Иммануил Кант (нем. Immanuel Kant; 22 сәуір 1724 жыл – 12 ақпан 1804 жыл) — XVIII ғасырда Пруссия патшалығының Кенигсберг қаласында тұрған неміс философ
Иммануил Кант (нем.Immanuel Kant; 22 сәуір1724 жыл – 12 ақпан1804 жыл) — XVIII ғасырда Пруссия патшалығының Кенигсберг қаласында тұрған неміс философ. Ол қазіргі заман Еуропасының және Ағарту дәуірінің аса ықпалды ойшылдарының бірі болып, әсіресе адам танымы философиясында ежелгі Грек ойшылы Аристотельден кейінгі ең ықпалды тұлға есептеледі.
Мазмұны
1Өмірбаяны
2Канттың философиядағы таным мәселесі
3Шығармашылығы
4Канттың “Таза пайымға сын” еңбегі
5Кант философиясындағы Пайым
6Канттың «Практикалық пайымға сын» еңбегі
7Философ ұмтылысы
8Дереккөздер
Өмірбаяны[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Кант 1724 жылы Қазіргі Ресей иелігіндегі Кенигсберг қаласындағы бір отбасының он бір баласының төртіншісі болып дүниеге келген екен, өкінішке орай олардың алтауы балалық шағында көз жұмыпты. Оған шіркеудегі рәсімде "Емануел" деген ат берілген болатын, бірақ Канттың өзі кейінірек еврей тілін үйренген соң оны "Иммануил" деп өзгертіп алады. Ол бүкіл өмірін өзінің туған қаласында өткізеді, өмірінде одан ұзап тек 180км қашықтыққа ғана барған көрінеді.[1] Оның әкесі Йоһанн Георг Кант (1682-1746) Пруссияның солтүстік-шығысындағы Мемель қаласында туған, кәсібі қолөнерші, ұлты неміс. Анасы Анна Регина Портер (1697-1737) Нюрнберг қаласында туған, Шотландиядан көшіп келген ер-тұрман жасаушының қызы.
Жас шағында Кант тиянақты, бірақ ерекше жетістік көрсете қоймаған студент болатын. Ол шынайы діни сенім, кішіпейілдік және Киелі кітапты көп зерттеуге баса назар аударатын пиетистік көзқарастарды ұстанатын отбасында туып-өсті. Соның арқасында Кант қатаң тәрбие алды, оның алған білімінде математика мен ғылымға қарағанда латын тілі мен діни тәрбие басым болды.. Бар өмірі Кенигсбергте өткен, сонда университетін бітірді (1745), университеттің 1755 – 70 жылдары доценті, ал 1790 – 96 жылдары профессоры болды.[2] Қарапайым отбасының түлегі, әкесі теріден ер-тұрман, жүген, шідер жасайтын шаруа болған. Канттың гимназияға, кейін Кенигсберг университетіне түсіп, білім алуына Шульц деген пастор қол ұшын берген. Университетте Кант философия мен қатар жаратылыстану ғылымдарын (математиканы, физиканы, астрономияны, географияны және меднцинаны) тиянақты оқып, меңгереді. Белгілі грузин, кеңес философы М.К. Мамардашвилидің жазғанындай, біз үшін Канттың ілімімен, еңбектерімен бірге оның өзі, оның өмірі - сабақ аларлық. Бір қызық жәйт - Канттың өмірінде, дейді Мамардашвили, назар аударарлық ешқандай оқиғалар болмаған деуге болады. Өмір бойы бір қалада – Кенигсбергте тұрған. Шығыс Пруссия жерінен ешқайда шықпаған. Басқа жерлерден оны көруге, онымен сөйлесуге атақты адамдар оған келіп тұрған (Фихте, Карамзин т.б.), ал өзі ешқайда, ешкімге бармаған. Сөйткен адам, оқымысты кейін университетте өне бойы географиядан сабақ беріп, «Физикалық география» деген үш томдық еңбек жазған. Еш жерде болмаған адам калайша мұхиттар, теңіздер, кұрлықтар, таулар, жан - жануарлар жөнінде, әр түрлі халықтар, елдер, олардың салт-дәстүрлері, әдет - ғұрыптары, мәдениеті жөнінде мамандар күмән келтірмейтіндей мағлұматтар береді?! Ғажап емес пе? Канттың не нәрсені болса да көзімен көргендей, сол жерге, сол елге, өзі арнай барғандай көз алдына келтіре алатын, сол жерді, сол елді, сол нәрсені сонда тұрған адамдардай суреттей алатын ойлау қабілеті болған. Кант ойлау, киял қабілеті жөнінде кеп жазды, терең пікірлер айтты. Тектен тек емес екен. Канттың априорлық (латынша аргіогі-бұрынғыдан) ұғымдар, априорлық түсінік жөніндегі ілімі бар: адам санасында тәжірибеден тыс пайда болатын түсінік.
Кант өмір бойы үйленбеген, ұрпақ сүймеген. Бірақ бала оқыту, тәрбиелеу жөнінде аса құнды пікірлерге толы «Педагогика» деген еңбек жазып қалдырған.
Кант жасынан шалағай, әлсіз, әлжуаз болып, бала кезінде көп ауырған. Тума - туысқандары, көршілері «бұл бала көп тұрмайтын шығар» деген ойда болған. Жоқ, Кант творчестволық табысқа толы ұзақ ғұмыр кешкен; ержеткен соң еш те бір ауырмаған. Бұл күйге ол өзінің табандылығымен, еңбекқорлығымен, езін-өзі шынықтырып, жетілдіруімен, қатаң тәртіппен (режиммен) жеткен. Ұзақ жылдар бойы бір мезгілде жатып, бір мезгілде тұрып, бір мезгілде серуенге шығуды әдетке айналдырған. Қала тұрғындары Канттың аскан ұкыптылығын, дәлдігін ескеріп, ол серуенге шыққанда, айталық, кешкі сағат 5-те, сағаттарын түзей бастайтын болған. Кант жөнінде біз: «ол өзін өзі жасады» деп айта аламыз. Канттың өмірбаянын зерттеушілер оның асқан еңбекқорлығын атап көрсетеді. Күн сайын (Кант демалыс, мереке күндерін білмеген) 10-12 сағат студенттерге дәріс оку және ғылыммен айналысу Кант үшін үйреншікті әдет болған. Демалғанда шаршатқан бір пәнді (ғылымды), мысалы, математиканы қоя тұрып, баска пәнмен (логикамен), философиямен, физикамен т.т. мен айналысады екен.
Кант - жан-жақты ғұлама. Ол университетте жыл сайын 5-6 паннен сабақ беріп, әртүрлі ғылым салаларынан күрделі еңбектер жазған. Өзінін ерен еңбекқорлығының, дарындылығының арқасында қарапайым отбасында дүниеге келген Кант әлем таныған философ, ғалым, ұстаз болды, үш академияның толық мүшесі болды. Әдебиетте Кант шығармашылығын екі кезеңге бөліп қарастыру дәстүрге айналды: 1770 жылдарға - сыни кезеңге дейінгі (докритический) және одан кейінгі сыни кезең (критический период). Алғашқы кезеңде Кант өз еңбектерінде жаратылыстанушы – ғалым ретінде танылады және объективтік дүние жөнінде материалистік тұжырымдар жасайды. Оның әйгілі бағдарламалық пікірі мынадай: «маған материяны беріндер, мен одан дүниені калай құру керек екендігін көрсетейін». Бізді қоршаған дүние, Канттың пікірінше, адамға тәуелсіз өз алдына объективтік реалдылық ретінде өмір сүреді. Бұл, - әрине, материалистік түсінік.
Кант өзінің аспан әлемінің механикалық заңдарға сай табиғи жолмен пайда болуы жөніндегі ғылыми тұжырымын «Аспанның жалпы табиғи тарихы және теориясы» (1755) деген еңбегінде жария қылады. Аспандағы планеталар бір кезде табиғи жолмен заңды түрде пайда болған, бір кезде олар жоқ болуы мүмкін; Күн де мәңгі жанып тұрмайды, түбі сөнеді; табиғат құбылыстарына тарихи тұрғыдан қарау керек деген диалектикалық тұжырым жасайды. 1754 жылы Кант бір еңбегінде «Жер физикалық тұрғыдан картая ма?» - деген мәселе көтереді. Кант жаратылыстану саласындағы еңбектерімен, дейді Энгельс, метафизикалық көзқарасқа түңғыш соқкы берді. Ағылшын философы А.Н. Уайтхед Кант жөнінде: егерде Кант барлық күш-жігерін философияға жұмсамағанда, ол аты әлемге жайылған ұлы физик болар еді - деп жазды[3]. Кант бірақ ғылымда жаратылыстану саласымен шектеліп калмады. Оны қызықтырған тағы бір ғылым саласы философия болды. Философтың өзінің айтқаны бар: «өмір бойы мені екі нәрсе таңдандырумен келеді: төбемдегі жүлдызды аспан мен бойымдағы моральдық заң»[4].
1770 жылдан бастап Канттың шығармашылық өмірінің екінші — «сыни» кезеңі басталады. Кант философиясын әдебиетте сыни философия деп атайды. Әңгіме неміс ойшылының өзіне дейінгі болмаса өз заманындағы философтарды, философиялық көзқарасты сынауы жөнінде емес: Кант теориялық және практикалык зердені, таным теориясын, адам санасында орын алып келе жатқан түсініктерді, бәрін де танып білуге болады деген оптимистік көзқарасты талдап, сын елегінен өткізеді. Осы екінші кезеңде Кант өзінің философиялық жүйесін құраған атақты сыни кітаптарын жазады: «Таза пайымға сын» (1781), «Практикалық пайымға сын» (1788) және «Тұжырым қабілеті сыны» (1790).
Кант ғылымда ғана емес, философия саласында да іргелі жаңалықтар ашты, өзі айтқандай, «коперниктік төңкеріс» жасады. Бұлай деп мәлімдеуге оның толық құқы болды.[5] Канттың философиядағы таным мәселесі[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Кант таным мәселелерін жаңаша қойды және жаңаша шешті. Ең алдымен ол таным процесінін аумағын, шекарасын анықтады: бұл-субъект пен объектің ара - қатынасы, өзара әрекеті. Субъект және объект жөнінде Кантқа дейінгі таным теориясында әңгіме болмады: таным процесінде қайдағы бір абстракты адам кайдағы бір абстракты дүниені қалай болса солай тануға тырысады. Кантқа дейін тіпті философияда субъект жоғалып кетті. Субъекті философияға енгізген Кант және оның ізбасары И.Г. Фихте болды. Адам мен сыртқы дүниенің қарым-қатынасында бұрынғы түсінік бойынша, белсенді рөлді сыртқы дүниедегі құбылыстар атқарады деп есептелді. Адам санасы, адам («субъект») сыртқы дүниенің әсерін қабылдаушы ғана. Сыртқы дүниенің (Кант ілімінде «объектің») әсерімен адам ол жөнінде мағлұматтар ала алады. Объектпен қарым-қатынас жасап, объект субъектіге әсер еткенше адам санасында ешқандай мәлімет жоқ («таза тақта»). Кант осы түсінікті қатал сынады. Оның ойынша. объект субъектіге тәуелді: объекті анықтайтын, объект ретінде қарастыратын субъект. Субъект болмаса объект жоқ.
Таным процесі,- деп атап көрсетеді неміс философы, жай пайымдау, бейнелеу емес, белсенді әрекет. Сананың, ойлаудың, танымның, субъектің белсенділігі, жасампаздығы жөніндегі идея, сөйтіп, Канттаң бастау алады. Адам кез келген объектіні тани бермейді, өзіне қажет, өзін қызықтырған объектіні ғана таниды. Кант философияда алғаш рет практика жөнінде мәселе қойып, практиканы адамның іс - әрекетімен байланыстырып, танымның негізі практика болып табылатынын болжап білді.
Таным процесін жай бейнелеу деп тану жеткіліксіз екендігін ескерткенде Кант мына жәйтты естерімізге салып отыр: таным процесінде субъект объектіні сырттан жай бақылап қоймайды, оның ішкі құрылымын, байланыстарын ашады, объектіні өзгертеді.
Кант «таным субъекті» және «таным объекті» деген ұғымдарды жаңаша қарастырды. Таным субъекті - өзімен өзі өмір сүретін, дара адам, аралдағы Робинзон емес; Ол - басқа адамдармен әр алуан қарым-қатынаста болатын, әлеуметтік ортада тәрбиеленіп жетілген қоғам өкілі; таным субъекті — бүкіл қоғам. Субъект бүкіл адамзат игілігіне — мәдениетіне, ғылымына, біліміне, техникасына арқа сүйеді. Таным процесінде, ғылымда, философияда қоғам алға тартқан мәселелер қойылып, шешімін табады. Таным объектін де Кант жаңаша түсінеді: бұл - бүкіл объективтік реалдылық емес, онымен субъект қарым-қатынас жасай алмайды. Объективтік дүние - шексіз. Таным объекті сол шексіз дүниенің бір жағы, бөлшегі (фрагменті) ғана. Сондықтан философиядағы дәстүрлі мәселе: «дүние таныла ма?» деген мәселе - абстракты қойылған мәселе. Ол жөніндегі әдеттегі түсінікте: «дүние танылады» деген тұжырым - абстракты. Дәұрысында - «дүние таныла ма?» - деген сұраққа: - «Жок, танылмайды» - деп жауап беру орынды. Әрине, Кант-ғалым дүниенің танылатынына күмән келтірмейді, бірақ дүние шексіз болғандықтан, ол ешкашан да бұратала танылмайды. Канттың кезінде де, одан кейінде де Кантты «агностик» деп айыптау Канттын ұстанымын түсінбеуден туған. Кант таным процесіне нақты, тарихи тұрғыдан карауды талап етеді. Формальды тұрғыдан «дүние танылмайды» деген пікір агностицизмді білдіреді. Бірақ Канттың пікірі таным процесінін күрделілігін, дүниенің шексіздігін, ал субъект пен объектің тарихи, нақты кұбылыстар екендігін түсінуден туған.
Кант объективтік реалдылық ретіндегі шексіз дүние мен белгілі бір кезеңде таным объектіне айналған нақты дүниені (құбылыстарды) ажыратады. Алғашқысын «өзіндік зат» деп атайды; ол жөнінде біздің санамызда нақты түсінік жоқ, біз онымен қарым-қатынасқа енген жоқпыз. Сондықтан ол дүние танылмайды. Ал объект - бұл «біздік зат», бізді қызықтырған, біз танығымыз келетін дүние. Объект, сөз жоқ, ерте ме, кеш пе танылады. «Өзіндік зат» та, дейді Ленин, бүгін танылмағанмен кейін бара-бара танылады, «біздік затқа» айналады. Болашақта қойылатын осындай сұрақтарға жауап ретінде Кант мынаны ескертеді: таным объектері үнемі өзгеріп, күрделеніп отырады, жаңа объектер пайда болады, бірақ қай кезде де әлі таным объектіне айналмаған, сондықтан танылмаған «өзіндік заттар» болады.
Кант философияда тұңғыш рет таным ерекшелігі жөніндегі мәселені қойды. Нақты таным процесіне кіріспестен бұрын, дейді Кант, «таным дегеніміз не?», «таным қалай жүзеге асады?», «танитын кім және танылатын не?», «танымның шегі бар ма?» деген сияқты мәселелерді шешіп алу керек. Таным процесімен барлық ғылымдар айналысады, бірақ жаңағыдай мәселелерді шешу тек философияның ғана қолынан келеді. Өйткені, философияны таным нәтижесі ғана қызықтырмайды, сол нәтижеге, яғни объект жөніндегі ақиқат білімге апаратын жол да қызықтырады. Философияның гносеологиялық тұжырымдары басқа ғылымдар үшін методологиялық нұсқау болып табылады. Сонымен, философия, Канттың ойынша, нақты таным процесінен тыс, оған дейін таным жайын, мүмкіндігін анықтап алуы керек. Ұстазының бұл идеясын кейін Гегель келеке кылады: «Кант бұл арада суға түспей тұрып, суда жүзуді үйренбек болған схоластка ұқсап кеткен» - дейді. Гегель сөзінің де жаны бар: суда жүзуді үйрену үшін суға түсу керек, әлденеше рет батып шығу керек. Сол сияқты танымның мәні, мүмкіндігі таным процесінде ғана анықталады. Оған дейін оны қалай білесің?
Сонымен бірге Канттың ойында да терең мағына жатыр: танымның өзіндік ерекшеліктері бар, таным жайын объект арқылы да, субъект арқылы да тиянақты біліп алу мүмкін емес. Адамға салсаң, ол бәрін де танып білгісі келеді, ал бұл мүмкін емес. Кантқа дейінгі материалистер танымды сыртқы дүниедегі заттардың айнадағыдай бейнесі деп танып, таным жайын сыртқы дүние арқылы түсіндірмек болды. Мұндай әрекеттен бірақ ештеңе шықпады. Субъективтік идеалистер, керісінше, таным процесін субъектің іс-әрекеті деп, ал субъекті «Менге», ойлауға, санаға теңеп, таным мәнін субъект арқылы түсіндіруге тырысты. Бұдан да нәтиже шықпады. Таным күрделі кұбылыс болып шықты.
Кант ілімінде осы кезге дейін мәнін жоймаған құнды идеялар жетерлік. Мына бір идеяға назар аударып көрейік: адам кімге, неге болса да құрал болмауы керек; керісінше, өзіне де, басқаға да, қоғамға да мақсат болғандай дәрежеге жетуі керек[6]. Нағыз гуманистік, адами идея! Өкінішке орай, бұл идея әлі де еш елде, еш жерде жүзеге аса қойған жоқ. Барлық жерде адам өзін де, басқаларды да құрал ретінде пайдаланып келеді және басқаға да, қоғамға да өзін құрал етіп пайдалануға мүмкіндік беріп келеді.
Бұрынғы кеңес кеністігінде соңғы кезге дейін Кантты дұрыс түсініп, орынды бағалау деген болған жоқ. Кеңес философтары, маркстік-лениндік философияның өкілдері Канттың алдында үлкен қарыздар. Ол жөнінде сөз бола қалса, еститініміз бір сарын еді: Кант - агностик, Кант - субъективтік идеалист, Кант - дуалист т.т.; Кант танымның өрісін тарылтып жіберді; тұтас дүниені танылатын затқа және танылмайтын затқа бөліп тастады; мән мен құбылыстың арасына өтпестей шек қойды; Кант білімнің, ұғымнын субъект пен объектің әр алуан қарым-қатынасынан, тәжірибеден туғанын көре тұра, априоризмге бой ұрды, яғни, тәжірибеден тыс, тәжірибеден бұрын пайда болатын білім бар деген пікірге келді; материализм мен идеализмнің арасында ауытқып, дәйексіздік танытқанмен, Кант негізінде субъективтік идеализмді жақтайды деген сияқты алып-қашпа пікірлер келтірілетін еді.
Кант ілімінде дүниенің, өмірдің қайшылықты сипаты терең ашылған. Осының салдарынан таным да қайшылыққа, антиномияларға кездесіп отырады. Мысалы, дүние шекті ме, әлде шексіз бе? Бұл сұраққа бір мағынада - шекті не шексіз деп - жауап бере алмайсың; шекті де, шексіз де деп жауап беруге тура келеді. Адам қашан да дүниенің шегіне жете алмайды. Сонымен қатар дүние шегі бар, шекарасы бар заттардан тұрады. Басқаша айтқанда, дүниенің шексіздігі шекті заттардың болуымен байланысты. Бірінсіз бірі болмайды, қарама-қарсылықтар (шектілік және шексіздік) бірін бірі керек етіп тұрады.[5] Шығармашылығы[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Кант шығармашылығы төрт кезеңге бөлінеді[7]:
1) жаратылыстану саласындағы ғылым ізденістер кезеңі, ол “Жалпыға бірдей жаратылыстану тарихы және аспан теориясы” (1755) туындысымен аяқталады. Бұл кезеңнің негізгі өзегі – табиғаттың дамуы мәселелеріне арналды. Бұл идея метафиз. көзқарасқа берілген алғашқы соққы болды;
2) метафизикалық зерттеулер кезеңі, онда Кант вольфтік философиядан гносеологияға қадам басты және Сведенборг мистикасын сын тезіне алды (“Аруақшыл адамның қиялы”, “Сезім дүниесі мен парасат дүниесінің формасы мен негіздері туралы”), (1770);
3) сын кезеңі. Іс жүзінде мұнда гносеология жасалады және таным теориясына субъект пен оның қызметі енгізіледі. Бұл кезең “Таза пайымға сыннан” (1781) басталып, сонан соң “Практикалық пайымға сын” (1788), “Тұжырым қабілеті сыны” (1790) сияқты, іргелі еңбектерде жалғасын тапты. Кейбір философия тарихшылары К-тың осы еңбектерінен кейін философияның бүкіл тарихын “сынға дейінгі” және “сыншылдық” деген екі кезеңге бөледі, мұның өзі оның жалпы философияға орасан зор дәрежеде ықпал еткендігін көрсетеді;
4) Кант шығармашылығының соңғы кезеңі логика, педагогика, физика, география және антропология туралы дәрістерінің жариялануымен сипатталады. Мұнда ол гносеология мен табиғат метафизикасының арасындағы байланыстырушы буынды табуға тырысты. Кант өзіне дейінгі ойшылдардың эмпиризм мен рационализм саласындағы сыңаржақ кеткен кемшіліктерін көрсете отырып, философияда бұрын-соңды болмаған үлкен жаңалық ашты. Ол бұл жаңалықты философиядағы “коперниктік төңкеріс” деп атады. Кантқа дейінгі ойшылдар табиғатты зерттей отырып, болмысты, материяны философияның негізгі нысанына айналдырса, ол керісінше, философиялық талдау-ойлауға, идеяға, ақыл-зердеге, субъектіге бағытталуға тиіс деді. Ал болмыс, материя, объекті осы ойлауға, идеяға, ақыл-зердеге, субъектіге бағынады және солардан келіп шығады деп білді. Мұның өзі Канттың сол уақытқа дейін кеңінен орын алып келген таным теориясындағы және философиядағы көзқарасты толығынан қайта қарап, жаңа ілімнің, ағымның іргетасын қалағанын көрсетеді. Кант таным процесіндегі қайшылықтарды кеңінен ашып, олардан шығудың жолын көрсетті. Ол адамның таным қабілетін: сезім, пайым және зерде деп үшке бөледі. Таным процесін бұлай үшке бөлу философия тарихында ренессанс дәуіріндегі Николай Кузанскийдің шығармасында алғаш рет байқалған болатын. Бірақ Кант таным процесін басқа тарихи жағдайда басқаша қарастырды. Оның мақсаты – жаңа дәуірдегі эмпиризм мен рационализмнің тар өрістілігінен шығып, оларды өзара ымыраластыру еді. Сондықтан ол априорлы (латынша априорлы – тәжірибеден тыс пайда болған ұғым, ой, идея) синтетикалық пікірдің жаратылыстану саласында қандай орын алғандығын көрсету үшін білімдердің әр түрлі салаларын алды. Кант, ең алдымен, математиканы, жаратылыстануды және метафизиканы (философияны) априорлы синтетикалық тұжырым арқылы талдай келіп, таным процесінің қалыптасуы мен белгілі бір сатылардан өту жағдайын көрсетті. Осыдан математика – сезімділікке, жаратылыстану – пайымға, метафизика, яғни философия – зердеге қатысты екені анықталды.
Канттың “Таза пайымға сын” еңбегі[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Канттың :“Таза зердеге сын” еңбегінің трансцендентальды эстетика деп аталатын бөлімі сезімнің формалары туралы ілім. Сезімнің априорлы формалары – уақыт пен кеңістік, математика ілімімен тығыз байланысты болғанымен, олардың дүниетанымға тікелей қатысы бар. Кеңістік – априорлық танымдағы сезімділіктің сыртқы формасы, ал уақыт болса – сезімділіктің ішкі формасы. Міне, осы анықтамасы арқылы ол өзіне дейінгі философтардың сезімділіктің формалары – кеңістік пен уақытты тек онтологиялық түрде, яғни оларды заттардың өмір сүруінің формалары ретінде қарастыруына қарсы шықты. Сөйтіп, Кант уақыт пен кеңістік жаратылыстану саласындағы ұғымдар ғана емес, олар дүниетанудың сезімдік формалары екендігін философия тарихында алғаш рет айқындап берді. Мұндай көзқарас уақыт пен кеңістікті метафизикалық тұрғыдан пайымдап келген жаратылыстану саласының өкілдеріне ғана емес, сондай-ақ, осы формаларды философиялық танымдық негізде түсіне алмаған ойшылдарға да қарсы бағытталған. Өйткені, әрбір ғалым, әсіресе, жаратылыстану саласымен айналысатындар белгілі бір нысанды уақыт пен кеңістік арқылы зерттеп тани алады. Канттың айтуынша, сыртқы дүние біздің сезім мүшелерімізге әсер ете отырып, көптеген түйсіктер жинақтаған материалдар мен фактілердің пайда болуына жол ашады. Бірақ, олар тек құбылыстарды, заттарды бейнелейді. Олар әлі де білімге әкелмейді. Ал бұл құбылыстарды білу – адамның ойлау қызметінің жемісі. Ендеше, таным туралы ғылым, ол ең алдымен ойлау туралы ғылым – логика. Канттың “Таза зердеге сын” еңбегінің негізгі бөлігі “трансцендентальды логика” (латынша трансцендентальды – аттап өту) білім категорияларының пайда болуын қарастырды. Философияда білім, ұғым, сана, идея тәжірибе арқылы пайда болмайды, оны аттап өтеді. Ал тәжірибе білімдердің жиынтығынан пайда болады. Сезімділік формалары жинақталған материалдар мен фактілер белгілі бір ұғымдар арқылы анықталуға тиісті. Осы заттар мен құбылыстар пайымдау категорияларын тудырады. Категориялар, Канттың айтуынша, тәжірибе заттарындағы объективті, жалпы және қажетті байланыстардың пайымдық синтезінің формалары. Кант зерденің кемшілігін таным теориясынан аңғарып қана қоймай, оның практикалық өмірдегі мәнін анықтауға да ұмтылды. Бұл жағынан алғанда оның зерде туралы ілімі екінші бір қырынан көрінеді. “Мен нені білуім мүмкін?” деп сұрақ қойған
Иммануил Кант 1791.ж
Кант философиясындағы Пайым[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Жаңа заман философиясында, әсіресе, оның таным теориясында пайым мен сананың бір-бірінен алшақ кеткенін, ендігі жерде олардың ымыраға келмейтінін айқын көріп, соларға ерекше назар аударған И.Кант (1724 – 1804) болды. Канттың айтуынша, зерде дегеніміз - ол да пайым. Бірақ ол – пайымның жоғары формасы. Зерде таным процесінде категориялар арқылы емес, принциптер арқылы көрініс береді. Канттың тілімен айтқанда, адамның “зердесі дегеніміздің өзі - принциптерді тудыру қабілеті”. Кант өзінің философиясында зерденің идеяны тудыратын ерекшелігін айқындап берді. Зерденің негізгі идеялары адам, әлем және Құдай туралы. Бірақ бұл идеяларды тану, оны толығымен зерттеп шығу мүмкін емес. Өйткені олар бір жағынан – жалпылама әрі абстрактылы, екінші жағынан – ешқандай мазмұны, мәні жоқ. Сондықтан зерде әлемді, бүкіл дүниені және олар туралы идеялардың негізін ашамын деп шешілмейтін қайшылықтарға тап болады. Бұл қайшылықтарды Кант өзінің философиясында “зерденің антиномиялары” деп атады. Кант бұл жерде қайшылық тек зерденің табиғатына ғана тән деп анықтама берді. Себебі, зерденің өзі “бүкіл әлемді, дүниені қалай да толық білемін, оның мәнін ашамын” деп өнбейтін іспен айналысады.
Осындай ой-пікірлер арқылы Кант өзінің дәуіріне дейінгі философтар мен ойшылдардың арасында кеңінен өркен жайып келген “философия бүкіл әлем туралы ілім” деген көзқарасты қатты сынап отыр. Оның ойынша, бүкіл әлемді білу және оны толығынан тану мүмкін емес. Адам тек қана өзін-өзі білуге ұмтылып, өзінің рухани қызметінен шыққан білімдерге ғана ие бола алады. Ендеше зерденің бұл әрекеті қайшылықтан басқа ештеңе тудырмайды. Кант зерде тудырған қайшылықтарға ерекше назар аудара отырып, оның антиномияларын да жан-жақты талдағанымен, олардың мәнін аша алмады. Олардың белгілі бір шешімге келмейтін себебін зерденің әлемді тануға ұмтылудағы дәрменсіздігі деп білді. Сондықтан Кант ендігі жерде зердені, оның дәрменсіздігін қатты сынға алып, оны айыптауға кірісті. Ал шындығына келгенде, бұл мәселеде ол күтпеген жерден табиғат пен қоғамдағы орын алған қайшылықтарды танимын деп ұмтыла отырып, зерденің диалектикалық сипатына тап болғанын байқамады. Мәселе зердеде емес, дүниедегі шым-шытырық диалектикалық қайшылықтарға толы процесте жатыр еді. Таным процесінің мақсаты – осы қайшылықтардың мәнін ашып, оның шешімін табу болмақ. Кант өз заманының саяси-әлеуметтік тар өрісті жағдайына байланысты бұл қайшылықтардың мәнін түсіне алмады. Сондықтан ол зердені айыптауға, сынауға көшті.
Канттың ойынша, зерденің даму тарихының үш кезеңі бар. Алғашқы кезеңде зерде бүкіл әлемге, барлық ойлау процесіне әсерін тигізіп тұрған құдіретті күшке ие болады. Оның қағидалары ешбір өзгермейтін, мәңгі жасайтындай көрінеді. Сөйтіп, ол барлық ғылымдардың ғылымына айналды. Кант бұл жерде зерденің тарихы арқылы философияның бір кезде, яғни жаңа дәуірде барлық ғылымдар үшін шешуші рөл атқарғанын көрсетіп отыр. Шынында да, сол бір кезде философия ғылымдарының атасы болғаны сөзсіз. Екінші кезең зерденің идеялары мен принциптеріне деген сенімсіздіктің, күмәннің бірте-бірте пайда болуымен сипатталады. Бұл кезеңде зерденің қағидалары әрі жалпы, әрі абсолюттік рөл атқарудан қала бастады. Сондықтан оның негізгі идеялары мен принциптері жаңа заман ағымына ілесе алмай, өзінің дәрменсіздігін көрсетті. Дәл осы кезде ағылшынның атақты ойшылы Давид Юм өзінің скептицизмі мен агностицизмі арқылы зерденің бүкіл дүниені, әлемді тануға болады деген қағидасына алғаш рет күмән келтірді. Зерденің дамуының үшінші кезеңі, Канттың ойынша, сыншылдық дәуір деп аталады. Бұл кезең Канттың өз философиясынан басталады.
Канттың бұл ойын кейбір зерттеушілер түсінбей, “Кант зердеден бас тартты, ендігі жерде ол ғылымды мойындамайды, діни сенімге ғана есік ашық деп жариялады” деп айыптады. Ал, шындығында, бұл дұрыс емес еді. Өйткені, ол дәл осы кезде өзінің “Дін зерденің шектелуінде” атты атақты шығармасын жазған болатын. Ұлы философ бұл еңбегінде зерденің дінге шек қойып, оның аумағын тарылта беретінен айқын көрсетті. Жалпы зерде мен пайым ұғымдарын тек философия тарихы үшін маңызды “ескірген категориялар” ретінде қарастыруға болмайды. Қазіргі заманғы философиядағы дүниені рационалды және иррационалды қабылдау пішіндерін зерттеу ойлаудың зерде мен пайым түріндегі пішімдерінің мәнін терең зерделеумен тығыз байланысты. Зерде категориясы, сондай-ақ, қазіргі заманғы психология, педагогика ғылымдарының болашақ даму бағдарларын анықтауда да маңызды рөл атқарады.[8] Канттың «Практикалық пайымға сын» еңбегі[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Кант оған :«Практикалық зердеге сын» деген шығармасында жауап беруге тырысты. Бұл шығарма негізінен этика мәселелерін, яғни адамгершілік, мораль, парасат мәселелерін және оларды шешуді қамтиды. Сөйтіп, Кант теориялық зердеден, оның шешілмейтін шым-шытырық қайшылықтарынан – практикалық зердеге қарай өтті. Кант адамның еркі, бостандығы туралы мәселелерде, негізінен алғанда, француз ағартушылығының, әсіресе, оның көрнекті өкілі Жан-Жак Руссоның ықпалында болғандығы байқалады. Сондықтан Кант тірі жандардың ішінде ең саналысы – адам деп санады. Осы мәселелерді өзінің «Практикалық зердеге сын» деген шығармасында жан-жақты талдады. Атап айтқанда, философ еркіндіктегі себептілік идеясы арқылы жаңа заман ойшылдарының біразына сын айтты.
Ол, әсіресе, Спинозаның жалпыға тән себептілікті қамтамасыз ету ілімін барынша сынады. Канттың ойынша, адамның адамдығын айқындайтын нәрсе – парасат пен адамгершілік. Ендеше, адамгершіліктің өзі адамның еркіндікте екендігін көрсетеді. Сонымен бірге адамгершілік, парасат адам баласының бақытқа қарай ұмтылуымен тығыз байланысты. Бірақ бақыт деген ұғымның өзі эмпирикалық, оның өзгеруі мен дамуы белгілі бір дәуірдің жағдайымен байланысты. Ендеше, адамгершілік деген не? Біз адамгершілікке ие болған адамды қалай қалыптастырамыз? Шындығында, ондай адамды қалыптастыру үшін материя керек. Ендеше, бұл мүмкіндіктің жүзеге асуы үшін, ол адамгершілік болуы үшін форма қажет. Мұндай категориялы форма, Канттың ойынша, парыз деп аталады. Егер адам белгілі бір іс-әрекетте парызға сәйкес іс атқарса, ондай адамда адамгершілік бар, ол парасатты. Алайда, адамның іс-қимылында әлі де адамгершілік, парасаттылық жоқ. Қайырымдылық өзінен-өзі адамгершілік не парасат бола кетпейді. Өйткені қайырымдылық міндетті түрде белгілі бір парызға сәйкес келуі керек. Бірақ бір мәселенің шешілмей тұрған жайы бар. “Мен мұның адамгершілік, әлде адамгершілік емес екендігін қайдан білемін?”. Бұған жауап ретінде Кант барлық адам баласына ортақ болып есептелетін тұжырымды императив ұсынады. Бұл адамгершіліктің заңы.
Ендеше, адамгершілікті адамгершілік сақталмайтын кездегіден айыру үшін адамның өзін мақсат деп білу міндет. Сен өзіңнің іс-әрекетіңде басқаға, барлық адамға мақсат ретінде қарауың қажет. Кімге болмасын, сен оған тек құрал ретінде қарама. Сондықтан, Кант мақсат – оған жету жолындағы құралдарды ақтайды деген теріс принципке жан-тәнімен қарсы шықты. Сөйтіп, ол философия тарихында алғашқылардың бірі болып гуманистік, адамгершілік рухтағы этиканың негізін қалады. Канттың ойынша, адамгершілік заңын жай ғана қағазға жазып, іліп қоюға болмайды. Адамға, ең алдымен, құдайдың болмысын және мәңгі өшпейтін, өлмейтін идеяны беру керек. Бұл адамгершіліктің мақсатына жатады. Сондықтан ұлы философ бұл шығармасында зердеге қарсы шығып, сенімге қарай жол ашады. Оның айтуынша, Құдайдың болмысын ғылыми түрде дәлелдеу мүмкін емес, бірақ Құдайға сену адамгершілікке бастайды. Канттың осы идеясы, зерделі ойы кейінгі ойшылдар мен ақын-жазушыларға ерекше әсер етті. Канттың философиясына талдау жасай отырып, қысқаша мынадай қорытындыға келуге болады. Ол өзінің зерделі философиясы арқылы өткен заман ойшылдары тап болған қайшылықтарды шешуге тырысты. Ең алдымен ол 17 – 18 ғасырлардағы философияда өріс алып, кейін келе өзара сыйыспай, бір-бірінен алшақ кеткен эмпиризм мен рационализмнің басын біріктірмекші болады.
Бұл жағынан алғанда, Кант үлкен жетістіктерге жетті. Ол таным теориясында адам танымының қабілеттілігін сезімділік пен пайым деп бөле отырып, олардың бірлігін көрсетті. Канттың ойынша, сезімділік пен пайымның айырмашылығы, танымның бірі – мазмұны, екіншісі – формасы болғандығында. “Сезімділіксіз бірде бір зат бізге берілмес еді, ал пайымсыз олардың бірде бірін ойдан өткізу мүмкін емес. Ойда мазмұн болмаса, ол бос нәрсе, ал аңдаушылық ұғымдарсыз соқыр...”. Бұл екі қабілеттіліксіз таным процесі болмайды. Міне, өзінің осындай ілімі арқылы Кант ұзақ жылдар бойы айтыс-тартыстың қайнар көзі болған эмпиризм мен рационализмді бірлікте деп қарап, проблеманың шешімін тапты.
Философ ұмтылысы[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Сондай-ақ, Кант пайым мен зерденің диалектикалық бірлігін анықтауға да ұмтылды. Оның ойынша, пайым мен зерде бір-бірінен онша алшақ кете қойған жоқ. Қайта ұлы философтың айтуынша, пайым категориялармен, ұғымдармен қарулана отырып, зердеден гөрі адамға жақынырақ тұрады. Ал зерде болса, өзінің идеялары және принциптері арқылы өмірден қол үзіп, “бүкіл әлемді танимын, білемін” деп бос әрекеттеніп, шешілмейтін қайшылықтарға ұрынады. Пайым мен зерденің өзара байланысын айқындау процесінде Канттың не себептен пайымға ерекше бет бұрғанын аңғаруға болады (қ. Зерде, Пайым). Өйткені, ұлы ойшыл шығармашылығының алғашқы кезеңі жаратылыстану саласында өткен болатын. Ол, ең алдымен, математик, астроном, биолог, сондай-ақ, тағы басқа да ғылымдар саласының маманы болды.
Алайда шығарм. өмірінің келесі, сыншылдық кезеңінде оның философияға бет бұруы зердеге ерекше мән беруіне, сол арқылы адамзатты ғасырлар бойы толғандырып келген әлемдік проблемаларға бой ұруына жол ашты. Алайда оның зерде туралы ілімі таным теориясы, логика, диалектика мәселелерінде, сондай-ақ, адамгершілік, мораль және сезімділік, проблемаларында таңғажайып жаңалықтарды ашты. Дегенмен оның зерделі философиясы шешілмейтін қайшылықтарға тап болып, адам баласының алдында тұрған көптеген сұрақтарға жауап бере алмады. Біз оның зерделі философиясы шешпеген аса бір үлкен мәселе “өзіндік зат” идеясы дер едік. Өйткені, Кант “өзіндік зат” біздің санамыздан, бізден тыс өмір сүреді деп мойындай отырып, “бірақ оны тану мүмкін емес, өйткені оған біздің зердеміздің шамасы келмейді” деген қайшылыққа ұрынады. Оның зерделі философиясынан туған осындай қайшылықтарды шешу және “өзіндік зат” проблемасын белгілі бір нысан етіп қарау, философия тарихында жаңа бағытқа жол бастаған философтардың үлесіне тиді.