Бақырғани кітабы



Дата19.11.2023
өлшемі29,96 Kb.
#124917
Байланысты:
Қожа Ахмет Йассауи


Сүлеймен Бақырғани (12ғ.) «Бақырғани кітабы»
Бақырғани кітабы”[1] — түркі тілдес халықтардың 12 ғасырдан сақталған сопылық ағымдағы әдеби ескерткіштердің бірі. Авторы, сопылық ағымның ірі өкілі — Сүлеймен Бақырғани. Бақырғанидың сопылық мазмұндағы хикмет-өлеңдері кезінде ұлан-ғайыр Қыпшақ даласы мен Орталық Азияның түркі тілдес халықтарының арасында кеңінен тарағаны тарихтан жақсы мәлім болғанымен, ақын мұрасы тек 19 ғасырда ғана толық жинақталып, Қазан және Ыстамбұл баспаларынан “Бақырғани кітабы” деген атпен бірнеше рет (1846, 1877, 1882, 1898 жылдары) басылып шықты. “Бақырғани кітабы” — бес бөлімнен тұрады.

  • Бірінші бөлімі — көңіл-күй жырлары;

  • екіншісі — сопылық идеясын насихаттауға арналған дидактикалық философиялық хикмет-өлеңдері;

  • үшіншісі — Алланы мадақтауға арналған жырлары (“Меғрожнаме”);

  • төртіншісі — “Ақыр заман көріністері” дастаны;

  • бесіншісі — “Бибі Мариям” толғауы.

“Бақырғани кітабының” басты идеясы — оқырманын ізгілікке, имандылыққа, рухани тазалыққа үндеу. Ақынның айтуынша, әрбір адам рухани тұрғыдан кемелденген дәрежеге жетуі үшін Алланы (Хақты, абсолюттік рухты) толық танып-білуі тиіс. Ал, бұл биік мақсатқа жетуі үшін адам алдымен төрт асудан сүрінбей өтуі керек. Олар: шариғат (ислам заңдары мен әдет-ғұрыптарының жинағы), тариқат (сопылық ағымның идеясы, мұрат-мақсаты), мағрифат (мұсылмандықтың қағида-шарттарын танып-білу) және хақиқат (Хаққа жақындау). Бұл рухани асулардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады. Сондай-ақ осы төрт басқыштың әрқайсысы он мақамнан (тоқтамнан) тұрады. Аталған төрт сатының (басқыштың) қырық мақамын толық танып-біліп, жақсы игерген адам ғана Алланың (ақиқаттың) дидарын көруге мүмкіндік алады. “Бақырғани кітабы” жырларында сопылық идеяның негізгі қағида-шарттарына, сонымен бірге, адамның қоғамда атқаратын қызметіне гуманистік тұрғыдан түсінік беріледі. “Бақырғани кітабы” Алла сыйлаған өмірдің ләззатынан безбеугемахаббат қызығын көруге, ғылым мен өнерді меңгеруге үндейді. Адамды сүю арқылы құдайды сүюге болатыны жырланған. “Бақырғани кітабының” “Бибі Мариям” атты бөлімінде пайғамбарлар, әулие-әнбиелер, әлемнің жаратылысы, т.б. туралы жазылған сопылық-дидактикалық сарындағы жырлар қамтылған. Мұнда Ғайса пайғамбар өз анасы Мариям бибімен өмір мен өліммейірімділік пен зұлымдықжақсылық пен жамандық жайында әңгімелеседі. “Бақырғани кітабы” оқырман қауымды имандылыққа, ізгілікке, құдайға құлшылық етуге шақырады
Біз бұл кітапқа Әбу Бәкір ас-Сыддықтан, Омар ибн әл-Хаттабтан және Әли ибн Әбу Тәлібтен тараған ұрпақтар арасынан әр атаның бір-бір ірі тарихи тұлғасы туралы танымдық мақала беруді де көздеген едік. Әбу Бәкір жұрағаттары ортасынан мұндай таңдау Сүлеймен Бақырғаниге түсті.
Сонымен, әңгіме бірінші халифтің 23-ші ұрпағы, оқымысты ойшыл, ғұлама ғалым, көріпкел әулие, айтулы ақын, Орталық Азиядағы дидактикалық сарын поэзиясының негізін қалаушылардың бірі Сүлеймен Бақырғаниге арналады. Оның әулеттік шежіредегі шын аты-жөні Сүлеймен Уәли болып келеді. Бұдан бөлек, «Хәкім Ата», «Қожа Ата», «Сүлеймен Ата» деген де қосымша есімдері болған. Тарихта сонымен қатар ислам «Апокалипсисі» – «Ақыр заман кітабын» жазған философ ақын ретінде де қалды.
Біз қолымыздағы бар мәліметтерге сілтеме жасай отырып, Сүлеймен Бақырғанидің 1104 жылы қазіргі Қарақалпақстан аумағының Қоңырат қаласына жақын маңдағы Бақырған деген жерде өмірге келіп, 1186 жылы Түркістан өңірінде қайтыс болғанын айта аламыз. Оның атына қосылып тұрған «Бақырған» деген лақабының өзі осыны байқатады. Мысалы, С.М. Демидов өз зерттеулерінің бірінде Сүлеймен Бақырғаниды қазіргі Қоңырат қаласына таяу, Хорезмнің солтүстігіне орналасқан Бақырған деген мекеннен шыққан деп есептейді. Хакім Атаның мазарының сол жерде екендігін, қазіргі уақытта да мінажат етушілерге танымалдығын баяндайды. Рас, әулие бабаны қазір Түркістан маңында дүниеге келген етіп көрсеткісі келетіндер де бар. Бірақ оны айғақтап беретін бірде-бір құжат, мәнбе, сілтеме жоқ. Мұның орнына, оның Хорезмнен шыққанын атап көрсететін жазбалар көп.
Бұған дейін Сүлеймен Уәлидің тек қайтыс болған жылы ғана нақтыланып жазылып, туған кезеңі XII ғасырдың бас жағы екені айтылатын. Алайда, көптеген зерттеулерде оның 1186 жылы Түркістан қаласында 82 жасында бақилық болғаны жарияланып жүр. Демек, осы дерекке табан тірей келіп, оның 1104 жыл шамасында дүниеге келгенін пайымдауға болар еді. Мұндай тұжырымды ғалым Н. Мәтбек те жасайды. Ол өзінің «Сүлеймен Бақырғани – ортағасырлық ойшыл, ғалым» деген мақаласында: «Зерттеу еңбектерде С. Бақырғанидың 1186 жылы 82 жасында қайтыс болғандығы жазылған. Бұл дерекке сүйенсек, С.Бақырғани 1104 жылы дүниеге келген болып шығады», – деген байламға қазық байлайды. Алайда, йасауитанушы ғалым З. Жандарбек өзінің «Насаб-нама нұсқалары және түркі тарихы» деген еңбегінде: «Насаб-нама-йи Хаким Ата, яғни Хакім Ата әулетінің шежіресінен деректер келтіреді: «Сүлеймен Құл Хакімді суфра тұту – білім тарату үшін Қожа Ахмет Ясауи Үргеніш уәлаятына жібереді, оның 95 жыл өмірі болды, бес мың мүриді болды» дейді», – деген деректі алға тартады. Ол сонымен қатар Сүлеймен Бақырғанидың мазары қазіргі Өзбекстан жеріндегі Хорезм облысында екенін де меңзеп өтеді. Расында да «Насабнамада» нақты осындай дерек бар. Онда: «Ол тағы Сүлеймен-қожа Хәкімге Үргеніш уәләятын берді. Ол 95 жыл өмір сүрді, соның 70 жылында Қыдырмен бірге – оған бейбітшілік болсын! – әңгімелесті», – деп жазылған. Бұлай болған жағдайда, Сүлеймен ата 1091 жылы туған болып шығады. Қалай дегенде, оның туған жылдарының жобасы айқын.
Осы ретте белгілі академик В.В. Бартольдтің XX ғасырдың басында жазып кеткен анықтамасына да көз салғаннын артықтығы болмас. Ол Сүлеймен Бақырғани туралы: «562/1166/67 жылы қайтыс болған Ахмед Йасауидің Хорезмнен шыққан шәкірті Хәкім Ата. Оның шын аты-жөні Сүлеймен Бақырғани еді, оны сондай-ақ Сүлеймен Ата немесе Хәкім қожа деп те атайды, ал Бақырған деген Мақдиси атап өтетін Бағирқан дегенге ұқсас, ол қазіргі Қоңырат қаласынан солтүстікте, айтарлықтай біраз жерде, Хәкім Атаның қабірі де сонда, қазір ол жұрттың тәу ететін орнына айналған, әулиенің өмір жолын суреттеген бір жазбаға сәйкес, бұл жер қазір Апақ қорған, яғни «әппақ қорған» деп аталады. Дәл осындай атауды Түркістанда да, Сырдария жағасындағы Ходженттегі Ходжа Бақырған деген өзен атынан да көруге болады, өзеннің атауынан оның әулиелі кісіге қойылғаны аңғарылады», – деп жазады. Ол бұдан әрі: «Хәкім Атаның өмір жолын біз тек аңыздар арқылы білеміз», – деген де тоқтам жасайды.
Бір айта кетерлігі, қазақтан бөлек зерттеушілердің көпшілігі осылайша Сүлеймен Бақырғанидің түркі даласына сопылық ілімнің дәнегін сепкен аса танымал ағартушы Құл Қожа Ахмет Ясауидің (1103-1228) белді 4 шәкіртінің, Қараханид дәуіріндегі жазба поэзия алыптарының бірі екенін айтып келеді де, Хәкім атаның сол Йасауидің туған жиені екенін атап өтуді «ұмытып» кете береді. Сондықтан олардың танысуларын баяндайтын хикаялар мен өзара қарым-қатынастары турасындағы аңыздардың бәрінде бұл дерекке мүлде назар аударылмайды. Мысалы, олар жайлы бір аңыз былай желі тарқатады: Бір күні Қожа Ахмет Йасауи теккесінің алдында отырғанда, кетіп бара жатқан бір топ баланы көріп қалады. Сыралғысы, Құран үйрену үшін мешітке не медресеге беттеген сыңайлы бүлдіршіндер Құран кітаптарын дорбаның ішіне салып, оны асынып бара жатса, іштеріндегі бір балақай ғана қасиетті кітапты құрметтеп, басының үстіне қойып алған екен. Ол медреседен үйіне қайтқан кезінде ұстазға арқасын көрсетпеу үшін артқа қарап жүріп өтіпті. Бұл жағдайды көрген Ахмет Йасауи, ол балаға: «Балам, ұстазың мен әке-шешеңнен рұқсат алып, маған кел, саған діни білімді мен берейін» дейді. Содан кейін бала екі жақтан да рұқсатын алып, Ахмет Яссауидің теккесіне келеді. «Көптеген жылдар діни кітаптар оқып білім алады, кейіннен мүрит болып рухани тұрғыдан өзін жетілдіреді. Бұл баланың аты Сүлеймен еді», – деп тәмамдалады бұл аңыздың соңы.
Шын мәнінде Сүлеймен Уәли «Түркістанның пірі» атанған, өзіне ұстаз болған Ясауидің қызы Гауһардан туған жиен немересі еді. Бұл туралы шежіреші Дәумен қажы Шоманов өзінің «Молда Шәмшілер» деген кітабында былай деп айтып өтеді: «Әбу Бәкірдің өзінен тараған 21-ші ұрпағы Әбіләйіс қожаның екі баласы болған. Олардың бірі – Жақып қожа, екіншісі – Әбдімәлік қожа. Жақып қожадан Қылауыз қожалар тарайды. Ал Әбілмәлік қожаның баласы – Әли қожа (Әлқожа) бабамыз Қожа Ахмет Иассауидің қызы Гауһар анамызға үйленген, одан баласы Сүлеймен Уәлі туылады. Әдебиет тарихында Сүлеймен Бақырғани, Сүлеймен Хәкім-ата және Хәкім қожа Сүлеймен есімімен белгілі Сүлеймен Уәлі Қожа Ахмет Иассауи бабамыздың ең дарынды шәкірттерінің (талабасы) бірі болған, ұстазы (нағашысы) жазған хикметтердің бір көшірмесін жасап, кейінгі ұрпаққа қалдыруға көп қызмет істеген». Осы тұжырымды Дәукең өзінің «Мәулана Шәмшідін. Хикметтер» деген келесі кітабында: «Мәулана Шәмшідін Қожа Ахмет Иассауидің қызы Гауһар мен арғы атасы Әли Қожаның (Әлғожа) бесінші, ал Әли Қожа мен Гауһардан туған Сүлеймен Уәлінің төртінші ұрпағы. (Осы жерде айта кетуіміз керек, Сүлеймен Уәлі деп отырғанымыз – Хәкім ата атанған белгілі ақын)», – деп тайға таңба басқандай нақтылап, нығыздай түседі.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет