Орындаған: Сүйеуов Данияр, 2МПКО
Дидактикалық принциптерді математиканы оқытуда жүзеге асыру
Кез келген басқа оқу пәні сияқты жеке тұлғаның қалыптасуы, саналы білім мазмұнын меңгеріп тікелей мақсатқа жетудің тиімді құралы математиканы оқыту болып табылады. Оқыту процесі бүтіндей бір педагогикалық процестің құрамдас бөлігі бола отырып, орта мектепте жеке тұлғаны жанжақты дамытып қалыптастыруға бағытталған. Ғылымның негізінде оқушыларды оқытудың жалпыланған тәжірибесі көрсеткендей оқушыларға қойылатын бірыңғай талапты қамтамасыз етіп, оқыту жұмысына қажетті құрал-жабдықтар мен ережелерге, нұсқауларға сүйенуі керек. Осыған байланысты дидактикада оқыту процесін ұйымдастыруға, оның мазмұны, формасы мен әдістеріне қойылатын маңызды талаптар ретіндегі қағидалар талданған. Бұл бірыңғай талаптар дидактикалық қағидалар немесе оқыту қағидалары деп аталады.
Дидактикалық қағидалар оқу мен тәрбие жұмысын қалай жүзеге асыруды және жетілдіруді қамтамасыз ететін нұсқауларды басшылыққа алады. Математиканы оқытуда басшылыққа алатын негізгі дидактикалық қағидаларға жататындар :
1) Математиканы оқытудың ғылымилық қағидасы.
2) Математиканы оқытудың тәрбиелеу қағидасы.
3) Математиканы оқытудың көрнекілік қағидасы.
4) Математикадағы саналылық пен белсенділік қағидасы.
5) Математиканы оқытудағы білімнің берік болу қағидасы.
6) Математиканы оқытудың жүйелілік және реттілік қағидасы.
7) Математиканы оқытудың түсініктілік қағидасы.
1) Математиканы оқытудың ғылымилық қағидасы оқу бағдарламасында, негізгі оқулықтарда және әдістемелік құралдарда іске асады. Бұл қағиданың басты шарттары: а) математиканы оқытудағы білімнің мазмұны мен әдістері қазіргі жағдайдағы математика ғылымның деңгейі мен талаптарына сай болуы; ә) ғылыми танымның жалпы әдістері арқылы оқушылардың санасына дұрыс түсінік қалыптастыру; б) ғылыми таным үрдісінің маңызды заңдылықтарын оқушыларға көрсету. Бұл шарттар өзара тығыз байланыста. Сонымен «оқытудың ғылымилығы» оқушылардың санасына ғылыми деректер мен ұғымдарды қалыптастыру болып табылады.
2) Математиканы оқытудың тәрбиелеу қағидасы математиканы оқытуда оқушыларды тәрбиелеумен, олардың ақыл-ой қабілеттерін дамытумен және азаматтық қасиеттерін қалыптастырумен тығыз байланысты. Математиканы оқыту процесінде математикалық ұғымдар, аксиомалар, теоремалар, заңдар мен теориялар адамдардың күнделікті қызметінің барысында сандық қатынастар мен кеңістік формаларды тану негізінде пайда болғаны туралы түсіндірілуі керек.
3) Математиканы оқытудың көрнекілік қағидасы оқыту үрдісінде жаңа материалды жақсы қабылдауына, мазмұнын түсінуіне және талдап қорытуына әсер етеді. Көрнекілікті қалай болса солай қолдана бермей, тек қажеттілігіне, тиімділігіне қалай пайдалана білудің маңызы зор. Мысалы, геометриядан жаңа ұғымдарды таныстырғанда, стереометрия курсында фигуралардың әр түрлі моделін көрсету оқушылар үшін пайдалы болады.
4) Математиканы оқытудың саналық және белсенділік қағидасының негізгі мақсаттарының бірі саналы және белсенді тұлға қалыптастыру. Оқыту үрдісінде алған білімдерін саналы қабылдап, мағынасын түсініп, қолдана білулерін үйрету керек. Оқыту үрдісіндегі саналылық пен белсенділік оқу материалының түсінікті әрі тиянақты болуын, математикалық ұғымдар мен сөйлемдердің мәнін түсінуді талап етеді. Сондықтан оқушылар сабақ үстінде барынша белсенді де саналы және өздігінен жұмыс істегендей, берілген тапсырманы өздерінше талдай алатындай етіп ұйымдастыру керек.
5) Математиканы оқытудағы білімнің берік болу қағидасы өтілген материалды қайталай отырып, жаңа материалды өту барысында қолдана білуді көздейді. Математика сабағында оқушылар алған білімдерін ұзақ есте сақтау үшін, білімді одан әрі дамытатындай және есептер шығаруда біліктілерін арттыратындай етіп ұйымдастыру керек. Сондықтан білімнің берік болуы оқушылардың белсенділігіне, біліктілігіне, ынтасына және іс қимылының дербестігіне байланысты. Оқыту үрдісінде оқушылар тек жаңа білім, білік, дағдыға ие болып қана қоймай, алған білімдерін нығайтады және толықтырады.
Сонымен математиканы оқытудағы білімнің берік болу қағидасын жүзеге асыру үшін мұғалім:
а) өтілген материалды қайталауды ұйымдастырады;
ә) оқушылардың білімі мен біліктілігін уақытында тексеріп, кемшілігін толықтырып оларды түзетіп отырады;
б) оқушыларға берілген есептер мен жаттығулардың жүйелілігіне көңіл аударады;
в) оқушылардың жауабы айқын және қысқа болуына дағдыландырады.
6) Математиканы оқытудың жүйелілік және реттілік қағидасы мектеп математикасының логикалық жемісі арқылы анықталады. Математиканы оқытудағы жүйелілік дегеніміз пәнді өзінің құрылымы мен ішкі логикасына сай белгілі бір тәртіппен оқытуды және математика курсындағы негізгі ұғымдар мен теорияларды біртіндеп игеруді айтады. Математикалық білім беруде негізгі тақырыпты қосымша тақырыппен сабақтастыра отырып оқушылардың санасына сіңіре білу керек. Математиканы оқытудағы реттілік дегеніміз оқыту үрдісі: а) қарапайымнан күрделіге; ә) көріністен ұғымға; б) белгіліден белгісізге; в) білімнен білікке, одан дағдыға көшуді білдіреді.
7) Математиканы оқытудың түсініктілік қағидасында оқушылардың жас ерекшеліктері мен білім қабілеттері ескеріледі. Оқытылатын материалдардың мазмұны мен көлемі оқушылардың білім деңгейі мен жас ерекшеліктеріне сай болуы керек. Бірақ бұл қағиданың мақсаты берілетін білім «жеңілдетілген» түрде ғана оқытып, қиын тақырыптарды алып тастау емес, ол оңайдан қиынға, қарапайымнан күрделіге, белгіліден белгісізге деген қағиданың берік сақталуын көздейді. Математиканы үйрену барысында оқушылар өздерінің білім қабілеттеріне сай қиындықтарды жеңе отырып, өз күшіне сенім пайда болады және математикаға деген қызығушылығы артады. Көрнекілік құралдарын шебер пайдалана білу оқытудың түсініктілігін арттырады. Сонымен қатар математиканы оқытуда жүйелік және реттілік қағидаларын қатаң сақтау нәтижесінде түсініктілік қағидасын жемісті түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Оқу материалының түсініктілігі оның күделілігіне, оқушылардың даму ерекшеліктері мен дайындық деңгейіне, білімді саналы меңгеруге көмектесетін оқыту әдістері мен құралдарының орынды қолданылуына байланысты.
Қорыта келгенде, оқытудың дидактикалық принциптерін математиканы оқытуда жүзеге асыру оқыту процесі үшін өте маңызды. Математиканы оқыту қағидасы мектептің озық тәрбие ісін және оқыту заңдылықтарын айқындайды. Алайды ол өзгермейді деген сөз емес, оны мұғалім өз басшылығына ала отырып өзгертеді.
Достарыңызбен бөлісу: |