Ќазаќ тілінде сµз таптастырудыњ



Дата10.02.2023
өлшемі91,5 Kb.
#66758
Байланысты:
аза тілінде с з таптастыруды негізгі принциптері туралы


Қазақ тілінде сөз таптастырудың
негізгі принциптері туралы

Қазақ тіл білімінде қалыптасқан сөз таптастырудың үш принципі бар:



  1. семантикалық,

  2. морфологиялық,

  3. синтаксистік.

Семантикалық принцип бойынша сөздің лексикалық мағынасына қарайды, морфологиялық принцип бойынша сөздің түрлену жүйесін басшылыққа алады, ал синтаксистік принцип бойынша сөздің қай сөйлем мүшесі болуына сүйенеді.
Бұл орныққан түсінікті өзгерту туралы басқа пікір бола қойған жоқ. Қ.Жұбановтан бастап, кейінгі бұл мәселеге арнап қалам тартқан ғалымдардың барлығы бір ауыздан осы үш принципті атап, оларды бірлікте қолдану керектігін айтады. Тек қазақ тілі үшін қай принцип жетекші болуы керек дегенде ғана аздаған пікір алшақтығы кездеседі. Қ.Жұбанов семантикалық принципті жетекші ретінде тани отырып, екінші орынға морфологиялық принципті, үшінші орынға синтаксистік принципті шығарады. С.Аманжоловтың бұл мәселеде Қ.Жұбановпен пікірлестігі көрінеді. А.Ысқақов та үш белгінің де қажеттігін ескере отырып, «кейбір сөз табын анықтау үшін белгінің (принциптің) үшеуі де бірдей қолдануға болса, кейбір сөз таптары үшін я екі белгіні ғана, я бір белгіні ғана қолдануға болады. Ал егер бір белгіні ғана таяныш етерліктей болса, ондайда тек семантикалық белгі ғана тірек болуға тиіс. Олай болатын себебі – сөзді сөз деп тануға таяныш болатын белгі – оның семантикасы» − дейді.
Кезінде негізгі сөздердің семантикалық, морфологиялық және синтаксистік белгілері алынатыны, орыс тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясының дамуы барысында лексика-грамматикалық аталған бағыттың көрнекті өкілі В.В.Виноградовтың үлгісін қазақ тілі сөздерін тапқа бөлуде қолдануды ұсынған пікір де болды. 1968 жылы жарық көрген «Қазақ тіліндегі сөздер мен таптарының морфологиялық құрылысы» атты еңбегінде Т.Ерғалиев қазақ тілі сөздерін алдымен негізгі сөз таптары, көмекші сөздер, азат сөздер деп үлкен үш топқа бөледі, ары қарай олардың бірнешеуінің басын қосатын сөз таптары да пайда болады. Ғалым негізгі сөз таптарының бірінші тобы ретінде есімдер тобына етістікті, үшінші хал-жағдайлық сөздер тобына үстеулер, күй категориясы, еліктеу сөздерді біріктіреді.
Т.Ерғалиев көмекші сөздерге шылауларды жатқызса, азат сөздер тобы ретінде модаль сөздер мен одағайларды атайды. Соңғы екі сөз табын бір топта, азат сөздер тобында қарау себебін автор қысқаша былай түсіндіреді: «Негізгі сөздерге де көмекші сөздерге де қосылмайтын ерекше сөздер бар. Олар сөйлемде белгілі бір қызметке ие емес және басқа мүшемен байланысы жоқ бөлек, еркін категория болып табылады. Сондықтан термин ретінде олардың бәрін азат сөздер деп атады» (автор еңбегінде ары қарай тек зат есім мен етістікке тоқталады).
Т.Ерғалиевтың қазақ тіл білімінде негізінен бұрын анықталған сөз таптарын (күй категорияларынан басқасы) В.В.Виноградов үлгісімен сатылай отырып ірі топтарға біріктіруі, яғни қазақ тіл сөздерін:
1) негізгі сөз таптары;
а) есімдер;
ә) күй-амалдық сөздер;
б) хал-жағдайлық сөздер;
2) көмекші сөздер (шылаулар);
3) азат сөздер (модаль сөздер мен одағайлар) деп бөлуі тіліміздегі сөздердің семантика-құрылымдық қасиеттерін аша түсуге біршама мүмкіндік бергенімен, қазақ тілі білімінде орныға алмады.
Соңғы жылдары қазақ тілі біліміндегі сөз таптары теориясына елеулі жаңалық енгізген С.Исаев болды. Ғалым еңбегі, ең алдымен, қазақ тіл біліміне грамматикалық мағына, грамматикалық форма, грамматикалық категория секілді негізгі іргелі грамматикалық ұғымдарды салмақты қазіргі лингвистиканың даму дәрежесіне сай нақты анықтап, басын ашып беруімен салмақты екенін айтқан жөн. Тілге қатысты әдебиеттерде бұрын да жиі қолданылмағанымен, мән-мағынасы айқын емес бұл грамматикалық ұғымдарды дұрыс түсінбеу салдарының сөз таптастыру проблемасында да бірқатар қателікке әкелгені белгілі болып отыр. Мысалы, бұрынғы зерттеу еңбектерінде қазақ тілі сөздерінің алдымен осылайша үш топқа жіктелуін «семантикалық және морфологиялық (формальдық) белгілеріне қарай» деп түсініп келсек, С.Исаев тілдің лексикалық қабаты деңгейі мен грамматикалық қабаты деңгейінің ара жігін нақты ажырату арқылы бұл түсінікті жоққа шығарды. «Бұндай түсініктің қателігі – тілдің грамматикалық құбылыс пен лексикалық құбылыстың өзара айырмашылығын, олар тілдің бөлек-бөлек деңгейі екенін ажырата алмау болып табылады», − дей отыра, ғалым алдымен сөздерді жоғарыдағыдай үш топқа бөлуде сөздердің морфологиялық белгілерінің еш қатысы жоқ екендігін айтады, өйткені атауыш сөздердің де түрленетіндері (зат есім, есімдіктің біразы, етістік) бар, түрленбейтіндері (сын есім, есімдіктердің кейбірі, үстеу) бар, сол сияқты бұл көмекші сөздерге тән, яғни көмекші есім, көмекші етістік түрленсе, шылау, еліктеуіш сөздер түрленбейді. Сондықтан, автор дұрыс айтып отырғандай, морфологиялық белгілердің тілдегі сөздерді атаушы, көмекші, одағай деп негізге бола алмайтындығы шындық. С.Исаев лексикалық семантика мен грамматикалық семантиканы ажырату арқылы сөз таптарын «сөздердің грамматикалық (лексикалық емес) сипаттарына негізделген ортақ белгілері арқылы біріктірілетін грамматикалық топтары»,- деп таныса, жоғарыдағы үш сөз тобын (атаушы сөздер, көмекші сөздер, одаағай) лексикалық-семантикалық сипаты, белгілері арқылы жіктелгендіктен, оларды тілдің лексикалық қабаты деңгейіндегі құбылыс деп түсінеді, демек «сөз таптары грамматикалық сипаттағы топ та, бұлар (атаушы, көмекші сөздер, одағай – С.М.) лексикалық сипаттағы сөздер» болып табылады. Көмекші есімдердің сөз табы ретіндегі зат есімнің, көмекші етістіктердің лексикалық мағынасы бар-жоғына қарамастан етістік аясында қараулы да сөз таптарының грамматикалық сипаттағы негізгі өзек болатын топ екендігін дәлелдейді.
С.Исаев сөзге грамматикалық негізгі өзек болатын грамматикалық мағынаның лексикалық мағынадан айырмашылығын көрсете отырып, оған (грамматикалық мағынаға) төмендегіше анықтама береді: «...Грамматикалық мағына – сөздің тым жалпы мағынасы, сол сөздің әр түрлі салдарынан пайда болатын және сөздердің бір-бірінен бөлмей, керісінше, белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналары болып табылады». Ғалым грамматикалық мағынаны жасалу тәсілдеріне, сөздің грамматикалық сипатын анықтаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық мағына, қатыстық мағына (терминдер де С.Исаевтікі) деп іштей үшке бөлінеді. Автор жалпы грамматикалық мағынаның сөздің лексикалық мағынасының жалпылануы арқылы, ғалымның өз сөзімен айтсақ, «грамматикалық формасыз-ақ ішкі семантиканың абстракциялануы, жалпылана түсуі арқылы» - қалыптасу процесін дәл байқап, сөз таптастырудың семантикалық принципі негізінде осы жалпы грамматикалық мағына жатқанын айтады, яғни осы процесс нәтижесінде:
«1) сөздердің семантикалық жақындығы;
2) ортақтығы пайда болып;
3) грамматикалық топтар құрылады» − дейді.
Ғалым тілдегі грамматикалық формалар (қосымшалар) арқылы берілетін грамматикалық мағынаны катеориялық мағына деп атайды. Автор катеориялық грамматикалық мағынаны беруші формаларды белгілі бір грамматикалық топтағы сөздердің (сөз таптарының) түрлену жүйесі ретінде де танып, сөз таптастырудың морфологиялық принципі негізінде осы катеориялық грамматикалық мағына жатқанына назар аударады. Ғалымның айтуынша, мысалы, шақтық мағына белгілі шақ тұлғалары, есімше, көсемше немесе қалып етістіктері, т.б. арқылы беріліп, етістіктің шақ категориясын жасауға негіз болады. Басқаша айтсақ, катеориялық грамматикалық мағына әрбір жеке сөз табының түрлену жүйесін, парадигмалық сипатын анықтауы арқылы сөздерді түрлі тапқа жіктеуде морфологиялық принцип ретінде қызмет етеді.
А.Ысқақовтың сөз табын ажыратуда сөз тудырушы жұрнатқтарды да (әр сөз табының) морфологиялық белгісі ретінде қолданылатынын атап көрсеткенін айтқанбыз. С.Исаев сөзжасамға қатысты тілдік материалдарды талдау арқылы бұл пікірді жоққа шығарады. «...Кез келген сөзжасам қосымшасы тек бір ғана сөз табының шеңберінде өмір сүрмейді, бір ғана сөз табының грамматикалық көрсеткіші бола алмайды. Айталық, -шы, -ші қосымшасы тілімізде қаншама жаңа туынды жасаса да, біріншіден, тек зат есім түбірге ғана жалғанып қоймайды, етістік түбірге де (жасау-шы, жарату-шы, қанау-шы тап) жалғану мүмкіндігі бар. Тіпті бір қосымшаның семантикалық сипатына салмайтын фактілер де бар: -ық, -ік, -к қосымшасы, бір жағынан есім (зат есім, сын есім, т.б.) түбірге жалғанып, соған қатысты нақты қимылды білдеретін сөз тудырады, семнатикалық жалпылануы арқылы ол сөз етістік болады: қыз-ақ (дірдеңеге қызығу), тар-ық, жол-ық, тобы-ық, бір-ік, көз-ік, т.б. екінші жағынан, қимылды білдіретін (етістік) түбірлерге жалғанып қимылдың атауы, қимылдың нәтижесі мәніндегі сөздер жасайды да, олар я зат, я сын есім болады: қыз-ық, (қызық іс дегенде), толы-қ, аш-ық, өл-ік, жасы-қ, сал-ық, бөл-ік т.б. бұндай қосымшалар саны бірқыдыру» − дейді ғалым. Автор сондай-ақ грамматикаларда зат есімнен зат есім жасайтын өнімді жұрнақ деп беріліп жүрген –шы, -ші қосымшасының зат есімнің көптік, септік, тәуелдік, жалғаулары секілді барлық зат есімге жалғанып, грамматикалық абстракция жасай алмайтынын, сөзжасам қосымшалары ретінде сөз табының грамматикалық сипатын анықтайтын формалық көрсеткіші бола алмайтынының дәлелі тұрғысында қарастырады. Ғалым келтірген мысалдар сөз тудырушы жұрнақтарының сөз табын айыруда нақты морфологиялық белгі меже бола алмайтынын көрсетеді. Сонымен қатар, біздіңше, бұл жерде сөз тудырушы жеке жұрнақтардың өнімді, өнімсіз қолданылу сипатының әр сөз табына қатысты әр түрлі екенін де ескеру керек секілді.
С.Исеаевтың, осылайша, сөз таптастырудың негізінде жалпы грамматикалық мағына жатқан семантикалық принципін, негізінде категориялық грамматикалық мағына жатқан морфологиялық принципін, негізінде қатыстық грамматикалық мағына жатқан синтаксистік принципін басшылыққа ала отырып, қазақ тілі сөздерін түрлі топтарға жіктейді. Ғалым осы принциптер негізінде өзі анықтаған сөз таптарын, бұрынғы зертеулерде айтыла беретіндей грамматикалық категория деп те танымайды, грамматикалық категоия ұғымына нақты анықтама беруі арқылы автор сөз таптарын бұл өлшем сыртында қалдырады. Ғалымның сөз таптарына қатысты ой-тұжырымдарын талдау барысында, өзі ашып айтпаса да, оның сөз таптарын грамматикалық категория деп емес, сөздердің грамматикалық сипаттағы семантика-құрылымдық (немесе семантика-тұлғалық) топтары деп танитыны байқалады.
С.Исаев қорытынды пікір ретінде қазақ тіліндегі он сөз табын көрсетеді:
1. Зат есім 6. Етістік
2. Сын есім 7. Еліктеу сөздер
3. Сан есім 8. Шылаулар
4. Есімдік 9. Одағай
5. Үстеу 10. Модаль сөздер
Біз ғалымның модаль сөздерді жеке сөз табы ретінде қатарға қосуын өте орынды деп ойлаймыз, себебі сонау 1958 жылы Е.Жанпейісов: «Қазіргі қазақ тіліндегі модаль сөздер» атты кандидаттық диссертиациясында (бұл зерттеуде де модаль сөздер жеке сөз табы ретінде аталмайды) жан-жақты зерттеп шықса да, күні бүгінге дейін сөз табының статусын ала алмай келеді. Ал модаль сөздердің Е.Жанпейісов өз зерттеуінде көрсеткен, семантика-құрылымдық белгілеріне қарағанда сөз табы деп тануға әдбен болатын сияқты.
Модаль сөздер секілді сөз табы ретінде бірде танылып, бірде танылмау қазақ тілі білімінде белгілі дәрежеде шылау сөздерге де қатыста болмақ болды. Қазақ тілі сөздерін түрлі топқа жіктеген Н.И. Ильминский, П.М.Мелиоранский, В.В.Катаринский сияқты орыс түркологтары еңбектерінде союз, послелог (кейде частица) деген атпен шылау сөздердің түрлері жеке-жеке сөз табы ретінде берілгені мәлім. Сөз таптарын алғаш рет қазақ тілінде жүйелеген А.Байтұрсынов та союз, послелогтарды тиісінше жалғаулық, демеулік деп атап, бөлек-бөлек сөз таптары ретінде таниды. Ал, 30-жылдардағы Қ.Жұбанов, С.Жиенбаев, С.Аманжолов еңбектерінен бастап, бұлар шылау сөздер деген ортақ атпен біріктіріліп, бір сөз табы ретінде анықталды. Ал, 50-жылдар аяғымен 60-жылдар ішінде шылау сөздердің түрлерін жеке сөз таптары ретінде тануға қайта ықылас болғаны байқалды. 1955 жылы Р.Әміров жалғаулықтарды, 1964 жылы Ф.Кенжебаева септеуліктер мен демеуліктерді кандидаттық диссертация деңгейінде зерттеп, қорғады. 1967 жылы жарық көрген академиялық грамматикада жалғаулық, септеулік демеуліктердің әрқайсысы жеке сөз табы ретінде қаралады. «Тілімізде бір алуан сөз лексикалық мағынадан айырылып, сөз бен сөздің, сөйлем мен сөйлемнің арасындағы қатынасты білдіру үшін немесе сөзге қосымша мағына үстеу үшін жұмсалып, грамматикалық мағына болмағанымен, өздеріне тән, қызметіне тән мағыналары бар. Ол – абстрактылы грамматикалық мағына.
Мағынасындағы, жұмсалуындағы осы ерекшеліктері ескеріліп бұл сөздің құрамындағы айрықша бір топ, сөздердің айрықша түрі ретінде дараланып шылаулар деп аталады. Шылау деген атау бұл сөздерді сөз табы ретінде емес, сөздік қордағы өзара грамматикалық ортақ сипаты бар ерекше түр, топ екенін атайды. Шылаулар сөз тіркестерін құрауға тең компонент болып қатынаса алмайды, өзіне жалғау, жұрнақ жалғамайды. Бұлар атаулы сөздерге аналитикалық форма беруші амал ретінде жалғасады.
Осындай ортақ сипатты негізінде бір топ болып танылған шылау сөздер сөз табына қойылатын талаптар (критерий) тұрғысынан саралағанда, өзара мына үш тапқа бөлінеді:

  1. Септеуліктер.

  1. Жалғаулықтар.

  1. Демеуліктер.

Сөз таптарының қатарына шылаулар осы тапқа сай дараланып енеді – делінген онда. Алайда қазақ тілі білімінің кейінгі дамуы барысында бұл тұжырым орныға алмады, яғни қазіргі кезде жалғаулық, септеулік, демеуліктер біріктіріліп, шылау сөздер атауымен бір сөз табы ретінде белгілі. Жалпы шылау сөздер түрлерінің әрқайсысының бірде жеке-жеке сөз таптары ретінде, бірде бәрі біріктіріліп, бір сөз табы ретінде танылуы, біздіңше, қазақ тілі біліміндегі сөз таптастыру теориясының даму жағдайына тікелей байланысты. XIX ғасырдың екінші жартысындағы жоғарыда аталған орыс түркоглогтары мен XX ғасыр басындағы А.Байтұрсынов еңбектерінде шылау сөздер түрлерінің жеке-жеке сөз таптары ретінде танылулары зерттеу авторларының қазақ тілі сөздерін таптастыру барысында семантикалық принципті ғана басшылыққа алуының нәтижесі болды. Ал, XX ғасырдың 30-жылдарынан бастап, қазақ тілі білімінде сөз таптастырудың семантикалық, морфологиялық, синтаксистік принциптерінің енуіне байланысты жалғаулық, демеулік, септеуліктердің ортақ морфологиялық, синтаксистік блгілері анықталып, бір сөз табы аясында біріктірілді.
Қазіргі қазақ тілі сөздерін түрлі семантикалық – құрылымдық топтарға (сөз таптарына) жіктеуде бір қиыншылық туғызатын жайт – көш, тоң, жылы секілді тағы басқа бір қатар түбір сөздердің әрі есім, әрі етістік болып келуі болып табылады. Қазақ тілінде бір буынды түбір негіздерді жан-жақты зерттеп, салихалы еңбек жазған Ә.Қайдаров «Во всем своем многообразии форм и содержания односложеные корни – основы изучаемого языка прежде всего характеризуется своей принадлежностью к той или иной части речи. Они группируется главным образом вокруг категории имен, включающей и односложные подражательные основы, и категории глаголов. Все заимственные и фонологически адаптированные односложные основы, как правило, поплняют только категорию имен, а так называемые синкретические корни – основы относятся одновременно и к именам и к глаголам» - дейді. Міне, қазіргі қазақ тіліндегі осындай сөздердің белгілі сөз табына меншіктілігін анықтау белгілі дәрежеде қиыншылық туғызады. А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында бұл туралы «Қазақ тілінде тым ерте замандардан бері қарай әрі есім әрі етістік мағынасында қолданылатын омоним сөздер бар. Ондай омонимдер лексика-семантикалық жағынан қарағанда бір негізден шыққындығы аңғарылып тұратын сөздер болса да, грамматикалық жатқан бір сыңары есім, бір сыңары етістік болып келеді. Бұлардың қатарына, мысалы, той, көш, тоң тәрізді түбір омонимдерді жатқызуға болады. Мысалы, «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» (халық өлеңі) дегендегі көш сөзі де көшкен сөзі де, «Тойға барсаң, тойып бар» (мақал) тойға сөзі де, тойып сөзі де әрі есім, әрі етістік болып қолданылатын сөздер. Мұндай омонимдерден жаңатуынды сөздер, басқа туынды формалар жасайтындай жағдайда, олардың есім сыңарлары есімдерше, етістік сыңарлары етістіктерше түрленіп (мысалы: көшші көш басында, тойшы той басында; көшкен, көшер, көшсе; тойған, тойып, тойса т.б.) соларға тән категориялық формаларды иелене кетеді. Сондықтан сөздерді таптастырғанда, мұндай омонимдердің есім сыңарлары есімдерге, етістік сыңарлары етістіктерге жатқызылып, сол сөз таптарының аяларында қарастырылу керек»,- деп қана қысқаша мәлімет береді. Не десек те, тегі сонау түркі синкретизмі болып табылатын бұл тілдік құбылыстың қазіргі қазақ тіліндегі бар екендігі анық және бұл синкретті түбірлердің қай сөз табына жататынын анықтаудың өзіндік табиғатынан туындайтын ерекшелігі де бар, бұларды (синкретті түбірлерді) тек сөйлеу барысында, яғни басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсуі арқылы тұрған орны, қосымша қабылдау ерекшелігіне қарай ғана ажыратуға болады. Басқаша айтсақ, әрі есім, әрі етістік сыңарлары бар бұл түбірлерді сөз табына ажыратуда сөз таптастырудың синтаксистік, морфологиялық принциптерінің маңызы ерекше. Мысалы, жердің тоңы әлі жібіген жоқ деген сөйлемде бастауыш қызметін атқарып, тәуелдік жалғауын қабылдаған тоң сөзінің зат есім екендігі анықталса, Бала тоңып қалды сөйлемінде күрделі баяндауыш құрамындағы тоң сөзі – ып көсемше жұрнағын қабылдау арқылы да етістік екендігін білдіреді.
Қазіргі қазақ тіліндегі синкретті түбірлермен қатар есім және етістік сыңарлар туындады сөздер де баршылық. Көрме, айтыс, егеу секілді есім және етістік сыңарлары туынды сөздер жасауға қатысатын ма, ме, ба, бе, па, пе, ыс, іс, с, у жұрнақтарын А.Ысқақов омоним қосымшалар деп таниды. «ма,ме, ба, бе, па, пе омоним қосымшалары зат есімдерде де (қырма сақал, терме басу, елірме күлкі т.б.), етістіктің болымсыз түрінде де (кеспе, көрме, терме т.б.) кездеседі», «ыс, іс, с жұрнақтары етістіктен әрі зат есім, әрі сын есім тудыруымен қатар, етістіктің ортақ етіс формасы ретінде де қызмет етеді. «ыс, іс, с жұрнақтары арқылы етістіктерден туатын есім көбінесе заттық ұғымның атауы (қимыл атауы) (айтыс, желіс, айқас, ..., таныс, дағдарыс т.б.) және мекен – орын атаулары мен қимыл – іс атаулары (өріс, егіс ..., құрылыс т.б.) есебінде жұмсалады», « у қосымшасыныңда да қызмет өрісі аса кең. Мысалы, бұл форма арқылы зат есімдер де (асу, ауру, қашу т.б.), сын есімдер де (жүдеу, қату, бітеу т.б.), сондай-ақ қимыл-әрекет атауы формалары да (оқу, байқау, жылу т.б.) туады» дейді ғалым. Ә.Төлеуов те бұл қосымшаларды омоним деп отырып, туынды сөздің есім, етістік болу құбылысын сөз мағынасының кеңеюмен де байланыстырады. «Сабақты, салт етістіктерге ыс, іс, с қосылып, іс істеуші бір ғана субъектінің өзі болмай, кемінде екі субъектінің арасында болатын қарым-қатынасты білдіретін ортақ етіс тудырса (ақын айтысты, бала күресті), осы тұлғалы форма жоғарыдағы түбірлі сөзге қосылуы арқылы белгілі бір нәрсенің қимыл процесін көрсететін зат есім тудырады: сүйіс, ұсыныс. Мұндай түбірлері бір және әр түрлі қосымша қосылуы арқылы ортақ етіс пен туынды зат есім болып, әр түрлі мағыналы сөз жасалуы – сөз мағынасының кеңеюі», «Тіл құбылыстарының даму процесін ескеретін болсақ, онда етістіктен зат есім тудыратын саба-у, еге-у, жама-у, боя-у, тұса-у, тіре-у, қаша-у сөздері жалпылық зат атауларының атын білдірсе, сол сияқты мына сөздердің мағыналары әрі қимыл процесі, әрі жалпы мәнді заттық атаулар болуы – сөз мағынасының кеңеюінен. Тұсау берік. Жабудың арасында» - дейді ғалым. Автор сондай-ақ ма, ме, ба, бе, па, пе жұрнақтарынан да дәл осы қалыпта таниды.
С.Исаев қазақ тілі біліміндегі сөзжасам іліміне соңғы жылдары бірқатар жаңалық енгізген «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты» атты еңбегінде бұл қосымшалардың сөзжасамдық қасиетіне қарай бірдей еместігімен қатар, омоним бола бермейтінін де айтты. « Біріншіден, бұл қосымшамен (сөз А.Ысқақов омоним деп түсіндіріп отырған ма, ме, па, пе, ба, бе қосымшалары туралы болып отыр – С.М.) сырт түрі ұқсас болымсыз етістік қосымшасы – шын мәнінде омоним ғана, екеуі – екі түрлі тілдік деңгейдің тұлға көрсеткіштері, болымсыз етістік тұлғасы сөзжасамға қатысы жоқ, грамматикалық, дәлірек айтсақ, лексика-грамматикалық сипаттағы тілдік құбылыс, ал екіншіден, алғашқы екеуінің (автор А.Ысқақов сын есім (қырма сақал, елірме күлкі т.б) және зат есім тудыратын қосымша деп танитың – ма, ме, ба, бе, па, пе жұрнақтарын айтып отыр – С.М.) жағдайы бөлек, бұл қосымша арқылы жасалған сын есім мәнінде қолданылуы, біздіңше, кейін сөйлеу процесінде заттық ұғымды сөздің қатыстық мәнінде адьективтеніп те қолданыла беруінің нәтижесі болса керек» дейді ол. Демек, ғалым тұжырымын басқаша айтсақ, аталып отырған зат есім тудырушы ма, ме, ба, бе, па, пе сөзжасам қосымшаның омонимдік сипаты болымсыз етістік жұрнағына қатысты болып шығады. С.Исаев тағы басқа осындай бірқатар жұрнақтардың омонимдік сипатына айқындық енгізе отырып, осы қосымшалар арқылы жасалған сөздерді грамматикалық сипаты жағынан бірде есім, бірде етістік болып келіп отыруын, жоғарыда аталған басқа ғалымдар секілді, қазақ тілі тарихының ерте заманымен байланыстырады: «...сөйтіп түркі синкретизмнің әсері негізінде немесе қосымшалар әлі толық қалыптаспаған іліміздің балаң шағында, яғни ерте заманда қимыл іс-әрекет пен зат және оның атауы, кейде сыны да бір-бірінен жеке лексемалар арқылы бөлек-бөлек немесе грамматикалық тәсілдер арқылы әлі ажырап, сараланбай, сөздің семантикалық ерекшеліктері мен сөйлеу процесіндегі тұрғысы арқылы ажыратылып, бір-бірінен орын тұррғысы арқылы ғана айырмашылығы айқындалып отырған дәуірдің қалдығы, соның кейінгі жалғасы іспеттес көрінісі болуы мүмкін», − дейді ғалым. Жоғарыда сөз болған бір буынды синкретті түбір – негіздер секілді, бұл әрі есім, әрі етістік сыңарлы туынды сөздердің де сөз табына қатыстылығы тек сөйлеу барысында басқа сөздермен тіркесуі, сөйлем мүшесі қызметін атқаруы, қосымша қабылдау ерекшелігіне қарай ғана анықталады.
Қазақ тілі білімінде қалыптасқан сөз таптастыру теориясы бойынша сөздерді түрлі топтарға жіктеу барысында әлі де болса, бірқатар қиыншылықтар, шешемін таба қоймаған ірілі-ұсақты проблемалар кездеседі. Соның бірі, сөз таптастырудың синтаксистік принципін қолдану кезінде әрбір сөз табының сөйлемде атқаратын қызметімен қатар жүйелі түрде олардың (белгілі бір сөз табына жататын сөздердің) тіркесу қабілетін нақты анықтаудың өз дәрежесіне емес екені болса, келесі бір сөз таптастыруға қатысты шешімін күтіп тұрған үлкен проблема – сөздердің бір сөз табынан екінші сөз табына ауысуы процесін зерттеу болып табылады.
Тіл білімінде сөздің бір сөз табынан екінші сөз табына ауысуы, әдетте ешқандай сөз тудырушы жұрнақсыз іске ауысуына байланысты түсіндіріледі, және бұл құбылыстың жеке сөз таптарына қатысына қарай, яғни сөздің қандай сөз табына ауысқанына қарай адвербиалдану (сөздердің басқа сөз таптарынан үстеуге ауысуы), адьективтену (сөздердің басқа сөз таптарынан сын есімге ауысуы), вербальдану (сөздердің басқа сөз таптарынан етістікке ауысуы), прономиналдану (сөздердің басқа сөз таптарынан есімдікке ауысуы), субстантивтену (сөздердің басқа сөз таптарынан зат есімге өтуі) деп аталады. Ал жалпы сөздердің бір сөз табынан екінші сөз табына өту процесін атау үшін конверсия термині қолданылады.
Лингвистикалық терминдер сөздігінде: «конверсия англ. Conversion. 1. Образование нового слова путем перевода данной основы в другую парадигму словоизменения» − деп анықтама берілген. Бұл тілдік құбылыс қазақ тілі білімінде күні бүгінге дейін арнаулы зерттеу объектісі бола қойған жоқ, сондықтан оның мәні, түрлері, себебі секілді маңызды қырлары жан-жақты ашылып, толық айқындық алған емес.
Қазақ тілі білімінде конверсия құбылысы тікелей болмаса да ең алғаш рет С.Аманжоловтың еңбегінде сөз болды: «Сөйлем мүшесі боларда сөз таптары әуелгі қалпын сақтай алмай, тікелей ауысып отыратынын да білеміз. Зат есім бірде зат, бірде сын есім болатыны анық қой. Мысалы: «Темір – зат, «темір жүрек» − сын есім орнында, − дейді автор. А.Ысқақов та өзінің 1950 жылы «Халық мұғалімі» журналында жариялаған «Қазақ тіліндегі сөздерді таптастыру туралы» атты мақаласында бір сөз табына тән сөздердің контексте уақытша екінші сөз табына ауысуы туралы айтады. «Тіл – тілдің қайсысында болса да, белгілі бір сөйлемде қолданылуына қарай, белгілі контексте уақытша субстантивтеніп те (зат есім қызметін атқарып та), адиективтеніп те (сын есімге айналып та), адвербиолданып та (үстеудің қызметін атқарып та) жұмсала беретіні – заңды нәрсе» − дейді ол. Бұл тұжырымдардан грамматикалық тұрғыдан, яғни сөздің синтаксистік қызметінің өзгеруі тұрғысынан түсінетіні көрінеді.
Ал кейінгі қазақ тіл білімінде сөзжасамның жеке сала ретінде бөліне бастауына байланысты бір сөздің ешбір жұрнақсыз сөз табына меншіктілігін ауыстыруы құбылысын сөзжасамдық тұрғыдан қарау басым бағыт алды. 1989 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты ұжымдық еңбекте сөз болып отырған құбылыс сөзжасамның лексика-семантикалық тәсілі ретінде қаралады. Зерттеудің сөзжасам тәсілдеріне арналған бөлімінде: «Сөзжасамның аффиксті және сөзтудырым тәсілдерінен басқа да жолдары бар. Ол сөзжасамның лексика-семантикалық тәсілдері. Мұндай жол белгілі бір сөздердің жаңа мағынаға ие болуы, көп мәнді, ең бастысы омонимдік қатарға келуі арқылы жасалады. Сондай-ақ осы жол кейбір сөздердің о бастағы мәнін жоғалту не болмаса әлсірету барысында басқа бір сөз табының қатарынан танылуға жол береді. Тіл білімінде мұндай құбылыс прономинализация (сөздердің бір сөз табынан екіншісіне айналуы) деп аталып жүр» − делінеді. Бұл жерде ең алдымен аталып көрсетілуге тиіс маңызды түс бар, аталған еңбекте де, бұрын-соңды жарық көрген зерттеулерде де сөзжасам сөз таптарымен байланысты сөз болып, ал нәтижесінде сөздердің бір сөз табынан екінші сөз табына ауысуына әкелетін бұл процестің лексикалық сипаты ескеріле бермейді. «Қазақ тілінің сөзжасамы жеке сала болғанымен, сөзжасамдық құбылыс әр сөз табымен байланысты, өйткені сөзжасамдық элементтер барлық сөз табына ортақ болмай, жеке сөз табына қатысты. Сөзжасамдық элементтер белгілі сөз таптарының мағынасын береді, сондықтан олар сол сөз табына қатысты ғана сөз жасайды», − дейді Н.Оралбаева. Алайда сөзжасам процесінің алдымен лексикалық құбылыс екенін естен шығаруға болмайды, яғни сөзжасам процесі нәтижесінде алдымен, мейлі, ол синтетикалық тәсіл арқылы, мейлі аналитикалық тәсіл арқылы, не болмаса лексика-семантикалық тәсіл арқылы жүзеге ассын, жаңа лексикалық мағыналы сөз пайда болады. Ал ол сөздің қай сөз табына жататындығы сол сөздің жаңа пайда болған лексикалық мағынасының жалпылануы арқылы, демек, лексикалық мағынасы негізінде анықталатын жалпы грамматикалық мағынасына қарай екінші кезекте белгілі болады. Жаңа пайда болған сөздің кейде сол бұрынғы сөз табы болып қала беруі де, кейде басқа сөз табына ауысуы да сондықтан. Мысалы, синтетикалық тәсіл арқылы жасалған малшы сөзі алдымен жаңа лексикалық мағынаға ие болады, ал оның сол бұрынғы зат есім шеңберінде қала беретіндігі сол лексикалық мағынасының жалпылануы арқылы екінші кезекте анықталады. Сол сияқты осы тәсілмен жасалған өткір сөзі де алдыменжаңа лексикалық мағынаға ие болып, туынды өткір сөзінің түбір өт (етістік) сөзінен басқа сөз табының меншігі екендігі екінші кезекте ғана белгілі болады. Сондықтан С.Исаев: «Ең алдымен, сөзжасам – сөз таптарын жасау емес, сөзжасамның басты белгісі жаңа мағыналы сөз тудыру», «Сөзжасам белгілі тәсілдер арқылы жаңа лексикалық туындылар (сөздер) жасайтын тілдік процесс», − дейді. Демек, біз айтып отырған, сөздердің ешбір жұрнақсыз бір сөз табынан екінші сөз табы қарамағына ауысу құбылысы – жеке тілдік құбылыс ретінде конверсияны да зерттеу барысында оның лексикалық сипатын естен шығаруға болмайды. Алайда, бұл тұжырым конверсиялық құбылысты жеке тілдік құбылыс ретінде зерттеудің қажеттілігі жоқ деген сөз емес.
Қазақ тіл білімінде осылайша сөзжасам аясында, оның бір тәсілі ретінде қаралатын конверсия құбылысының сөзжасамдық қасиетімен функционалдық-грамматикалық сипатын да жоққа шығара алмаймыз. Орыс тіл білімінде, бірқатар түркі тіл білімдерінде сөздің бір сөз табынан екінші сөз табына ауысуының жеке тілдік құбылыс ретінде зерттеліп, таныла бастауы тегіннен-тегін емес. Аталып отырған құбылысты арнаулы зерттеу объектісі еткен ғалымдар конверсия құбылысының деривациялық та, функциональдық-грамматикалық та сипаты барлығын ескере отырып, оны жеке тілдік құбылыс ретінде зерттеудің қазақтіл біліміндегі сөз таптастыру проблемасына да бірқатар айқындық енгізері сөзсіз.
Қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыруға қатысты шешімін табуға қатысты шешемін табуға тиісті жоғарыда аталған проблемалармен қатар кейбір түсінбеушілік жайлар да кездееді. Мысалы, бұрын-соңды жарық көрген қазақ тілі оқулықтарында, тағы басқа бірқатар жеке еңбектерде одағай сөз табынан синтаксистік құрылым ретінде қаратпа, қыстырма сөздермен бірге оқшау сөздер аясында қаралуы аталмыш сөз табы туралы, жалпы морфология мен синтаксистің ара қатынасы туралы екіұшты пікір қалыптасады. Қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясының даму барысын зерделеу кезінде бұл жағдайдың 40-жылдардан бастау алатыны анықталды. Г.Бегалиев пен Н.Сауранбаевтың 1948 жылы педагогикалық училищелерде арналып басылып шыққан «Қазақ тілінің грамматикасында»: «Сөйлемде сөйлем мүшелерімен ешбір грамматикалық байланысы жоқ, тек сөйлемдегі ойдың кімге, неге айтылғанын, айтушының сол ойға көзқарасын, ішкі сезімін білдіру үшін айтылған сөздерді оқшау сөздер дейміз. Оқшау сөздер қызметіне қарай үш түрлі болады:

  1. қаратпа сөз;

  2. қыстырма сөз;

  3. одағай сөз.

Оқшау сөздердің бірі – одағай. Одағай сөйлемдегі айтылған ойдағы сөйлеушінің ішкі сезімін,көңіл-күйін білдіреді. Қаратпа сөз сияқты одағайлар да сөйлем мүшесі бола алмайды,» − делінеді. Одағайды осылайша морфология аясында сөз табы ретінде, систаксис аясында синтаксистік категория ретінде екі жақты қарастыру қазақ тіл білімінде жалғасып келеді. 1967 жылы жарық көрген академиялық грамматика да сөз болып отырған жай қайталанады. Еңбекте негізгі оқшау сөздер ретінде қыстырма, қаратпа сөздер мен одағай аталып, ескертпесімен қыстырма сөйлемдер де осы қатарға қосылады. Кітапта оқшау сөздер шеңберінде қаралатын одағай төмендегіше сипаттама беріледі: «Сөйлеуші айтылған ойға өзінің қатынасын тек қыстырма сөздер (және қыстырма тіркестер мен сөйлемдер) арқылы емес, одағайлар арқылы да беріледі. Сонымен қатар одағайлардың бірсыпырасын сөйлеуші басқа адамға (немесе адамдарға және хайуанаттарға) қарата әрқилы мақсатпен айтады. Сөйтіп, одағайлардың қай-қайсысы да сөйлем мүшелерінің белгілі синтаксистік тәсілдер арқылы қарым-қатынасқа түспейді, сөйлем мүшелерінің белгілі сұрақтарына жауап бермейді, демек, сөйлем ішінде оқшау тұрады». Біздіңше әр сөз табынан жасала беретін қаратпа, қыстырма сөздерді синтаксистік категория ретінде қарастыра отырып, сол межелегіш (критерий) шеңберіне сөз табы ретінде белгілі одағайды да сидыру дұрыс бола бермейді. Жалпы бұл жерде қазақ тіл біліміндегі оқшау сөздерді анықтауда басшылыққа алынып жүрген принциптің екі ұштылығы байқалады, сондықтан оқшау сөздер синтаксистік категория болғандықтан, одағайды қыстырма сөздер термині аясында енгізу керек, ал осы қыстырма сөздерді іштей мағыналық топқа ажырату үшін ғана қай сөз табынан жасалып тұрғанына байланысты модаль сөздер және одағай деп бөлуге болады. Яғни, басқаша айтсақ, қыстырма сөздер ретінде айтушының түрлі көңіл-күйін білдіретін сөз табы одағай да, айтушының түрлі көзқарасын білдіретін сөз табы модаль сөздер қолданыла алады. Демек, зерттеу жұмысында болсын, оқыту процесінде болсын, түрлі межелеуіш тұрғысынан анықталған тілдік құбылыстарды бір терминмен атаудың жақсы нәтиже бермейтіндігі ескеріле отырып, бұл екі сөз табы да морфологиялық категория ретінде өз терминдерінде (одағай, модаль сөздер) қалып, ал синтаксистік тұрғыдан екеуі де қыстырма бола алатындықтан оқшау сөздердің осы түрі ретінде қыстырма терминімен атаулы қисынды болмақ. Сондықтан келешек зерттеу жұмыстарында ескерілуге тиіс мәселенің бірі осы жай болуға тиіс.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет