Ә. Қайдар ұйғыр тілі тарихын дәуірлерге бөлу туралы Аңдатпа



бет1/3
Дата17.08.2022
өлшемі35,83 Kb.
#38170
  1   2   3
Байланысты:
Ә. Қайдар ұйғыр тілі тарихын дәуірлерге бөлу туралы


Арзиев Р.У.
филология ғылымдарының кандидаты,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті
Ә. Қайдар ұйғыр тілі тарихын дәуірлерге бөлу туралы
Аңдатпа. Мақалада академик Әбдуәлі Қайдардың ұйғыр әдеби тілінің даму тарихын дәуірлерге бөлу туралы пікірлері қарастырылған. Ә. Қайдар ұйғыр тілінің тарихи дамуын отандық және шетелдік ғалымдар еңбектеріне, бай жазба ескерткіштер тіліне, ұйғыр тіліннің диалекттеріне негізделе отырып үш дәуірге бөліп қарайды: көне дәуір екі кезеңнен тұрады: 1) ең көне кезең (б.з. 5 ғасырына дейін), көне кезең (5-13 ғасырлар); 2) ортағасырлар дәуірі екі кезеңге бөлінеді: алғашқы ортағасырлар кезеңі (11-14 ғасырлар), кейінгі ортағасырлар кезеңі (15-17 ғасырлар); 3) заманауи дәуір де екі кезеңнен тұрады: жаңа кезең, (17-19 ғасырлар), қазіргі кезең (20 ғасыр). Ә. Қайдар бұл дәуірлерде ұйғыр тілі үздіксіз байланыста және дамуда болғандығын дәлелдейтін тарихи және лингвистикалық фактілер жеткілікті деп қарайды. Ғалымдың бұл пікірін Э. Р. Тенишев сияқты танымал түркітанушыларда қолдайды.
Түйін сөздер: Ә. Қайдар; ұйғыр тілі; дәуірлерге бөлу; жазба ескерткіштер; даму тарихы.
Ұйғыр тілі XX ғасырдың басында Шығыс Түркістанда ұйғыр және көне түркі жазуларында жазылған жазбалар табылғаннан бастап әлем түркітанушылардың назарында болып келеді. V-XIV ғасырларда жазылған қолжазбаларды, сол өңірлердегі ұйғырлардың тілін, мәдениетін зерттеуде неміс ғалымдары А. Лекок, Ф.Мюллер, В. Баң, А.М.Габайн, П. Циме, К. Рөрборн, орыс ғалымдары В.В. Радлов, С. Е. Малов, Э. Тенишев, түрік ғалымдары Р. Р. Арат, А. Жафероғлу, Ш. Текин, Т. Текин, С. Тезжан сияқты ғалымдар үлкен үлес қосты.
Жиырмасынша ғасырдың екінші жартысынан бастап, Қазақстан ұйғыр тіл білімінің орталықтарының біріне айнала бастады. Ә. Қайдар, Ғ. Садвақасов, Т. Талиповтар ұйғыр тілін кешенді түрде зерттеудің алғашқы қадамдарын жасады. 1969 жылы Ә. Қайдар ұйғыр тілінің қалыптасу тарихы бойынша үлкен еңбегін жариялады. Бұл еңбекті атақты түркітанушылар өте жоғары бағалады. Мысалы, неміс ғалымы Герһард Дөрфер «глубокое понимание предмета, ясное изложение и широкая эрудиция, сделали книгу шедевром в области тюркологии» [1.5], деп пікір білдірді.
Ә. Қайдар монографиясының кіріспесінде ұйғыр тілі тарихын дәуірлерге бөлу мәселесіне арнайы тоқталады. Ғалым Н. А. Баскаков анықтаған түркі тілдерінің қалыптасу және даму тарихының алты дәуірінің барлығында дерлік ұйғыр тілінің тарихи даму жолын көруге болады деп қарайды [2.16]. Ә. Қайдар ежелгі, ортағасырлық және қазіргі ұйғырлар тілінің дамуында үздіксіз байланыстың бар екенін тарихи және лингвистикалық фактілер дәлелтейтініне негізделе отырып, ұйғыр тілінің тарихи дамуын төмендегі үш дәуірге бөліп қарайды:
1) көне дәуір екі кезеңнен тұрады: ең көне кезең (б.з. V ғасырына дейін), көне кезең (V-XIII ғасырлар);
2) ортағасырлар дәуірі екі кезеңге бөлінеді: алғашқы ортағасырлар кезеңі (XI-XIV ғасырлар), кейінгі ортағасырлар кезеңі (XV-XVII ғасырлар);
3) заманауи дәуір де екі кезеңнен тұрады: жаңа кезең (XVII-XIX ғасырлар), қазіргі кезең (XX ғасыр).
Көне дәуір Н. А. Баскаков «алтай» және «хун» дәуірлері деп қараған екі дәуірді өз ішіне алады. Бұл дәуірлерде барлық түркі халықтары ортақ саяси, мәдени, тілдік ортада өмір сүрген. Сонда да Ә. Қайдар хун дәуірінде көне ұйғыр тілінің өзіне тән ерекшеліктері қалыптаса бастайды деп есептейді.
Ә. Қайдар В.В. Радлов, С. Е. Малов сияқты ғалымдардың көне ұйғыр тілінде жазылған жазба ескерткіштерге негізделе отырып, оның 5-13 ғасырларда қолданылған деген пікірін қолдайды [2.18-22].
Э. Р. Тенишев бұл тіл діни, әдеби, ғылыми, эпистолярлық, ресмі (құқық құжаттар тілі) сияқты функционалдық стильдері қалыптасқан әдеби тіл болған деп қарайды [4]. Ғалымдың пікірінше, көне ұйғыр әдеби тілі Тұрпан ұйғырлары тіліне негізделген. Ол 1985 жылы жариялаған бір мақаласында көне ұйғыр тілінде жазылған құқық құжаттары тілін халық тіліне, нақтырағы, Тұрпан ұйғырлары тіліне жақындығын салыстыра талдай келе, өзінің пікірін төмендегідей қорытындылайды: «... И это сходство позволяет полагать, что полудиалект древнего Турфана был ведущим компонентом в сложении современного уйгурского языка. Это положение в свою очередь ставит на прочную основу и вопрос об этнической преемственности современных и древних уйгуров» [5.200].
Ә. Т. Қайдар XIII ғасырға дейінгі көне ұйғыр тілі тұралы сөз болғанда, оның екі мемлекетте, яғни асатансы Қашқар қаласы болған Қараханидтер мен астанасы Тұрпан қаласы болған Ідіқұт мелекетінде қолданыста болғанын ескеру керек деп қарайды. Себебі Қашқар ұйғырлары ислам дінін ұстанса, Тұрпан ұйғырлары будда дінінінде еді. Ғалымдың пікірі бойынша, XIII ғасырдан бастап бұл жерлер Шағатай ұлысына қарайтын болғаннан кейін, олардың арасындағы диалектілік айырмашылықтар азая бастаған. Тұрпан ұйғырлары ислам дініне кіргеннен кейін, ұйғыр-оғыз негізді көне ұйғыр тіліне қарлұқ-ұйғыр тілінен араб, парсы сөздері ене бастаған.
Ұйғыр тілінің дамуының ортағасырлар дәуірін Ә. Қайдар екі кезеңге бөліп қарайды: алғашқы ортағасырлар кезеңі (XI-XIV ғасырлар), кейінгі ортағасырлар кезеңі (XV-XVII ғасырлар). Ә. Қайдар түркі тілдері үшін маңызды болған бұл дәуір тұралы ғалымдардың пікірлеріне кеңінен тоқатлып өтеді: С. Е. Малов бұл дәуірде шығыс түркі тіліне тән д-тілі орнына батыс түркі тіліне тән й-тілі ауысты және ұйғыр жазуының орнына араб жазуы келді, деп қараcа, А. Н. Самойлович бұл дәуірде үш кезеңнен тұратын ортақ ортаазия түркі тілі дамыған деп есептейді: орталығы Қашқар болған қараханидтер тілі (XI ғ.), орталығы Сыр даряның төменгі ағымы және Хорезм болған оғыз-қыпшақ тілі (XII-XIV ғғ), оталығы Шағатай ұлысы болған шағатай тілі (XV-XVI ғғ).
Заманауи (современный) дәуір де екі кезеңнен тұрады: жаңа (новый) кезең (XVII-XIX ғасырлар) қазіргі (новейший) кезең (XX ғасыр). Ә. Қайдардың пікірінше, жаңа кезеңдегі ұйғыр тілі төмендегідей ерекшеліктерге ие: а) 17 ғасырдан бастап, ұйғыр тілі өз алдына дербес тіл ретінде дами бастады; ә) әр түрлі тарихи, экономикалық, саяси себептерге байланысты ұйғыр әдеби тілінің диалекттік негізі өзгеріп тұрды; б) шағатайшаның тілдік дәстүрлерін сақтаған көптеген шығармалар дүниеге келді; в) әдеби тіл ауызекі тілден сәл алшақтау болды; г) 19 ғасырдан бастап, ұйғыр жазбаша- әдеби тілі демократик даму жолына түсіп, жалпы халық тілі нормаларына жақындады.
Ғалым 17-19 ғасырларда жазылған шығармалардың тілдерін зерттей келе, 17-18 ғасырларда жазылған шығармалардың тілі Қашқар, Хотан ұйғырларының тілдік ерешеліктеріне негізделгенін алға тартады. Іле ұйғырларының тілдік ерекшеліктері болса, 19 ғасырдан бастап көркем шығармаларда көрініс табады.
Ә. Қайдардың бұл пікіріне дәлел ретінде төмендегі фактілерді келтіруге болады: Пекиндегі Ұлттар баспасында 2006 жылы жарық көрген бес томдық «Уйғур әдәбияти тарихи» (Ұйғыр әдебиеті тарихы) кітабында осы ғасырларда өмір сүрген 40 ақындың өмірбаяны, шығармашылығы берілген. Оларды туған жерлеріне қарай топтастырсақ төмендегідей болады: 17 ақын Қашқарда, 10 ақын Хотанда, 7 ақын Яркендте, 3 ақын Құлжада, 2 ақын Тұрпанда, тек 1 ақын Ақсуда өмір сүрген [7]. Демек, классикалық ұйғыр тілі және әдебиеті негізінен Шығыс Түркістанның оңтүстігінде дамыған. Себебі Қашқар, Хотан, Яркенд өңірлерінде қараханидтерден бастау алып, шағатай дәуірінде өз жалғасын тапқан әдеби дәстүрлер және тілдік ерекшеліктер көбірек сақталған.
Енді V-XIII ғасырларда көне ұйғыр тілінде әр түрлі жанрларда өте көп жазба ескерткіштер жазылған, ұйғыр будда мәдениетінің орталығы болған Тұрпан жаққа ислам динімен бірге араб және парсы әдебиеті сәл кешеуілдеп келгендіктен болса керек, классикалық ұйғыр әдебиетінің өкілдері өте аз.
Құлжа қаласы XVIII ғасырдан бастап Шығыс Түркістанның мәдени, саяси өміріндегі маңызды орынға ие қалалардың біріне айнала бастады. Ә. Қайдар шығармалары тіліне ерекше көңіл бөлген Билал Назим, Сейит Муһәммәт Қаший сияқты ақындар шығармаларын осы өңір тумалары.
Қашқардағы ұйғырлар мәдениетіне шығыс мәдениеті, нақтырақ айтқанда, араб, парсы мәдениеттерінің көбірек әсері болған болса, Құлжа ұйғырларының мәдениетіне батыс мәдениетінің әсері үлкен болды. Сондықтан ғалым айтқан «ұйғыр жазбаша- әдеби тілінің демократик даму жолына түсуі» Құлжадан басталады. Билал Назымдың «Билал» бүркеншік атымен жазылған ғазалдары классикалық ұйғыр тіліне жақын болғанымен, «Назым» бүркеншік атымен жазылған ғазалдары ауыз әдебиеті тіліне жақындау.
Ә. Т. Қайдар бұл дәуірдің 2 кезеңі, яғни қазіргі (новейший) кезең Қазақстан ұйғырлары тілінде Қазан төңкерісінен басталса, Шығыс Түркістан ұйғырлары тілінде 1930 жылдардан басталады деп қарайды. Ғалымдың пікірінше, 20 ғасырдың 30 жылдары Шығыс Түркістанда жазылған діни, көркем, оқу, эпистолярлық мәтіндерде, газет-журналдарда ортағасырда қолданылған әдеби тілдің негізгі заңдылықтары сақталған. ШҰАР ғалымдары да қазіргі ұйғыр тілі тарихы 1930 жылдардан басталады деп қарайды. 2010 жылы Үрімшіде жарияланған 2250 беттік (үш том) «Һазирқи заман уйғур тили» (Қазіргі заман ұйыр тілі) кітабының «Ұйғыр тілінің тарихи дамуының дәуірлері» деп аталатын 3 параграфында Н. А. Баскаков, Ә. Т. Қайдардың еңбектеріне тоқталып, ұйғыр тілінің даму тарихын төмендегідей 7 дәуірге бөледі:
1.Алтай дәуірі.
2.Алғашқы (аввалқи) түркіше дәуірі (б.з. I ғасырыны дейінгі уақыт)
3.Ана түркіше дәуірі (I-VI ғғ).
4.Көне түркіше дәуірі (VI-IX ғғ)
5.Орта ғасыр ұйғыр тілі дәуірі (IX-XII ғғ)
6.Жақынғы (йеқинқи) заман ұйғыр тілі дәуірі (XIV-XX ғғ)
7. Қазіргі заман ұйғыр тілі (XX ғасырдың 30 жылдарынан кейінгі дәуір) [8].
Акдемик Әбдуәлі Қайдардың ұйғыр тілінің даму тарихын дәуірлерге бөлу тұралы пікірлеріне жарты ғасырдай уақыт өтсе де, өзінің ғылыми құндылығын жоғалтпай келе жатқанын кейінгі жылдары осы тақырыпқа байланысты жарияланып жатқан еңбектер дәлел бола алады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет