Байкалдан Балқанға, Алтайдан Ақтеңізге, Моңғолиядан Мажарстанға дейінгі ұлан-ғайыр алып аумақты мекендеген байырғы халықтардың арғы тамыры Ұлы даладан бастау алады



бет1/2
Дата27.09.2023
өлшемі18,9 Kb.
#110344
  1   2

Байкалдан Балқанға, Алтайдан Ақтеңізге, Моңғолиядан Мажарстанға дейінгі ұлан-ғайыр алып аумақты мекендеген байырғы халықтардың арғы тамыры Ұлы даладан бастау алады. Ежелгі дәуірлерде Ұлы дала төсінде сақтардан алау алған елдік дәстүр жалғасын тауып, ғұндар1 мен түрктер2 дүниені дүр сілкіндіріп, айбынды империялар орнатады. Даңқты бабаларымыз іргелі мемлекеттердің негізін қалап, замана көшінің келбетін өзгертіп қана қоймай, бағзы дәуірлерде алғаш рет жылқыны қолға үйретіп, кен қорытып, темір өндіріп, ауыз әдебиетінің бай үлгілерін ұрпаққа аманаттап, адамзат ақыл-ой қазынасына өлшеусіз үлес қосты. Ұлы даланың әр қиырынан табылған мәрмәр тасқа бәдізделген жазу мәдениетінің үздік нұсқалары – жазба ескерткіштер, Тәңір наным-сенімінің көріністері – киелі ғибадатханалар мен ғұрыптық кешендер, өркениеттің жауһарлары – көне шаһарлар мен әсем кесенелер ежелгі түрк мәдениеті әлеуетті де салтанатты болғанын айғақтайды. Ұлы даланың тұрғындары арман-аңсары мен қаһармандық тарихын туған жердің әр тасына қашап қалдырған, оны бәдіздеп, оюмен өрнектеген ойшыл халық. Осылайша Еуразия кеңістігіндегі байтақ қоныстың әрбір тасы таңбаланып паспортталған, оны көзінің қарашығындай сақтаған Ұлы дала елінің аманаты бізге ұласқан.
Әйгілі тарихшы Рене Груссе 1938 жылы жариялаған «Ұлы дала империялары» деген бірегей зерттеуі арқылы Ұлы дала ұғымын әлемдік тарихнамаға алғаш рет орнықтырып, ғылым кеңістігінде бетбұрыс жасаған еді. Ұлы даланың түрк әлемі тарихының келбетін айқындаған байырғы ошақтары саналатын кеңістігіне қазіргі Қазақстан, Оңтүстік Сібір, Моңғолия, Шығыс Түркістан, Орал, Каспий, Қара теңіз, Кавказ аумақтары қамтылады. Бұл аймақтарда «скиф», «сақ», «усунь», «кангюй», «юэчжи», «ғұн», «динлин» сынды жалпылама аталатын бірқатар мемлекеттер мекендеді. Орталық Азияда б.з.д. VII-VI ғасырларда мекендеген тайпаларды ежелгі қытай жазбаларында «се», «сай», «жун», «ди» деп атаса, кейінірек «ху» деп жалпылай атаған еді. Сонымен қатар Орталық Моңғолияда «ғұн», Хянған, Ішкі Моңғолия, Манжұрияда «дұнхұ», Тянь-Шань, Шығыс Түркістан өңірлерінде «юэчжи» деп жалпылама аталатын тайпалық одақтар, мемлекеттер болды. Аталмыш мемлекеттер мен тайпалар одағының құрамындағы этностар прото түрктердің қалыптасуында маңызды қызмет атқарды. Бұл – этногенезистік, әрі лингвистикалық тұрғыдан да түрк халықтары ататегінің тым ежелгі негіздері Ұлы даладан бастау алып, қалыптасты деген сөз. Сол себептен де түрк әлемінің байырғы тамырларының бірі далалық көшпелі скиф-сақтар болып табылады. Еуразияның ұлан-байтақ аумағында оның ішінде қазіргі Қазақстан аймағында «Азия скифтері, сақтары» деген жалпы атаумен «сақтар, массагеттер, дайлар, исседондар, аримаспалар, аргиппейлер сияқты көптеген көшпелі және жартылай отырықшы тайпалардың одағы өмір сүрді. Қазақстанның оңтүстік аумақтарында тиграхауд сақтар, дахтар, орталық аумақтарында исседондар, батыс аумақтарында савроматтар, солтүстік шығысында аримаспылар мекендеген. Ғалымдардың пайымдауынша, сақтарда түрк этногенезисінің бастаулары бар, олар ерте замандардан парсы және өзге тайпалармен көрші өмір сүрген. Ежелгі грек жазбаларында б.з.д. VII-III ғғ. Қазақстан мен Орталық Азия өңірінде мекендеген «хаумаварга-сақтар» (хаома сусын дайындаушылар), «тиграхауд-сақтар» (шошақ бөріктілер), «тийа-парадарайа-сақтар» (теңіздің арғы жағындағылар), «тиар пара согдам сақтар» (соғдының арғы жағындағы сақтар) жайында мәліметтер хатталған. Дәл осы мәліметтер Ұлы дала халықтарының арғы аталары туралы ілкі деректер болады. Байырғы түрктердің ата-бабалары Орталық Азияның солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарын мекендеген салт атты сақтар екені күмән туғызбайды. Б.з.б. І мыңжылдықтың ортасына таман Алтай тауларынан Қара теңіздің солтүстік жағалауына дейін созылып жатқан аумақта алғашқы саяси құрылым, яғни байырғы ел – Сақ (Скиф) тайпалық одағы жасақтаған мемлекет пайда болды. Шығыс дереккөздерінде Сака, батыс дереккөздерінде Скиф ретінде белгілі бұл одақ Орталық Азия халықтарының Еуразия кеңістігіндегі ең алғашқы әскери-саяси жүйесі бар мемлекет болып құрылды. Сақтар б.з.б. VII-III ғасырлар арасында Байкал (Байкөл) көлінен бастап Дунай өзеніне дейінгі ұлан-байтақ аймақта саяси-мәдени құрылымын қалыптастырды. Олар географиялық жағдайларға байланысты, отырықшы және көшпелі өмір салтын ұстанып, табиғи байлықты оңтайлы пайдалана білді.
Бұрын отырықшы жер өңдеу кәсібімен айналысқандар ғана өркениетті ел болып саналған. Ал мал өсіріп, жартылай көшпелі өмірмен айналысқандардың мәдениетіне көңіл аударылмай келді. Алайда археологиялық зерттеулер көшпелілер өркениеті бар екендігін дәлелдеді. Шындығында, бұл екі өркениет бір – бірінсіз өмір сүрмеген. Олардың арасындағы байланыс ежелгі дәуірлерден – ақ белгілі. Б.з.д. ҮІІ – Ү ғасырлардағы жазба және археологиялық деректерге қарағанда, Қазақстан мен Орталық Азияны мекендеген тайпалар Қытай, Ассирия, Мидия, Парсы сияқты елдермен өркениетті қарым – қатынас жасаған.
Жібектен және жүннен жасалған бұйымдар Оңтүстік және Батыс Еуропа жерлерінен б.з.д. ҮІ – Ү ғасырларға жататын қабірлерден де табылған. Бұдан сақтар мен скифтердің Батыс пен Шығыс аралығында байланыстыру ерекше рөл атқарғандығы көрінеді.

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет