Ғабит Мүсіреповтың шығармаларындағы ана образы Ғ.Мүсірепов ана тақырыбын жазудағы негізгі идеясы – ананың балаға, жалпы адамзатқа деген махаббатын сипаттау. Ана тақырыбында да қазақ әдебиетінің кемеңгері Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов ана бейнесін ашуда үлкен үлес қосты. Әйел-Ана тұлғасын сомдауда бүкіләлемдік аналар галереясын байыта түсті. Сонымен қатар сөз өнеріне де тақырыптық-идеялық сипатта зор үлес қосты. Отызыншы жылдардың орта шенінде жазушыны М. Горькийдің ана тақырыбына жазған романтикалық әңгімелері қызықтырады. «Ақлима», «Ананың анасы», «Әмина», «Ананың арашасы», «Ашынған ана», «Ана жыры», «Ер ана», «Атақты әнші Майра», «Айгүл қойшының күндері», «Айжан қойшының түндері» атты әңгімелерін жазады. Жазушының «Ана» тақырыбындағы шығармаларының жиынтығы ретінде 1974 жылы «Ұлпан» атты ірі эпикалық туындысы дүниеге келді. «Ұлпан» - бүкіл аналардың жиынтық бейнесі, «Ұлпан» - тарихи ел шежіресінің мазмұнында құрылған роман, ана тақырыбына жазылған шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі. Романда қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде сөз болады. Бір уез елді билеп билік айтушы, дүйім елдің үлкен-кішісіне басшы, ақылгөй болу - Ұлпан сияқты дана әйелдерге ғана тән қасиет. Жазушы жасаған Ұлпан – аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен.
Ғабит әңгімелеріндегі қазақ әйелдерінің өршіл де өжет, қажырлы да сабырлы, пайымды да ақылды қасиеттері барынша жарқын суреттелген. Жазушы әңгімелерінің көркем идеясы, сюжеттік құрылымымен тамаша сабақтасқан озық туындылар ретінде бағаланады. Әңгімелерінің бір ерекшелігі - адам психологиясына терең бойлататын қайсарлық, өжеттік, адалдық қасиеттерді ішкі күрделі көңіл-күймен шебер танытады.
Жазушының ана тақырыбына жазған әңгімелерінде ананы ардақтау, оның ұлылығы алдында бас ию басым болып келеді. Жазушы суреттеген әйелдер өз балаларының ғана емес, жалпы адамзаттың асыл анасы ретінде асқақ ардақталады. Өйткені, ол – адамға өмір сыйлаушы, қоғамдық өмірдің тірегі, қайнар көзіндей мәңгілік махаббаттың иесі. Жазушының ана әңгімелері оқырмандарын адамгершілікке үндейді, үлкенді сыйлауға, адамға мейірбан болуға тәрбиелейтін танымдық-тәлімдік, тәрбиелік маңызы жоғары туындылар.
Жалпы әдебиеттің мақсаты – адамгершілікке, адамдық, адалдық қасиеттерге баулу. Жазушы туындыларының қайсысын алсақ та, олар - үлкен көркем рухани дүниелер. Сондықтан да аналар образындағы әңгімелерін оқығанның өзінен-ақ жан тебіреніп асқақ армандарға жетелейді, адамдық ұлы қасиеттерді бойға сіңіруге зор септігін тигізеді.