Желтоқсан-1986.
НЕДЕН БАСТАЛДЫ?
1986 жылғы 16 желтоқсанда Алматыда сол кездегі коммунистік партияның 18 минутқа созылған жедел жиынында Қазақстанды 24 жылдан астам уақыт басқарған Дінмұхаммед Қонаев қызметінен түсіріліп, орнына Қазақстанда бұрын-соңды болмаған Геннадий Колбин тағайындалады.
Ол кезде одаққа қарасты республика басшылары жергілікті компартияның бірінші хатшысы аталатын. Қазақстан компартиясы бірінші хатшысы ауыстырылғанына наразы болған бірнеше мың адам – дені студент және жұмысшы қазақ жастары 17 желтоқсанда Алматының орталық алаңына (Брежнев алаңы) жиналды. Мұндай акция Қазақстанның өзге де қалаларында жалғасады. Совет билігі наразылықты күшпен басу туралы шешім қабылдап, 18 желтоқсанда бейбіт шеруге шыққандарды ұрып-соғып таратып, жаппай қамап, жауапқа тартады, жүзден астам адам сотталады.
Алаңда үкіметке талаптарын айтып, бейбіт тұрған қалың жұртты тарату үшін Мәскеу Қазақстанға қосымша әскери күш аттандырады. Желтоқсан оқиғасында митингіні жаныштау операциясы "Құйын 1986" ("Метель 1986") деп аталады. Аязды күні алаңға жиналған демонстранттарды итке талатып, өрт сөндіретін көліктен су шашып, сапер күрегімен, резеңке таяқпен ұрып-соққан, басқа да құралдар қолданған.
Мәскеуде Алматыда алаңға шыққандарды "бұзақы", "экстремист", "маскүнем" және "нашақор" деп атап, оларға "ұлтшыл" деген айыптар тағады. Көтерілісшілердің өте қатал жазаланғанын ерекше атап өту керек. Жедел жәрдемнің 20 бригадасы зардап шеккен 540 адамды емдеу мекемелеріне жекізді, 209 адам ауруханаға жатқызылды, 1722 адам дене жарақатын алды. Жоғарғы Кеңес Төралқасы Комиссиясының бағалауынша, ұсталғандардың жалпы саны 8500 адамға жуық. Прокуратурада 5324 адамнан, МҚК-нде 850 адамнан жауап алынған. 900-ге жуық адам соттардың, милицияның және кәсіпорын әкімшіліктерінің қаулысы бойынша әкімшілік тәртіппен жазаланған (қамауға алынған, айыппұл төлеген, сөгіс алған, т.б.) 1400 адамға қатаң ескерту берілген.
Ресми дереккөздер мәліметі бойынша 264 студент оқу орнынан шығарылған. Халыққа білім беру министрінің анықтамасында (1990 жылғы тамыз) оқудан шығарылғандардың саны 309 болған. (Денсаулық сақтау министрлігі мен Қатынас жолдары министрлігінің жүйесіне кіретін оқу орындарының студенттері мен оқушыларын есептемегенде). Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының желісі бойынша оның 1922 мүшесі жазаланған (758 мүше комсомол қатарынан шығарылған, 1164-і қатаң сөгіс алған). Партия қатарынан 53 адам шығарылған, 210 адам партиялық тәртіппен жазаланағн. Оқиғаларға қатысқан 319 адам жұмыстан қуылған. Соттың үкімімен 99 адам сотталған, оның екеуі ату жазасына кесілген. Оның біреуі – Қайрат Рысқұлбеков кейінірек Семей түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза табады. Екіншісі – Мырзағұл Әбдіқұловтың ату жазасы 20 жыл түрме жазасына ауыстырылды. Ол соның жеті жылын өтеп қайтады.
Алайда жария етілмеген деректер де болған-ды. Комиссияның төрағасы, халық ақыны Мұхтар Шаханов желтоқсан оқиғаларынан кейін бір жыл бойына 58 адам жерленген, жерленгендердің аты-жөні көрсетілмеген және тіпті нөмірлері жазылмай көмілген деп тұжырымдады.
Бұл деректер Желтоқсан оқиғаларына байланысты кейбір құпия мән-жайлардың бетін ашқанын айта кету керек. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасына «Батыс» зираты туралы, оқиғалардан кейін 58 адамның жерленгендігі, олардың аты-жөндерінің белгісіз екендігі туралы мәліметтер берілген. Зираттың бірнеше қызметкері, сонымен қатар олардың басшылары да бұл ІІМ-нің жасырын жерлеулері екені жөнінде куәлік бергендігі туралы ерекше анықтама табыс етелген.
Қайрат Рысқұлбеков өлім жазасы берілгеннен кейін бір айдан соң коммунистік партия Желтоқсан оқиғасына қатысты "қазақ ұлтшылдығы" туралы арнайы қаулы қабылдайды.
Кейінірек Қазақ ССР жоғарғы кеңесі төралқасының Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсанда болған оқиғаларды тексеру комиссиясы құрылып, оқиғаға қатысты өз бағасын беріп, түрлі ұсыныс әзірлейді.
Азаттық радиосы оқиғаның алғашқы күнінен бастап осы тақырыптарды кеңінен қамтып, хабар таратып отырған.
Тоталитаризмнің мызғымайтындай болып қатқан мәңгілік мұзын алғаш рет жібіткен Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына әлі күнге дейін толыққанды баға берілген жоқ. Өйткені, сол кездегі оқиғалардағы шындықтың айтылмауына мүдделі адамдар әлі де бар. Уақыт өте келе бұл оқиғаға да тарих өз бағасын бере жатар. Қалай болғанда да Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы кеңестік жүйедегі екі күштің: жаңа басталып келе жатқан буыны қатпаған жас демократия мен сол кезде әлі де өз күшінде тұрған әкімшіл-әміршіл жүйенің алғашқы қақтығысы еді. Желтоқсан көтерілісі бұдан әрі бүкіл КСРО-дағы қызыл империяға деген наразылықтың өсуіне алып келді. Яғни Желтоқсан көтерілісі КСРО-ның ыдырауы мен мен оның күйреуінің бастамасы болды.
Достарыңызбен бөлісу: |