам ба - әйтеуір бір қара көтеріліп, қайтадан жалп етіп қанатын жайғандай болып, әрі ұшып, көзден ғайып болыпты. Әуелде адам ғой деп шырамытып қалған Әлтеке әрі қарай қанатын жайып түскеннен кейін:. "е, құс екен" деп, қосынға келіп, еш қауіп күтпей жатып қалыпты. Сөйтсе, құс дегені қалмақтың қарауылы екен дейді, қазақтан айласын асырып, қаперсіз жатқан жігіттерді қалмақтар басып қалыпты. Жандәрмен аттылысы атты, жаяуы жаяу қалмаққа қарсы күш жұмсап, қару сілтеп жүрген жігіттерге дем бермек болып Нарбота "жекпе-жектің" ұранын айқайлады дейді. Қым-қуыт, ұлы сүргін тиылып, ортаға жарау қарагер ат мінген, бес қаруы түгел, сымбатты, сыптығырдай жігіт шыққан қалмақ жағынан. Қалмақтардың даусы "қалдамандап" майдан даласын жаңғыртып тұрған көрінеді. Екі батыр ортада емін-еркін араласып, аянбай шайқасты. Бірін-бірі алатын түрі жоқ, қылыш майрылды, найза сынды. Бір уақыттарда тақымнан айбалталарын алып ұмтылды. Қалмақтың қалқаны жұқа мыс табақша екен, дәл ортасында аузын арандай ашқан айдаһардың бейнесі бар, қазақ батырының жалманы қошқар мүйізделген ақ балтасы сарт еткенде, майрылып ішіне еніп кетті. Бірақ, қарсы сілтенген қаруы шүйдесінен тиіп, екі айбалта да соғысқа жарамай қалды. Қарудың бәрі істен шыққанда, ат шалдыққанда екі батыр жаяу алысқан екен. Міне, бірнеше сағат болды, екі жақ та сілтідей тынып жекпе-жекті тамашалап отыр, бұрын-соңды болмаған айқас. Талай қанды қырғынды көріп жүрген майталман жауынгерлер екі батырдың ептілігіне, шеберлігіне, жанкештілігіне таң қалып, сүйсініп отыр.
Осы сәтте қазақ жігіті алға ұмтылып қалмақты мойнынан құшақтай ұстағандай болды, шамасы іштен шалып лақтырмақ па қалай, солай дегенше болған жоқ, қалмақ жігіті бір жаққа бұлт ете қалды да қазақтың уысынан шығып кетті. Бірақ, қазақтың қолында дулығасы қалып қойды. Екі жақтағы қалың әскер таң-тамаша қалды, майдан даласын қазақтың "батыр қыз, жарайсың"-деген даусы гүмп етіп шығып басып кетті. Нарбота анықтап қараса алдында тоқпақтай қара бұрымдары тізесіне түскен, қиғаш көзі күлімдеген, ай жүзді, күн нұрлы бір бойжеткен. Күні бойы соғысқаны осы қыз. Апырмау, өңім бе әлде түсім бе деп батыр қатты абыржыды, мүмкін бұл моллалардың айтатын хор қызының өзі шығар. Бұл жекпе-жектен аман шығам деп ойлап па еді, қанша амал қолданса да қалмақтың қарсы айласы мен тегеуіріні шексіз еді гой. Жаны шахит шығар, пейіштің төрінде кездескен болар мына алдында тұрған асыл бейне. Нарбота қолын созып еді... әлі де күмәнді... қолы барып қыздың ақ сауытының жеңіне ұстаған алтын шығыршықтарына тиді. Жоқ, тірі екінмін деді батыр: 
- Кімсің, перінің қызысың ба, адам баласы ма едің? - деді батыр.
-Нарбота, сен мені танымадың ба, көзіңе қан толып. Мен Шолай Цеценмін.
-Сен, Шешен қыз?! Рас па, Тәңірім, тағдырдың бұлай кездестіруін қара. Тірісің ғой әйтеуір...
Таңертеңнен бергі жанталас енді босатты ма, әлде қас-қағым сәттегі сезім арпалысы жеңді ме Нарботаның тізесі дірілдеп, буыны босап кетті. Жерде қыздың дулығасы жатыр екен, тізерлеп сол жерге тізе бүкті, Цецен қыз жер таянған Нарботаның мойнынан құшақтай алды, оң жақ алақанымен жігіттің қарысып қалған қабағын жазды. "Сен сәл дем ал, сен өлме, мен сені жақсы көремін, Нар жігіт", - деді қалмақ сұлуы. Қыздың ыстық демінен, жылы алақанынан жігіт жаны балбырап, рахат күй кешті. Ішінен ешкім, ешқашан осы тәтті сәттен, аялы құшақтан айырмаса екен деп тіледі.
Қыз сауытының жағасын босатып, қойнынан нәзік алтын шынжыр өткізілген жамбыны алып шықты. Алтын жамбы. "Таныдың ба?" - деді Шешен қыз. Сол кезде Нарбота бойын жиып алды, осыдан бірнеше жыл бұрынғы айлы түн, алтыбақан, ақсүйек, ақ торғын сұлу қыз есіне түсіп. Жай оғының сәулесі түскендей жаны жадырап, көңілі жарқ ете түсті, неге есінде болмасын. Бұл да сауытын ағытып үшкүл жағалы көйлегін көрсетті, жағасында жақұт түйме - қалмақ қызының сыйы. Қандай сыр бар бұл тұймеде, қандай мағына бар бұл сыйда, кім біледі, аспанда ай куәға түспесе, Темірқазық жұлдызы сыр бермесе?!
Қыз бен жігіт кездейсоқ кездескен. - Иә, қалмақ пен қазақ бір-бірімен әдейілеп соғысайын деп соғысқан күні бар ма, әдейілеп бітіскені бар ма?! Бәрі кездейсоқ, тағдыр ісі, табиғаттың осы екі ерке баласы бірде бірге ойнап, бірде төбелесіп, заманнан заман оздырған. Сондай бір бітімнің кезінде кәрі ноян Күнделеңнің ауылында кездескен еді ғой. Салқам Жәңгір осы Күнделеңнің жиені, яғни тұтас хошауыт-ойрат елінің жиені еді. 
Бітім тойына екі жақтан да көп адам жиналды - төрт ойраттың басты-басты адамы түгел келген болар, қазақ жағынан да Арқадағы ел тұтас осында. Мұндай тойларға, әсіресе, жастар асық-бәйге, көкпар, күрес, қыз қуу... Нарбота мен Цецен қыз осы тойда танысқан.
Екі жақтың да намысқа тырысқаны "алтын қабақ" ойынында. Алғашқы бетте мергендер көп болды. Көз ұшында, биік баған басында жамбының әр түрі болды. Іріктеле келе қалмақтан осы Шешен қыз, қазақтан Нарбота қалған. Цецен - қалмақ арасында белгілі Очирту Цецен ноянның қызы. Цецен дегені - ақылды, тілді деген мағынада, адам аты қылып қоя берген. Қолындағы жағы да ерекше көсем жасалған - иіні мүйіз, кәдімгі Алтайдың иір бұтақ бұғысының мүйізі, екі жақ басы жылан бейнелі, қатырып, кептіріп жыланның өзін кигізіп қойған, кірісі - зерлі жіп қайыс. Не қаруында, не киімінде, не тал бойында бір кемшілік жоқ қыз. Нарбота көрген жерде ғашық болды.
Бәсекенің ең ауыры - қой тұяқ алтын жамбы болды. Көзді қызықтырып екі жүз қадам жерден күн сәулесіне шағылысып жарқ-жұрқ етеді - бір оқ дарымайды. Бас жүлде - осы алтын жамбының өзі, шарт бойынша жамбының өзін емес, жібін атып түсіру керек. Қыздың әлде жағы ауыр болды ма, әлде осыған дейінгі жарыс қалжыратты ма, әлде "Цецен" деп айқалап тұрған қалмақ жігіттерінің дауысы абыржытты ма әйтеуір, бір мүдірмеген қолы, осы жолы мүлт кетті. Содан кейін келген кезегінде Нарбота "шешінген судан тайынбас" деп қорамсаққа қолды салып күшіген жүнді, түрі доғал, қайыңның өзегінен жасалған қызыл жебені алып шығып, тарамыс кіріске оқты салып жіберіп, иінінен толғап атып жіберді, зу етіп ұшқан жебе қазақтар "аруақ" деп айтып болғанша алтын жамбыны аспанға атып жіберді. Мерейі тасып еді ғой сол жолы, "ел мақтаған жігітті қыз жақтар" дейді, қалмақтың сұлу қызының да көңілі қазақтың азаматына ауғаны сол еді. Нар жігіт атанғаны сол күні.
Кейін екі ара, қалмақ пен қазақтың арасы тағы да бұзылды, әсіресе, Очирту Цецен ханның баласы Қалдаман Салқам Жәңгірді жекпе-жекте өлтірген соң не жақсылық болушы еді.
Сіреу, сіреу, сіреу қар,
Асты кілік, үсті мұз, 
Күн-түн қатса жібімес. 
Мен көлікке қосымды артқанмын
Көмбідей ару жаларға, 
Күректей мұзды тоңдырып, 
Кірмембес ауыр қолға бас болып, 
Күңіреніп күн түбіне жортқанмын! 
Дүниенің басы сайран, түбі ойран, 
Озар сойды бұл дүние... - деп жүрген кез қазақ-қалмақ баласы үшін.
Бір-біріне ынтызар екі жас жаңа табысып жатқанда қалмақтың кекшіл жігіттерінің бірі сауыт бұзар жебесін Нарботаға бағыттады. Пәни тіршілік не деген шолак едің - не үшін дүниеге келдің, егер бар аңсаған арманың, бар қиялыңның құсы, жауқазын тірлігің, нәзік махаббатың бір наданның жебесіне байланып тұрса. Жүрегі тас, жүрегі мүйіз ноян, қалай аттың көзің қиып. Шешен қыз жүрегінен оқ қадалған Нарботаның қансырап жатқан халіне одан әрі қарай алмады. Беліндегі күміс оқалы кісесінің қынынан баланың ойыншығындай болат кездегін суырып алып, сабын Нарботаның кеудесіне тіреді де жүрегін төсеп, жігітті құшақтай құлап түсті.
- Бәрі бітті. Жаңа ғана жарқырап тұрған күн сәулесі қызарып барып сөнді. Маңайды зұлмат қараңғылық, түнек басты.
Міне, Өткелсіз жағасындағы бейіт осы сырды шертіп тұр. Жылқының қылын, ешкінің майын қбсып илеген бейіт кірпіші алыстан жылт-жылт етеді. Мына қара шоқы сол оқиғадан бері Ботақара атанады, қазақ әекері осы арада жатқан, анау көз ұшында көрінген биік - Шешенқара деп аталады. Ол жерде қалмақтың әскері қос тіккен. Содан бері жүз жыл өтті, әлі талай жыл, талай жүз жыл өтеді - бірнеше ұрпақ ауысады, адам туады, өседі, өледі. Мына ескерткіш мәңгілік, ол мәңгілік болмаса - мына таулар мәқгілік, мына таулар мәңгілік болмаса - мына аңыз мәңгілік. Бұл әңгімені тек жүрегі жоқ, сорлы адамдар ғана ұмытады, тек сорлы, бейшаралар ғана, махаббат дегеннің не екенін білмейтіндер ғана.
Бұқар осындай қиялға батып, қамығып тұрған шағында жанына Абылай келді. Бір топ нөкер оқ жетер жерде сырттан қарауылдап, күзетіп жүр бұл қазақтың екі әулиесін. Адам баласының ішінде жанындағы жолдасының ішкі сырын айтқызбай білетін, жан дүниесінің тебіренісін айтқызбай сезетін Абылайдай тағы біреу жоқ шығар. Анадайдан-ақ Бұқардың босап тұрғанын сезе қойды, хан басыменен жырау ағасын құшақтап "өзің Қорқытқа ұқсап барасың қартайған сайын" - деді хан, қайда қашсам да алдымнан Қорқыттың көрі деп ақыры Сырдарияның үстіне шығып кеткен ғой. Бірақ жарықтық ол жерде де мәңгілік өмірді таба алмаған. Солай деді де, өмір - жалған, дүние - тылсым жырау өзің айтатындай деп баяу дауыспен ыңылдап, бір-екі ауыз өлең қайырды:
Өмірді аңсай туып, асық өскен, 
Дүниеге адам қонақ түней көшкен
Ер туып ел қорғаған ата-бабам, 
Солардың ізі жатыр, тозаңы өшкен 
Қудым сені дүние бала жастан, 
Жалғанның аз-көбіне қарамастан, 
Оралыңның барында ойна да күл, 
Не келіп, не кетпейді ғазиз бастан
Осыдан кейін Бұқардың шері тарқағандай болды.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет