Жаза тағайындау — жасалған қылмыста айыпты деп танылған адамға айыптау үкімін шығарарда қылмыстық ықпал жасаудың нақты шарасын соттың таңдауы.
Жаза тағайындау қылмыстық заңды қолдану барысындағы ең жауапты және маңызды саты болып табылады. Өйткені, жаза тағайындау, оны жүзеге асыру сотталған адамды түзеуге, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге, қылмыстың алдын алуға ықпал етеді. Жазаның осы мақсаттарына қол жеткізу көбіне қылмыстық жазаны әділ әрі негізді тағайындау арқылы мүмкін болады.
Қылмыстық құқық жаза тағайындағанда кінәлінің жеке-дара жауапкершілік принципін негізгі басшылыққа алады. Осы мәселеге байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумьшың 1999 жылғы 30 сәуірдегі «Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтауы туралы» № 1 қаулысында былай делінген:
Қазақстан Республикасы Конституциясының барлық адам заң мен сот алдында тең, ешкім де сот үкімінсіз қылмыс жасауда кінәлі деп танылуға жатпайды және қылмыстық жазаға тартыла алмайды деген қағидаларын басшылыққа ала отырып, соттар қылмыстың түрі мен ауырлығына, айыптының қызметтегі және коғамдағы орнына қарамастан, әрбір қылмыстық істі заңға сәйкес бұлжытпай шешуі қажет екендігіне жете назар аударуға тиіс.
Заңның бұзылуын ештеңе де ақтай алмайды. Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттар ҚК-тің 52-бабында көрсетілген жаза тағайындаудың жалпы кағидаларын бұлжытпай сақтауы, сондай-ақ сотталушы жасаған қылмыс ауырлығы бойынша қай санатқа жататындығын; рецидивтің болуын және оның түрін; сотталушының кылмыстық әрекеті қай сатыда тоқтатылғанын; қылмысты топ, ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық жасаған жағдайда сотталушының қатысу дәрежесін; қылмыстық мақсатқа жету үшін оның әрекеттерінің мағынасын және келтірген немесе келтірілуі мүмкін зиянның сипаты мен көлеміне ықпалын; қылмыстар жиынтығын; жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайларды; сол қылмыс үшін көзделген жазаға қарағанда неғұрлым жеңіл жаза тағайындау немесе шартты соттау негіздерін ескеруі тиіс.
Сондай-ақ, қылмыстық заңда қылмыс жасаған адамдардың жасы кәмелетке толмағандарына, жасы 65-тен асқан ер адамдарға, сондай-ақ әйелдерге қылмыстық жаза тағайындаудың ерекшеліктері көзделгенін ескере отырып, соттар сотталушылардың жынысын және жасын ескеруі қажет. Сотталушының нақты қылмыс істеудегі кінәсі анықталған жағдайда сот оған жазаны, істеген қылмысы үшін жауаптылық қаралған заңның тиісті баптарында көрсетілген шектен шықпай тағайындайды. Мұндай ретте, сөз жоқ, істелген қылмыстың ерекшелігі және кінәлінің жеке тұлғасы жан-жақты еске алынады. Тек қана осы мәселелерді есепке алған жаза ғана әділ әрі заңға сай деп танылады.