Черняевтің хаты һәм Әулиеата қасіреті
120 реткөрсетілді
Тарихта көне Тараз, жалпы Әулиеата аймағының кезінде ең әуелі Ферғана соғдыларының мекені болғаны, кейіннен Қарахан мемлекетінің астанасы болғаны, жалпы бұл өлкенің бай тарихы туралы көп айтылады. Сонымен қатар ұлттың басына төнген тағдырлы жылдардың да шежіресі сақталған. 1864 жылы Әулиеата аймағына ақ патша әскерінің келгені де тарихтағы тағдырлы кезеңнің бірі еді.
Хамит ЕСАМАН
Ресей отаршылдарының бұл келуі Әулиеата өңірінен қоқандықтарды ығыстырғанымен, қылыш сүйреткен қаһарлы орыстардың басты мақсаты басқа болатын. Сол 1864 жылы полковник Черняев басқарған орыс әскерлері Верный қаласынан шығып, Әулиеата жеріне келеді. Олардың әуелі Қырғыз елінің Тоқмақ қаласына аялдап, кейін Меркіні алғаны тарихтан аян. «Бұған дейін ақ патша барлаушылары Қазақстанның оңтүстік өңірін бір емес, бірнеше рет сүзіп өткен. Шағын әскери топпен елді аралап, өздеріне жақтастарды да іздестірді. Қырғыз манаптарымен, қазақ батырларымен, билерімен пікірлесіп, сый-сияпат үлестірді. Мұндай жұмыстарды өзге орыс офицерлері де жүргізген. Осы жорықтың алдында, нақтырақ айтсақ, екі жыл бұрын полковник М.Герасимов бастаған шағын топ Меркіге дейінгі қазақ жерін аралап, барлау жүргізгені жайлы деректер бар. Сол сияқты старшина Бутаковтың Әулиеатаға барар жолдағы қырғыз манаптарымен тілдесіп, Ресейге бодан болу үшін берген анттарын қабылдап қайтқаны, бұл аз десеңіз, тыңшылар қырғыз бен қазақ арасындағы дау-дамайды, барымтаны да өз пайдаларына шешіп отырғаны туралы жазбаларда кездеседі. Генерал-майор Кройепус Черняевтің мәліметін толықтыра отырып, осы жайттарды хабарлаған», деп жазған болатын мұрағат деректері негізінде жазушы, марқұм Мақұлбек Рысдәулет. Әрине патша әскері Әулиеатаны алатын кезде қаланың ішкі, сыртқы қорғанысы, халықтың құрамы және өзге де тиісті мәліметтерді жақсы білген. Бұл туралы генерал-майор А.Кройепустың Ресей өкіметінің вице-канцлеріне 1864 жылы 7 наурызда хат та жолдаған. Ал бұл кездегі Әулиеатаның ахуалы қандай еді? Генерал-майор Кройепус өз ақпарында Әулиеата қаласының ішкі қорғаны 170х50, 70х275 көлемінде тік төртбұрышты екенін, қорғанда ұзын бес көше мен оны қиып жатқан тар бес көшедегі 517 үйде жайма дүкен барын, 66 үйде дүкеннің жоқтығын хабарлаған. Қорғанның ішінде шойын құятын 1 зауыт, 8 ұстахана, керуен сарай және 3 мешіт барын да айғақтаған. Сонымен қатар ол қорғанға іргелес орналасқан қаладағы төрт түзу көшеде 250 үй, 5 мешіт, 22 жайма дүкен, 15 тері илейтін, 2 сабын қайнататын және 2 шам жасайтын кәсіпорынның болғанын айтқан. Бұл мәліметтерге қарап отырып сол кездегі Әулиеатаның әлеуетінің дамығанын көруге болады.
Черняев бастаған орыс отаршылдары 1864 жылы Әулиеатаға келеді. Полковник сол жылы 6 маусым күні Сібір корпусы командирі Шу отрядының бастығына ақпар береді. Ол ақпарда «Жоғары мәртебелім! Сізге 28 мамырдағы жолдамада айтқандай, Меркіден шығысымен Ұзынбұлақ шатқалында жауды кездестірдік. Осы жерде бізді қоқандықтар Әулиеатаға жақындағанда қарсы алатындығы жөнінде хабар алдық», делінген. Сонымен қатар ол артық деген ауыр жүкті екі рота мен елу шақты казакты және екі батарея зеңбірегін қалдырып, қалған күшпен Әулиеата жеріне қарай жорыққа шыққанын хабарлаған. Сол кезде Әулиеата бекінісінің бегі Ниязалы датқаға Черняев хат жолдаған. Бұл хат қасіреттің бастауы еді. «Әулиеата бекінісінің құрметті бегі Ниязалы датқаға! Біздің айтпағымыз мынадай: Ұлы патшаның еркі бойынша мен Әулиеатаны басып алуға келдім. Алдын ала айтатыным, босқа қан төкпей сіздердің ақ патша әскеріне берілулеріңізді ұсынамын. Сіздер бәрібір бекіністі қорғай алмайсыздар. Қосқорған, Қамысқорған, Ақмешіт, Жаңақорған, Дінқорған және хандықтың үлкен қорғаны Пішпек қанша ерлікпен шайқасса да, басынан өткізген тағдыры. Қоқан әскерінің Құмсауыт, Ақмешіт және Ұзынағашта жасаған әрекетінен ешнәрсе шықпағанын естеріңізге алсаңыздар, орыс қаруына бас иетіндеріңіз анық. Менің ұлы қуатты патшамның атынан сіздерге, егер атыссыз бекіністі босатсаңыздар өмірлеріңізді, бостандықтарыңызды, дүние-мүліктеріңізді сақтауға уәде беремін. Өткен жылы менің басқаруыммен орыс әскерлері Созақ пен Шолаққорғанды басып алған болатын. Сол кезде де мен сөзімде тұратындығымды дәлелдегенмін. Менің ұсынысымды қабылдамасаңыз, сіз Әулиеата тағдырын өзгерте алмайсыз. Гарнизонның және тұрғындардың қырылуына мұрындық боласыз, егер сіз ақылға қонымды шешім қабылдап, бекіністі берсеңіз, ханыңызға алдағы уақытта ішкі және сыртқы жаулармен шайқасатын батыр сарбаздарды сақтап қаласыз. Қорғанғыларыңыз келе ме, ол өздеріңіздің шаруаларыңыз. Ал оның салдарын өздеріңіз тартасыздар. Жауапты 3 сағат күтемін. Полковник Черняев» делінген хатта. Черняевтің Ниязалыға жазған бұл хатының түпнұсқасы бүгінде Тараз қаласының мемлекеттік архивінде сақтаулы тұр. Бірақ белгіленген уақытта жауап келмейді. Бұған орай берілген хабарламада Черняев бекіністі 4 жеңіл және 4 батарея зеңбіректерімен атқылауға бұйрық бергенін жеткізген. Сонымен қатар деректерде Ниязалы датқа ойлану үшін елші арқылы Черняевтан 14 күн сұрағаны айтылған. Алайда Черняев бұған дейін бекіністі атқылаған зеңбіректердің қатарына тағы да 8 зеңбірек қосып, 2 пұттық қарудан атқылауға бұйрық берген. Ал бұл мәселені архив деректері негізінде зерттеген Мақұлбек Рысдәулет келесі күні арттан жеткен арнайы көліктің көмегімен бір ротаның жартысы мен станокты қарумен қаруланған казактар жүздігі Таластың сол жағалауына өткенін жазады. Жалпы, орыс патшалығының бұл шапқыншылығы Әулиеатаның қасіретті тарихы ретінде белгілі. Бір ғажабы, Черняевтің Ниязалыға жазған хаты, одан кейін ұлықтарға беріп отырған ақпары, Әулиеатаға шапқыншылық кезіндегі барлық ахуалдың құжаттары бұл күнде Тараз мемлекеттік архивінде сақтаулы. Сарғайған құжаттар бүгінде талай сырды ішіне бүгіп тұрғанымен, кезінде Әулиеата аймағына айтарлықтай қасірет әкелген еді. Ал теріс пиғылды орыс патшалығының Черняев экспедициясына қалай қолдау көрсеткені туралы ақпарат та бүгінге жеткен. «М.Г.Черняев басқарған экспедицияға Ресейдің бас штабы 150 мың рубль күміс ақша бөлді. Бұл экспедиция қосынында 60 офицер, көптеген солдат болды, оларға 835 ат-көлік берілді. Қосын штабында 10 офицер, жаяу әскерлердің 31 офицері, казактардың 9, артиллерияның 7, дәрігерлік 2, жорықта ас-ауқат қамдаушы бір офицер бар еді. 1638 жаяу әскердің, 351-і казак, 150-і сапта тұрмайтын жауынгер болды. Оларға 2180 снаряд, 2 пұттық 180 бомба, ширек пұттық 2 мың бомба, 100 пұт оқ-дәрі берілді. Әулиеата қаласына келгені туралы полковник М.Г.Черняев Сібір корпусының командиріне 1864 жылы жолдаған хатының бірінде «Меркіден шыққалы ешқандай адам кездестірместен Әулиеатаға жеті шақырым қалғанда мен әскерлерді ауыр жолдан соң демалуға тоқтаттым. Лагерь орналасқан жерден 5 шақырымдай жерден Тектұрмас төбесіне жиналған қоқандықтар тобын байқадық. Бұл төбеден Әулиеата қаласы көрініп тұр» деп жазылған. Бұл хаттардың түпнұсқасы да бар», дейді Тараз қалалық мемлекеттік архивінің директоры Нұрхат Серікбаев.
Черняев хатында бекіністі үш күн бойы зеңбірекпен атқылағанын, жаңбырға да қарамастан екі сағаттың ішінде-ақ бекіністі алғанын жазады. Алайда бұл қисынсыз еді. Оның хатында бір күнде қаланың 307 тұрғынының жерленгені, 390 адамға дәрігерлік көмек көрсетілгені және 341 сарбаздың тұтқынға түскені де айтылған. Сонымен қатар бекіністі алу кезінде ерлік көрсеткен офицерлерінің есімін де ұмытпаған. Ал Әулиеатаны шапқаны үшін Шоқан Уәлиханов бір топ жолдастарымен орыс әскерінің құрамынан кетіп қалады. Сол себепті оның есімі Черняевтің тізіміне енбей қалыпты.
Жалпы, Черняев бастаған орыс басқыншыларының Әулиеатаны алғаны жайлы көп жазылды. Бір хаттан басталған қырғын тарихтағы қасіретті кезеңнің бірі еді. Алайда сол кездегі Әулиеатаның құрметті бегі Ниязалы туралы мәлімет бүгінде жоқ. Оның кім болғаны, қандай ортадан шыққаны жайлы да айтылмайды. Черняевтің оған хат жазып, алдынан өтуіне қарағанда Ниязалының да тегін адам болмағаны анық...
Жамбыл облысы
Суреттерде: Черняевтің Әулиеата бегі Ниязалыға жазған хатының түпнұсқасы. 2 бет.
Достарыңызбен бөлісу: |