Ббк 84 (5 Қаз)-4 б 20 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті



Pdf көрінісі
бет1/19
Дата20.01.2017
өлшемі14,45 Mb.
#2314
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

УДК 821.512.122
ББК 84 (5 Қаз)-4
Б 20
Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі 
Ақпарат жəне мұрағат комитеті 
«Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» 
бағдарламасы бойынша шығарылды
Ахмет Байтұрсынұлы МҰРАЖАЙ-ҮЙІ
Құрастырып, баспаға дайындаған, жауапты шығарушы 
Имаханбет Р.С., А.Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры
         Байтұрсынұлы Ахмет
Б 20 Алты томдық шығармалар жинағы.  Мақалалар, хаттар, А.Бай-
тұрсынұлы туралы құжаттар мен материалдар. – Алматы: «Ел-
шежіре», – 2013. 
 
Т. VI: –384 б.
   ISBN 978-601-7317-72-0
Бұл томға А.Байтұрсынұлының жинақтарға енбеген мақалалары, ресми 
құжаттары, эпистолярлық мұрасы, сондай-ақ ғұлама туралы замандастары-
ның лебізі, Алаш арысының аяулы есімі ақталғаннан кейін жазылған 
танымдық жəне ғылыми зерттеу мақалалары топтастырылды.
Жинақ филология, тарих, этнология, т.б. ғылым салаларына қызығушы 
ғалымдарға, ЖОО оқытушылары мен тəлімгерлеріне, жалпы қалың оқыр-
манға арналған.
УДК 821.512.122
ББК 84 (5 Қаз)-4
ISBN 978-601-7317-72-0  
 
        © Байтұрсынұлы А. 2013
ISBN 978-601-7317-66-9  
 
        © «Ел-шежіре» ҚҚ., 2013

3
ҚҰРАСТЫРУШЫДАН
 ХХ ғасырдың басында ұлт жұмысын арымен атқарған Ахмет 
Байтұрсынұлының артында қалған мол мұрасы – өз қазағына 
ғана емес, күллі түркі жұртына, тіпті бүкіл адамзатқа өнеге 
боларлық ұлы іс екенін бұл күні ұрпақтары мақтан етеді! Бүкіл 
қазақтық ғылымның көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының 
əрбір ісін сараласақ: əліпби мен əліппені алсақ, Ахмет – ұлт 
жазуының реформаторы, ана тілді айтсақ, Ахмет – қазақ тіл 
білімінің атасы, əдебиет саласында, Ахмет – асыл сөздің алтын 
діңгегі, оқу-ағарту ісінде, Ахмет – ұлттық мектептің іргетасын 
қалаушы һəм халық ұстазы, тарих пен қазақ өркениетін 
қозғасақ, Ахмет – сол кезең өркениетінің дəуірі, болмыс пен 
бітімге келсек, Ахмет – ұлт мəдениетінің Хантəңірі, əдеп ісін 
айтсақ, Ахмет – халықтың ар-ожданы. Қалай мақтанбассыз? 
Қалай үлгі алмассыз? Міне, бүгінгі тəуелсіз кезеңдегі егеменді 
елі əмбебап ғалым – Алаш арысын осылай мақтан етеді. Ұлт 
жұмысының қай саласында да Ахметті «Ұлттық рухтың ұлы 
тіні» деп қазақ руханиятына үлгі-өнеге етеді.
Тəуелсіздік алған жылдан бері, ғұламаның шығармашы-
лық мұрасы 1989, 1991, 1992, 1996 жылдары тіл, əдебиет, 
публицистика (көсемсөз) салалары бойынша жеке-жеке кітап
болып басылса, 2003-2006 жылдары «Алаш мұрасы» серия-
сымен «Ахмет Байтұрсынұлы» бес томдық шығармалар жина-
ғы шықты. Қайта басылған кітаптар саны – 21. Араға 10 жыл 
салып, ғалымның алты томдығы оқырмандарға ұсынылып 
отыр.  Ал, ғалым мұрасы бойынша – 21 кандидаттық диссер-
тация, қоғамдық, мемлекеттік қайраткерлігі, шығармашылы-
ғы қарастырылған – 25 кандидаттық, 20 – докторлық зерттеу 
еңбек жазылды. Бұдан бөлек республикалық, халықаралық 
конференциялар материалдарының жарық көрген жинағының 

4
жалпы саны – 40. Мінекей, мұның бəрі ұлттық ғылымның 
ұйытқысы болған – ұлағатты ұлт ұстазына деген ізгі құрметтен 
туған игі шаралардың жемісі. 
Тарихи тұлғаның туғанына 125 жыл толуына орай 
өткен салтанатты шарада халық жазушысы Əбіш Кекілбай: 
«Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық  тарихымызда ешкіммен 
салыстыруға болмайтын ерекше тұлға. Бəлкім, біреулерге 
бұл орынсыз тамсану боп көрінер. Оған дейін де бұл далада 
Фараби, Иасауи, Қорқыт, Асан қайғы, Ыбырай, Шоқан, 
Абайлар да өтті ғой десер. 
Ол рас. Бірақ, Ахмет Байтұрсынұлы оларға ұқсайды да, 
ұқсамайды да. Ұқсайтыны: ол да аталмыш алыптар сияқты, 
ұлттық дамуымыздың үрдісі мен қарқыны қалған дүниедегі 
даму үрдісі мен қарқынына сəйкес келмей кенде қалып, көрер 
көзге тығырыққа тірелген халқына адастырмас жол іздеді. 
Ұқсамайтыны: Ахмет Байтұрсынұлы ондай жол Қорқыт
пен Асан қайғыдай үйреншікті үрдісті аман сақтап қалатын-
дай жаңа қоныс іздеумен табылады деп түсінбеді; Фараби 
мен Иасауидей өз тұсындағы кең жайылған антикалық 
немесе исламдық дүниетанымға уақытылы көшу арқылы бар-
лық мəселені шешуге болады деп ұқпады; Абай, Шоқан, 
Ыбырайлардай теңдікке жетудің жолында тек ағарту-
шылықпен шектелгісі келмеді» дей келе, күрескердің ұлт
мүддесіне жасаған жұмыстарын бүгінгі ұрпақтың жетесіне 
кірпіш қалағандай шегелеп берді. Əбішше айтсақ, Ахмет
«ешқандай атланттардың иығына шықпай-ақ, бұрын-
ғылардың көздеріне іліге қоймаған соны көкжиектерге 
көз жеткізе білген, көрген», елі үшін ерен еңбек еткен Ер. 
Əбішше толғансақ, «
Ұлттың Ұлы Ұстазы аруағы алдындағы 
шəкірттік арымыз таза, иманымыз кəміл болуы» үшін біз де 
Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газетінде берген батасын 
жадымызда ұстап, халық қамы үшін жұмыс жасауды – ұрпақ 
парызы деп білуіміз керек екен. Байтұрсынұлының батасы: 
«Төңірекке қарасаң, түнерген бұлттар əлі бар... Түбі қандай 
болады деп қобалжымалық... Дауылды жауын ету қолымыздан 
келмесе де, үйімізді үй етіп, шашылмай қалудың қамын 
желік... Дүниенің төріне ұмтылғандар төрден орын алып 

5
жатыр. Ұмтылмағандар есікте қалып жатыр... Қалмайық 
десек, қарап жатпалық... Көп ісіне көп болып жабылайық... 
Қолымнан не келеді деп қорынбайық. Ұлтына қызмет етуге 
ниет болса, жұмыс табылады. Көп жұмыстың ауыры да, 
жеңілі де болады. Қазақтың бітіп, тынып тұрған нəрсесі 
жоқ. Əркім əлінен келер жұмысын алсын. Жадымызда болсын, 
аз нəрсе көпке сеп болмақшы. Сəл демеу зорға сүйеу болады. 
Ұлы іс ұсақтан ұлғаяды... Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына 
үлес қосу қазақ баласына міндет». Ақиқатында, əр дəуірдің 
замана ауанына қарай, адам баласына жүктер жұмысы көп. Сол 
жұмыстың атқарылуы əуелі адалдықтан бастау алса, адамзат 
игілігіне айналары анық. Ата-баба жолын мұрат тұтқан 
Алаш арыстарының ұстанымын бүгінгі ұрпақтың да ұранына 
айналдыру – перзенттік парызымыз. 
Ахмет Байтұрсынұлы көптомдығының 6-томы ғалымның 
«Қазақстан дəуірінің жаңа құрылымы» деген мақаласымен 
ашылды. Өз заманында Қазақ елінің жасампаз мемлекет болып, 
төңірегіне танылуы үшін күрескен мемлекет қайраткерінің 
ұстанымдары бүгінгі қоғамға да қажетті тұжырымдарға 
толы. Жаһандану өркениетінің өтпелді тұсында өткенімізді 
жоғалтпас үшін бұл мақаланың маңызы зор. 
«Баулу мектебі» атты мақаласында оқу-ағарту ісінде оқыту 
жүйесі қашанда жаңарған заман талабына лайық болу керектігін айта 
келіп, бала оқыту ісінде: 
«Өлі оқу», «төте оқу», «көрнекті оқу» – 
бəрінің асылы – оқу» деп, əрбір əдістің ара-жігін ашып, қайткенде де 
мектептің міндеті – алдына келген баланың үмітін ақтап, мемлекеттің 
мақсатындағы көздеген түрде адам етіп, «Ұяда не көрсе, ұшқанда 
соны ілетіні» тəрізді, баулынған қыран баласын шығару керектігін 
айтады. Бұл бүгінгі біздің білім ордаларында да күн тəртібінен 
түспейтін аса қажетті тақырып. Абыз Ахметтің үгіт өлеңдері де, 
көсемсөздері де ғибратқа толы, көбі қанатты сөзге айналып, БАҚ-та 
жарияланып та келеді, сондай айшықтардан баталы сөздері жинақтап 
ұсынылды.   
«Байтұрсынұлытану бастаулары» деген тараушада ғалым мұра-
сының зерттелуі – 1919 жылдан басталғанын А.Самойловичтің 
ғылыми жүйеленген энциклопедиялық мағлұматын,мұнан басқа 
Е.Поливанов «Қазақтың жаңа (Байтұрсыновтық) емлесі» (1924), 

6
жылы «Литературная энциклопедия» атты көптомдықтың 5-томына 
енген «Байтұрсынұлы əліпбиін» (1931), А.Затаевичтің «Қазақ хал-
қының 1000 əні» кітабында жазылған танымдық мақаласы (1925), 
Н.Яковлевтің «Əліпби құрылымындағы математикалық жүйе» (1928) 
атты мақаласы жəне өзінің замандас інілері – М.Дулатұлы, Е.Омаров, 
Т.Шонанұлы, С.Сейфуллин, Қ.Жұбанов, М.Əуезовтердің лебіздеріне 
тоқталдық. Бірақ, тұлға туралы орыс тіліндегі мақалаларды қазақ 
тіліне аударып, жеке кітап етіп бастыру – алдағы атқарылар істің 
еншісінде. Кейбір мақалалар қазақ тіліне аударылып берілді. 
Сонымен бірге тəуелсіздік тұсында жазылған тілші, əдебиетші, 
тарихшы ғалымдар, жазушылардың танымдық мақалалары, ақын 
арнау өлеңдері топтастырылды.
Күрескер тұлға Ахмет Байтұрсынұлы əрбір қазақ жұрт жұмысына 
хал-қадірінше қарап тұрмай, бірігіп-кірігіп істей берсе, ұлт жұмысы 
ұлғайып толықпақшы, іс қолынан келмейтіндерге амал нешік, іс 
қолынан келетіндері де қарап жатқанына күйзеледі. Алға басып, 
өркениеттен кейін қалмаудың амалы: «
Басқадан кем болмас үшін 
біз білімді, һəм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. 
Бай болуға кəсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің 
жолында жұмыс істеу керек», – дейді. Шындығында, ұлт жұмысына 
ұйытқы болып, ел мүддесі үшін жұмыс жасасақ, өзгелермен тереземіз 
тең болмай ма?!  
Академик тарихшы Манаш Қозыбаев: 
«Ахмет Байтұрсынұлы 
– ХХ ғасырдың феномені. Оның есімі, осы дүбірлі ғасырдың тү-
бірлі, түбегейлі құбылыстарымен тағдырлас. Сондықтан Байтұр-
сынұлытану шын мəнінде ғасыр тану десе болады. ...Ахметтануды 
дамыту барлық гуманитарлық ғылымдардың ортақ парызы» 
деген екен. Тарихшының ұлттық ғылымға жүктеген парызы шын 
мəнісінде, əлі күнге орындалған жоқ. Десек те, бүгінгі күнге дейін 
ахметтану саласында жасап жатқан жұмыстарымыздың бір парасы 
– ғалым мұрасын насихаттау болса, келешекте Алаш мұрасын – ұлт 
жұмысына орынды жұмсай білсек, Арыстарымыздың ұлы мұраты-
ның орындалғаны.  

БІРІНШІ БӨЛІМ
МАҚАЛАЛАР, 
ЭПИСТОЛЯРЛЫҚ МҰРАЛАР

8
1. А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 
ЖИНАҚТАРҒА ЕНБЕГЕН ЕҢБЕКТЕРІ
ҚАЗАҚСТАН ДƏУІРІНІҢ ЖАҢА ҚҰРЫЛЫМЫ
Қазақ Республикасы 6 жасты толтырып жетіге аяқ басқанда, 
Қазақстан шаруашылығының қай жағынан болса да алға кет-
кенін көріп отырмыз. Егіс пен мал саны көбейген. Өнеркəсіп, 
мемлекет саудасы күшейген. Қарыз жұмысы дұрысталып, мем-
лекет бюджеті мен жергілікті бюджет молайған.
Бюджет қаржысы молайған соң оқу орындары, мектеп-
тер, денсаулық орындары көбейіп, басқа да сол сияқты жұ-
мыстар алға басып келеді. Өнерлі кəсіп күшеюмен қазақ 
жұмыскерлері көбеюге айналды. Мұнымен қатар мекемелер 
қазақыландырылып, қалың бұқараға жақындап келеді. 
Бұған қарағанда Қазақстан қай жағынан да алға басып ке-
леді. Бірақ алға басу дəуірінде іс жүзінде не болып, не істеліп 
жатқанын, алға басу бағытын дұрыс бақылап, кемшілік болса 
бүркемей ашу керек. Жұмыстардағы кемшіліктерді жойып, 
артта қалған жұмысты алға сүйреп, қатарға қосу керек.
Қазақстанның ұлт мемлекеті болу дəуірі, екінші жағынан, 
сол уақыттың ішінде тəжірибесін молайтып, өсіп-өнген бір-
қатар қызметкерлерді дайындап шығару дəуірі болып санала-
ды. Бірақ, бұл тəжірибеде ұлт құрылысының өткен дəуірдегі 
өзгешеліктерінің бəрі де бар еді, ол кезде істің бəрі жоғарыдан 
істелуші еді, олай ету керек, былай ету керек деген сілтеумен 
болушы еді. Əр ұлттың өз тізгіні өзінде болу керек деген пікір 
бадырайып көрініп, іргені аулақ салу, толық автономия болу 
талабы күшті еді, орталық аудандардың жұмысына еліктемей, 
əр жердің өз жағдайына үйлесімді іс істеу жағы толық 
ескерілмеген шақ еді.

9
Əлгі айтылған қызметкерлердің өсіп-өнген негізі осын-
дай еді. Олардың ұлт құрылысы дəуіріндегі жалпы бағасы 
түсінікті. Сөйтсе де, қазір біраз түсінбеушілік; тіпті қарсы 
келушілік болуға мүмкін. Іс жағдайына қарағанда жаңадан жол 
қарастыру бұл жөнінде ойланып-толғанып жұмыс қылу керек. 
Бұл жұмысты қайта-қайта тексеру керек, өйткені, біздің істеп 
отырған жұмысымыз жаңа, бұған көп қайрат, көп қажыр керек. 
Дайын жобамен іс қылу жеңіл де, түсінікті де. Бұған қарағанда 
аса белсене кіріскен болса да баяулатқан қарсылық, «бұдан 
еш нəрсе өнбейді», «мұны да істеп көргенбіз» деген сықылды 
сөздер тууға мүмкін. Бұл қалып қазаққа да, еуропалықтарға да 
ортақ, мұндай мінездің біразы соңғы пленумда көрініп қалды. 
Пленумның жүзеге асыруға ұйғарған шараларының бірі ел ара-
сында қоныстандыру жұмысын өткізу, бұл орындалса, елдің 
жарлы жағы шаруашылық жөнінен күш алмақ, бұлай болуына 
Өзбекстанның жер өзгерісі дəлел. Бұған қандай жауап береді 
деңіз?
Кедейге жердің жақсысын беру құба-құп, бірақ алған же-
рін ұқсатып бойына сіңіре алмаса онда оның жайы мүшкіл, 
жұмысқа ысылған қызметкер жоқ, жер мекемелері нашар. Одан 
арғысын ашып айтпайды, бірақ əлгі айтылғандардың өзінен-ақ 
жалтақтық, сенімсіздік, мəселені соза беруге ұмтылатындық 
көрініп отыр.
Партия мүшелерінің мұндай пленум ұйғарған істерді жүзеге 
асыруға онша дайындалмаған. Бұлар партияға өздерінің бар 
тəжірибе, білімімен (білім оларда бар) жəрдем етуден бұрын 
енеден жаңа туғандай өзгеруі керек, мұнысы неғұрлым тезірек 
болғаны жақсы. Ал енді, біздің ұйымда жолдастардың екінші 
бір түрі бар, олар пленум қозғаған мəселеден Қазақстанда 
«екінші төңкеріс» туғызғысы келеді.
Қарсы сөйлеушілердің пікірі: өлкелік партия комитетінің 
мұндай саясатынан мемлекетіміздің өндіріс күші дұрыс да-
муына, елдің бейбітшілігіне қатер бар, біздің түпкі мақсатымыз 
өндіріс күшін дамыту. Ел соғысы кезінде мақсат көңілдегідей 
орындалуға мүмкін емес. Сондықтан жаңа бағдар, сірə, қолайлы 
болмаса керек...

10
Əуелі «жаңа төңкеріс» жайынан сөйлелік. Қазақстанда 
жаңа төңкеріс жасалық деген кім; Қаулының қандай жерінде 
жазылған екен? Егер жазылмаған болса, бұл əңгіме не жайы-
нан шығып отыр? Пленумда қандай жаңа төңкеріс жайынан 
сөйленген? Əңгімені түсінікті қылу үшін 1923 жылы үшінші 
партия конференциясында Байнштейн жолдастың сөйлеген 
сөзінен тарихи бір мысал көрсетелік.
 Байнштейн жолдас қандай жаңа төңкеріс жасауды ұсынып 
еді? Өзінің баяндамасында оның айтқаны: ұйым мен қала, по-
селке арасындағы қатынастың нашарлығы, ауыл кедейлерінің 
жем болып келе жатқаны, ауылдағы жұмыстың орасан нашар-
лығы еді. Ол: «Біздің ұяларда тізгінді қолға алып отыр-
ғандар көбінесе бай жағының адамдары, олардың тілегі, əлгі 
декреттердің іске аспауы деген еді». (3 партия конферен-
циясының есебі, 126-бет).
1. Қалың бұқарамен қатынасты оңдау, оларды кеңес құры-
лысына көбірек қатыстыру; 
2. Жұмыскер мен шала жалшы қазақ арасында жұмыс ретін 
дұрыс қою, байдың малын алып, кедейдің пайдасына беру – ке-
дей қолындағы байдың малын кедейге қалдыру;
3. Салықты түгел байдан алып, кедейді жерге орналасты-
ру жұмысын ұстау. Соңғы екі ұсыныс қабылданбаған. Бірақ, 
баяндама бойынша күрделі тезистер қабылданған, ол тезистер 
ұзақ уақыттық жұмыстың жөнін көрсеткен еді. Ол тезистердің 
іс жүзінде күні бүгінге шейін маңызы бар. Əйткенмен де кон-
ференция мынадай тезисті қабыл алған:
«Қалың қазақ еңбекшілері арасындағы түк жұмыс 
істелмегеніне партия бұдан былай айырықша көңіл бөлуі ке-
рек. Қазақ арасындағы партия негізі – жалшы, малай қазақ 
кедейлерін меңгеріп, əкету жөнінде бар күшті жұмсап, батыл 
қимылдау керек. (27-208-бет)». Байнштейннің «мерт» болуы 
осылай еді. Қазір Байнштейн төңкеріс жасауды ұсынды деген 
сөз дұрыс емес. Оның ұсынғаны істейтін шаралардың жүйесі 
еді, оның біразын күні бүгін өзіміз жүзеге асырып отырмыз. 
Голощекин жолдастың «Октябрь жолымен өту» дегені де 
төңкеріс жайынан сөз қылуға себеп болған сықылды, мұны 
да неше түрлі шаралардың желісі, мұның біразы ұйғарылған, 

11
біразы жүзеге асырылып отырған. Бұдан кейін де асырылатын 
шаралар деп ұғыну керек еді. Оның өз айтуы дəл былай:
Осы мəселелердің бəрін де Кеңес үкіметінің ауылда (А.Б.) 
құрылыс əдістері, ру арасының жайын ескере білу, ауылға 
қалай жанасу мəселесі оп-оңай шешіле қалатын нəрселер 
емес. Өзбекстан жер өзгерісін өткізгенде ғана, бір реттен ок-
тябрь жолымен өткенде ғана, Кеңес үкіметін күшейтіп отыр. 
(Пленумдағы Голощекин жолдастың сөзі).
Жаңа төңкеріс туралы сөйлесуге бұл дəлел бола ала ма? 
Біздің білуімізше дəлел бола алмаса керек. Əңгіме өзгеріс 
жайынан, иə Өзбекстанның жер өзгерісі сықылды бірқатар 
өзгерістер жайынан болып отыр. Мəселені былай қоюдан кей-
бір жолдастар шошымасын. 
1921 жылы Ленин жолдас айтқан: «Біздің қазіргі жаңа 
дəуірде жаңа шаруа түзеу жолда қай ісіміз болса да үлкен еп 
керек. Дұрыс əдіс керек, нені болса да көп ойлап, көп толғау ке-
рек. Міне, бұл бүгінгі біздің жаңа дəуірімізді еске алатын жаңа 
нəрсе». 
Бұл сөздер біздің жаңа шаруашылық саясатына əдіспен 
кірген кезімізде ғана жазылған. Қазір өзге түрдеміз, қазір біз 
есімізді жинап алып, шаруашылықтың дербес, капиталшылдық 
түріне шабуыл жасап тұрған кезіміз. Біздің өзгерісіміздің де 
түрі де болса, бұл шабуыл түрі.
«Жаңа төңкеріс» деген сөз өлкелік комитеттің жолына 
қарсы тұрушылардың сөзіне торуыл келтіру керек болған сөз. 
Əңгімені «жаңа төңкерістен» айта беретін болсақ, сөзден сөз 
көбейе бермек. Бұл ретте Бухарин жолдасты да, Сталин жолда-
сты да, Ленин жолдасты да куəға алуға болады.
Бухарин жолдас не деп еді? «Олар біздің қазіргі көксейтініміз 
тағы да жаңа үшінші төңкеріс емес, ұйымдасқан бейбіт жұмыс... 
Мемлекет құрылысын ілгері бастыра беру жұмысы».
Бұл туралы Сталин жолдас не айтқан? «Іс жүзінде бұл қың-
ырлық поселкеде тап тартысын қоздыруға, жуан жұдырықты 
тоздыратын жарлылар комитетінің саясатына қайтып айналуға, 
сонымен мемлекет ішінде ел соғысын жариялауға бастайды».
Ал енді Ленин жолдас не демек? «Ел соғысының ұранын ел 

12
бейбітшілігі ұранымен алмастыруды түсінбейтін адам жұртқа 
күлкі болуға лайық». (Месников жолдасқа жазылған хаттан). 
Мұндай əдемі сөздерді қалай пайдаланбассың, айтың-
даршы?
Бұл сөздерді енді азырақ тексеріп өтелік. Сталин жолдастың 
сөзі қандай қыңырлыққа қарсы айтылған? Бұл жуан жұдырық-
тан келер қатерді қалпынан асыра сөйлегендерге, орталық ко-
митет көрсеткен шаралардан басқа өз жанынан бірқатар шара-
лар ұсынушыларға айтылған сөздер.
Ал енді біздің Қазақстанда Сталин жолдастың сөзін қағып 
алып, «бұл қыңырлық поселкеде тап тартысын қоздыруға бас-
тайды» дегенде, мұнысы шынында орындауға ұйғарылып 
отырған шаралардың тізбегін сөз қылғандық болады.
Осылай тұп-тура ашық айту керек еді, осыған қарсы сөйлеу 
керек еді, жаңа төңкерісті бетке ұстап жасырынбау керек еді.
Мұның мəнісі қалай? Мəнісі: «Қазақстан Ленинград емес. 
Кеңестер Одағынан, бізді Орынбор губерниясы ғана бөліп 
тұр», «Жалпы ілгерілеу жолымыздың шамасы бірдей». Мұндай 
дəлелдің аяғы неге апарып соғады?
Мұның – біздің жағдайымыздың орталық комитеттің жалпы 
нұсқауларымен ғана қанағаттанып, жергілікті жағдайға дəлме-
дəл келтірген қосымша шараларды қолданбасақ та болады деген 
сөз ғой. Ауыл жағдайы поселке жағдайымен бірдей «сықылды». 
Поселкеде қандай саясат жүргізу жайы белгілі, со да бізге бол-
май ма партияның ауылда кездесетін қиыншылықтарын со да 
жоймай ма, «Америка ашудың не керегі бар» дегенге келеді.
Бұдан кейін Рыков жолдасты куəлікке тартады. «Түк талас 
болмауға тиіс, бірден бір түзу жол кооператив». Бұл дəлелді 
дəлелді тауып алуы да тамаша емес пе. Кооператв даңғыл жол 
екені рас қой. Бірақ, бүгін осы сағатта бұдан бұрын иə, осы-
мен бірге қатар шешетін өзге мəселелер жоқ па екен. Алдымен 
кооперативтің жолын тікенектен аршып алу керек қой, əйтпесе 
оның жолын байдың селеуі басар, басып та отырған жерлері 
бар, сөйтіп өтірік кооператив тумай ма?
Сонымен бұл топтың ойын оның мынадай деп сипаттауға 
болады:

13
1. Қазақстанда іргелі саяси мəселелерді шешерде теріс зиян-
ды əдістерді пайдаланғысы келеді.
2. Ауылдың жұртшылық шаруашылық қатысы даму жолы-
ның негізгі өзгешеліктерін сылап-сипап жоққа шығарғысы ке-
леді.
3. Бұл жұртшылық – шаруашылық қатысын сүйекке біткен 
əдет пен бұрынғы ескі күйінде қалдырмақшы. Қарсы сөздерінің 
бəрі келіп осыған тіреледі. Бұл қалай? Бұл кімнің пайдасы?
Қазақстанда ешкім шын мағынасында жаңа төңкеріс жаса-
мақшы емес. Төңкеріс деген нəрсе екі тап тартысып, біреуі 
жеңіп, əкімшілікті қолға алғанда, жұрттың шаруашылық 
негізін қайта құрғанда болады. Мұндай төңкеріс біздің ойы-
мызда жоқ, мұны сөз қылған адам жоқ. Əңгіме ауыл кедейінің 
пайдасын көздейтін шаралар туралы болған, күні бүгін де со-
лай; ол шаралар қырдың жалпы шаруашылығы өсуін тоқтатпай, 
социалистік жолына қарай бастап, елде Кеңес үкіметіне күшті 
негіз орнатуды көздемек.
«Еңбекші Қазақ» №225-226, 
12-13 қазан 1926 жыл
Ескерту: Бүгінгі емлеге 1993 жылы түсіріп, 25 қазан күні 
«Егемен Қазақстан» газетінің 217-218 санында жариялаған – 
Рысбек Сарғожин, Қазақстан журналистер одағының мүшесі.
«ЕҚ» редакция тарапынан бұл мақаланың ықшамдалып 
жарияланғанына, Ахмет Байтұрсынұлы айтқан үндеу сөздер-
дің осы күнге де келетініне, Алаш арыстарының арманы –
Қазақ елін қайтсек көркейтіп, өркендетеміз, қайткен күнде, 
ынтымағы жарасқан, өзге жұрттан бағы асқан дəулетті ел 
қанатына қосыламыз деген арман болғанын жазады. Əрі сол 
мақсат тəуелсіздігін алған Қазақ мемлекетінің бүгінгі қам-
қаракеті барысында да үндесіп жатқандай деген түсініктемелік-
анықтама берілген А.Байтұрсынұлының көптомдығына алғаш 
еніп отыр. 

14
БАУЛУ МЕКТЕБІ
Мектептерге «баулу» деп ат қойылғаны 7-8 жыл болды. Со-
нан бері тек болмаса, ісі баулу түрге айналған мектептер əлі аз. 
Көбінің-ақ аты «баулуға» айналғанмен, ісі бұрынғыша жүріп 
жатыр. Себебі оқытушылардың көбі баулу мектебінің атына 
қанық болғанмен, затына қанық емес; затына қанықтардың 
да көбі түсіне жетік болғанмен, ісіне жетік емес. Сондықтан
«баулу мектептің» атын да, затын да жақсы білетіндердің 
көбі де «баулу» ісін жөндеп жүргізіп, дұрыстап алып кете 
қойған жоқ. Баулу мектеп жөнделіп жүре бастаған жерлерге 
қарасақ, бəрі де қаржы мен маданыйат (мəдениет) қатар тұрған 
жерлер екенін көреміз. Олай болатұн мəнісі – баулу мектеп Еу-
ропа мен Əмерикенің маданыйаты мен байлығын бойлап өсіп, 
аспанға таласқан басына қырағы зейін барып салған қыран 
ұясы сияқты түрдегі мектеп. 
Баулу мектеп баланың табиғатына жақын, тұрмыс ісіне 
үйлесімді мектеп болғандықтан, бала үйретуді баулу түрге 
түсіру керек деген пікір Ресейде туғалы да біраз заман бол-
ды. Патша үкіметінің тұсында мектептерді «баулу» түрге 
түсіру керек деушілер болса да, үкімет мойны оған жар 
бермейтін. Баулу мектеп бала тəрбиелеу жүзіндегі көсемдердің 
көңіліндегі іздеген мүддесі, көздеген мұраты есебінде жүрген 
мектеп еді. Үкіметінің қарасы өшкен соң-ақ баулу мектепті 
жарыққа шығару шарасы істеле бастады. Əлі күнге дейін бау-
лу мектептің аяғы жерге тимей, тек мақсат пен мұрат түрінде 
болып, ұсынса қол жетпейтін себебін баяндаудан бұрын бау-
лу мектеп дегеннің мазмұнына қандыру үшін атына сəйкес за-
тында несі барлығын, жана (жəне) да бұрынғы мектептерден 
мұның айырмасы қандай, артықтығы қанша екендігін айтып 
кетсе, босқа уақыт алатын керексіз сөз болмас деймін. Оны 
білгеннен кейін баулу мектептердің тоғыз ай көтергенде де, 
тоғыз күн толғатқанда да не шала туып, шалағайлық қылып 
жатқаны немесе тіпті дүниеге келе алмай жатқан мəнісі мен 
себептері аса баяндаусыз да түсінікті болар деймін. «Баулу» 
деген сөз жаңа мектептің атына да, затына да дөп келеді. Баулу 
мектепте балалар «баулу» түрде үйретіледі. Қазақ тілінде «бау-

15
лу» деген сөз үйретудің қай түріне айтылады? Қасқыр күшігін 
жеуге баулығанда, қорадан қозы ұрлап апарып баулиды. Мысық 
баласын тышқан ұстауға баулығанда, тышқанды тірілей əкеп 
беріп, қашырып ұстатып, баулиды. Қазақтың ескі жырлары-
нан, ескі сөздерінен батыр болғандарды қалай баулып батыр 
қып өсіргендерін көреміз, батырлар басқалардың балаларын 
қалай баулып өсіргенін көреміз. Мəселен, Шыңғыс ханды жа-
сында баулыған Шолақ қол батыр тас атудан бастап, садақ пен 
құс атуға дейін баулыған. Адам арқасына мініп қару қылудан 
бастап, ат арқасында қару қылуға дейін баулыған. О заманда 
би болғандар би мектебінде баулынған, яғни биге атшы болып, 
бірге жүріп, бірге тұрып, бітірген істердің ішінде бірге болып, 
баулынып, би болған. 
Үйрету бастапқы кезде қайда да болса, «баулу» түрде 
болған. Оқу – беріде шыққан үйрету түрі. Баулудан шығып 
бала үйрету, «оқу түріне түсіп кетуі, оқу түріне түскенде де 
жалаң оқу түріне түсуі тіршілік түріне қарай болған. Тіршілікке 
керектің бəрі табиғаттан алынады. Сондықтан үйрету «жалаң 
оқу» түрге айналуы адамның табиғат тану түріне қарай болған. 
Табиғаттың күші мен ісін бөлектеп (схоластика), күшін көкке 
шығарып, ісін жерге қалдырып, табиғатты жанынан айырып, 
өлікке айналдырғанда, үйретудің түрі «жалаң оқыту» сияқты 
өлі түрге айналған. 
Он жыл оқып жазу білмеген «оқу» өліге болмаса, тіріге ке-
рек болмаған. Қазақ баласын молдаға бергенде, намаз сабағын 
білсін, өлгенде басымызға Құран оқи білсін деген мақсатпен 
беретін. Намаз оқу да, Құран оқу да – өлген күнге, о дүниеге 
ғана керек қылатын нəрсе. Оқудан о күнде тірлікке пайда 
күтпеген. Ақырет қамы үшін ғана бала оқытқан. Өлі білім 
үшін берген баланы «өлі оқуға» үйреткен. Бергі замандарда 
ғана қазақ балалары орыс мектептерінде оқып, дүниесіне ке-
рек білім үйренетін болған шақта, қазақ мектептерінде үйрету 
«төте оқу» түріне түсіп, оқумен қатар жазу үйренетін болған 
шақта қазақ баласын мектепке Құран оқу мен намаз сабағын 
білуден гөрі дүниесіне керек басқа мақсатпен беретін болған. 
Қазақ тəртіптеп мектеп ашып, тəрбиелеп бала үйреткен 
жұрт емес. Сондықтан қазақта бала үйрету, тəрбиелеу тарихы 

16
да қысқа, сол қысқа тарихынан да бала үйрету түрі, жұрттың 
керек қылуына қарай, түрленгенін байқаймыз. 
Қай жұрттың да болса, мəдениет есігінде отырған заманы 
болған. Мəдениет есігінде отырған шағында олардың да бала 
үйретуі «баулу» түрде болған. Олар да үйретудің «өлі оқу» 
түрін де бастарынан кешірген. Олар да «өлі оқуды» жандан-
дырып, «төте оқу» түріне түскен. Онан бері келе «төте оқуды» 
да жандандыру үшін «көрнекі оқу» түріне түскен. Ақырында 
қайтадан «баулу» түрге түсіп отыр. 
Мұнысы несі? Кер жайылу ма? Болмаса басқа бір мəнісі 
бар ма? Сырттан қарағанда, кер жайылу сияқты да, ішінен 
қарағанда, тек кер жайылу болып шықпайды. Бұрынғы «бау-
лу» мен бүгінгі «баулудың» түрі бір болғанмен, сыры бір емес, 
үйреткені о күндегі тұрмыс түрі мен бұ күндегі тұрмыс түрі 
бір емес. Тұрмыс түрі басқа болған соң баланы баулығанда 
үйрететін істің түрі де басқа болады. О күндегі тіршілік ша-
расына істелетін істің түрі аз болған соң, баланы баулып 
үйрететін əдістің де түрі аз болған. Бұ заман – машина заманы. 
Машина заманындағы тіршілік ісінің бəрі де машиналы. Бұрын 
қолмен істелетін керек-жарақтың көбі бұл күнде машинамен 
істеледі. Бұрын көлікпен істелетін жұмыстың көбі бұл күнде 
машинамен істеледі. Бұрын күшпен істелетін қиянат, зорлық 
сияқты істердің көбі бұл күнде машинамен істеледі. Бұрынғы 
батырлық, қайрат бұл күнде машинамен істеледі. Солай болған 
соң бұрынғы «баулу» мен бүгінгі «баулудың» тек түрінің бір-
лігі болмаса, қазіргі «бала үйрету» қайта жайылу емес. Табиғи 
жолынан ұлағып шығып кеткен үйрету беттің ілгергі алдын 
түзету болады. 
«Өлі оқу», «төте оқу», «көрнекі оқу» – бəрінің асылы – оқу. 
Оқу біткеннің бəрінен алатын білім – өлі білім. Үйткені оның 
бəрі де нəрсенің өзімен, затымен айналыстырып үйретпей, тек 
нəрсенің атымен, бернесімен ғана айналыстырып үйретеді. 
Бəрі де істің əдісін үйретпей, тек мəнісін үйретеді. Сондықтан 
оқу мектептерінен шыққандар да мəнісін білім мол болғанмен, 
əдіс білім аз болады. Əдіссіз тек мəніс білімі – өлі білім. 
Тіршілік – тірлік шарасы. Тірлік шарасына үйрететін білім 

17
тірі білім болу керек. Ондай білімді адам мəніс білімі мен 
əдіс білімін қатар үйренгенде білмек. Тіршіліктің ең оңай ісі 
– қазық істеу немесе қарындаш ұштау. Бірі шотпен, екіншісі 
пышақпен істеледі. Шотты қалай ұстап, қалай жону мəнісін 
түсіндіріп, əбден білдіргенмен, шот шауып, пышақпен жо-
нып əдісін алмаған адам қазықты да дұрыстап істей алмайды, 
қарындашты да дұрыстап ұштай алмайды. Тіршілік ісінің оған 
керек білімінің мысалдары осы. Бұл көрсетілген – тіршіліктің 
ең ұсақ, ең оңай ісі. Ұлы істердің əдісі де ұлы болады. Ұлы 
əдісті үйрету де, үйрену де қиын болады. Ұсақ істің істеу 
мəнісін білгенмен, істеу əдісін білмей, дұрыстап істеуге болма-
са, ұлы істі дұрыстап істеуге болар ма? 
Мектепке бала бергенде, ата-анасы баланы тұрмыс ісіне 
қайым болып, өмірдің азабын көрмей, рахатын көргендей 
адам болып шықсын деген үмітпен береді. Мемлекет жұрттың 
баласын үйреткенде, о да сөз үйренген балалар тұрмыс ісіне 
шебер болып, өзіне де, мемлекетке де пайдалы адам болып 
шықсын деген мақсатпен үйретеді. Оның үстіне Сəбет (Совет) 
үкіметі тіршілік негізі – еңбек. Адам күн көруі көптің еңбе-
гімен. Мектепте балалар жасынан еңбекке баулынып көптесіп, 
көлемдесіп, қоғамдасып іс қылып үйреніп, еңбекті іске дағ-
дыланып, еңбекті сүйіп, шын еңбекші болып шығарға ке-
рек деп отыр. Ортақшыл тұрмыстың тасын қалаушы болып 
шығуын көздейді. 
Мектептің міндеті – берген баланы ата-анасының үміті 
мен мемлекеттің мақсатындағы көздеген түрде адам қылып 
шығару. Бұл міндетін дұрыстап атқару үшін көздеген мақсатқа 
керек істерді дұрыстап істеу тиіс. Қалай үйреткенде бала 
көздеген түрдегі адам болып шықпақ? Мəселенің қисыны – осы 
жерінде. «Өлі оқу» – о дүниедегі іске үйретпеген, сондықтан о 
түрлі оқу тіршілік мақсатындағы іске үйлеспейтіні көрініп тұр. 
«Төте оқу» нəрсенің, істің затын алмай, атын ғана алып, құр 
сөз түрінде үйреткен. Сөзбен үйреніп, сөз жүзіндегі іске ше-
бер болуға болады, бірақ тіршілік ісі жалғыз сөз жүзінде емес. 
Сөзге қарамайтын тіршілік істері толып жатыр. Ол істерге 
істеп, үйреніп, шебер болмаса, сөзбен үйреніп шебер бола ал-

18
майды. «Көрнекі оқу» нəрсенің затын, ісін көрсетіп үйретеді. 
Көріп үйрету баланың табиғатына жақын дейді. Бала мектепке 
барғанша 5-6 жылдың ішінде бір талай білім білетіні рас. Бірақ 
ол білімді жалғыз көрумен ғана емес, көргенін еліктеп істеумен 
үйренеді. Солай болған соң тек көрсетумен болып, істетпей 
үйрететін «көрнекі оқу» да көздеген мақсат түрдегі тіршілікке 
лайық адамдар жасап шығара алмайды. Өйткені нəрсені көріп 
білу, білу мен істеп білудің арасы – көш жер. Нəрсеге ісің түсіп 
қарағанда байқауың мен ісің түспей қарағандағы байқауың – 
екеуі бірдей болмайды. Нəрсеге тек жүріп қарасақ, тек көреміз 
де өтеміз. Нəрсеге жұмыспен келіп қарасақ, олай болмай-
ды. Тоғай талын тек тамашаға аралап барып байқауымыз бен 
құрықша іздеп аралағандағы байқауымыз бірдей болмайды. 
Тоғай толының жайын тамашаға аралағаннан құрықша іздеп 
аралағанда, əлбетте жақсырақ білсек керек. 
«Көрнекі оқу» мен бала үйрету тоғай талын тамашаға апа-
рып танытқан 
мыйсалды да, «баулу» мен бала үйрету тоғайдан 
балаға құрықша іздетіп танытқан 
мыйсалды. «Көрнекі оқу» 
мен «баулу» екеуінің арасындағы айырмасының асылы осы. 
«Өлі оқудан» көрі «төте оқу» беретін білім жандырақ. «Төте 
оқудан» гөрі «көрнекі оқу» беретін білім жандырақ. «Баулу» 
беретін білім бəрінен де жандырақ. «Баулу» асылында дағдылы 
шағындағы тіпті «бала оқыту» емес, тіршілік ісіне тігілей 
түсіру. «Баулу мектеп» дағдылы мағынадағы мектеп болмай, 
толып жатқан ұйым, қоғамдардың бір түрі сияқты боларға 
керек. От басы, ауыл аймақ, ел, жұрт болып немесе қостас, 
шығырлас, арықтас, соқалас, артел, каператсыйа (пайдалас) бо-
лып, ұйымдасып іс қылмай ма? «Баулу мектеп» – бұрынғыдай 
тек мектеп емес, əлгі айтылғандар сияқты, адам ұйымдарының 
бір түрі. 
«Баулу мектеп» – нəрседен нəрсе жасап, тауар қылып шы-
ғаратын пабірік, зауыт сияқты да орын емес, өзінен-өзі өсер-
лік жағдай жасап, бəрін бəрін даяр күйінде беріп, балапан 
шығаратын жұмыртқа сықылды да орын емес, ұйым түрінде іс 
қылып, іс жүзінде білім алып, еңбекті сүйетін шын еңбекші бо-
лып, ұшқанда алатын нəрсесіне ұяда баулынған қыран баласы 
сияқты жастар шығаратын орын. 

19
Дағдылы оқу мектебін «баулу» мектепке айналдырып, қыран 
ұясындай ету үшін не керек болатынын алдағы əңгімелерге 
қалдырып, осымен сөзді тоқтата тұрамыз. 
«Жаңа мектеп» 1925. 
№1. Б. 24-27. 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет