Кітап:
Дәріс:
Ғылыми зерттеу жүргізу әдістемесі
Әдебиеттермен жұмыс істеу
2
Ғылыми ізденіс барысында әрбір ізденушінің алдынан шығатын үлкен мәселенің бірі – ол әдебиеттермен
жұмыс істеу. Кез келген жұмысты тексерген кезде тексерушілердің қарайтын бөлігі қолданылған әдебиеттер
тізімі мен әдебиеттерге шолу бөлігі. Осы екеуіне қарап, сіздің қалай ізденіс жүргізгеніңіз туралы баға
беруге болады. Егер қолданылған әдебиеттер тізімі дұрыс ұйымдастырылмаған болса, жұмысыңыз оң баға
алмайды. Соншалықты көп деректер ағымы заманында әдебиеттердің легінде батып кетпеу үшін не істеу
керек? Қайсы әдебиетті қосу керек, қайсы әдебиетті алып тастау керек? Әдебиеттің қайсысы құнды екенін
қалай ажыратуға болады? Осы сынды сұрақтардың жауабын табу жас ізденуші үшін оңайға соқпайды. Біз
бүгін соның бәрін рет-ретімен талқылап шығуға тырысамыз.
Әдебиеттерді іздеген кезде бәрі де қызықты көрінеді, сондықтан алдыңыздан шыққан барлық қызық-
ау, керек болып қалады-ау деген материалдарды сақтай бересіз, жинай бересіз. Осылай материалдарды
шексіз жинай беруге болады. Әдебиеттерді басқару дегеніміз соларды жүйелі түрде
реттеу дегенді
білдіреді. Біздің қуанышымызға орай, қазір бұрынғыдай сансыз көп кітаптарды жинап, саны жетпейтін
көшірмелерде сақтаудың қажеті шамалы. Өйткені көп материалдарды электронды түрде табуға болады.
Бұның тағы бір артықшылығы олармен жұмыс істеуді әлдеқайда жеңіл етеді.
Сонымен, әдебиеттермен жұмыс істегенде сізге ұнаған әдебиеттің өзектілігін бағалай алуыңыз қажет.
Өзектілікті бағалау
Жазылған еңбектер көп, олар 4-5 беттік мақаладан көлемді кітаптарға дейін болуы мүмкін. Оның
бәрін оқып шығу мүмкін емес. Атауы сіздің тақырыппен байланысты сияқты болып көрінгенімен, оның
қаншалықты сіз үшін маңызды болатынын түсініп алған дұрыс. Сонда сіз біраз уақытыңызды үнемдей
аласыз.
Бұл бір қызық болып басталып, кейін соңы көңіліңізден шықпай бітетін фильм көргенмен
салыстыруға болатын нәрсе. Сондықтан, қандай да бір әдебиетке уақытыңызды жұмсау қажет пе соны
анықтаудың жолдарын қарастырайық. Егер жағдай мақаламен байланысты болса, онда журналға берілетін
абстрактіні немесе түйіндемені оқып шығыңыз. Сол арқылы сіз мақаладағы
негізгі өзекті нәрселерді
біле аласыз. Егер кітаппен жұмыс істейтін
болсаңыз, оның мазмұнын, артқы мұқабасын және кіріспесін
оқыңыз. Тараулардың қорытындысы мен жалпы түйіндемесін қараңыз. Бірнеше минутта кітаптың зерттеу
процесіне пайдасы бар-жоғын анықтай аласыз.
Тағы бір маңызды тәсіл стикерлерді қолдану тәсілі. Егер қағаз күйіндегі әдебиетпен жұмыс жасап
отырған болсаңыз, аса маңызды деген беттерді қызыл стикермен, орташа
маңызды деген беттерді көк
түспен және керек болып қалуы мүмкін, бірақ аса өзекті емес деген бетті сары стикермен белгілесеңіз
болады. Ал электронды материалдар болса, онда папкаларды аса өзекті, өзектілігі орташа және өзектілігі
төмен деген папкаға бөліп жинасаңыз болады. Сонда кейін әдебиеттермен жұмыс істеу керек болғанда
осы белгілер сізге көп көмек береді.
Келесі бір стратегия әдебиеттің сапасын бағалау.