Қазақстанның «АҚ жол» демократиялық партиясы xxi-ғасырдағы Алаштың Ақ жолы Астана – 2014 ж



Pdf көрінісі
бет24/28
Дата12.03.2017
өлшемі5,45 Mb.
#9204
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28

Шəріп Амантай Жарылқасынұлы

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

əлеуметтік ғылымдар 

факультетінің деканы, филология 

ғылымдарының докторы

ТАР МЕЗГІЛДІҢ ТАРПАҢ ТҰЛҒАСЫ

1921  жылы  Мəскеуде  Кеңестердің  бүкілресейлік  ІХ  сиезі  бо-

лып өтті. Түркістан аймағынан делегат ретінде қатысқан Сұлтанбек 

Қожанұлының  осы  жиында  сөйлеген  сөзіне  революция  көсемі 

В.И.Ленин  күтпеген  жерден  назар  аударып,  үзіліс  кезінде  оны 

президиумға шақырып алады да: «Сіз ерекше қызу қанды əрі өте білімді 

қырғыз (қазақ дегені – А.Ш.) екенсіз», - дейді. Сонда Сұлтанбек оған: 

«Жоқ, Владимир Ильич, сіз сəл қателесіп тұрсыз. Мен соншалықты 

қызу қанды жəне айтарлықтай білімді қазақ емеспін. Олар əлі Ұлы 

Далада жайбарақат жүріп жатыр. Бірақ болашақта өздерін танытпай 

қоймайды», - деп жауап қайтарған екен. 

Сөйтіп, өз халқын ардақ тұтқан, туған елінің келешегіне сен-

ген қайраткер кейінірек жазған «Жаназа маршы» атты өлеңінде: 

Зорлық, зұлым жығылар күндер келер,

Азат, күшті, алып жұрт күтер, білер.

Еске алып, босаған жұрт қабіріне кеп,

Сендерді айтып адал көз жасын төгер, -

деп тағы бір көрегендік байқатады. 

Бүкіл саналы ғұмыры желдің өтінде, жардың шетінде өткен, 

есімі мен еңбегі - өзі дəл болжағандай - республикамыз тəуелсіздік 



366

алған кезеңде ғана еленіп-ескеріле бастаған Сұлтанбек Қожанұлы 

1894  жылғы  қыркүйектің 10-ында  қазіргі  Оңтүстік  Қазақстан 

облысының  Созақ  ауданына  қарасты  Ақсүмбе  елді  мекенінде 

қоңыртөбел шаруаның отбасында дүниеге келген. Оның бастапқы 

тіршілік  тəжірибесі  сол  дəуірдегі  өзі  құралпы  оқыған  қазақ 

жастарының  өмір  өткелдеріне  ұқсас  деуге  болады.  Бетпақдала 

мен Қаратаудың бір-біріне ұласқан жеріндегі жазық қойнауда қой 

бағып  жүрген  үлкен  ұлы  Сұлтанбектің  зеректігін  аңғарған  көзі 

қарақты Қожан оны Түркістан қаласындағы төрт жылдық орыс-

түзем мектебіне тапсырады. Зерделі бала алғашқы тəлім-тəрбие 

ордасын  үздік  тамамдап,  ізінше  үш  сыныптық  қалалық  учили-

щеге оқуға түседі. Сол уақытта Сұлтанбектің айнала-төңірегінен 

сабақ түйіп, сақа тартуына септескен мынадай жағдайлар болды: 

біріншіден, ол Сыр бойындағы ағартушылық мектептің Қалжан 

Қоңыратбайұлы, Қоңырқожа Қожықұлы, Ахмет ишан Оразайұлы, 

Ералы Қасымұлы, Садық Өтегенұлы, Серікбай Ақайұлы секілді 

белді  өкілдерінен  ақыл-кеңес  тыңдап,  оң-солын  танитын  хəлге 

жетті;  екіншіден, 1912 жылы  тағдырдың  тəлкегімен  Түркістан 

қаласына  сапар  шеккен  Міржақып  Дулатұлымен  жолығып, 

соңынан əлденеше дүркін дидарласуы саяси таным-түсінігіне та-

лай жаңалық бойлатты; үшіншіден, жергілікті жұрттың ортасын-

да сыртқы түр-əлпетіне қарай «Ұзынсақал» атанып кеткен орыс 

тілінің  оқытушысы,  ойы  оқшау  ұстаз  Иван  Михайлович  Яков-

лев  ішкі  Ресейдегі  қоғамдық-əлеуметтік  ахуалдан  жан-жақты 

хабардар етіп, сауатын саралады. Міне, сол Ұзынсақал-Яковлев 

сүйікті  шəкірті  Сұлтанбекті  Ташкенттегі  мұғалімдер  даярлай-

тын семинарияға қабылдату үшін көп жəрдем жасайды. Əйтпесе, 

айла-шарғыға жүйрік түркістандық миссионер П.Остроумовтың 

қарамағындағы  бұл  оқу  орнының  табалдырығын  отар  өлкенің 

талапкер  жастары  оңайлықпен  аттай  алмайтын.  Жеме-жемге 

келгенде,  жол  байлайтын  түрлі  сылтаулар  табыла  кететін.  Со-

дан да шығар, Ташкент мұғалімдер семинариясын 25 жыл ішін-

де  жергілікті  жұрттардың  арасынан  небəрі 65 адам  ғана  бітір-

ген:  нақты  айтқанда,  олардың 11-і  өзбек,  түрікмен  жəне  татар 

ұлттарының өкілдері болса, 54-і қазақ пен қырғыздың ортасынан 

шыққан.  Қысқасы,  сол  аз  топтың  ішінде  Сұлтанбек  те  бар.  Ол 


367

1913 жылы бүкіл сынақ пен сұрыптаудан сүрінбей өтіп, студент 

қатарына ілігеді. 

Жігерлі  жас  семинарияда  оқып  жүрген  уақытында  саясатқа 

шындап  ден  қояды.  Сол  мезгілде  талай  халықтың  санасын  би-

леген  түрікшілдік  жəне  жəдидшілдік  идеяларына  көңілі  елтіп, 

ықыласы  ауады.  Оның  үстіне 1908 жылы  Түркістанға  сапар  ше-

гіп, талай мешітті, медреселі орындарға аялдап өткен атақты ой-

шыл  Ысмағұлбек  Гаспаралының  соңынан  шұбырған  даңқты  да 

дақпыртты əңгімелердің ізі əлі суымаған еді. «Туркестанская прав-

да» газетінің қосымшасы – «Костры» журналында (1923 жыл, №3-

4)  жарық  көрген  өмірбаяндық  деректеріне  сүйенсек,  Сұлтанбек 

Қожанұлы 1915 жылы  жастардың  «Кеңес»  атты  жасырын 

үйірмесін құрған. Оған мүшелікке кейіннен түрікменнің, өзбектің, 

тəжіктің ірі қайраткерлеріне айналған К.Бөриев, Х.Сахатмурадов, 

И.Теджибаев,  А.Рахымбаев,  т.с.с.  өзімен  бірге  оқитын  достары 

тартылған.  Зерттеуші  Асқар  Мұстафиннің  мəліметі  бойынша, 

осы іске Мұстафа Шоқай мұрындық болып, идеялық жетекшілік 

жасаған («Ана тілі» газеті, 1991, 8 тамыз). Ұйым мүшелері ара-ара-

сында тағы бір алаш ардақтысы Санжар Аспандияровтың əкесінің 

үйінде өздерінің құпия мəжілістерін өткізіп отырған. «Кеңес» атты 

қолжазба журнал шығарған.

Сұлтанбек  семинарияны  аяқтаған  соң,  Əндіжан  уезіне  ба-

рып  бала  оқытады. 1917 жылғы  Ақпан  төңкерісі  туралы  хабар-

ды  осында  жүріп  есітеді.  Өзінің  жорықтас  жолдасы,  түрікмен 

жігіті  Күмішəли  Бөриев  екеуі  Орынбордағы  «Қазақ»  газетінің 

басқармасына: «Қоқан-21/ІІІ.  Мың  басылыққа  кісі  керек  болса, 

біз  бармыз. - Сұлтанбек  Қожанұлы,  Күмішəли  Бөриев», - деген 

мəтінмен жеделхат жолдап, ол аталған басылымның 1917 жылғы 

24 наурызда шыққан санында жарық көреді. 

Бостандық идеясының буына бой алдырған Сұлтанбектің ал-

дында тың соқпақ, соны өріс жатқандай көрінеді. Уақытша үкімет 

заманында  ол  Түркістан  аймағындағы  саяси  қозғалыстардың 

қайнаған  шебінде  жүреді.  Ұлт  азаттығының  тағдыры  талқыға 

салынған  тұста  жергілікті  халықтың  жолбасшылары  түрлі-түрлі 

топқа,  тарапқа,  тармаққа  бөлініп  кеткен  еді.  Соның  салдарынан 

қоғамдық-əлеуметтік бағыт-бағдар жөнінде жеке тұғыры, өзінше 


368

түсінігі, бөгде талабы бар əлденеше ұлттық ұйым дүниеге келді. 

Мысалы, «Шуро-и-исламия»  жəне  «Шуро-и-улема»  қоғамдары 

шариғат  жолына  шырағдан  жағып,  мемлекеттің  мəртебесін 

мұсылманшылықтан іздеді. Бірақ, басқа түгілі, өз ара басы бірік-

педі, жұлдызы жараспады. Сұлтанбек Қожанұлы мен Санжар Ас-

пандияров  бастаған  топ  болса,  зайырлы  жолды  тұтынып, 1917 

жылдың маусымында өлкедегі орыс жұмысшыларының одағымен 

терезе теңестіру ниетінде мұсылман жұмысшыларының мекемесін 

аяқтандырды. Олар өз ұйымының мақсат-мұраты туралы: «Келе-

шекте  орыстар  мен  мұсылмандардың  арасында  жаңаша  қарым-

қатынастар  қалыптастыра  аламыз  ба  деген  үміттеміз,  өйткені 

тек демократиялық ұйымдар ғана ортақ мəмілеге келмекші жəне 

жергілікті жұрттың орыстарға сенімсіздігін жоймақшы. Түркістан 

мұсылмандарының  ішіндегі  жұмысшы  қозғалысының  ізашарла-

ры  бола  отырып,  біз  өз  халқымыздың  болашақта  бостандық  пен 

теңдікке жететініне зор сеніммен қарап, күрделі міндетімізге кірі-

семіз», - деп жазды. 

Жұртшылық  мүддесін  жоқтаған  Сұлтанбек  Қожанұлы 

1917  жылдың  шілде  айында  Орынбор  қаласында  өткен  бірін-

ші  жалпықазақ  сиезіне  делегат  болып  қатысты.  Соның  артын-

ша – тамыздың  басында  өткізілген  Түркістан  аймағы  қырғыз-

қазақтарының  жалпы  жиылысында  хатшылық  жасап,  Тұрар 

Рысқұлов,  Ибраһим  Қасымов,  Ғалимұхамед  Көтібаров,  Иса 

Тоқтыбаев,  Садық  Өтегенов  секілді  азаматтармен  бірге  Сыр-

дария  облыстық  қырғыз-қазақ  комитетіне  мүшелікке  жəне 

Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына өкілдікке сайланды. Мұнан 

арғы  қайраткерлік  іс-қимылына  тоқталсақ,  Хасен  Оралтайдың 

«Алаш»  атты  еңбегінде  жазылғандай,  Сұлтанбек  Қожанұлы 

«Қоқан  автономиясы»  үкіметінің  негізін  қалаушылардың  бірі 

болды.  Осы  саяси  құрылымның  жаршысына  айналған  «Бір-

лік  туы»  газетінің  жауапты  шығарушысы  міндетін 1917 жылғы 

желтоқсанның 16-сынан бастап басылым жабылғанға дейін, яғни 

1918  жылғы  сəуірдің  ортасына  дейін  атқарды.  Газет  жұмысына 

М.Дулатұлы,  Х.Болғанбайұлы,  А.Мəметұлы,  Ш.Сарыбайұлы, 

Қ.Құлетұлы,  Н.Құлжанұлы,  И.Тоқтыбайұлы  белсене  атсалысты. 

Мұстафа Шоқай бастаған өзінің саяси серіктері секілді, Сұлтанбек 


369

Қожанұлы да Қазан төңкерісін қуана қарсы алған жоқ. Бұған «Бір-

лік туы» газетінде жарық көрген «Түркістанда орыс сиездері», т.б. 

мақалалары – айғақ. Ол сол сəтте «Қайтейін?» атты торығыс пен 

түңіліске толы өлең жазып:

Қу заман, ит тіршілік қорладың ғой,

Көрсем де қанша икемдеп, болмадың ғой.

Жете алмай дегенімнің жалғызына,

Талап көп, талайсыз боп сорладым ғой...

Келемін əурелікпен өткізіп жас,

Іс етпей, құр талаппен қатырып бас.

Табиғат, тағдыр, заман тізе қосып,

Болғандай маған қарсы ынтымақтас, - 

деп  сары  уайымға  да  салынады  (Бірлік  туы, 1917 жыл, 25 

қараша). 

Қоқан автономиясы қан-жоса болып таратылған соң, Сұлтанбек 

Қожанұлы аз ғана уақыт саясаттан сырттаңқырап, қажыр-қуатын 

ағартушылық  жұмысқа  арнайды.  Мұғалімдік  мамандығына 

кірісіп,  Түркістандағы  халыққа  білім  беру  бөлімінің  инспекторы 

болып істейді. Сөйте жүріп, аштыққа ұшыраған қазақтарға жəрдем 

беру  комитетін  басқарады.  Ташкентке  барып,  педагогикалық 

училище  мен  педагогикалық  курстарда  сабақ  береді.  Ұстаздық 

қызметіне  ұйымдастырушылық  қабілетін  ұштастырып,  Қазақ-

қырғыз институтының қабырғасын қаласады. 1919 жылы қайтадан 

Түркістан  қаласына  ауыстырылып,  уездік-қалалық  атқару  ко-

митеті  төрағасының  орынбасары  қызметіне  бекітіледі.  Келесі, 

1920  жылдың  наурызында  Алашорда  қайраткерлеріне  кешірім 

жарияланған  шақта  коммунистік  партияның  қатарына  өтіп,  көп 

ұзамай Сырдария облыстық революциялық комитетінің төрағасы 

лауазымына тағайындалады. 

Сөйтіп,  Сұлтанбек  Қожанұлын  ірі  саяси-қоғамдық  тұлға 

ретінде  қалыптастырған – 1920-1924 жылдардың  аралығын 

қамтитын – Түркістан  Автономиялық  Кеңестік  Социалистік 

Республикасындағы қайраткерлік кезеңі басталды. 

Ол 1920 жылдың  қыркүйек  айында  қазақтар  С.Аспандияров, 

О.Жандосов,  Н.Төреқұлов,  түрікмен  Қ.Атабаев,  өзбектер 

С.Қасымқожаев,  А.Бабажанов,  Т.Оразбаев,  тəжік  А.Рахымбаевпен 


370

бірге  Түркістан  коммунистік  партиясы  Орталық  Комитетінің 

толық  мүшелігіне  енгізіліп,  өлкедегі  ықпалды  партия  жəне  кеңес 

қызметкерлерінің қатарына қосылды. Бұдан кейінгі мерзім ішінде 

Түркістан  Коммунистік  партиясы  Ү-ҮІІІ  сиездерінің,  Түркістан 

республикасы Кеңестері ІХ-ХІІІ сиездерінің, Кеңес Одағы Комму-

нистік партиясы Х, ХІІІ, ХІҮ сиездерінің делегаты болып сайланды. 

Мұрағат  құжаттарына  жүгінсек,  Сұлтанбек  Қожанұлының 

жергілікті  жерлерде  Кеңес  өкіметі  қойған  міндеттерді  халық 

тұрмысына  лайықтап  шешу,  республикалық  бюджетті  орталық 

ұйымдардың алдында тиесілі дəрежеде қорғау, комиссариаттардың 

басы  артық  əкімшілік  құрылымдарын  қысқарту,  ауыл 

шаруашылығы кооперацияларын тиімді ұйымдастыру, оқу-ағарту 

мекемелерін  есепке  алу  жəне  қаржылық-материалдық  жағдайын 

ойластыру,  мұғалімдер  даярлау  сапасына  көңіл  бөлу,  билер  мен 

қазылар  сотын  қаржыландыруды  ұмыт  қалдырмау,  аймақтық 

баспасөздің дамуына ықпал ету, көшпелі жəне жартылай көшпелі 

елдің  əлеуметтік-экономикалық  дамуын  бағдарлау,  Түрікмен  об-

лысына,  оның  ішінде  əсіресе  жəуміттерге  қатысты  мəселелерді, 

сондай-ақ  Ферғанадағы  жер-су  проблемаларын  уақытылы 

талқыға  салу,  салық  саясатын  жүзеге  асыру,  бағаны  реттеу,  т.б. 

қыруар  шаруамен  қатар  айналысқандығын  көреміз.  Ол  кеңседе 

көп отырғанды қаламайтын, ел ішін аралап, жағдайды өз көзімен 

көргенді  ұнататын  басшы  болды.  Тапсырылған  қай  істі  де  абы-

роймен атқарып, білгірлігі мен тындырымдылығының арқасында 

қызметтес əріптестері мен қалың жұртшылықтың алдында зор бе-

дел жинады. 

Əлбетте,  ең  əуелі  Түркістан  республикасындағы  шиеленісті 

ұлт мəселесі Сұлтанбек Қожанұлының назарынан тыс қалмады. Ол 

лениндік ұлт саясатының интернационалистік қағидаларына мүлде 

сенген жоқ десек, жалған айтқан болар едік. Бірақ бұл бағыттағы 

қисын мен шындықтың, сөз бен істің бір-біріне сəйкеспей жатқаны 

оның  жанын  ауыртқаны  сөзсіз.  Əсіресе, 1921-1922 жылдары 

Жетісудағы  жер  реформасын  жүргізген  комиссияны  басқарып, 

қазақтың,  өзбектің,  қырғыздың  қоныстарын  аумалы-төкпелі  за-

манда  зорлықпен  тартып  алған  келімсек  жуан  жұдырықтарды 

(кулактарды солай атаған – А.Ш.) өктемдігінен айыруды көздеген 


371

кезінде  ол  бар-бара  қатты  кедергілерге  жолықты.  Мəскеудегі 

билік  тарапынан  «таптық  емес,  ұлттық  тұғырды  жоғары  қойып, 

асыра  сілтегендігі  үшін»  қысымға  ұшырап,  ресми  сөгіс  алды. 

Ақырында,  Түркістан  республикасындағы  жер-су  мəселесінде 

«отаршылдықтың  қалдықтарын  жою»  деген  ұран  шала-шарпы 

жүзеге асырылып, жалаң күйінде қалып кетті. Алайда Сұлтанбек 

ұлт теңдігіне қатысты өзекті ойларын алға тартуды тоқтатпады. Ол 

əсіресе РК(б)П ОК ұлт республикалары мен облыстары жауапты 

қызметкерлерінің ІҮ Кеңесінде (1923 жыл, 9-12 маусым) сөйлеген 

сөзінде Түркістанда отарлық саясаттың көбесі сөгілмегенін, ұлттық 

проблемалардың  ұлғайғандығын  айтамын  деп,  Сталиннің  сыны-

на  ілікті.  Бас  хатшы: «Меніңше,  Қожанов  жақсы  сөйледі.  Икра-

мов (өзбек қайраткері – А.Ш.) та жаман сөйлеген жоқ. Бірақ мен 

бұл  жолдастардың  сөздеріндегі  ойға  қалдыратын  бір  тұсты  атап 

өтуге тиістімін. Олардың екеуі де бүгінгі Түркістан мен патшалық 

Түркістанның арасында ешқандай айырма жоқ, тек маңдайшадағы 

жазу ғана өзгерді, Түркістан патша тұсындағы бəз-баяғы қалпында 

қалды  деді.  Жолдастар,  егер  бұл  кездейсоқ  айтылмаған,  кесіп-

пішілген жəне бастан-аяқ саналы түрде сөйленген сөз болса, онда 

мұндай  жағдайда  басмашылардікі  дұрыс,  біздікі  бұрыс  деуіміз 

керек...  Егер  бұл  рас  болса,  сіздердің  неліктен  басмашылардың 

жағына өтіп кетпегендеріңізді түсінбеймін», - деп тиісті. Тап осы 

басқосудың  үстінде  Сұлтанбекке  «халықтар  көсемі»  мынадай 

мазмұндағы  тілдей  хат  та  жіберді: «Жолдас  Қожанов!  Бүгін  Сіз 

жақсы  сөйледіңіз.  Егер  Сіз  жергілікті  жерде  дəл  осылай  жақсы 

жұмыс істеп жатқан болсаңыз (бұған менің көзім толық жетпей-

ді),  онда  мен  сізге  дос-жолдас  болуға  əзірмін.  И.Сталин».  Міне, 

Сұлтанбек  Қожанұлына  біртіндеп  «ұлтшылдық»  жаласын  жабу, 

«Ортаазиялық Шыңғысханға» теңеу, кейіннен «қожановшылдық» 

деген ат қойып, айдар тағу осындай «дос-жолдастық ескертпелер-

ден» бастау алған болатын. 

1924 

жылы 


Орта 

Азия 


республикаларын 

ұлттық-


территориялық жағынан межелеу жүргізіліп, Жетісу мен Сырда-

рия облыстары Қазақстанға қаратылды. Түркі дүниесін дүр сілкін-

дерген бұл өзгерістің барысында талас-тартыс, қарама-қайшылық 

көп кездесті. Бөліну мен бірігу процестері қым-қиғаш жүріп жат-



372

ты. Тарихы мен тағдыры жақын ұлттардың арасына сына қағылды. 

Ал  Сұлтанбек  Қожанұлының  сол  мезгілдегі  көзқарасында  да 

басқалардан өзгешелік байқалды. 1924 жылғы наурыздың 10-ында 

Ташкентте өткізілген кеңесте Түркістан КП Орталық Комитетінің 

хатшысы А.Рахымбаев «Түркістанның ұлттық-территориялық ме-

желенуі туралы» деген тақырыпта баяндама жасап, Орта Азияны 

ұлт республикаларына жіктеуді бірден-бір дұрыс жол деп бағалады. 

Оны Н.Айтақов, С.Аспандияров, Қ.Атабаев секілді қайраткерлер 

сөйлеген  сөздерінде  қолдады.  Ал  Ортаазиялық  экономикалық 

кеңестің  төрағасы  М.Паскуцкий  мен  Сұлтанбек  Қожанұлы  еке-

уі  межелену  ісін  мақұлдамады.  Олар  экономикалық  жəне  саяси-

əкімшілік  жағынан  біртұтас  Орта  Азия  Федерациясын  құруды 

жақтады.  Сұлтанбек  «түркі  тайпалары  бірыңғай  түркі  тектес 

халықтарды құраған», «оларды жасанды түрде айыруға болмайды» 

деп дəлелдеп бақты. Бірақ Паскуцкий мен Қожанұлының жоспар-

лары жүзеге аспай, қолдаусыз қалдырылды. Орта Азия республи-

каларын  межелеу  жөніндегі  Территориялық  Комиссияның 1924 

жылғы тамыздың 17-сіндегі пленумында да, одан кейін Түркістан 

республикасы басшы ұйымдарының сол жылғы қыркүйек айының 

14-інде  болған  біріккен  пленумында  да  Сұлтанбектің  Орта  Азия 

Федерациясы туралы талап-тілектеріне тойтарыс берілді. Кейінгі 

басқосуда  РК(б)П  ОК-і  Орта  Азия  бюросының  пікірін  білдірген 

ТКП Орталық Комитетінің хатшысы И.Варейкис: «Қазір жұрттың 

бəрінің көңіл-күйі бірігуге емес, бөлінуге бейім тұр», - деп кесіп 

тастады.  Сөз  жоқ,  мұнан  кейін  Сұлтанбек  Қожанұлы  қайраткер 

ретінде ең алдымен өз жұртының жайын қамдап, жоғын түгендеуді 

қолға  алды.  Ол  сол  тұста  жазылған  «Дау  тоқтап,  іс  басталсын!» 

атты  мақаласында: «Осы  күнге  дейін  бір  болып  келген,  шаруа 

жағынан  жігі  ашылмаған  Түркістан  енді  тозып,  төрт-бес  мемле-

кет  болып  отыр.  Басқалар  Орта  Азия  шаруа  бірлігін  жасап,  бір-

ден бөлініп кетпестен, шаруа істерін бір жөнмен жүргізбек болып 

отырғанда, Орта Азиядан қазақ облыстары шықты саналып отыр. 

Жетісу мен Сырдария шаруа жағынан, əлі де болса, Қазақстаннан 

гөрі,  Орта  Азия  мемлекеттеріне  байланысты» (Ақ  жол, 1924, 14 

қараша), - деп, қазақ жұртының əрі-сəрі күй кешіп отырғандығына 

қамықты. 


373

Сұлтанбек  Қожанұлы 1924 жылғы  қазанның 11-інде 

өткен  РК(б)П  ОК  Саяси  Бюросының  мəжілісінде  (бұл  жиынға 

Қазақстаннан  С.Меңдешов  те  қатысқан)  Қазақстанның  КСРО 

құрамына  шарттық  негізде  кіргізілуін  жəне  Қазөлкекомның 

Қазақстан Коммунистік партиясы болып өзгертілуін ұсыныс етіп 

енгізіпті.  Бірақ  мəжілісте  мына  мазмұндағы  қаулы  қабылданды: 

«Қырғыз  (Қазақ)  республикасының  КСРО  құрамына  шарттық 

негізде  кіргізілуіне  негізінде  қарсылық  жоқ  болғанымен,  бұл 

мəселенің іс жүзіндегі шешімін Қырғыз (Қазақ) республикасының 

жаңа  бастамалар  мен  жаңа  шекаралар  жағдайында  жұмыс 

тəжірибесі айқындалғанға дейін шегере тұру қажет деп саналсын 

жəне Қазобкомға кеңес органдары арқылы осыған сəйкес қаулыны 

өткізу ұсынылсын. Қазобкомға бұл мəселені партия ұйымдарында 

да, партияда жоқ бұқараның арасында да əрі қарай талқылауға жол 

бермеу  жүктелсін.  Аталған  мəселенің  РК(б)П  ОК-нің  алдын-ала 

мақұлдауынсыз кеңес жолы арқылы талқыға түсуі мен шешілуіне 

мүлде тыйым салынатынын ескере отырып, бұл істің кеңес бағыты 

бойынша  қалай  өріс  алып  кеткендігі  тексерілсін  жəне  кінəлілер 

партиялық  тəртіпті  бұзғаны  үшін  жауапкершілікке  тартылсын. 

Тап  осы  мезгілде  РК(б)П-ның  Қырғыз  (қазақ)  ұйымының  атын 

Қырғыз (Қазақ) коммунистік партиясы деп өзгерту қисынсыз деп 

табылсын» (Ресей мемлекеттік əлеуметтік-саяси тарих мұрағаты, 

62-қор, 2-тізбе, 80-іс, 216-парақ).

Осының бəріне қарамастан, 1924 жылғы қарашаның 27-сінде 

Сұлтанбек Қожанұлы Қазобкомның, ал 1925 жылғы ақпанның 19-

ында Қазөлкекомның жауапты хатшысы (республикадағы екінші 

дəрежелі лауазым) болып тағайындалады. Ұлт қайраткерінің сол 

кездегі бір үлкен еңбегі – астананың Ақмешітке көшуіне мұрындық 

болуы.  Ол  Түркістан  Орталық  Атқару  Комитеті  төрағасының 

орынбасары  болып  тұрған  уақытында – 1922 жылғы  сəуірдің 

12-сінде  арнайы  қаулы  шығарып,  өзі  тарихи  атауын  қайтарып 

берген  Ақмешіт  қаласын  ел  кіндігі  етуге  күш  салды. «Қазақтың 

астанасы  орыстың  туы  тігілген  қалада  емес,  қаласы  жоқтықтан, 

қазақтың киіз аулында болса да, қазақ ұлты жұртшылығына жуық 

болуы  керек.  Қазақ  ұлт  мемлекетшілігіне  əдемі  қала,  ыңғайлы 

үйлер керек емес, жаман да болса өз ордасы болуы керек. Орын-


374

бордан  көшпей,  қазақ  ұлтының  ішкі  тіршілігі  оңдалып,  қазақ 

еңбекшілерінің  көпшілігінің  қамына  керекті  шаралар  іс  жүзінде 

істелуі қиын», - деп жазды (Ақ жол, 1924 жыл, 12 қараша). Ол өз 

заманы үшін ең тиімді көрінген осы ойларын мəжіліс мінбелері-

нен  сөйлеген  сөздерінде  де,  баспасөз  беттерінде  де  қайта-қайта 

қозғады.  Сұлтанбектің  тілегі  қабыл  болды.  Астана  Ақмешітке 

ауысты. 


 1925 жылғы  сəуірдің 15-і  мен 19-ы  аралығында  Қазақ 

Кеңестерінің Ү сиезі болып өтті. Оған төрағалық еткен Сұлтанбек 

Қожанұлы  күн  тəртібіне  екі  мəселе  енгізді  де,  біріншіден, 

делегаттардың бірауызды шешімімен ұлтымыздың «қазақ» деген 

шын атауы қайтарылды, екіншіден, сол кісінің ұсынысы бойынша 

«Ақмешіт» қаласының аты «Қызылорда» болып өзгертілді. 

Əрине,  Сталин  мен  оның  сенімді  серіктерін  Қазақстандағы 

мұндай  ұлттық  серпіліс  пен  сілкініс  дереу  елең  еткізді.  Ала-

шшылдарды  ауыздықтауға  өз  қандасы  Нанейшвилидің  қауқары 

жетпесін сезген «халықтар көсемі» оның орнына Қазөлкекомның 

біріншісі  хатшысы  етіп  əккі  де  қатыгез  басшы  Филипп  Исаевич 

Голощекинді  аттандырды. 1925 жылдың  күзінде  республикаға 

басшы болып келген ол өзіне ə дегеннен ұнамаған Қызылорданың 

ойран-ботқасын  шығарып,  елге  сыйлы  қазақ  қайраткерлерінің, 

оның  ішінде  Сұлтанбек  Қожанұлының  да  соңына  шырақ  алып 

түсті.  Оның  түпкі  мақсаты – Сұлтанбекті  орталықтың  қарауына 

жөнелту арқылы қазақ қоғамындағы «ұлтшылдық» тенденциясын 

тұншықтырып, содан соң өзіне бағынышты өлкеде ойындағыдай 

сайран  салу  еді. «Тəртіптілікке  тəрбиелеу»  үшін  Мəскеуге 

қызметке  жіберу  тəжірибесінің  жай-жапсарынан  жақсы  хабар-

дар Қожанұлы бұл əрекетке қарсы табан тіреп қасарысып бақты. 

1924 жылы сөйлеген сөздерінің бірінде ол: «Неге екенін қайдам, 

жолдастарымыздың  көбі  түптің  түбінде  жұмақты  Мəскеуде 

орналасқан  деп  ойлайды  жəне  бəріміз  сол  жұмаққа  жетуіміз 

қажет  деп  қате  түсінеді», - деп  айтқан  еді.  Қазақстаннан  кеткісі 

келмегеніне  қарамастан  Қожанұлы  партияның  пəрменімен  өзі 

жақтырмайтын «жұмаққа» жіберілді. Құтылғанына қуанған Голо-

щекин оған: «ж.Қожанов – Орта Азия мен Қазақстан ұлттарының 

ішіндегі  ең  ірі  қайраткерлердің  бірі.  Барлық  уақытта  да  партия-


375

кеңес  орындарында  жауапты  қызметтер  атқарды  жəне  соңғы 

уақытта  БК(б)П  Қазақ  өлкелік  комитетінің  хатшысы  болды.  Са-

яси ой-өрісі зор қызметкер», - деп мінездеме берді. Қожановтың 

орнына  болашақтағы «37-нің  ұлы  ұйымдастырушысы» - Ежов 

отырғызылды.  Қожанұлы  үшін  Қазақстанға  қайтар  жол  мəңгіге 

жабылды.

Өмірінің  қалған  бөлігінде  Мəскеу  мен  Ташкентте  партия-

кеңес,  шаруашылық,  оқу-ағарту  мекемелерінде  қызмет  істеген 

Сұлтанбек  Қожанұлының  соңынан  «Қазақстан  қазақтар  үшін» 

ұранының  жақтаушысы», «түрікшіл», «ұлтшыл», «жікшіл»,  т.б. 

айыптамалар  борап  жатты.  Қазақстанда  «қожановшылдықтың» 

елесімен  күресіп  жүрген  кейбір  белсенділер  үшін  Сұлтанбектің 

жұртшылық  алдында  жария  түрде  кешірім  сұрағаны  қажет  еді. 

Ол  талаптары  да  орындалды.  Бұл  мəселенің  саяси  жай-жапсары 

отандық тарихшыларымыздың еңбектерінде жиі жазылғандықтан, 

егжей-тегжейіне  тоқталуды  артық  санадық.  Қысқасы, 1928 

жылдың күзінде Ораз Исаев Ташкентке барғанында Сұлтанбекке 

төрт  мəселе  төңірегінде  сауалдар  қойып,  олардың  жауабын 

алып  келіп, «Еңбекші  қазақ»  газетінің  сол  жылғы  қарашаның 

2-сіндегі  санында  бастырады.  Бұл  жарияланым  «Сұлтанбек 

Қожанұлы  қателерін  мойнына  алды.  Шынды  жасыруға,  парти-

яны  алдауға  болмайды!»  деген  үлкен  бас  тақырыппен  берілді. 

Қойылған  сұрақтардың  бəріне  Сұлтанбек  жалпылама  жауаптар 

қайтарған.  Мысалы, «Қазақстанда  «қожановшылдық»  болғанын 

мойныңызға аласыз ба?» деген сауалға ол: «... қожановшылдықтың 

болғанын  мойынға  алам.  Қожановшылдар  жігінің  болғаны  рас. 

Қожановшылдықтың саяси жолын тексергенде, жер мəселесінде, 

ұлт  арасының  мəселесінде,  тағы  басқа  мəселелерде  ұлтшылдық 

жолында  болды.  Орындарда  іс  жүзінде  тап  жолын  жүргізуге  аз 

көңіл  бөлінген.  Тап  жолынан  ұлтшылдық  жолы  үстем  болған... 

Алашордашылармен  күрескеміз  жоқ.  Баспасөз  жүзіндегі,  партия 

ішіндегі алашордашылардың əсері, салт-санасымен күресілмеді», 

- деген ыңғайдағы уəждер берген. Ал Сұлтанбектің жауаптарының 

соңына  Сталиннің: «Қожанұлы  ылғи  да  қазақ  елінің  өзгешелігін 

тым көпіртіп, ұлғайта айтады. Күншығыс ұлт республикалары мен 

Кеңес Одағындағы кəсібі күшті аудандардың тағдыры, тілегі бір 


376

екенін ұмытады. Социалдық жұмыстарды ескермейді. Бар жұмысы 

– ұлт тілегін үстем қылу; соған лайықтап қана істейді. Бұл пікір-

дегі жолдастар ұлт ішіндегі, ұлт республикаларындағы істерге аз 

көңіл  бөледі.  Ісінің  бұл  жағын  бұлар  өз  бетімен  өше  берсін  деп 

біледі. Мұны үлкен жұмыс деп білмейді. Бұларша ең үлкен жұмыс 

– республиканың шегін кеңейту, «сыртқы» саясатпен шұғылдану 

–  іргелес  отырған  республикаларамен  айтысып,  таласу.  Көбірек 

жерін,  елін  өзіне  қосып  алу;  сөйтіп,  өз  еліндегі  байшылдарға, 

ұлтшылдарға  жақсы  кісі  болып  көріну.  Бұл  пікірдің  аяғы  келіп, 

мұндай  коммунистерді  социалшылдық  тілектен – жолдан  алы-

статады.  Мұндай  коммунистер  кəдімгі  байшыл,  ұлтшылдардың 

бірі болып шығады», - деген «саяси бағасы» басылған. Сөз жоқ, 

бұл жерде Сталин əбден құлаққа сіңісті болған «ұлтшылдықпен» 

айыптауға қоса, Орта Азияны межелеу науқаны кезінде Сұлтанбек 

Қожанұлының  Ташкент  қаласының  қазаққа  өткенін  қалайтын 

пікірді  ұстанғанын  меңзеп,  өзге  ұлттардың  алдындағы  беделін 

төмендетуге  ұмтылғаны  жəне  ақырында  оны  байшыл-ұлтшыл 

қайраткерлердің  «тілеуқоры»  есебінде  ғана  емес,  нақ  солардың 

өзінен айырмасы жоқ адам етіп көрсетуге тырысқаны анық. 

Сол жылдың желтоқсан айында өткен Қазөлкекомның ІІІ пле-

нумында сөйлеген сөзінде О.Исаев «осы хатынан кейін Қожанов 

Қазақстанға қайтып келе алады» дегенді айтты. Əбдірахман Бай-

ділдин  болса,  мойындаудың  сұрақ-жауап  түрінде  болғандығына 

наразылығын  білдіріп: «Қожанов  жолдасты  баспасөз  бетінде 

«қожановшылдықты»  өз  сөзімен  əшкерелеуге  мəжбүр  ету  ке-

рек», - деді.  Оның  ойынша,  Қожанұлы  пен  «қожановшылдық» - 

екі бөлек нəрсе. Сондықтан Қожанұлы қатесін мойындағанымен, 

«қожановшылдыққа»  қарсы  күресті  тоқтатуға  болмайды.  Демек, 

«қожановшылдық» деген ұғым Қожанұлынан ара жігін ажыратып, 

дербес өмір сүруге көшті деген сөз еді бұл...

Мұнан  соң  Сұлтанбекке  қарсы  іс-қимылдар  бір  сəт  те  толас 

таппады. 

Елдің  есіл  азаматы 1937 жылғы  шілденің 16-сында  қамауға 

алынып, 1938 жылғы ақпанның 10-ында атылып кетті. 

Сұлтанбек  Қожанұлының  соңында  қайраткерлігімен  бірге, 

қаламгерлігін де танытатын мол мұра қалды. 


377

1921  жылы  толтырған  анкеталарының  біріндегі  «Əдеби 

жұмысқа  араластыңыз  ба?»  деген  сауалға  ол: «Қырғыз  (қазақ – 

А.Ш.)  газетіне  редакторлық  еттім  жəне  редакторлық  етіп  келе-

мін», - деп жауап қайтарыпты. Оның «редакторлық еттім» дегені – 

«Бірлік туы», ал «редакторлық етіп келемін» деп айтып отырғаны 

– «Ақ жол» газеті. Сұлтанбектің қаламынан туған дүниелер негізі-

нен осы екінші басылымның беттерінен табылады. 

Сəбит Мұқанов өзінің «Есею жылдарында»: «Обкомдағы ка-

бинетіне  барған  мені  Сұлтанбек  жылы  шыраймен  қарсы  алып, 

шүйіркелесе,  теңдесе  сөйлесті.  Оның  да  өлең  жазатынын  сонда 

ғана білдім. Ташкентте қазақ тілінде шығатын «Ақ жол» газеті мен 

«Шолпан» журналындағы «Тоқпақ» жəне «Замандас» - соның псев-

донимі  екен.  Ол  жалпы  əдебиетті,  оның  ішінде  қазақ  баспасөзін 

көп оқитын адам екен», - деп суреткерлікпен айналысқаны тура-

лы  сыр  тарқатса,  Əуелбек  Қоңыратбаев  «Керуен»  атты  естелік-

тер  кітабында: «Ол - өткір  тілді,  тапқыр,  кең  тұлғалы  кісі-тін. 

Қызыл тілге келгенде, мен ондай шешен адамды көрген емеспін. 

Ашуы  жоқ,  мінезі  дарқан,  сөздерін  тастай  етіп  айтатын  арыстан 

туған кемеңгер адам еді», - деп ауыз сөзге ақпалығын да айтады. 

Сұлтанбекті көзімен көріп, сөзін тыңдаған өзге де - Ғалым Ахме-

дов,  Дүйсеқұл  Сарқұлов,  Шафик  Шокин,  Айтжан  Бутин  секілді 

қадірменді азаматтардың естелік жазбаларындағы пікірлер де осы 

төңіректе тоғысады. 

Сұлтанбектің  публицистикалық  жəне  əдеби  мақалалары, 

өлеңдері, аудармалары сол кездегі мерзімді басылымдардың бет-

терінде көбіне «Тоқпақ» жəне «Тарпаң» деген бүркеншек аттармен 

жарияланып тұрған. Оның көсемсөздік шығармаларында дəуірдің 

тынысы,  қоғамның  мұқтажы,  елдің  тілегі  қапысыз  бедерленсе, 

поэзиясына  əлеуметтік  əуезділік,  азаматтық  жəне  адамгершілік 

ауан, пəлсапалық пайым тəн. Ол орыстың А.Крайский, П.Арский, 

А.Безымянский, Д.Бедный секілді пролетарат ақындарымен қоса, 

орыс  символизмінің  көрнекті  өкілдерінің  бірі  К.Бальмонттың 

өлеңін де қазақшалаған. 

Сұлтанбек  Қожанұлы – əдебиет  пен  мəдениеттің  талғампаз 

жанашыры.  Мысалы,  ол  Ахмет  Байтұрсынұлына  «тіл  тазартуға 

тынбай  еңбек  қылып  келе  жатқан,  амал  мəселесін  іс  жүзінде 


378

шешіп,  тіл  құралдарын  жазып,  қазақтың  ұлт  мектебіне  негіз 

қалап,  ұлт  мəдениетінің  түп  қазығын  мықтап  қағуына  еңбегімен 

себеп  болған,  қазақ  ұлт  мəдениетінің  бірінші  қайраткері»  деп 

жоғары баға берген (Ақ жол, 1924 жыл, 3 сəуір). Ал Мағжанның 

кітабына  жазған  алғысөзінде: «М.Жұмабайұлының  өлеңдері 

қазақ  əдебиетінде  үлкен  орын  алған  деп  санап  басып  отырмыз... 

М.Жұмабайұлының  өлеңдері  əдебиет  тарихындағы  соңғы 10-15 

жылдағы ағымдарды тексеруге де жақсы құрал бола алады деп ой-

лаймыз... М.Жұмабайұлы өлеңдерінің тіл жағынан, əдебиет тану 

жағынан пайдасы көп болады деп сенеміз... Мағжан өлеңдерінің 

ішінде кез келетін марксизм дүние тануына ұйқаспайтын жерлерін 

оқушылар  көре  салып  үрікпей,  көркемдік  жағына,  сыршылдық 

жағына, суреттеу жағына көбірек көз салуы керек, тарихи мəнісіне 

жете түсінуі керек», - дейді. Олай болса, С.Мұқановтың Сұлтанбек 

туралы: «Совет  өкіметіне  қарсы  өлең-жыр  жазудан  тынбай  келе 

жатқан алашордашыл ақын – Мағжан Жұмабаевтың Қазақстанда 

бастыра алмаған өлең, поэмаларын 1923 жылы Ташкент қаласында 

бастырды  да,  өзі  кіріспе  сөз  жазып,  Мағжанды  аспанға  шығара 

мақтады; «Алаш»  лидері  Ахмет  Байтұрсыновтың 1923 жылдың 

күзінде  Орынборда  құлаған 50 жылдық  юбилейін  Ташкентте 

өткізіп, Түркістан республикасының басқарушы газеті – «Ақ жол-

да» Байтұрсыновты мақтаған мақалалар бастырды, портретін жа-

риялады...», - деп жазуында талай сырдың жатқаны белгілі.

Сұлтанбек Қожанұлының өзі де жоқтаусыз қалған жоқ. Əкесінің 

соңындағы  мұрасының  жарыққа  шығуына  жанын  салып  қызмет 

етіп,  əрбір  табылған  дерекке  балаша  қуанып,  өле-өлгенше  бəйек 

болып өткен туған қызы - топырағы торқа болғыр Зиба апамыздың 

əңгімелерін  есітудің  сəті  түсті.  Сұлтанбектің  есімі  мен  еңбегін 

жұртқа  танытуда  зайыбы  Гүлəндам,  профессорлар  Ə.Тəкенов 

пен  Т.Қожакеев,  тарихшылар  М.Қойгелдиев,  Х.Тұрсын,  жазушы 

Б.Қойшыбаев, журналистер Ж.Əлмашұлы мен А.Тасымбеков, де-

ректанушы Р.Сарғожин, өзбек ғалымы Р.Раджапова елеулі еңбек 

сіңірді. Сұлтанбектанушылардың қатары жылдан-жылға молайып 

келеді.

Ендеше, ұлтын ұлықтаған қайраткердің сөзі мен ісі халқымен 



бірге жасай беретініне еш шүбə келтірмейміз.

379



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет