Наурыз – көне мейрам. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер “патрих”, бирмалықтар “су мейрамы”, тәжіктер “гүл гардон”, “бәйшешек”, “гүлнаурыз”, хорезмдіктер “наусарджи”, татарлар “нардуган”, буряттар “сагаан сара”, соғдылықтар “наусарыз”, армяндар “навасарди”, чуваштар “норис ояхе” деп түрліше атаған. Әбу Райхан Бируни, Омар һайям, т.б. еңбектерінде шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер мол. Мысалы,парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндерде әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды; жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжайды; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже “сумалак” ұсынады; ескі киімдерін тастайды; ескірген шыны аяқты сындырады; бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – “күн символын” салады; үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі; түрлі жарыстар (жамбы ату, т.б.) ұйымдастырады.
Наурыздың Әзірбайжанда тойлануы
Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады; әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру, т.б.) ойналады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады.
Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде (1920 – 25) шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол “діни мейрам”, “ескілік сарқыншағы” деп танылып тоқтатылды, бірақ Қазақстанның бар аумақтарында жасырын түрде сақталып қалды. 1988 жылдан Алматы қаласында, республиканың көптеген аудандарында Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады.
Наурыз жыры. (песня)
Қазағым, наурызың құтты болсын,
Көтерген шаңырағың биік болсын.
Тілектері ұлтымның қабыл болып,
Жақсылығын бір Алла иіп тұрсын.
Наурыз тойы- ақ батаның бастауы,
Береке мен бірліктің жалғасуы.
Жеті түрлі қасиетті дәмменен,
Байтақ елдің бір толады астауы.
Наурыз келіп көктем сазы білінер,
Ойнап- күлген жас балалар жүгірер.
Жаңа жылы қазақ деген ұлы елдің,
Наурыз ай шаттықпенен нұр берер.
Гүлі шығып дала жайнап құлпырған,
Далам қандай тамаша еді ән тұңған.
Бусап жатыр далам бүгін терлене,
Баурайынан қары кетіп құрсанған.
Алтын күні шуақ шашып аспаннан,
Жаңа жылым жыр думанмен басталған.
Ақ дастархан жайып қазақ төріне,
Ақ ниетпен үлкендерден бата алған.
Жаңа жылым келіп жетті аңсаған,
Басқа ұлттармен татулыққа жар салған.
Дәстүрімен мақтанамын елімнің,
«Мен қазақ!»- деп дүниеге жар салам.
Қазағымның жаңа жылы келгенде,
Елім менің қуанышта жүргенде.
Мендегі өлең тау суындай тасйды,
Қазағымның шаттық жүзін көргенде.
Наурыз келді ал тойлаңдар, жараңдар,
Келген мына мерекеге қараңдар.
Шашу шашып ақ жаулықты әжелер,
Тойда бүгін ойнап- күліп тараңдар!
Наурыз көктем (стих)
Наурыз көктем, наурыз жыр,
Ана мейрім, шуақ нұр.
Жан иесін жаңартқан,
Аққан бұлақ, нәзік сыр.
Наурыз әлем, наурыз құс,
Сұлу дала, сағым түз.
Самғай ұшқан қарылғаш,
Аққу қаздар мамық төс.
Наурыз дала, наурыз гүл,
Тентек сезім, үнсіз тіл.
Ақ қайыңның аясында айқасқан,
Балуан білек, қыпша бел.
Наурыз жауын, наурыз сән,
Әсем әуен, сазды ән.
Қыз бозбала қыдырған,
Жаcыл желек, көк аспан.
Наурыз самал, наурыз таң,
Қалың орман ұйқысынан оянған.
Сағынышпен қауыштырған жұптарды,
Жылдың басы, он екі айда тоғысқан.
Достарыңызбен бөлісу: |