Жүрек
Жүрек — іші қуыс бұлшықетті мүше. Ересек адам жүрегінің салмағы 250-300 грамм. Жүрек кеуде қуысының сол жағына таман орналасқан. Оның дәнекер тканінен түзілген жүрек қабы қаптап тұрады. Жүрек қабының ішкі беті жүректі ылғалдайтын және жиырылу кезінде үйкелісті кемітетін сұйықтық бөліп шығарады. Жүрек бұлшықеті (гр. myocardiummys — бұлшықет, kardia — жүрек) - жүректің жүрекшелері мен қарыншаларының бұлшықет қабығы (миокард). Жүрекшенің бұлшықет қабығы беткей және терең ет қабаттарынан тұрады. Беткей ет қабатының кардиомиоциттері көлденеңінен орналасады. Ол оң және сол жүрекшелерді сыртынан қаптап, оларға ортақ қабат болып келеді. Терең ет қабаты әрбір жүрекшеде жекелей орналасады. Бұл қабаттың кардиомиоциттері ұзынынан орналасады. Жүрек қарыншаларының бұлшықет қабығында айқын байқалатын бес ет қабаты болады. Олардың сыртқы беткей және ішкі бұлшықет қабаттарын қиғаш жатқан кардиомиоциттер, ал ортаңғы үш ет қабаттарын сегіздік тәрізді иіле орналасқан жүрек етжасушалары түзеді.[1]
Құрылысы
Жүректің құрылысы оның атқаратын қызметіне сай келеді. Ол тұтас арқылы екі — сол жақ және оң жақ бөлікке бөлінген. Ал жүректің әр бөлігі бір-бірімен жалғасқан екі бөлімнен: жоғарғы — құлақшадан және төменгі — қарыншадан тұрады. Сонымен, адамның жүрегі бүкіл сүтқоректі жануарлардікі сияқты төрт камералы: ол екі құлақшадан және екі қарыншадан тұрады.
Қарыншаға қарағанда құлақшаның қабырғасы әлдеқайда жұқа. Бұл құлақша жұмысының оншалықты көп болмауына байланысты. Ол жиырылған кезде қан қарыншаларға өтеді. Қарынша бүкіл тамырларды бойлай қан айдап, көп жұмыс атқарады. Көп жұмыс істейтіндіктен, сол жақ қарыншаның бұлшық еті оң жақ қарыншаның қабырғасынан қалың болады. Әрбір құлақша мен қарыншаның шекарасында жақтаулы қақпақшалар болады, олар сіңір талшықтары арқылы жүректің қабырғасына бекінеді. Бұл жақтаулы қақпақшалар.
Құлақша жиырылғанда қақпақшаныыңы жақтаулары қарыншаның ішіне қарай салбырап, босап қалады. Сондықтан қан құлақшадан қарыншаға еркін өтеді. Қарынша жиырылғанда қақпақшаның жақтаулары тығыз жабылып, құлақшаның кіре беріс жолын бітейді, сондықтан қан тек бір бағытта — құлақшадан қарыншаға қарай ағады, одан қан тамырларына барады.
Ж-тің миокард қабатында миофибриллалары аз, көбіне саркоплазмаға бай бұлшық ет талшықтары шоғырланып орналасады. Олар Ж-тің ырғақты жұмысын реттеп отырады. Оны Ж-тің өткізгіш жүйесі деп атайды. Ондағы бұлшық ет талшықтарында оқтын-оқтын қозу импульстары пайда болып, өткізгіш жүйедегі клеткалар өздігінен жиырылады. Ересек адамдарда Ж-тің салм. 250 – 330 г-дай, ұзындығы 10 – 15 см, көлденеңі 8 – 11 см, қалыңд. 6 – 8,5 см. Шамамен Ж-тің үлкендігі әркімнің өзінің жұмған жұдырығындай болады. Ж-тің қызметі жүрекше бұлшық еті мен қарынша бұлшық етінің белгілі бір ырғақпен кезектесе жиырылуы (систола) және босаңсуы (диастола) арқылы атқарылады. Ең алдымен, жүрекше жиырылып, қанды бос қарыншаға итереді, оған 0,1 с уақыт кетеді; екінші кезеңі – қарыншалардың жиырылуы (қан қолқа мен өкпе артериясына итеріледі), оған 0,3 с, ал үшінші кезеңі – жүрекшелердің де, қарыншалардың да босаңсуы (диастоласы), мұны жалпы пауза деп атайды, оған 0,4 с уақыт кетеді. Ж-тің осындай жұмысына 0,8 с уақыт кетеді. Ересек адамның Ж-гі минутына 72 – 75 рет соғады. 1 мин-та Ж-тің қантамырларға шығаратын қан мөлшерін Ж-тің минуттық көлемі деп атайды. Ж-тің жұмысы қанмен бірге келетін гормондар арқылы, сондай-ақ, өзіндегі шеткі жүйке жүйесі арқылы реттеліп отырылады. Ж-тің адам организмінде алатын орны ерекше.
Адам жүрегінің пішіні конусқа ұқсас, оның оң жақ жалпақтау келген бөлігі – негізі, ал сол жақтағы сүйір бөлігі ұшы деп аталады. Жүректің ұшы сол жақтағы 5-жұп қабырғаның шеміршекті шетіне сәйкес келеді. Жүректің сыртындағы дәнекер ұлпадан тұратын қабын – үлпершек (перикард) деп атайды. Жүрек үлпершектің ішінде бос жатқандықтан, еркін жиырылып босаңсиды. Сыртындағы көлденең сайшалар жүрекшелер мен қарыншалардың арасын бөліп тұрады. Жүрекшелер жүректің негізі жағында, қарыншалар ұшы жағында орналасады. Жүрекшелердің сыртында қосымша құлақшалары болады кейде оларды саңырауқұлақ деп атайды. Жүрек үш қабаттан тұрады. Сыртқы жұқа қабаты – эпикард, ортаңғы қалың бұлшық етті қабаты – миокард, ал камераларды астарлап жатқан жұқа қабаты – эндокард деп аталады. Миокард қабатындағы бұлшық ет талшықтары жүрекшелердің сыртында екі түрлі бағытта орналасқан. Сыртқы қабатындағы бұлшық ет талшықтары екі жүрекшені де тұтасымен қоршап тұрса, ішкі қабатындағы бұлшық ет талшықтары әрбір жүрекшені жекелей қоршап жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |