«ҚОРҚЫТ АТА» КІТАБЫНЫҢ КӨРКЕМДІК, ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ Лекция жоспары: 1. Тарихи Қорқыт; 2. Аңыздық Қорқыт; 3. «Қорқыт ата» кітабының нұсқалары, жиналуы, зерттелуі; 4. «Қорқыт ата» кітабының тілі, тақырыбы, идеясы, жанры, көркемдік ерекшелігі.
Қорқыт есімімен байланысты аңыздар түркі тектес халықтар арасында әр алуан тілде әңгімеленеді. Академик Ә.Марғұлан былай деп жазды: «Ол кісі туралы айтылатын сөздер Орта Азиядағы түркі тілдес елдердің көбінде бар. Бірақ, қазақ халқы ескі оғыз-қыпшақ тайпаларының тарихи қонысына мирас болған, олардың түбегейлі ұрпағы болғандықтан, Қорқыт туралы айтылатын тарихи жырлар, аңыздар, ән-күйлер қазақ пен түрікпендерде көбірек жолығады».
Қорқыт жайындағы деректердің белгілі бола бастауы ХІІ-ХІІІ ғасырлардан бермен қарай. Қазақ арасына таралған аңыздардан Қорқытты айтулы күй атасы ретінде көрсек, енді біразында ол өлім атаулыға қарсы шара іздеген, қамқоршы ретінде көрінеді. Терең ойлар, ауыр мехнат-азабымен өлмеуді арман еткен Қорқыт мәңгілік өмір іздеп ел кезеді. Қазақ арасындағы аңыздарда Қорқыт көпті көрген батагөй, ақылгөй, атақты күйші, сарыншы, әрі ойшыл дарын болып танылады. Ол айтқан болжау дәл келіп отырған деседі. Адам өмірі, мінез-құлқы, тағдыры жайында тұңғиық, кемелді толғаулар қалдырған.
XIV ғасырдағы өзбектің ұлы ақыны Әлішер Науаи Қорқытты мына түрде сипаттайды: «Түрк ұлысы арасында Қорқыт атадан даңқты, одан асқан кісі жоқ еді. Оның даңқына ешкім тең келмейтін. Өзінен кейінгі көп жылғы келешекті болжаған айтқыш, данышпан еді. Оның даналық нақыл сөздері осы күнге дейін бар».
Қорқыт ата хикаясы VIII ғасырларда Сырдария бойын мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпалары арасында туып, кейін ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа тараған. Яғни, рухани қазына ретінде бүгінге дейін өзінің әдеби көркемдік, тарихи, этнографиялық мәнін жоймаған аса құнды шағарма.
Трихи деректерге және халық шежіресіне жүгінсек, Қорқыт - VIII ғасырда Сыр бойында өмір сүрген батыр, атақты ақын, асқан күйші, аңыз кейіпкері.
Қорқыттың анасы қыпшақ тайпасынан, ал әкесі – қарақожа оғыздарынан екенін тарих мәлімдейді.
Міне, сондықтан да Қорқыт қыпшақтар мен сол кезде Сырдария бойын жайлаған оғыздар арасында екі жаққа бірдей ел ағасы атанған. Данышпан қарттың ұзақ жылдар бойы ел басқарған көсем болғанын, өз өмірінде үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарғаны жайлы деректер бар.
Ал, оның теңдесі жоқ күйші-композитор болғандығын халықта сақталған «Қорқыт ата күйі», «Қорқыт сарыны» сияқты музыкалық шығармалары дәлелдейді. Қазақ арасынан шыққан атақты күйші-жыршылар Қорқыт ата творчествосын өздеріне үлкен құнды қазына, ал Қорқыт атаны ұстаз тұтқан. Олар өздерінің өлең-жырларын бастар алдында, алдымен Қорқыт атаның есімін ауызға алуды шарт деп білген:
Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата,
Бата алған барлық бақсы асқан ата,
Таң қалып, жұрттың бәрі тұрады екен,
Қобызбен Қорқыт ата күй тартқанда-деп жырлаған.
Ел ауызындағы аңыздардан Қорқыт ата өзінің жүйрік желмаясына мініп алып, халқына мәңгі жасайтын жер-ұйық іздеуші, ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші, өлім дегенді білмейтін ғажайып қайсар жан ретінде суреттеледі. Әйтсе де ол өмірінің соңында, «өлмейтін нәрсе жоқ екен» деген пікірге келеді. Енді Қорқыт ата мәңгілік өмірді қобыз сарынынан іздейді.Ұлы күйші, кемеңгер жырау өзі іздеген мәңгілік өмірді шынында да тапқан секілді. Қорқыт атаның жан тебіренерлік сиқырлы күйлері ұлағатты ғибрат сөздері, мақал-мәтелге айналып, мың жылдан астам уақыттан бері өмір сүріп келе жатыр.
Қорқытты асқан күйші, данышпан, атақты жырау деп мазар күмбезіне бас ию сонау оғыз-қыпшақ заманынан басталған екен.
Қорқыт ата мазарын (Қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында) халық сан ғасырлар бойы қадірлеп, оны «Қорқыт атаның күй тартатын жері» деп басына күзетші, шырақ жағушы адам қойып жүрген.
Қорқыт ата күмбезі шамамен ІХ-ХІ ғасырларда салынған. Соңғы кезде Сырдария арнасы ауытқып, бұны 1860 жылы су шайып кеткен. Қазір пантионның бірі жоқ, қабырғасы ғана сақталған. Барлық адам баласына ізгілік іздеген жан, ұлы қобызшы, асқан жырау есімін бүгінгі ұрпақтары есінен шығарған жоқ.
Қорқыт – жыр мен күйдің атасы, ерте кезде оғыз-қыпшақ және қаңлы тайпаларын басқарған данышпан кісі бейнесінде VIII-IX ғасырларда-ақ аңыз кейіпкері болған жан.
Қорқыт ата жөніндегі жыр-дастан Орта Азия мен Сыр бойында туып, халық эпосының дәстүрі бойынша сан ғасырлар бойы ауызша айтылып келген. Тек XVI ғасырда ғана Қорқыт есімімен байланысты бұл дастан қағазға түсірілген.
Тарихи деректер бойынша, Сыр бойында тұрған оғыз тайпаларының ең маңызды қалалары Янис Кент (Жанкент), Жент, Үзкент (Өгізкент), Баршынкент (қыз қала), Сүткент, Отырар болған. Оғыздармен қатар Сырдария бойында қыпшақ тайпалары да тұрған. Олардың басты қалалары, астаналары – Сығанақ, Сауран, Түркістан болған. Демек, бүгінгі қазақ халқының рухани тұрмыс-тіршілігіне көне оғыздардың, қыпшақтардың тигізген ықпалы аз болған жоқ. Кейінірек, XI ғасырлардың орта кезінде оғыздардың бірсыпыра топтары Шығыс Еуропаға, Кіші Азияға қоныс аударып кетті. Ал, кейін қалып қойған кейбір оғыз тайпалары қазақ қауымын құрысуға қатынасып, солардың этникалық құрамына біржола сіңіп кеткен. Өте ерте заманнан Сыр суының төменгі ағысында тұрған Жанкент қаласы ұзақ жылдар бойы оғыз мемелекетінің астанасы болған. “Су аяғы Қорқыт” деген мақал осыдан шықса керек. Ақынның дүние салған жері де осы Сырдарияның төменгі ағысы, Қармақшы қыстағаның маңы. Қорқыт ата туралы сан-қилы аңыздар қазақ арасында ерте кезден-ақ кеңінен тараған. Солардың бірі Қорқыттың тууына байланысты.
Аңыз бойынша, анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп жүріпті. Оны жылына бір рет толғақ қысып отырады екен. Қорқыт туылар алдында күллі әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басып тұрыпты. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел-жұртты қатты қорқыныш сезімі билейді. Сыр бойымен Қаратау өңірінің аспаны да қараңғы тартып, қарауытып кетіпті. Сондықтан бұл маңай «Қараспан» атаныпты. Ашық аспан тастай қараңғы түнге айналған қорқынышты күні туылғаны үшін баланың атын “Қорқыт” деп қойған екен.
Қорқыт анасынан туылған бойында-ақ тілі шығып, сөйлеп кетіпті. Қорқыттың өмірге қалай келгені туралы ерте заман қобызшылары мен бақсы-жыраулары айтатын өлең-жырлары дәлел болады.
Қорқыт туар кезінде,
Қараспанды су алған,
Қара жерді күн алған,
Ол туарда ел қорқып,
Туған соң әбден қуанған.
Қорқыт ата есіміне байланысты ел арасында көп айтылатын сиқырлы шаһарлардың бірі – Баршынкент. Бұл қала шынында да Сыр бойындағы сол дәуірдегі ең көрнекті қала болғанын тарихшы-археологтар дәлелдеп отыр.
Баршынкент – сұлудың қаласы деген сөз. Оны қазақтар соңғы кезде “Қыз қала” деп атап келді.
Аңызда Алпамыс батырдың сүйген жары Баршын-сұлу (Гүлбаршын) осында тұрған деседі. Ал тарихшылар XIII ғасырдың атақты ғалымы, өз жырларын түркі, араб және парсы тілдерінде жазған дарынды ақын X.Баршымлығы осы қалада туып, осында өмір сүргенін дәлелдейді. Сонымен, Қорқыттың туған, жүрген, тіпті мазары туралы тұрған жерлер жөнінде толып жатқан аңыздар бар. Бұлардың бәрі күй атасы, жыр атасы ақылгөй Қорқытқа деген ел-жұрттың ізет-құрметінен туындаған болса керек. Соның өзінде мұндай аңыз әфсаналардың бірқатары тарихи шындыққа толы. Сондай әфсаналардың бірі атақты академик Әлкей Марғұлан атамыздікі. Бұл елеулі еңбегі “Қорқыт ата кітабы” және оның “Қазақ аңыздарындағы елесі”деп аталады.
“Қорқыт әфсаналарының ең таңқаларлық ғажайып варианты,-деп бастайды ол сөзін, - XIV ғасырда-ақ қойынлы оғыздары жырлаған, қағазға түсірілген жазба нұсқасы. Ол қазір Европаның екі үлкен кіиапханасында сақталып келеді. Бір нұсқасы Германияда Дрезден кітапханасында (№ 06). Оның аты “Китаби дадем Коркуд” яғни “Қорқыт ата кітабы”. Мұны орысшадан аударған ғалым Б.Б.Бартольд. Екінші нұсқасы “Хикаят оғыз наме Казанбек уа ғайри” - яғни Қазанбек жайындағы жыр – Италияда Ватиканда Аростолика кітапханасында сақтаулы. Арабша Жазылған қолжазба текстен ұзақ комментариямен бастырып, шығарушы Италия тюркологі Атторе Росси. Ал түрік ғалымы Мухарроли Ергін осы екі вариантын біріктіріп шығарды.
Б.Б.Бартольд пен В.М.Жирмунскийдің анықтауынша ерте кезде Сыр бойында жырлаған «Қорқыт эпосын» оғыздар Сыр бойынан кеткенде өздерімен бірге күнбатысқа ала кетіп, оған жаңа сюжеттер қосқан.
Жазылған әфсанада Кавказ тауы, армян, грузин жері, олардың адамдары да жырға қосылып отырады.
Сырдария аңыздарында олар бүтіндей жоқ.
Қорқыт кітабының кіріспе сөзінде жарқын түрде айтылғаны. “Исләм заманына жақын кезде Баят тайпасынан Қорқыт шықты. Бар қауымның білгіші болды. Ол не десе де айтар еді. Хақ тағала оның көңіліне сөз дарытып, шабыттана айтар еді. Бұл кез арабтардың Сыр бойын жаулап ала бастаған кезі еді” (VII-VIIIғ).
Сыр бойын мекендеген оғыздар ішінде ең мықты тайпасының бірі Қорқыт шыққан Баят ұлысы екен.
Оғыздардың ерте кезден астанасы Сырдағы Жанкент (Жаркент) қаласы болған.
Демек, Қорқыттың туып-өскен, жүз жыл бойы жасаған жері, осы ара. Ол барлық нақыл сөздерін атақты күйлерін осы арада отырып шығарады. Оның басына қойған мазарын Жаркент қаласына өте жақын, Қармақшы қыстағының қаласына салған.
Көркемдік ерекшелігі. Қорқыт ата кітабының өзіндік бір ерекшелігі-сөз қолданысында. Оны біз тұрмысқа қажетті атаулардан-ақ байқаймыз. Ол ерекшелік – қазақ тіліне ұқсастық.
Мысалы: яйлақ (тұрақ, орда), юрт (жұрт), юк (жүк), иенге (жеңге). Өте таза сақталған музыка аспаптарының атаулары: қобыз (қобыз), сарын (Қорқыт сарын), көріклі (көрікті), ұйық (жер) жер ұйығы. Міне, ендеше келтіріліп отырған мысалдар, сонау мыңдаған ғасырлар бұрын болған біздің ата-бабаларымыздың тілі мен қазіргі қазақ тілінің тығыз байланысын көрсетеді.
Қорқыт ата кітабының күрделі сюжеті – оғыз-қыпшақ заманында ел басқарған кемеңгер ойшылдарды қадірлеу. Соның бірі Қорқыттың өзі. Сонымен бірге ғажайып ерлігімен халыққа қорғаныс болған, халық сүйінішпен ардақтаған жойқын алыптарды суреттеу.
Сол алыптар ішінде сомдалып, шыныққан ер – Қазанбек батыр. Түркістанның тірегі болған, алыптар ағасы, ерлігімен көзге түскен Қазанбекті Қорқыт жоғары бағалаған.
Қорқыт жырында кездесетін Үйсін - Қожа, Қаңлы – Қожа, Қазылық – Қожа, Қазан алып, оның атасы Ұлан - бәрі бір замана кісілері. Қазан алыптың жетінші атасы Оғыз ханға барып, қосылады. Демек, Оғыз хан пайғамбар заманынан көп жыл бұрын өткен. Қорқыт хикаясы бойынша, Қорқыт заманында өзінің алып ерлігімен аты шыққан, ерекше ардақталған адамдар көп болса керек, сол сияқты шешен билер, ақылды данышпандар, сұлтандар да аз болмаған. Ерте дәуірде әрі нақыл сөз айтқан шешен бидің данышпаны – Аяз би болған.
Қорқыт жырындағы жойқын алыптар қатарын Қазаннан бастаса, оның қасына ерген алып достары Байбөрінің ұлы – Бамса (Башсы)-Бұйрық (Берік), өз інісі Қара-Көне, оның баласы Қара-Бодоу, өз баласы Ораз-алып, Әзірейілмен алысатын жойқын алып – Домрул (Домбауыл). Төбе көзді өлтіретін асқан ер Бисат, Қазылық Қожа ұлы ер Жүгнек, Қаңлы Қожа ұлы Тұралы (Туралы ), Үйсін Қожа балалары Екрек, Секрек. Жұртқа үлгі беріп, нақыл сөз айтқан, кемеңгер, ойшылдар Баяндыр хан, Дерсе хан, оның ер ұлы Бұхаш сияқты кейіпкерлер.
Қорқыт ата кітабы он екі жырдан тұрады. Бұл кітап сюжеті жағынан қазақ эпосымен үндес болып келетін сарындар көп кездеседі. Әсіресе бір балаға зар болған әке-шешенің мүшкіл хәлі жөніндегі хикаялар жиі ұшырайды.
Әрине, мұның өзіндік жыр-ерекшеліктері бар.
Патриархал – ру қауымының ұғымы бойынша, тек еркек кіндікті бала ғана семьяның, ру –тайпаның жалғасы болған. Сол себепті той-жиындарда ер баласы бар аталар ең сыйлы орынға отырып, оған зор қошемет көрсетілетін болған. Міне, Қорқыт ата кітабының бір хикаясы – Дерсе хан ұлы Бұқаш (Бұхаш) туралы жыр осындай сюжетке құрылған.
“Ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша Баяндыр хан жылына бір рет той жасап, оғыз бектерін қонаққа шақыратын болған. Бұл жолы да солай істеді. Тойға түйеден – бура, жылқыдан – айғыр, қойдан – қошқар сойылсын, - деп жарлық берді. Сол күні бір жерге қызыл отау, бір жерге қара отау тіктірді. Тойға жиылған бектерден ұл баласы барын аққа, қызы барын қызылға, ал не ұлы, не қызы жоқ қонақтарды қара отауға кіргізді. Қара отаудағыларға қара қой етін беріп, қара кигізді төсейді. “Баласы жоқ адамдарды тәңірінің өзі де қарғаған, біз де қарғаймыз”, - дейді Баяндыр хан. Қара отау ішінде Дерсехан да болады. Ол бұл қорлыққа шыдамай қара отаудан шығып кетіп, қайғымен қан жұтып, жылады” делінген. Осы кезде ескерер бір жай – ислам дінінің әйел табиғатын ұдайы кемсітуі, тіпті әйел есімін ататқызбаған.
Ал ежелгі оғыз-қыпшақтар керісінше, әйелді зор құрмет тұтқан.
Қорқыт ата осы жайды жырлағанда Сыр бойына мұсылман діні енді ғана етек жайып келе жатыр еді.
Демек, әйелдер әлі матриархат кезіндегі праволарынан айырыла қоймаған секілді. Бұған осы бірінші жырдағы Дерсе ханның тойда қара отауда отырып, әйеліне айтқан сөздері дәлел болады.
Келші бері, басымдағы бақытым, үйімдегі тірегім,
Сен үйден шыға бергенде көзіме көрінесің,
Тобығыңа түсетін шашың бар,
Қосылып тұрған қастарың тартқан садақ секілді,
Қос бадаш салса симайтын оймақ-ауыз өзіңсің,
Күзгі алмадай қызарып жүзің сенің жайнап тұр,
Піспеген менің түйнек қауымышсың,
Маған не болғанын білесің бе?-деп зарлап қоя беріпті.
...Көп ұзамай Дерсе хан ұлды болыпты. Ұлы өзі сияқты ержүрек, батыр болып өседі. Ол он беске келгенде ханның бұқалары шешіліп кетіп, бір топ ойнап жүрген балаларға тап береді. Бәрі қорқып қашып кетеді, тек Дерсехан ұлы қалады да әлгі бұқаны жеңеді. Әкесі ұлына риза болып, атын Бұқаш қояды.
Бірде аңда жүрген Дерсехан байқаусызда өз ұлын атып тастайды. Жүрегі бір сұмдықты сезген анасы жолда қансырап жатқан Бұқашты аман-сау ажал аузынан ажыратып алады.
Бірінші жыр осымен аяқаталады. Екінші жыр «Санар Қазанның үйін жау шапқаны жайлы жыр”. Қазан Санар – Қорқыт ата кітабының басты қаһарманы екенін айтқан болатынбыз. “Оғызнаме” жырының суреттеуі бойынша, алып батыр Қазан – Қорқыттың ұлы қорғанышы, Баяндыр ханның күйеу баласы, таулы құстың ұрпағы, Түркістанның тірегі, Қарашық тауының қобыланы, Қоңыраттың иесі, хан Ораздың атасы”...
Белгілі тарихшы Абылғазының айтуынша, Қазанбектің жақсы көретін, әрі ордасының көп тұрған жері, батырдың сиынып, ас-садаққа беретін орны – Қазықұрт тауы болған.
Ескі аңыздар бойынша осы тауда ерте кезде ұлы адамдар тұрған киелі үңгір болған екен. Батырлар осында “Алтын қабақ” атысқан. Қобызбен тәтті күйлер – осы тау етегінде туындап отырған. Қорқыт та осы тауға келіп, Қазанбекті мадақтап, өлеңдерін оқитын болған.
Мысалы:
Қазықұрт тауындағы үңгір тасты
Санар Қазан барып көркейтті.
Онда ата-бабасына садаққа
Ит Бешене оны көріп таратты
Бір қазанға қырық бір ат еті кетті
Ол Қазанды сол қолымен көтеріп алып,
Оң қолымен елге жүріп таратты.
Алыптар, билер көргенсің Қазанбектің кім екенін?
“Салар Қазанның үйін жау шапқаны жайындағы жырдың” негізгі тақырыбы – Оғыздардың көрші тайпаларымен өзара қарым-қатынасы – оғыз-қыпшақ дәуіріндегі ең көкейтесті мәселе болғанын тарихи деректер дәлелдейді.
...Аң аулап жүріп, Қазан Салар ұзақ ұйқыға кетеді. Мұны сезген жау қолайлы сәтті пайдаланып қалу үшін, оғыздар қолбасшысының ордасына тұтқиылдан шабуыл жасайды. Батыр өз үйін қорғауға ұлы Оразды 300 нөкерімен тастап кеткен еді. Әрине ол 7000 мың әскері бар пешенектерден жеңіліп қалады. Сонда Қазанбектің әйелі – Бөрте сұлу жауға қарсы ерлікпен күреседі. Бірақ жау батыр үйін тонап, әйелін, баласын тұтқындап әкетеді. Пешенектер ұлан-асыр той жасайды. Олар Қазанбекті мұқата түсу үшін сол себепті тойда батырдың әйелі Бөрте сұлуға шарап құйғызып қоймақ болады. Бірақ Бөрте сұлу өзінің де күйеуінің де ар-намысын қорғап қалу үшін ажалға бекем бел буады. Ол қасындағы қырық нөкер қызға: «Менің кім екенімді айтпаңдар», - дейді.
Пешенектер келіп “Бөрте сұлу кім? дегенде бәрі: «Мен” деп жауап береді. Сонда хан жан шошырлық жарлық береді. Қазанбектің тұтқындағы баласын сатып, етін баршалап, қуырып, мыналарға әкеп бер, қайсысы жемесе, осы баланың анасы дейді. Сонда Бөрте сұлу баласына барып, “Балам, сенің етіңді жейін бе, әлде жауға беріліп, әкеңнің ар-ұятын аяқ асты етейін бе?-деп сұрайды.
Әмірші – ана! Мейлі, дұшпан мені сойып, етімді таратсын, бәрі бір түйірді жегенше, сен екіншісін, же! Әйтеуір сені дұшпан білмесін! Әке намысы үшін жан пида – деп жауап беріпті.
Әрине бұл аңыз ғой! Әйтпесе ешбір туған ана өз баласының етін жемес! Бұл сюжет оғыз елінің бұрынғыдай бытыраңқы емес, бірлесіп жау бетін қайтаратын бірлікті ел екенін көреміз.
Дегенмен, жыр Санар Қазан жеңісімен аяқталады. Осы көрініс жырда өте көркем, философиялық тұрғыда суреттеледі.
“Бір күні Қазанбек Ұлан ұғлы Таулы құстың ұрпағы, бізміскіннің үміті, Ахмет суының арысланы, Қарашықтың қабыланы, Хан Ораздың әкесі Баяндыр ханның күйеуі, Қоңыраттың иесі, қалың оғыздардың бақыты, барлық жігіттің арқасы, Санар Қазан орнынан тұрды. Тоқсан басты алтын үйін қара жерге тіктірді. Тоқсан жерге қалың кілем төсетті, сексен жерге алтын кесе, тостағандар қойдырды”.
Осы жырды қорыта келе, біз Қорқыт ата кітабындағы аңыз-әңгімелер құрғақ қиялдан емес, тарихи-оқиғалар негізінде туған демекпіз.
Үшінші жыр. Қаш – Бураулы Бамсы – Бейрек жөніндегі жыр”, “Қорқыт ата кітабына ” негіз болған ежелгі жырдың бірі – осы болып табылады. Бұл жырда ерліктен гөрі романтикалық сарын басымырақ. Сондықтан осы ерекшелігімен, басқа жырдан өзгешеленеді. Башсы-Бейрек жыры өзінің композициялық құрылысы жағынан “Алпамыс” жырына өте жақын. Ал, сюжеттік тұрғыдан алып қарасақ, бұл екі жырдың I,II бөлімдері бірін-бірі қайталайды.
«Қорқыт ата кітабындағы» жыр былай басталады: “Ұлы хан Баяндыр жерінен (орнынан) тұрды. Қара жердің үстіне ақ ордасын тіктірді, көк жүзіне шалқыған биік шатырларын көтерді, мың жерге жібек қошы кілемдер төсетті, іш оғыз бен сырт оғыз бектері Баяндыр ханның тойына жиналды. Бұл тойға Қаш-Бура яғни (Байбөрі) де келеді. Баяндыр хан қарсысында садаққа сүйеніп, Қара-Кене ұлы Қара-Бодау тұрды. Оң жағында Қазанұлы Ораз тұрды, сол жағында Қазылық-Қожаұлы Жүгенек тұрды. Байбөрі оларды көріп, “ах!” деп есінен таңып, орамалын қолына алып, боздап жылады. Бұны естіп қалың оғыз арқасы, Баяндыр ханның күйеуі, Санар Қазан тізесімен жүгіне отырды да, Байбөрінің жүзіне қарады, тағы сұрады:
- Байбөрі бек, неге боздап отырсыз - дегенде, - Хан Қазан, қалай жыламаймын, неге боздамаймын, менің ұлым да, туғаным да, күшім де жоқ дейді. Бұл не деген қорлық. Алла мені қарғаған. Егер менің ұлым болса, ол хан Баяндырдың қарсысында тұрмас па еді, ол менің сүйенішім, қуанышым, мақтанышым болмас па еді?”
Тойда отырғандар мүшкіл хәлін көріп: “Тәңір саған бір ұл берсін!- деп ақ баталарын береді. Сол кезде оғыз Бижан да тәңірден қыз сұрайды.
Жақсылар тілегі қабыл болып, Байбөрінің әйелі ұл туады. Атын – Бамсы-Бейрек деп қояды. Бижанның әйелі қыз туады. Атын – Бану-Шешек деп қояды. Екеуі ер жетеді. Бір күні аң аулап жүрген Бамсы-Бейрек бұлақ басында тігулі тұрған қызыл шатырды көреді. Сөйтсе, ол Банудың шатыры екен. Кең жазира далада “Қыз бөрі” ойыны басталады. Ойын шарты бойынша, қыз қашып, жігіт қуады. Ақыры Бамсы-Бейрек қызды қуып жетіп, танысады. Екеуі жүзіктерімен алмасады.
Башсы-Бейрек қызды айттыруға адам жіберейін десе, қыздың ағасы Қарашар барған адамдардың басын кесіп өлтіре береді. Құдалыққа Қорқытты жібереді. Қылышпен Қорқытты шаппақ болғанда Қарашардың қолы қарысып қалады. Не керек, әйтеуір Башсы-Бейрек көп қиындық көріп, Бану-Шешеккке үйленеді.
Бұл жырдың эпикалық қаһармандары бәрі дерлік “Алпамыс” жырының геройларымен бірдей, ұқсас болып келед. “Алпамыс” жыры Орта Азия, Кавказ жерін мекендеген көп тайпаларға мұра болған өте көне дәуір туындысы. Бұл жыр осымен аяқталды.
Бесінші жыр - Доқа-Қожаұлы ер Домрул туралы жыр. Қорқыт жырының бесінші жыры – сан ғасырлар бойы халық арасында аңыз болып, ауызша тарап кеткен түрімен “Қорқыт ата кітабына” енген жазбаша нұсқасының бір-бірінен принциптік ерекшелігі бар.
Домрул жөніндегі халық аңызы-түгелдей дерлік ислам дініне қарсы айтылған жыр. Домрул (Домбаул) деген алып батыр аң аулап, өзен жағасында жүреді екен. Бір күні сол маңайға бір ауыл келіп қонады. Көп ұзамай әлгі елден бір жігіт қайтыс болады. Ел жыл жылайды. Домрул елден оны кім өлтіргенін сұрайды. Ел: “Тәңірінің бұйрығымен өседі, оның жанын алған қызыл қанатты әзірейіл»,-дейді.
Қаһарына мінген ер Домрул бостан-босқа адам жанын алатын әзірейілмен соғысып, жігіт жанын өзіне қайтарып бермек болады. Сонда тәңірі әзірейілге “Домрулдың өз жанын алып кел” деп бұйырады. Әзірейіл келгенде, Домрул қылышын қынабынан суырып, қарсы тұрады. Сол кезде әзірейіл көгершінге айналып кетеді.
Қорқыттың ажалмен күресудегі басты мотивтерінің бірі осы жырдан көрінеді.
Алтыншы жыр - “Қаңлы Қожаұлы Қан-Тұралы жайындағы жыр”. Бұл жырдың негізгі тақырыбы – әке-шешенің мұрагер баласын үйлендіріп, оған жаңа отау тігуі деуге болады. Сонымен бірге, мұнда оғыз-қыпшақ, әсіресе түркімен батырларының жат жұрттық христиан қыздарына үйлену дәстүрі өз көрінісін тапқан. Сонау оғыз-қыпшақ дәуірінде Қаңлы-Қожа деген бір данышпан кісі болған екен. Бір күні ол өз ұлы Қан-Тұралыны үйлендірмек болыпты. Бірақ баласы болашақ қалыңдығына бұрын құлақ есітіп, көз көрмеген қатал талаптар қояды: “Маған тием деген қыз төсектен менен бұрын тұруы керек, менен бұрын атты ерттеп, атқа мінуі тиіс. Мен әлі жауға шабуыл жасамай тұрған сәтте ол соғыс ашып, маған жаудың басын кесіп алып әкелуі керек. Мен тек сондай қалыңдық алам” дейді. Әкесі ұлына: - Ондай қызды өзің іздеп тап” дейді. Жігіт күллі оғыз елін аралап ондай қалыңдық таппайды.
Ақырында хан қызына үйленіп, бақытты болады.
Жетінші жыр. «Қазылық-Қожалы Жүгенек туралы жыр». Бұл кітаптағы теңдесі жоқ шығарманың бірі осы жыр. Қазылық-Қожаұлы ер Жүгенек (Игенек) батырлығы жырланады.
Жүгенектің жырдағы басқа батырлардан ерекшелігі – ол сегіз қырлы, бір сырлы.
Қазылық-Қожа жауға аттанып, соғыста жеңіліп тұтқын болған еді. Ол кезде Жүгенек бір жасқа толмаған екен. Ол он беске келгенде Баяндыр ханға барып: - “Маған әскер беріңіз, әкемді тұтқыннан босатып аламын”- дейді. Жүгенек соңына әскер ерітіп жорыққа шығады. Түсінде Қорқыт ата кеңес береді. Ол ата кеңесін тыңдап, әкесін құтқарып алады. Еліне оралған соң ұлан-асыр той жасайды. Тойда Қорқыт ата былай деп бата береді: “Қаратаудың жүзі жығылмасын, жапырағы қалың қаба ағаштың басы кесілмесін. Ақсақалды бабаңның жері ұжмақ болсын, ақ бүркендік анаңның жері бейіш болсын» дейді.
Сегізінші жыр - “Бисаттың Төбекөзді өлтіргені туралы жыр”. Осы сегізінші жырға ұқсас сюжеттер қазақ және қырғыз фольклорында да кездеседі. Мысалы: “Жалғыз көзді дәу” ертегісі. Бұл жыр былай басталады: “Бір күні қалың оғыз елін жау шабады. Бүкіл ел дүрлігіп, көше жөнеледі. Асығыс үстінде Аруз-Қожаның емшектегі баласы жұртта қалып қояды. Оны ана – арыстан тауып алып, емізеді. Үңгіріне апарып бағады. Арадан біраз жылдар өтіп, ел-жұрт бұрынғы жайлауына қайта көшіп келеді. Күн сайын, қамыс арасынан адам секілді бір жәндік шығып, аттардың қанын сорып кетеді екен. Оны естіген әкесі, сол жәндіктің өз баласы екенін сезеді. Әбден жабайы болып кеткен баланы Қорқыт ата алып келеді. Балаға Бисат деп ат қояды.
Бір жолы Аруз-Қожа аң аулап жүріп, бұлақ басында су шашып, ойнап жүрген пері қыздарын көреді. Біреуін ұстап алып, онымен көңіл қосып, бір көзді ұл тауып алады. Ол мал, жанды түгел жалмайтын жалмауыз болып өседі. Ел-жұрт қатты қорқады. Оның аты – Төбекөз болады. Ол жұртты қорқытып, күніне екі адам, бес жүз қой жеуге алып тұрады екен. Төбекөзбен күресуге Бисат шығады. Ақыры ол жалмауызды жеңіп, елді азаптан құтқарады.
Тоғызыншы жыр - “Бегіұлы Әмрен жайлы жыр”. Бұл жырда оғыздар өздерінің жаңа қонысы – қазіргі Әзербайжан территориясына көшіп келгеннен кейінгі оқиғалар баяндалады. Оғыздар қоныстанған соң Грузия мен Арменияның көптеген өлкелерін жаулап алғаны мәлім. Бұл жырдың сюжеті Басқаларға қарағанда өте қарапайым.
Баяндыр хан Грузиядан көп салық жинап алады. Соның құрметіне үлкен той жасайды. Бірақ хан сол күні қатты ренжиді, өйткені бектердің ешқайсысы шекара күзетіне бармайды. Салықтың үштен бірін берем десе де бармайды. Ақыры Қорқыт ата Бегіл деген бекті көндіреді. Ол өзі батыл, алып болғандықтан жау шекараны бұзуға қорыққан. Әрі ел де оған сеніп, тыныш ұйықтайды екен. Ел ақындары : “Бегілдің күші өзінде емес, оның сәйгүлік атында» деп жырлайды екен. Хан да сарайға шақырып, сый-сиапат көрсетеді. Бірақ әлгі сөзге ызаланып, Бегіл хан сыйларын қайтарып, өкпелеп сарайдан шығып кетеді.
Үйіне келіп,болған жайды әйеліне баяндайды. Сонда ол: Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» деп басу айтады. Ол сөйтіп, аңға аттанып, байқаусызда аяғын сындырып алады. Оны естіген жау, елді жаулап алады. Енді елді қорғауға Бегілұлы Әмрен аттанады. Ол жеңіске жетеді. Бір қызығы ол жауды айламен жеңеді: «Ей, дінсіз, менің соңыма кімдер ергенін білесің бе? дейді жауға. Міне, жанымда бүкіл елдің беделі – Санар Қазан, інісі ер Қара-Көне, Дүзенұлы Ебрен , айлы Рүстем, жеңілу дегенді білмейтін Башсы-Бейрек тұр»- деп жауды қорқытыпты.
Оныншы жыр - «Үйсін Қожаұлы Секрек туралы жыр». Халық ауыз әдебиетінде кең тараған тақырыптың бірі – Кенже баланың ерлік көрсетуі. «Қорқыт ата кітабында» осы тақырыпқа жазылған жалғыз шығарма осы.
Үйсін – Қожаның тұңғышы – Есрек барып турған өркөкірек, мақтаншақ адам болады. Ол бір шайқаста жау қолына түседі. Секрек – Есректің інісі. Ол ағасын құтқаруға аттанады. Оны әке-шешесі үйлендірмек болады. Той өткен соң Секрек жорыққа аттанады.
Жаудың бар әскерін қырады, қатты сасқан жау інісіне қарсы ағасын жібереді. Екеуі туыс екендерін білмей бірнеше күн жекпе-жекке шығып жүреді. Бір күні Есрек келсе, інісі әлі ұйықтап жатады. Ағасы сыбызғы тартып, інісін оятады. Сөйтіп, олар туыс екендерін түсініп, аман-есен елге оралып, үйленіп, бақытты болыпты.
Он бірінші жыр. «Санар Қазанның тұтқынға түсуі және оны ұлы Ораздың босатуы туралы жыр».
Қазан батыр Трапезунд әміршісінен сыйлыққа сұңқар алып, аң аулауға шығады. Қайтарда алыптың қатты ұйқысы келеді. Бірнеше күнге созылған мұндай ұйқыны «кіші ажал» дейді екен. Сол кезде жау Қазанды тұтқынға алады. Ол арбада оянып, жауға «Мен мына тербеліп келе жатқан жаман арбаны түсімде бесігім екен деп, ал сендерді мені тербетіп отырған әжем екен деп қалдым,»- дейді.
Жырда кекесін-күлкіге, юморға әжептеуір орын беріледі.
Он екінші жыр - «Сыртқы оғыздардың ішкі оғыздарға қарсы шығуы және Бамсы-Бейректің өлімі туралы жыр».
Қорқыт ата кітабының барлық жырларында оғыздардың ауызбірлігі суреттеледі. Ал бұл жырда тұңғыш рет ішкі оғыздар мен сыртқы оғыздардың жауласуы жайлы айтылады. Осы жауласуда оғыздардың батыры Бамсы-Бейрек қаза болады.
Қазан өз үйін тонауға береді. Бұған «үш оқ» та «бозақ» та қатысуы керек болады. Бірақ ішкі оғыздар ғана келеді.
Ал, Қазанның нағашысы Аруз-қожа бастаған сыртқы оғыздар өкпелеп, бұл салтанатқа келмей қалады. Аруз-қожа Бамсы-Бейректі Қазанға қарсы шығуға уағыздайды. Ол көнбеген соң қастандықпен өлтіреді.
Аруз-қожа да өледі. Жыр осымен аяқталады.
Тегінде «Қорқыт ата кітабындағы» он екі жыр әрқайсысы кезінде өз алдына дербес жырланса керек. Бұл жырлар хронологиялық тәртіпке сайып келмейді. М.Қазанбек жайлы жырлар циклын алайық. Бұл циклға екінші, төртінші және он бірінші жырлар енеді. Ал Қазанбек туралы хикая екінші жырдан басталады. Осы жырда Қазыбекұлы Оразбек ер жеткен жігіт, бек, тіпті үш жүз батырды басқарып, әкесі аң аулауға кеткенде ел күзетіп қалады. Ал кітапта бұдан кейінгі төртінші жырда Оразбек әлі кәмелетке де толмаған бала жігіт. Кітаптағы тағы бір осындай композициялық олқылық бар. Сегізінші жырда Төбекөздің қолынан қаза тапқан кейбір қаһармандар бар. Алғашқы жырдағы өлген қаһармандар ХІ жырда Қазыбекті тұтқыннан құтқарады. Мұның бәрі «Қорқыт ата кітабындағы» он екі жырдың әрқайсысы алғашында жеке айтылып, артынан біріккенде, композициялық кемшіліктер кетсе керек. Егер біз Қорқыт жырынан хронологиялық жүйеген келтірсек былай болар еді. 8,1,3,4,11,2,5,6,9,10,12.
Бұл дастанның ерекшелігі мазмұнындағы өлең шумақтары шығармашылық прозаның текстіне сіңісіп кеткен. Түркі тіліндегі дастандарда қара сөздің өзі құдды жыр жолдары секілді ішкі ұйқаспен, тақпақталып айтылып, дыбыстардың үйлесуі арқылы беріледі ғой. Сондықтан да Бартольд контекстегі өлең жолдарын жеке дара бөліп көрсеткен. Бұл шығармалардағы өлең мен қара сөздерді бір-бірінен ажырату қиын. Мысалы: «тізесін бүгіп отырған әйел көрікті. Сасқанынан ағарған баба көрікті. Үлкен шаңырақ үйдің қасына тірелген келіншек отау үйі көрісті». Бұл негізі поэзия ма, проза ма? Мұнда өлеңге тән элементтер – ұйқас та, аллитерация да, ассонанс та сөздің интонациялық дербестігі де бар. Поэзияға тән эмоция жоқ. Бұндағы буын саны құбылып, әртүрлі болып келеді. Тіпті бір өлеңнің өзінде үш буыннан бастап, он алты буынға дейін бар.
Қорқыт дастанында көркем сөз мәнерлігін күшейте түсу үшін ежелгі әдеби тәсілдердің бірі – қайталау – аллитерация кеңінен қолданылады. Әсіресе бұл жырда бастапқы дыбыстардың аллитерациясы жиі кездеседі. Мысалы: Сандан саура бір йігіді
Севур варсам біла йатсам
Мазмұны: Сенен кейін бір жігітті
Сүйе алмаймын мен енді.
Мұнда белгілі бір әріптерді немесе бірдей сөздерді қайталау – анафора әдісін ежелгі ақындар зор шеберлікпен қолдана білген:
Қарсы жатқан Қара таулар елең болса ел жайлар,
Қан құйылған сулар есен болса – жерге береке берер.
Сол сияқты бұл дастанда синтаксистік анафора және эпифора сияқты қайталау әдістері де көп.
Оның үстіне ой атасы, күй атасы қарт ақын – Қорқыт айтқан қанатты сөздер, ұтымды фразеологиялық тіркестер ғасырлар бойында өзгеріске ұшырамай, сол күйі біздің әдебиетке енген.
Иә, Қорқыт ата жайлы қанша айтсаң да, парақ бетіне түсіріп бітпессің, сірә. Оның өмірді философиялық түрде мыңнан астам уақыт бұрын болжағандығын бұл күнде тарих мәлімдеп отыр.
Қорқыт атаның артына (өшпес мұра қалдыруы) қалдырған әрбір сөзі, кейінгі ұрпаққа асыл мұра , бай қазына болып жабылады.
Күй атасы Қорқыттың ажалға қарсы күресуін кейбір индивуалистер, буржуазияшыл өкілдер теріске бұрмалап, түңілудің, өлім мен қорыққандық деп жүр. Бірақ, бұл мүлде қате пікір.
Қорқыт тақырыбы – құдаймен алысу тақырыбы.
Қорқыт жайындағы нұсқалардан басқа халықтардың ежелгі ғасырлардағы көне эпостық образдарымен ұқсастықты, сарындастықты белгілі тюркологтар, атақты ғалымдар атап көрсеткен болатын. Мысалы: Прометей жайындағы аңыз, осетиндердің Әміран жайындағы аңызындағы құдаймен алысу тақырыбы қазақтың Қорқыт жайындағы аңызда өз шешімін тапқан. Қорқыт өзі алғаш тапқан өнерімен өсер шағына дейін халыққа қызмет етті. Оның өлмес-өшпестігі де осында!
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Келімбетов Н. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі. Оқулық. – Алматы, 1986.
2. Әбілғазы. Түрік шежіресі (аударған Б.Әбілқасымов). –Алматы, 1992.
3. Бартольд В.В. Двеннадцать лекции по истории турецких народ Средней Азии. Соч. Ү-Т. – Москва, 1968.
4. Бартольд В.В. История культурной жизни Туркестана. Соч. Т.ІІ. – Москва, 1963.
5.Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. – М-Л, 1950.
6. Бердібаев Р. Кәусар бұлақ. Зерттеу. – Алматы, 1989.
7. Ескі түркі жазба ескерткіштері туралы зерттеулер. – Алматы, 1983.
8. Короглы Р. Огузский героический эпос. – Москва, 1976.
9. Кононов Н. Родословная туркмен. Сочинение Абул-газы хана Хивинского. – М-Л., 1958.
10. Қорқыт ата кітабы (аударған Ә.Қоңыратбаев, М.Байділдаев), -Алматы, 1986.
11. Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және түркология. – Алматы, 1987.
12. Сүйіншәлиев Х. ҮІІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті. – Алматы, 1989.