Уақытқа байланысты шартты рефлекстердің түзілуі. Белгілі уақыт аралығы рефлекс қалыптастыру үшін шартты тітіркендіргіш бола алады. Егер жануарды үнемі әрбір 10 минут сайын азықтандыратын болса, бірнеше рет азықтандырудан кейін уақытқа байланысты шартты рефлекс түзіледі, яғни 10 минут өткен соң жануарда сілекей бөлініп, азыққа байланысты оны жалау, сілекейін жұту және т.с.с. қимыл актілері орындала бастайды.
Уақытқа байланысты рефлекс қалыптасқан адамдарда олар әдеттегі тамақ ішетін уақытта аштық сезімі байқалады. Уақыт аралығы мүлде аз болуы мүмкін.
Мектеп жасындағы балалардағы уақытқа байланысты рефлекстің белгісі – сабақ аяқталар алдында (қонырау соғылудан 1 - 1,5 минут бұрын) зейінінің әлсіреуі. Бұл қажудың ғана емес, сондай-ақ оқу сабақтары кезінде мидың ырғақты жұмыс істеуінің нәтижесі болып табылады.
Организмде уақытқа байланысты туатын әсер – тыныс алу, жүрек қызметі, ұйқыдан ояну, жануарлардың түлеуі және т.с.с. оқтын-оқтын өзгеріп тұратын көптеген процестердің ырғағы. Тиісті мүшелерден миға және одан керісінше эффекторлық аппараттарға ырғақты түрде импульстер жіберіп отыру организмде уақытқа байланысты туатын әсердің негізі болады.
Достарыңызбен бөлісу: |