Жүрегімнің түбіне терең бойла Ақын Абай – әлемдік биіктегі поэзия алыбы, қазақ әдебиетінің «Эвересті»



Дата16.09.2023
өлшемі17,29 Kb.
#108039

Жүрегімнің түбіне терең бойла...
Ақын Абай – әлемдік биіктегі поэзия алыбы, қазақ әдебиетінің «Эвересті». Қазақ халқының алтын тұғыры. Хакімнің тұңғиық ойларының тереңіне бойлау жасау – ұлтымыздың мәңгілік мәселесі. Себебі, адам бойындағы рухани байлықтың өлсіреуі, қоғам болмысы – хакімнің мұрасының өзектілігін дәлелдейді.
Абай мұрасы – халқының әдебиетін насихаттайтын бойтұмар іспетті қазына-байлығы. Менің ойымша, Абай шығармашылығы – біз үшін, яғни адамзат үшін, мәңгілік тақырып. Әр адам Абайды өзінің эстетикалық таным-сезімімен, өмірлік тәжірбиесімен, азаматтық концепциясымен өзінше һәм өзгеше танып, Абай Мұзғар шыңының биігіне шығады деп ойлаймын.
Қазіргі қоғамның постиндустриялық даму кезеңінде рухы мықты, көкірегі ояу, білімді де білікті, салауатты һәм саналы ұрпақтың тәрбиесі үшін Абайды оқу, Абайды түсіну, Абаймен жүрек қалтарысында «кездесу» қажеттілігі туындап отырғандай. Асқар Сүлейменовтің: "Абайды оқу бар да, Абаймен кездесу бар. Көп адам Абайды оқыдық, білеміз деп ойлайды, алайда Абаймен кездескен адам кем де кем, өте аз,"-деген. Яғни, әр адамның өз Абайы болады деген кесек тұжырымнан аулақпыз, десек те дана да дара хакім Абай шығармаларының эстетикалық сезімі әр адамның санасында түрліше жаңғырып, бүршік жаратыны айқын емес пе? Абай әлемі терең мұхит болса, сол мұхиттың тамшысын сіңірсем қуанышты боларым сөзсіз. Кей уақытта Абай өлеңдері, қарасөздерін оқып отырған кезде санамда бөлек бір құбылыс жүріп жатады. Әр оқыған өлеңнен кейін ақынмен ашық диалогқа түсетіндей боламын. Бұл құбылысты ақын шығармашылығының соншалықты эстетикалық әсерінің қуаттылығы немесе қазіргі уақытта да өзектілігінен деп те ойлаймын. Әсіресе, соңғы тұжырымға ойланамын. Өзіңіз бір сәт назар аударып көріңізші?
Біріншіден, Абай қара сөздерінде халықты, жастарды өнер-білімге, мәдениетке ұмтылуға шақырады. Қазіргі жастарға осындай бірлікке, адамгершілікке шақыратын шығарманы неге жаттап алмасқа деп ойлаймын? Мысалы, он жетінші қара сөзінде: «Ақыл, жүрек, қайрат -үшеуін бірге ұстап, жүрекке билету қажет»,-деп айтады. Осы нақылды ескеріп, ақынның нұсқауымен жүрсек болашағымыз жарқын, баянды болары сөзсіз!
Екіншіден, ғұлама ақын, ойшыл Абайдың мұрасын замана өткен қоғамдық мәселелерімен байланыстырған сайын жаңаша түсіне бастағандықтан хакімнің жалынды өлеңдері ешқашан өзінің күшін жоғалтпайды, керісінше жаңғырады, түлейді, жаңарады! Өйткені Абай халықпен мәңгі бірге. Хакім өз өлеңдерінде халықты жамандықтан жиренуге, адамгершілікке шақырып, шығармалары арқылы адамның санасына патриоттық, ұлтжанды қасиеттерді сіңіруді көздеді. Мысалы, «Болыс болдым мінеки», «Қалың елім, қазағым», «Сегіз аяқ» т.б. өлеңдерінде ақынның азаматтық үні мен мұңы, әлеуметтік мәселелерге көзқарасы сөз өнерінің құдіретімен айқын көрініс тапқан.
Үшіншіден, Абай атамызды қай тұстан, яғни ақыл-парасат деңгейінде алып қарасақ, адамзатқа теліген «Толық адам» приниципін хакімнің өзінен көремін. Алайда өзінің қырық бесінші қара сөзінде: «Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз..,»-деп өзін де пенде қатарына қосып, сынап тұрғандай. Әр сөзі адамды елең еткізетін жұмбақ адам болғандықтан Абай әлемі мені тұңғиығына бойлауға, ақын туралы ізденуге ынтықтыра түсті. Өз басым осындай дара ақынның туындыларын оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн деген ойда қалдым.
Президентіміз Қ.К.Тоқаев "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" мақаласында: "Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғарғы дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз,"- деп жазғандай, ұлы ақынның 175 жылдық мерей тойын әлем жұртшылығы да тойлатып жатыр. Абай мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі.
Қорыта айтқанда, хакім, философ Абайдың туындылары ХХІ ғасырда жалпы ұлттың мәдениеті мен рухани дамуына, білім мен ғылымның шындалуына мол үлесін қосатыны бәріне мәлім. Қанипа Бітібаева: «Ұлы ақын нағыз Адам, "толық" Адам қандай болу керек деген мәңгілік сұраққа жауап іздейді әрі соған жауап береді де..."- деген екен. Міне, жоғарыдағы телуіміздің дәлелі өзі шыққандай, өйткені қазіргі жаһанданған қоғамда Абай мұрасы - ұлттық құндылықтың көзі. Абай шығармашылығы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашқан қасиетті туынды. Жалпы, өмірдің қай саласында ұлы ақынның ақылын алсақ, айтқанын істесек, алдағы уақытта ел ретінде еңсеміз биік, мемлекет ретінде мұратқа жетеріміз анық.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет