Ббк 84 (5 Қаз)-4 б 20 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті



жүктеу 14.45 Mb.
Pdf просмотр
бет8/19
Дата20.01.2017
өлшемі14.45 Mb.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19

Манаш Қозыбаев,
 академик
ХХ ҒАСЫРДЫҢ  ҰЛЫ РЕФОРМАТОРЫ*
Адам баласының тарихында 70 миллиардтаған жандар 
келіп, олардың басым көпшілігі қара басынан аса алмай өмір 
кешті, өтті, кетті. Ахаң сөзімен айтсақ, «Сасық ми, салқын 
жүрек санасыздар, алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр».
Əрине, олардың ішінде жанып туған, жарып туған өзгеден 
бөлек, елден ерек орнын танып туған тұлғалар болмаса, Назым 
Хикмет айтқандай, əлемді қара түнек басар еді.
Егер сен жанбасаң, жанартау боп атылып,
Егерде ол жанбаса, аруақты шақырып. 
Егерде біз жанбасақ, замананы сапырып, 
Барша əлемді басар сонда түнек пенен қапырық. 
Қалар ма еді о дүние, топырақ боп шашылып.
1
– деп ақын тебіренсе, Ахаңның
Мен бұқтым, жатым,
Сен бұқтың, жаттың,
Кім істейді, қызмет?!
– деп, ұлтына қызмет істер перзент іздеуі, «ұл туып, ұлы жол-
да қызмет етсе, онан зор ұлтқа бар ма ырыс деген», – үндеуі 
осыдан.
Міне, осылай өмірде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар 
шығады. Дүлділ дара келеді. Дана атанады. Дана өз заманасы-
нан озып туады, тозық елді озық етемін деп замана кесапатта-
рымен белдеседі, ойымен, ісімен, қалдырып кеткен үлгісімен 
алыптарымен теңдеседі.
XХ ғасыр даналарының бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Ахаң-
ның өмірі, тағдыры, мұрасы – оның ғасырдың ұлы перзенті 
екендігінің айғағы. Ол күрескен кесапаттар – надандық, қараң-
* Ықшамдалған нұсқасы.

Аударма автордікі

173
ғылық, ұйқышылдық, адами хайуандық, отаршылдық, ұлттың 
азуы мен тозуы, оның бұратаналық болмысы, жараланған жан 
жарасы, құлшылдық санасы, таланған жері, қансыраған тілі, 
шоқындыру саясатынан жансыздана бастаған діні, орыстан-
дырыла бастаған ділі. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының 
болашақта болу-болмау альтернативасы.
Ахаң тағдыры – ел тағдыры.
«Ұлт ырысы», «өркениет ырысы», «олжалы жерде үлестен», 
«ордалы жерде орыннан», «жоралы жерде жолдан» қазақ халқы 
қалмауын ойлаған, «ұлттық құтқару майданының сардары, ХХ 
ғасырдағы ұлттық ренессанстың бастауы Ахмет Байтұрсынұлы 
планеталық ойшылдар қатарынан орын алары даусыз. Ахаң 
бар əлемдік ұлылар галереясында ХХ ғасырдың ұлы гуманисі 
Ганди, түркі əлемін оятқан Кемал Ататүрік, шілдің боғындай 
шашыраған араб əлемінің басын қосқан Насер, əккі отаршыл 
Ресейді еңіреткен, ХХ ғасырдың Шамилі – Дудаев, əлемдегі 
əрбір төртінші адамның жан дүниесін елжіреткен Ден Сяо 
Пин, тұңғыш ғарыш перзенті Гагарин, адам құқының қорғаны 
Сахаров, алты Алаштың арысы Əлихан Бөкейханов сияқты 
біртуар тұлғалар тұр.
Əрине, Ахаңды планеталық санаттағы ойшыл, ұлы ағар-
тушы-гуманист, ХХ ғасырдың ұлы реформаторларының бірі, 
бір де болса бірегейі деуімізді дəлелдеу алда тұр.
Байтұрсынұлытану – қазақ қоғамдық ғылымының өте жас 
саласы. Ол – Шоқан, Ыбырай, Абай жүргізген ағартушылық-
тың отаршылдыққа қарсы ұласқан күрес тарихының құрамды 
бөлігі, ол – ХХ ғасырда алаш зиялылары негізін салған ұлт-
тық ренессанстың бастауы. 1923 жылы қазақ елі Ахаңның 50 
жылдығын тойлады, С.Сейфуллин, М.Əуезов бастаған қазақ
зиялылары Байтұрсынұлытанудың бастауында тұрды. Байтұр-
сынұлытану аяқ алысынан-ақ Ахаңның Халықтың «Алғашқы 
шыққан көсемі» екендігін (М. Əуезов), «Қалың қазақтың ұлт 
намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында 
жалғыз Ахмет» (С.Сейфуллин) екендігін, «бостандыққа жол 
көрсеткен Ахаң» (ұйымдастыру алқасы) екендігін жария етті. 
Алайда советтік тоталитарлық жүйе, И.Сталиннің қандыбалақ 
жендеті Ф.Голощекин ұлттық идеяны ту еткен А.Байтұрсынұлы 

174
есіміне «шылдық» деген жұрнақты түбі түскен шелектей бай-
лады, революнияға, халыққа қарсы қазақ ұлтшылдығының 
символы етіп жариялады. Бұл зымиян саясат арқылы жүйе 
төрт мақсатына жетті: біріншіден, Ахаңды, қазақ зиялыларын 
қорғаныс шебіне шегіндірді; екіншіден, оларды өз халқына 
құбыжық етіп көрсетіп, өз ұлтынан айырды. Қанатын қайырды, 
ұлтты басшысыз, рух көсемдерінсіз қалдырды; үшіншіден, 
дананың тарихтан алар орнын ластады. Байтұрсынұлытануды 
жанбай жатып сөндірді; төртіншіден, казақ өзін танудан қалды, 
əлемдік халықтануда оның болмысы бір сəт аласарып, рухы 
төмендеді.
Алайда жүйе тарих тегершегінің айналуын тоқтата ал-
мады. Жаңа тəуелсіздік заманасы Байтұрсынұлытану даму-
ына бірден-ақ екпін берді. Ұлт ұстазын енді-енді ғана тани 
бастағандаймыз. Ахаң есімі ақталғаннан бергі. Одан қалды 
осы мерейтой қарсаңында жарық көре бастаған алғашқы зерт-
теулер сондай əсер етеді.
2
Ахмет Байтұрсынұлы – ХХ ғасырдың ірі құбылысы, 
феномені. Оның есімі осы дүбірлі ғасырдың түбірлі, түбегейлі 
құбылыстарымен тағдырлас. Сондықтан Байтұрсынұлытану 
шын мəнінде ғасыртану десе де болады. Сондықтан Байтұрсын-
ұлытануды дамыту барлық гуманитарлық ғылымдардың ортақ 
парызы.
Ендеше, Ахаң болмысы жан-жақты ашылғанда ғана ұлы 
ұлт перзентінің қырлары мен сырлары ашылады, əлемдік ұлт-
азаттық қозғалысына қазақ халқының қосқан сүбелі үлесі сом-
далады. Сөз жоқ, бұл болашақтың ісі.
Ахаң ең алдымен Ресей шығысының ұлт-азаттық қозға-
лысының рухани көсемі. Ахаң Абай мен Ыбырайдан əрі кетті. 
Ұлт азаттығы үшін, қазақ автономиясы-мемлекеті үшін, ұлттық 
болмысы үшін күрес қазақ зиялыларының ұлттық платфор-
масына айналды. Бұл болса 35 миллион түркі халықтарының 
ортақ ұраны еді. Əлихан, Ахмет ұлттық шеңберден шығып, 
2
 Нұрғалиев Р. Алып бəйтерек // Байтұрсынов А. Ақ жол. Алматы. 1991, 3-14-бб.; 
Сəтбаева Ш. Байтұрсынов (1872-1937) // Байтұрсынов А. Шығармалары. Алматы, 
1989. 3-20-66.: Көшербаев Қ., Арын Е., Дүйсенбай Е. Адамдық диханшысы //Қазақстан 
мектебі. 1998. № 6, 5–25-бб.; Нұрпеиісов К. Алаштың күрескер ұлы. Бұл да сонда, 29-
37-бб.; Қирабаев С. Əдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. Алматы. 1995.

175
еуразиялық тұғырға көтерілді. Ол ғасыр басында Ұлт ұстазы 
атанып, бір өзі халықтың Абайы мен Ыбырайы бола алды.
Алаш қозғалысы – ХІХ ғасырдағы ағартушылар қозғалы-
сының жалғасы, оның жоғары сатысы. Абай заманында 
ағартушылық ұлтымызды өркениетке таныстыру, табыстыру 
кезеңі болды.
Ыбырай Алтынсарин бұлағынан бастау алған Ахмет зама-
насы – ағартушылықты ұлтымыздың болмысын сақтап, оны 
өркениетті халықтармен жарыстыру үшін жүргізілген күрес 
заманасы еді. Ахаң оқу білімді, ағартушылықты «ерге теңдік, 
кемге кеңдік, азды көп теңгеретін» бостандық жолы деп таны-
ды. Ендеше, Ахаң тек ұлы ағартушы санатында қалмай, оны 
ұлт-азаттық қозғалысының ең бір айбынды да айдынды шалқар 
қайнары ете алды.
ХХ ғасырда Ресей империясында ұлттық либералдық-
демократиялық қозғалыс өрістеді, монархиялық Ресей консти-
туциялық жолға экономикасын жаңғыртып, еуропалық ізге 
сала бастады. Қазақ зиялылары ресейлік жаңа реформаторлық 
буынның бір тармағы есебінде бой көтерді.
Сол сəтте ұлт-азаттық қозғалысының бірден-бір көсемі бо-
лып Əлихан Бөкейханов шықты. Ол еуропалық тəрбие алған, 
еуразиялық деңгейдегі энциклопедист-ғалым, қоғам қайраткері 
еді. Əлихан қазақ сахарасындағы ұлт-азаттық қозғалысын 
еуропалық демократиялық, конституциялық, парламенттік 
күрес жолына салды. Ахмет болса ұлт-азаттық қозғалысына 
гуманистік, ұлттық сипат берді. Еуропалық күрес рухын 
ұлттық сарын, əуенмен қабыстырды (ата-баба əруағын атта-
мады, атой салып, жауға шапқан замананы даттамады). Жаңа 
демократиялық күрес жолын сыннан (адаптациядан) өткізді.
Əлихан Ресей реформаторларының көсемінің бірі болды. 
Уақыт өткізіп, Əлекең орыс реформаторларының ұлттың өзін-
өзі билеуіне қарсылығын көрді, қазақ жерін талауға бағытталған 
орыс қарашекпенділерін көшіру саясатын жүргізуге ынталы 
екенін түсінді, қазақты орыстандыру, шоқындыру, өз дінінен, 
ділінен бездіру саясаты ендеп, бойлап бара жатқанын көрген 
Əлихан орыс зиялыларынан бөлініп, Алаш туын тікті.

176
Осы тұста Əлиханға үлкен əсер етіп, ықпал жасаған қай-
раткерлердің бірі Ахаң еді. Қыр баласының қасында бол-
ды, бірақ ол орыс реформаторларының демократтық бағыт-
бағдарын қолдай отыра, ұлт мүддесіне ойысты. Əлихан 
деңгейіндегі Шығысты Еуропамен қоса алатын Ахмет Байтұр-
сынұлы демократиялық күрес майданына қосылған сəтте қазақ 
зиялыларының қозғалысы толықсып, кемелдене түсті. Əлихан 
Еуропаны жетік білсе, Ахмет Азия тынысын, Түркі əлемін 
терең білетін.
Алаш зиялыларының Əлихан, Ахмет бастаған тобына тəн 
басты сарын – барша халықтың мұңынан шыққан-ды. С.Сей-
фуллин 1923 жылы 30 қаңтарда «Ахмет Байтұрсынұлы елуге 
толды» деген мақаласында: «байлардан бөліп жарлы табының 
ғана намыстарын жыртып, арын жоқтаған жоқ. Қазақ халқын 
байға, кедейге бөлмей, намысын бірге жыртты, арын бірге 
жоқтады»
3
 – деп əділ көрсетеді. Бұл бүкіл ұлттың, бүкіл отар-
лы елге айналған шығыстың азаттық майданы еді. Ахаңнын өз 
тілімен айтсақ, Алаштың зиялылары «жұртым деп халықтың 
арын арлады, зарын зарлады, халықтың сөзін сөйлеп, пайда-
сын» қорғады. Ол жалпыұлттық зар – отаршылдар тартып 
алған нулы, сулы ата қонысы, ана тілі, ұлттық ділі, ислам діні 
еді.
 
 
  Қазағым, 
елім, 
 
  Қайқайып 
белің. 
 
  Сынуға 
тұр 
таянып. 
 
  Талауда 
малың. 
 
  Қамауда 
жаның. 
 
 
 
Аш көзіңді оянып, –
деп, қалың қазақ елін майданға шақырады. Бұл мотив (са-
рын) Абай заманасында тұспалдап айтылса, Ахмет замана-
сында қазақ зиялыларының ұлттық платформасына айнал-
ды. Бұл жалпыұлттық, одан қалды езілген 35 миллион Түркі 
халықтарының ортақ ұраны болды. Осы тұста Əлихан мен Ах-
мет ұлттық шеңберден шығып, еуразиялық деңгейге көтерілді.
3
 Қазақстан мектебі. 1998. № 6. 40–43-66).

177
Əлекең мен Ахаң. Егіз құбылыс. Əлекең – тарих, экономика, 
статистика, саясат саласындағы реформатор. Егер Əлихан ұлт-
азаттық қозғалысының саяси көсемі болса, Ахаң оның рухани 
көсемі.
Əлихан Бөкейханов – аристократ. Төрелігі бар, батыс рухын-
дағы ғалым, күрескер-стратег, тактик, саясаткерлігі басым тұлға, 
Əлекең европа мен азияда тең басар Шоқан рухтас дауылпаз. 
Ахмет қарадан шықса да, ата-бабасы Шақшақ Жəнібек туралы 
патша өкілдері көрсеткендей, «хан емес, бірақ ханнан дəрежесі 
кем емес» дегендей тектілігі бар. Ахаңның ағартушылығы, 
гуманистігі, тəрбиеші-ұстаздығы мен мұндалап тұратын.
Əлихан мен Ахмет одағы ұлт-азаттық қозғалысының толы-
суына, ұлттың ұлттық санасының жаңа деңгейге көтерілуіне 
ғажайып ықпал етті. Əлихан мен Ахаңның арқасында 
шығыстың ұлт-азаттық қозғалысы европалық бағыт алды. 
Ұлттық ұранға ие болды, томаға-тұйықтықтан шықты, бүкіл 
ресей шығысында Алаш туы жоғары желбіреді.
Қорыта айтсақ, Ахаңның ағартушылық саласында түрко-
логияда Гаспринскийден өткен реформаторлығы бар, Гандиден 
бұрын танылған гуманистігі бар, əккі отаршыл ресей империя-
сына қарсы жалындаған имам шамилдей өшпенділігі бар, түркі 
əлемін оятқан кемаль ататүрік сияқты ұлтшыл қаны мен жаны 
бар, сондай-ақ сун ят-сендей, сахаровтай ұлы демократгығы 
бой көрсетеді.
Ахаң – қай салада да болса ұлы реформатор.
Ахаң туралы сөз қозғағанда ең алдымен ұлылық, даналық 
деген не? деген сауалға жауап іздейік.
Қазақ атамыздан сөз қалған ба? «Əкенің баласы болма, 
елдің баласы бол!» – дейді дана халық. Дана болу – дара болу. 
Мұхтар Əуезов айтқандай, ұлт баласы болу үшін «үйелмеңді 
елінің өзегін жарған мұрат-мүддесінің» жолына басын тігу.
Ұлт перзентінің бойын кернеген өзгеше бір сүю сезімі бар. 
М.О.Əуезов ол «жай сүю емес, жар сүю емес, жанынан артық 
көріп, жұртын сүю, халқын сүю сезімі. Бұл сүюден қасиетті 
сезім жоқ. Ол сана, ол сезімнің алдында барлық басқа тірлік, 
бөгде тілек бас иеді».

178
Ұлылар салған ұлттық жол əлемдік даңғылға қосылатынын 
ескерсек, Ұлттың ұлысы – өркениеттің ұйтқысы, барша əлем-
ге ортақ тұлға. 
Ахмет Байтұрсынұлының ұлылығы неде, оның əлемдік 
азаттық қозғалысына қосқан үлесі қандай көрсеткіштермен 
өлшенбек, ұлт тарихына, ұлт тағдырына оның жасаған ықпалы 
қандай?
1. Ғасыр басында үркердей алып топ – Əлихан, Ахмет, 
Міржақып қазақтың демократиялық-либералдық бағыттағы 
зиялыларының басын қосып, еуропалық өркениеттік дəрежедегі 
қозғалысты қалыптастырды. Бұл қозғалыс діншілдіктен, 
нəсілшілдіктен, ұлтшылдықтан бойын аулақ салды.
«Жиған-терген» атты шығармасында:
Басында – сəлде, 
Аузында – Алла. 
Молдаларда не ғамал? 
Көздерін сүзіп, 
Жүздерін бұзып, 
Алдап жұртты, жимақ мал. 
Жұмақ молда қолында, 
Сауда-саттық жолында. 
Бергенге – жұмақ, 
Бермесе – дозақ 
Деп үйретер халыққа. 
Жұмақтың кілтін, 
Алланың мүлкін 
Арендаға алып па? 
Молда сатса тиынға, 
Ол – Алла емес, сиынба! 
Шалқаңнан жатып, 
Алланы сатып, 
Аламын деп қорлама!
Еңбексіз ит жер. 
Бейнетсіз бит жер, 
Берсеңдер бер молдаға! 
Өзіңді бірақ алдама! 
Ақшаға жұмақ жалдама!

179
– деп. Білім мен діннің арасын, олардың парқын саралады. 
Ахаң өз қазағын – далаға, орыс халқын – теңізге теңеп, қазақ 
сахарасын еуропалық өркениетке енгізу арқылы жетілдіруді 
көздеді. Балаларды бастауыш мектепте ана тілінде оқытып, 
негіз салғаннан кейін орыс тілін үйретуді ұсынды. Өзінің 
Г.П.Потаниннің 80 жылдық мерейтойына шығарған өлеңінде: 
Атақты Сібір ұлы қарт Потанин, 
Ер сүйсе, сендей сүйсін ел – Отанын. 
«Қазақсың, қалмақсың» – деп алалау жоқ, 
Отанның тең көресің барша жанын
4

дегені Ахаңның ұлт мəселесіндегі тазалығын, еуразиялық 
платформасын көрсетеді. Онда олар Қазақстан тағдыры Ре-
сей елімен тамырлас екенін пайымдады, демократиялық Ре-
сей құрамында конституциялық жолмен республика болуды 
көздеді. Өз парламенті бар, өз президенті бар, өзін-өзі билеу 
құқы бар бұл республика суверенді (егеменді) территориялық 
автономия болатын.
Ахаң бастаған алыптар тобы отаршылдыққа қарсы жалпы 
ұлттық құтқару майданын ашты.
Бұл бағдарлама қазақ елінің геополитикалық болмысын, 
демографиялық жағдайын, күрес дабылының тегеурінін есепке 
алған «Алаш» бағдарламасы қырғыз конфедерациясын құруға 
бағытталған қозғалысына, татар-башқұрттардың Идель-Урал, 
Қоқан автономиясына біріккен Түркістан еліне, Түркиядағы 
«Шығыс түркілерінің федерациясына» зор ықпал етті. Ахаңның 
шəкірті қырғыз А.Сыдықов 1932 жылы Қырғыз социалистік 
Тұран партиясын құруға ұмтылыс жасады. Бағдарламаның 
қолдан жазған жобасына қарағанда «Алаш» партиясының 
ықпалы бірден байқалады.
5
 Бағдарлама алты Алаштың теория-
лык еуразиялық дəрежесін көрсетті.
Алаш қозғалысы – ғасыр қозғалысы, оның бағдарламасы-
ның түп-төркіні – демократиялық Ресей құрамында конститу-
циялық эволюциялық жолмен өз парламенті бар, өз президенті 
бар, өзін-өзі билеу құқы бар Республика болу еді.
4
 А.Байтұрсынұлы. Шығармалары. Алматы, 1989. 44 б.
5
 У истоков кыргызской нациоиальной государственности. Бишкек. 1996. С. 124-136.

180
Алаш қозғалысы – ғылыми болжау, ғылыми көрегендікке 
негізделді. Ол қазақ елінің геополитикалық болмысын демо-
графиялық жағдайын, күрес дабылының ағысын, екпінін, 
тегеуірінін есепке алды. Ол жадидизмге бет алған ағартушы-
лықты қолдады. Советтік дəуірде тоталитаризмге қарсы бүкіл 
халықтық қарсылықтың өзегі болды.
2. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ зиялыларының рухани кө-
семі санатында 1913 жылы ұлттық биресмилік «Қазақ» газетін 
шығарды.
«Құрметті оқушылар» атты кіріспе мақалада Ахаң «жалаң 
аяқ, жалаң бас, жеңдеріміз қиюсыз, етектеріміз жиюсыз ашы-
лып-шашылып қамсыз жатқан» қазақтың «алдына түсіп, жол 
сілтеп, басшылық» етуді мақсат тұтқанын жазды. «Газет – 
халықтың көзі, құлағы һəм тілі. Адамға көз, құла,, тіл қандай 
керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа 
газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ 
мақау, көзі жоқ соқыр сықылды»,
6
 – деп көрсетті.
Ахаң одан əрі «аталы жұртымыздың ауданды ұлтымыздың 
əруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт 
үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет 
ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етеміз десеңдер, 
азамат таңдар тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, 
қолдан келгенін ғұмыр жеткенше істеп кетелік. Малша оттап, 
асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мəз бо-
лып, мал өлімінде өлмейік»,
7
 – деп жазды.
Мұхтар Омарханұлы 1913-1918 жылдары шыққан ұлттық 
мектепке айналған «Қазақ» газетінің кезеңін «Қазақ» газетінің 
дəуірі деп атады. Ұлы ұстазы 50 жасқа келген күні Мұхаң: 
«Қазақтың еңкейген кəрі, еңбектеген жасына түгелімен ой 
түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, 
күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін 
жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? 
Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпіні кімнің екпіні 
еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік 
бермеген соң, маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ 

«Қазақ» газеті. Алматы, 1998. 10 б.
7
 Бұл да сонда. 11 б. 

181
бейнетті мойнына міндет қылып алған Ахаңның екпіні бо-
латын», – деп лебіз білдірді. Ахаң шығарған «Қазақ» газеті 
«Халықтың көзі, құлағы һəм тілі» ғана болып қоймады, өзі 
болды. Ұлттану органына айналды.
Егер «Правда» газеті большевизмді жеңіске даярласа, 
Герценнің «Колоколы» декабристерді сенат алаңына шығарса, 
«Қазақ» газеті қазақ халқын оятып, дауылды-дабылды дүбірге 
қосты. «Қазақ» газеті аз жылдар ішінде Мұхаң айтқандай, «бо-
лып өткен оқиғаларына қарағанда көп заманға жауап ұратын 
толқынды заманының бірі»
8
 болды.
Осы тұста Əлихан Алаш қозғалысының саяси көсемі болса, 
Ахаң рухани көсеміне, бас идеологына айналды.
3. Ахаңның ұлылығы Ұлт ұстазы дəрежесіне көтерілген 
еңбегінде, гуманист, ағартушы 1907 жылы жазған өзінің «Ана-
ма хат» деген өлеңінде:
Адамнан туып, адам ісін етпей, 
Ұялмай не бетіммен көрге барам?!
– деп тебіренді.
1914 жылы «Елу-алпыс балаға арнап берген сабақтан алты 
миллион қазақты алаламай істеп отырған ісімді артығырақ 
көремін» деп, ұлт мүддесіне еңбек етуді өмір арнасы етті. 
Өзін «адамшылық диханшысы» деп жариялады, «тұқымын 
адамдықтың» шашты, екті, «адамдық хайуанға» жорық ашты, 
ұлттың намысы мен сезімін оятты, ұлттық сана қалыптастыруға 
бар күш-жігерін бағыштады.
Қазық боп жұртқа, 
Қорған боп сыртқа. 
Кім ойлайды намысты!, –
деп, ел намысын, жұрт жұмысын алға тартты. «Қазақ халқы 
жұрт қалпында ғұмыр шегуге басқалармен теңелсе екен», – де-
ген стратегиялық мақсат тұтты.

Байтұрсынұлы А. Ақ жол. 17-18 бб.

182
«Ұлт жұмысы, – деп жазды Ахаң. «Орысша оқушылар» 
атты мақалада, – үлкен жұмыс».
9
 «Басқадан кем болмас үшін 
біз білімді, бай һəм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу 
керек. Бай болуға кəсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы 
керектердің жолында жұмыс істеу керек», – дейді Ахаң.
Ұлы ұстаз профессионализмге көңіл бөледі. Ахаңның ай-
туынша, «мал бағатындар мал бағуын жақсы білуге керек. Ел 
бағатындар ел бағуын жақсы білуге керек. Бала оқытатындар 
бала оқытуын жақсы білуіне керек».
10
«Жұрт ісіне жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын» 
азаматқа Ахаң «ұлт намысы» екі ауылдың, екі таптың я екі 
рудың намысы емес екендігін ескертеді.
«Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан 
шықсын! – дей келіп, Ахаң, – баланы ұлша тəрбиелесең ұл
болмақшы. Құлша тəрбиелесең құл болмақшы»,
11
 – деп пайым-
дайды. Рухани отаршылдықтың сырын терең түсінген халық-
ты бұралқы құлдықтан, «соқыр санадан», «бұратана санадан», 
«адамдық айуандықтан» құтқарып, «ауруын аздырып», «теңін 
күшейтіп», «қазаққа ес кіргізу» жолын іздеді.
Ахаң ұлы ұстаз-теоретик ретінде бала тəрбиесінен бас-
тап, ұлттық санаға дейінгі педагогикалық проблемалар-
ды жан-жақты зерделеді. «Бұл заманда қолы жетпегендерді 
теңдікке жеткізетін. Əлсіздерге күш беретін – өнер-білім, сол 
өнер-білімге үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың 
аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт 
екенімізді білдірер едік»,
12
 – деп армандайды Ахаң.
Ахаң, ұлт ұстазы ретінде, Мұхаң айтқандай, «елшілдік 
ұранын» көтерді, ұлттың мұң-мұқтажына, мүддесіне тоқтала 
келіп, «заманына қарай амалы» барын айтып, «талап жоқ, 
үміті мол» қазаққа «ғамалыңды түзет, түзелмесең, ешкімге 
кінə қойма!.. Еңбексіз егін шықпайды, терлесең, терің 
тегін қалмайды. Телміріп алған теңгеден тер сіңірген тиын 
жұғымды»,
13
 – екенін дəлелдейді. ХХ ғасырдың басындағы 
9
 Бұл да сонда. 260 б.
10
 Бұл да сонда. 252 б.
11
 Бұл да сонда. 260 б.
12
 Бұл да сонда. 254 б.
13
 Бұл да сонда. 214 б.

183
нарықтық экономикаға халық пейілін бейімдейді. Мұны бүгінгі 
нарық заманасында біздің арамызға келіп айтып тұрғандай.
Бір сөзбен айтсақ, Ахаң ұстаздықты ұлттық мүддеге бағын-
дырып, ағартушылықты планетарлық масштабта қарады, өз 
халқын білім жарысына түсетін күнге жақындатты.
Ахаңның реформаторлығы ұлт зиялыларын тəрбиелеуден 
де көрінді. Ахаңның сүйікті шəкірттері ішінде Міржақып 
Дулатұлы, Мұхтар Əуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан 
Жұмабаев, Сəкен Сейфуллин, башқұрт Заки Валиди Тоган, 
қырғыз Ишеналы Арабаев барын айтсақ та жеткілікті. Осы ұлы 
тұлғалар – Ахаң мектебінен, «Қазақ» мектебінен өткен жандар. 
Олардың əрқайсысы ұлы Ахаңды ұстазы ретінде танып кетті.
4. Алаш көсемдері, оның ішінде Ахаң, 1916 жылы ұлт-азат-
тық көтерілісі Кенесары хан заманасындай патша өкілдерімен 
жекпе-жекке шығып, қанға бөккен кезінде ұлтты қансыратпай 
аман алып қалу жолын іздеді.
Ахмет Байтұрсынұлының реформаторлығы 1918 жылы 
Қазан төңкерісі, азаматтық қарама-қарсылық, дауылды-дабыл-
ды жылдарда да көрінді.
Біріншіден, Алашорда мемлекеттігін құрушылардың бірі 
болды.
Екіншіден, 1919 жылы 4 сəуірде Совет өкіметі советтік плат-
формаға көшкен Алашордаға кешірім жариялап, ұлттық келі-
сімге келді. Алаш зиялылары жаппай қуғыннан, қырғыннан 
ондаған жылдар бойы аман қалды. Совет өкіметі мен Алашор-
да арасын жарастырып, ұлттық келісімге жеткізген Ахаң еді.
Үшіншіден, В.И.Лениннің ұсынысымен Қазақ өлкесін бас-
қаратын қазақ (қырғыз) революииялық комитетінің төраға-
сының орынбасары болған А.Байтұрсынұлы болашақ Қазақ 
автономиясының аясына барлық қазақ жерін жинауда ерек-
ше қажырлылық танытты. Челябі губерниясына еніп кеткен 
Қостанай уезін Қазақ өлкесіне қайтару үшін М.Сералинмен 
бірге В.И.Ленин атына арнайы хат жазып қана қоймай, 
советтердің Бүкілодақтық атқару комитетінде, РКП(б) орталық 
комитетінде арнайы қаратты.
Қазақ ревкомы бұл ұсынысты қарап, қаулы қабылдады.

184
Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы біртұтас Советтік мемле-
кет құрамындағы республиканың егемендігі туралы мəселені 
ашық қояды.
1920 жылы 24 июньде Т. Рысқұлов, А. Байтұрсынұлы,
Ф. Ходжаев, З. Валидов қосылып Ленинге хат жолдады. Ол
хаттағы «боқты сідікпен жуып болмайды», деген тезис Ахаң-
дікі деген деректер бар. 
Бір сөзбен айтқанда, Ахаң Совет заманасында ұлтқа 
қызмет етуді бір рет тоқтатқан емес. Бұл жылдары Ахаң одақ 
көлеміндегі советтік тоталитарлық жүйеге қарсылық көрсетіп, 
шет аймақтардағы халықтардың мұң-мұқтажын жоқтаған, 
еңіреген ер екендігін, ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері 
екендігін таныта білді. Əуелі совет режимімен белдесіп, кейін 
күрес аясын рух саласына көшірді.
Ахаң, – ғұлама ғалым. Философ, ойшыл. 1929 жылы «Лите-
ратурная энциклопедия» ол туралы əділ баға берген еді. Онда 
былай белінген: «Халықшыл əрі ұлтшыл Б. Қазақтың тұңғыш 
көрнекті лингвист-ғалымы болып табылады. Ол – қазақ тілі 
емлесінің (орфография) реформаторы, қазақ тілінің граммати-
касы мен қазақ əдебиеті теориясының негізін салушы». 
Есімі шартарапқа танымал академик А.Н. Кононов Ахаң 
есімі аталмайтын кездің өзінде «түркология саласындағы ұлы 
реформатор» деп атады: «Араб əліпбиі негізінде түзілген əрі 
жетілген қазақ əліпбиінің авторы, қазақ тілінде қазақ тілінің 
фонетикасы жəне синтаксисы, этимологиясы бойынша, со-
нымен қатар сөз өнерінің теориясы жəне қазақ тілінің тарихы 
жөнінде оқулықтар жазған». 
Ахаң – ұлы ойшыл тұлға. Ол феодалдық патриархалдық 
болмысқа, ескілікке қарсы тұрды. Билік, халық билігі, сезім, 
сана, бостандық, адамгершілік, өркениет, мəдениет, дін, ғылым, 
ел бірлігі, отан, ел, халық т.б. Философиялық категорияларға 
көзқарасы Ахаңның биік рухтың адамы екендігін көрсетеді. 
Ахаңның мұрагері жиырма алтыдағы ұлы Мұхтар: «Ахаң 
ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған 
əдебиеттегі елшілдік ұран», «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» 
газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген 
еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты 

185
біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын!» – деп атап 
айтты.
М.О.Əуезов осы арада ұлы қайраткер реформатор тұлға-
ның, академик Серік Қирабаев айтқандай, қазақ əдебиетінің, 
қазақ даласына «Азаттық идеясы тарай бастаған тұста 
жаңа позицияның бастаушысы, алғашқы ту ұстаушысы» 
болғандығын тарих таразысына сол кезде салып кетті. Оқу-
білім берудегі жаңа типті мектеп, білім беру жүйесін, татарла-
нып шұбарланған ана тілді сақтап қана қалмай, ана тілім – жа-
ным деп, түркі тектес халықтардың ішіндегі ең ғылыми, əдеби 
бай тіл дəрежесіне жеткізген ерен еңбегін, елшілік ұранын, 
ұлттық мүддені алтын қазық қылды. Ахаң тіл тағдырын ұлт 
тағдырымен біртұтас қарады. Ұлт болып, əлемдік деңгейде 
болуы үшін ұлттық əдебиет керектігін айтып қоймайды, қазақ 
əдебиеті теориясының негізін қалады. Тіл мен əдебиетті ұлт 
болмысына асыл тірек етті. Міне, осылай Ахмет Байтұрсынұлы 
ХХ ғасырдағы əлемдік ұлт-азаттық қозғалысының рефор-
матор көсемдерінің бірі болды. Ұлт санасын, тілін, ділін, 
əдебиетін, мəдениетін, өнерлік қарекетін əлемдік өркениет 
тілегіне сай түбірінен жаңалады, жаңғыртты, түркі əлемінің 
алдыңғы шебіне шығарды. Абақтыда, айдауда, қамауда жүріп, 
аз өмірінде осындай ұлы істі жасау ұлылардың ұлысының ғана 
қолынан келсе керек.
Əділдікті, тендікті, ұлт бостандығын жақтаған, бүкіл бол-
мысымен «өз діні, тілі, жазуы сақталу» үшін адамдық дихан-
шысы болып, ұлт үмітін ақтаған, ар, намысын, дүниетанымын, 
көзқарасын, үзеңгілес достарын абақтыда, өлім алдында 
сатпаған, қазақтың қазақ болып, алдыңғы шепте кетіп бара 
жатқан халықтармен теңеліп, ұлт бірлігін, халық тірлігін арқау 
етіп, елін еңселі биікке жетуін өмір бойы аңсаған ұлт ұстазы – 
ХХ ғасырдың ұлы реформаторларының бірі жаны жайсаң, ары 
мөлдір бұлақ, ұлтқа, өркениетке сіңірген еңбегі телегей теңіз 
Ахаңның тұғыры – ұлылық тұғыры. Тарихта əділдік болса, ол 
Ахаң есімін болашаққа осылай хаттайды, қасиетті ұлы Ұлт 
ұстазын қазақ қазақ болып тұрғанда жадында мəңгі сақтайды.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет