Ғалым еңбегінің Қуаты академик Зайролла Дүйсенбеков – 85 жаста Ақылбек КҮрішбаев



Дата21.12.2022
өлшемі27,26 Kb.
#58758
Байланысты:
А.Күрішбаевтың мақаласы 06.10.2022



ҒАЛЫМ ЕҢБЕГІНІҢ ҚУАТЫ
Академик Зайролла Дүйсенбеков – 85 жаста


Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Сенатор, ауыл шаруашылығы
ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР ҰҒА академигі.
Бүкіл планетамыздың бетіндегі саналы тіршілік иелерінің өмір гүлін өсіретін қасиетті мекені – Жер. Әр заманда өмір кешкен қазақтың ұлы тұлғаларының бәрі халқымыздың негізгі байлығы Жері екенін тереңнен танып, қызғыштай қорғап, атадан балаға мұра етіп, жеткізіп келген.
Адамзат қоғамы даму сатысымен көтерілген сайын Жерді қорғаудың және оны өз халқына беретін пайдасын арттыра түсудің әдістері де ылғи жандану үстінде болғанына тарих кепілдік бере алады. Егер де қазақ елі ертеде басқада халықтар сияқты мекен еткен Жерін елінің рухымен, білектің күшімен найзаның ұшымен қорғай білсе, бүгінде қалыптасып келе жатқан жаһандық нарықтық экономиканың толыққанды мүшесі болу үшін қазақ зиялыларының алдында Жерді және оның ресурстарын осы заман талабына сай әдістер мен амалдарды меңгере отырып, оңтайлы пайдалану, қорғау және бақылау міндеттері жүктеліп отыр.
Бүгінде 85 жасқа толып отырған, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі және оның үлкен алтын медалінің иегері Зайролла Дүйсенбекұлы Дүйсенбековті бар ғұмырын Жердің қасиетін зерттеу мен қазақ халқына берерін ұғынуға сарп етіп, жер ресурстарын оңтайлы пайдалануға бағыштаған, қазақ зиялыларының көшбасшысы деп айтуға толық негіз бар.
Алаштың бетке ұстар талай арысы дүниеге келген табиғаты тамаша көрікті мекен Баянауылда туған Зайролла Дүйсенбекұлын бойына өзінің алдындағы аға буын ағартушылардың, ғалымдардың және қоғам қайраткерлерінің ең үздік қасиеттерін сіңіре білген ойшыл, ғалым, ұстаз және қоғам қайраткері десек, артық айтпаспыз.
Кешегісіз бүгін жоқ. Зайролла Дүйсенбекұлы сонау Баянауылда өткен балалық шағында-ақ өзінің зеректігімен талайды таңдай қақтырды. Студенттік жылдарда ғылыми үйірмелерге белсене қатысып, ғылымға бейімділігімен көзге түсе білді. Өндірісте қызмет етіп жүріп те өзі тәмамадаған жоғарғы оқу орынымен байланысын үзбеді. Сөйтіп Қазақ Мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының күндізгі бөлімдегі аспирантурасына оқуға түсіп 1966 жылы ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ал 1985 жылы докторлық диссертациясын қорғап шықты.
Зайролла Дүйсенбекұлы 1965 жылдан бастап, Қазақ ауыл шаруашылығы институтында ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, агрономия факультетінің деканы қызметтерін абыроймен атқарды. Сол жылдары Зайролла Дүйсенбекұлы педагогикалық, қоғамдық және ұйымдастыру жұмыстарды теңдей алып жүруімен қатар, өзін тек қана Қазақстанда ғана емес бүкіл КСРО ғалымдарының алдында ерекше ойлау қабілетімен таныта біліп, сол кездері жаңа дамып келе жатқан егіншілік саласында жоспарлы, немесе сандық технологияларды пайдаланып, өнім алу проблемасына аса ден қойған зерттеушілер қатарына енді.
Осыдан бастап ғылыми қоғамның ортасында Зайролла Дүйсенбекұлының табиғат берген математикалық категориялармен ойлау қасиеті айрықша көзге түсе бастады. Сол кездің өзінде Зайролла Дүйсенбекұлы егіншілік жүйесінде жоспарлы өнім тек әрбір егіс алқабының әркелкілігін ескергенде ғана дұрыс жолға қойылатынын дәлелдеп шықты. Мысалы, Зайролла Дүйсенбекұлының жоспарлы өнім алу проблемасының теориясы мен программалау әдістемелеріне қосқан үлесі Бүкілодақтық ауылшаруашылық академиясының 1984 жылы өткен Үйлестіру кеңесінде жоғары баға алды. Бұл КСРО кезінде қазақ ғалымдарының басынан өтетін өте сирек оқиғалардың бірегейі еді.
Осындай абыройға жетіп, егіншілік ғылымы қарыштап дамып келе жатқанда қоғам жаңа капиталистік формацияға бет бұрды. Ел алдында бұрын соңды көтерілмеген жер қатынастарын нарық талабына сай жүргізу проблемасы алға қойылды. Зайролла Дүйсенбекұлы 1993 жылы Қазақ Мемлекеттік жерге орналастыру жөніндегі жобалау институтының директорлығына тағайындалды. Араға бір жыл салып, құрамында 4-5 мың адам қызмет ететін «Жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы» республикалық кәсіпорнының Бас директоры лауазымына ие болып, осы мекемеге қатарынан он үш жыл мүлтіксіз жетекшілік етті.
Сол жылдардағы ел экономикасын тұрақтандыру және дамыту саясатының аса ірі талаптарының бірі – нарықтық мемлекетке тән жер реформасын жасап, жер қатынастарын жаңа формацияға сай етіп қайта құру және жерге қатысты түрлі нысандардың тиімді жұмыс істеуі үшін жағдай туғызу еді. Ал, жер ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау жасау әдістерін дамыту Зайролла Дүйсенбекұлы басқарған мекеменің төл міндеті еді.
Зайролла Дүйсенбекұлы осы тұста жер қатынастарын қайта құру мен жер реформасын жүзеге асыруды негізге ала отырып, жер ресурстарын басқару, қорғау және оны тиімді пайдалануға арналған ғылыми-өндірістік бағдарламалар, әдістемелер мен нормативтік құжаттарды әзірлеп шықты. Осындай, кешенді, көп салалы және аса күрделі проблемалардың шешімін дайындау және оларды нарықтық экономиканың ауыспалы кезеңінде тұрған мемлекеттің, күнделікті арпалыстағы өндіріс саласына енгізу мәселелері ғылыммен қаруланған өндіріс басшысынан терең талдауды, қарышты еңбек пен қайыспас ерік-жігерді және ерен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді талап еткенін және ол кісінің барлық міндеттерді өзіне тән табандылықпен орындап шыққанына халық куә. Ал жіліктеп айтсақ «Жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығының» Бас директоры лауазымын атқару барысында Зайролла Дүйсенбекұлы тек қана тұлғалы ғалым ғана емес, ел басында күн туғанда халық қамын жей білетін, жер қатынастарының даму ауқымын әлемдік өркениеттің ең қиырынан көре білетін қоғам және мемлекет қайраткеріне айналды. Зәкеңнің «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағын алуы және «Құрмет», «Парасат» және «Барыс» ордендерімен, Ұлттық Ғылым академиясының Алтын медалімен алғашқылар қатарында марапатталуы – академик басшының қоғам мен мемлекет алдында сіңірген зор еңбегінің бағалағандығының бір белгісі болды.
Зайролла Дүйсенбекұлының ойшылдығының, математикалық категориялармен ойлау қасиетінің, тынымсыз қажырлы да, қайратты еңбегінің аса ірі нәтижелерінің бірі ретінде, қазіргі Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде әлі күнге дейін теңдесі жоқ «Қазақстан Республикасының Жер кадастрын және оның автоматтандырылған ақпараттық жүйесін» мемлекеттік инфрақұрылым ретінде өндірістік тәжрибеге енгізгендігін баса атап өту керек. Осы жүйені енгізу барысында Зәкең «ақпараттық ғасырдың» талаптарын тереңнен түсініп, әлем деңгейінде сараптама жүргізіп, өз уақытының құзар биігіне көтерілді. Соның нәтижесінде, «Қазақстан Республикасының Жер кадастры және оның автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» әлемдегі ең озық геоақпараттық технологияларды пайдалану негізінде дүниеге келді. Мысалы, Зайролла Дүйсенбекұлын айтпағанда, атқарған жұмыстың техникалық жетекшісі болған Жанат Алтаевтың өзі аты әлемге әйгілі АҚШ-тың ESRI компаниясының лауреаты атанды. Осы технологияларды жоғарғы оқу орынына, дәлірек айтсам Зайролла Дүйсенбекұлының өзі оқып, ұзақ жылдар қызмет еткен қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университетіне енгізу барысында 2005 жылдан бастап тізе қосып, Зәкеңмен бірге еңбек ете бастадық. Ұстазымның жаңа технологияларға деген кіршіксіз құлшынысы мен біліктілігі аталған университетте геоақпараттық технологиялар мен ғарыштық технологияларды оқу процесіне және ғылыми-өндірістік жұмыстарға енгізуге мүмкіндік туғызды. Академик ағамыздың қолдауы бүкіл студенттер қауымын арқаландырып, оларды республика деңгейіндегі сайыстарда ең жоғарғы сатыларға шығарды және университеттің қатарынан халықаралық алты ғылыми зерттеу жобасын ұтып алуына себепкер болды. Геоақпараттық және ғарыштық технологияларды меңгерудің арқасында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқытушылары алыс шетелдерге барып (Англия, АҚШ, Голландия т.б.) тәжрибеден өтіп, біліктіліктерін көтеруге мүмкіндік алды.
Шынын айту керек, Зайролла Дүйсенбекұлының табиғатынан біткен көрегендігі және математикалық ойлау жүйесі Қазақстанның геоақпараттық және ғарыштық технологиялар салаларын үздіксіз дамытып келе жатқандығын, көпшілік әлі күнге дейін біле бермейді.
Ең алдымен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының аяғында Зәкең әлемдік доданың алдыңғы қатарында Қазақстан тарихында алғашқы болып геоақпараттық жүйелерді пайдаланып, «Қазақстан Республикасының Жер кадастрын және оның автоматтандырылған ақпараттық жүйесін» республикалық мемлекеттік инфрақұрылым ретінде енгізе білді. Зайролла Дүйсенбекұлының осы ерен еңбектен туған бастамасы оқулықтарға еніп, Қытай және ТМД елдерінде өнеге ретінде басшылыққа алынып, Қазақстан Республикасының беделін көтерді.
Ақпараттық технологиялардың толассыз дамуын қадағалау барысында Зайролла Дүйсенбекұлы «Мемлекеттік ведомстволық кадастр жүйесі» цифрлі негіздегі «Кеңістіктік деректер инфрақұрылымының» бір ғана бөлігі екенін тайға таңба басқандай анықтап шықты. Көпке ұзамай, осы ғасырдың алғашқы жылдары-ақ геоақпараттық жүйелерден туындайтын мемлекет масштабындағы толыққанды цифрлі кеңістіктік деректер инфрақұрылымын ұйымдастыруға атсалыса бастады. Талдаулардың нәтижесінде жер кадастрын жерменен байланыстағы құқықтық, орман, су кадастрларымен, геодезия және картографиялық жұмыстармен және ғарыштық технологиялармен біріктіру керектігі айқын болып шықты.
Ұстазыма 2010 жылы жоғарыда жасаған дайындықтарын жерге тастауға болмайтынын, «ақпараттық ғасырдың» ұлы көшінен қалмай «Қазақстан Республикасының ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын» дайындау, жасау және дамыту жұмыстарын тоқтатпау керектігін айтқанымда еш ойланбастан келісімін беріп, қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Содан бастап Зайролла Дүйсенбекұлы Қазақстан Республикасының Жерді қашықтан зондтау ғарыштық жүйесі және Қазақстан Республикасының Жоғары дәлдіктегі жерсеріктік навигациялық жүйесінің жерүсті құрылымы сияқты ғарыштық технологияларды әзірлеп жатқан «Қазақстан ғарыш сапарлары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына «Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын» дайындауға аса бағалы қолғабыс жасады. Алдында аталған ғарыштық технологиялар «Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын» дайындаудың және басқа да экономикалық салаларды дамытудың ұтымды аспаптары екенін баяғыдан терең білетін Зайролла Дүйсенбекұлы өзінің Жер ресурстарын қорғау мен ұтымды пайдалану жолында жинаған аса бағалы білімдерімен және өмірде жинаған тәжрибелерімен бізбенен бөлісу үстінде болды.
Мысалы 2013 жылы академик ағамыздың тікелей қатысуымен «Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын 2020 жылға дейін дайындау және дамыту тұжырымдамасы» жасалынды. Ал 2014 жылы Зайролла Дүйсенбекұлының кеңестерін пайдалана отырып менің жетекшілігіммен атқарылған ғылыми жұмыстарымыз «Қазақстан Республикасының болашақтағы Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының» бір аудан көлемінде қалай жасалатынын жан-жақты көрсетіп берді. Бұл атқарылған еңбектер өте нәтижелі болып, «кеңістіктік деректер» және «кеңістіктік деректер инфрақұрылымы» деген түсініктер алғаш рет «Қазақстан Республикасының ғарыш туралы заңына» енгізілді.
Бір баса айта кететін жайт, Зайролла Дүйсенбекұлы мұрындық болып жүрген «Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы» уақытымен жүзеге асса, бұрнағы жылдардағыдай бүкіл халықты шулатқан жер дауы болмас еді. Себебі республикамыздың кез келген азаматы жеріміздің әрбір шаршы метрін кімдердің пайдаланып жатқанын анық біліп, өз ойын дау дамайсыз өркениетті жолмен жеткізіп отырар еді. Зайролла Дүйсенбекұлы негізін қалаған бұл мәселелер енді ғана жүзеге аса бастады.
Ендігі кезде, осы ғасырдың оныншы жылдарынан бастап, әлемдік ақпарат көздерінде кеңістіктік деректер инфрақұрылымы дами келе «кеңістіктік-уақыттық деректер инфрақұрылымына» айналу керек деген тұжырымдар айтыла бастады. Физика пәнінен білуіміз бойынша кеңістік пен уақыт жекелеген түсініктер және материалдық категориялар екені белгілі. Қазіргі кезде Қазақстан зиялыларының арасында кеңістіктік деректердің өзі туралы ой айту қиын, себебі көбінесе түсінбестікке тап болсың. Ал Зәкең болса, өзінің ерекше біткен ойлау қабілетінің арқасында кеңістіктік-уақыттық деректер инфрақұрылымының негіздері туралы әңгіме-дүкен ғана құрмай, оны қалай жүзеге асыруға болатыны туралы емін-еркін пікір алмасып отырады. Солардың бірі 2015 жылы әлемде жаңа туған, кеңістіктік-уақыттық деректер инфрақұрылымын жасау арқылы орындалатын, «үшінші жасыл революция» атанған, толығымен сандық технологиялардан тұратын «ақылды» немесе «smart» ауыл шаруашылығы. Бүгінде Зайролла Дүйсенбекұлы осы, әзірге жаңалылығы жағынан теңдесі жоқ «ақылды ауыл шаруашылығын» еліміздің агроөндірістік кешеніне енгізудің жолдарын іздестіруде.
Міне, зымыран уақыттың жетегіндегі қым-қиғаш тірліктен ешуақытта шет қалмай, заман ағымымен қолтықтаса араласып, көшбасшылар қатарында жүретін Зайролла Дүйсенбекұлының парасатты ұлтжандылық болмысын, елі үшін ерінбей еңбек еткен ерен тұлғасын кейбіреулерге ұқсап жұрт алдында бос даурыққан жел сөзбен емес, іргелі еңбегімен, ғылыми ауқымды ұлан-ғайыр істерімен, парасатқа толы мінезімен көрсете білетіндігінің куәсі болып келеміз.
АСТАНА



Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет