Диуани хикмет Мұсылман әлемінде аты әйгілі, жаңа кезеңдегі сопылық әдебиеттің ірі өкілі, кемеңгер ақын әрі ойшыл, философ жерлесіміз Қожа Ахмет Йасауи артына мәні өшпестей аса елеулі мұра қалдырды. Оның «Диуани хикмет» атты екі әлемнің мән-жайын сипаттайтын туындысы адамгершілік, мимандылық, әділдік, инабаттылық тәрізді күрделі мәселелерді жырлауға арналған. Бұл дүниедегі адамдар арасындағы әр алуан қарым-қатынас: мансап пен байлық, билік, кедейлік пен қанағатшылдық, нәпсі мен тәубашылдық, хаққа сиыну секілді түйінді жәйттер дін талабы тұрғысынан сарапталады. Бұл дүниенің баянсыздығы мен ол дүниенің бақилығын салыстыра отырып, қанағат, адамгершілік, мейірім-шапағат, адалдық, ізеттілік жайында сөз қозғайды. Осыған орай ақын Мұхаммед пайғамбардан үрдіс болып келе жатқан жол:жиған малдың қызығын көру, өзге жетім-жесір мүсәпірлерге де қайырымды болу, жасаған күнәңді дер кезінде түсініп, тәубаға келу, аллаға сол туралы шын көңілден жалынып-жалбарынудың қажеттігін ұтымы түрде сипаттайды.
Диуани хикметтің тілін тек бір халықтың тіліне телуге болмайды. Шығармада қазақ пен өзбектің, ұйғыр мен татардың, тағы басқа түркі тектес халықтардың тілдеріне ұқсасытық та мол. Қ. А. Йасауи өмір сүрген дәуірде бұлар әлі жеке ұлт болып қалыптаса қоймаған еді, тек түрік тілі, түрік елі деген ұғым ғана бар болатын. Осыған орай белгілі тілші –ғалым Н. Сауранбаевтың: Мұнда 440 жолдық жыр бар. Қ.А. Йасауиді ұлтқа бөлуге болмайды, өйткені ол кезде қазақ, өзбек, түрікпен ұлттары әлі жоқ еді. Олар әлі де ұлыс болатын. Мұны түркі халықтарына ортақ тіл деген жөн. Сондай-ақ, құрылысы, буындық өлшеуіне ұқсас келеді. Мұны тіл бейнелеу, көркемдік жүйесі де дәлелдейді»,-деп жазады.
Қожа Ахмет Йасауи өмірі жөнінде деректер өте аз сақталған. Бұл туралы айғақты дерек-мәліметтер «Диуани хикметте» келтірілген. Ақын өзінің 63 жасқа дейінгі өмірін тәптіштеп баяндай келіп, бір жастан алпыс үшке дейінгі тұрмыс кезеңдерін, ірі-ірі оқиғаларды жүйелі сөз етеді.
Ахметтің шешесі жастай өледі де, әкесі жеті жаста қайтыс болады. Бала Ахметтің негізгі ұстазы, тәрбиешісі өзіне аталас туыс болып келетін Арыстан Баб екен. Арыстан бабтан біраз сабақ алып, өзінің оқуға деген талант-қабілетін танытқан жас Ахмет Бұхара қаласындағы Ж.Хамаданидің діни медресесінде оқиды. Мұны тамамдаған соң, аз жыл сонда қалып, медресені басқарады.