Лекция. Отбасының тәрбиелік мүмкіндігінің диагностикасы



бет1/2
Дата14.10.2023
өлшемі46,39 Kb.
#114822
түріЛекция
  1   2

9 лекция. Отбасының тәрбиелік мүмкіндігінің диагностикасы
Дәріс мақсаты: Ата – ана мен бала арасындағы сенімді сыйластықты, бір- біріне деген сезімді нығайту, бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы туған ұясы, өз отбасындағы ата-ана тәрбиесі, өнегесі және баланың бас ұстазы ата – ана екенін түсіндіру.
Дәріс мазмұны. Ата-аналардың өзара әрекеті және олардың балаларға қатынасы, жалпы отбасындағы жағдай, тұтастай алғанда, тұлға болып қалыптасып келе жатқан балаға үлкен мектеп. Олар өз көргендерін жолдастары арасында, мектепте, аулада, есейгеннен кейін еңбек ұжымдарында қолданады.
Отбасы, оның барлық өмір тіршілігі, ата-ананың адамгершілік сана-сезімі, олардың бір-бірімен қарым-қатынасы, айналасындағы адамдарға, қоғамға деген көзқарастары - осылардың бәрі баланың әлеуметтенуіне әсер етеді. Сондықтан да отбасындағы ішкі қатынастардың әлеуметтік үлкен мәні бар.
Ата-ана балаларын адамдарға деген құрмет пен ризашылық сезіміне тәрбиелей отырып, оларға үлкендермен сөйлесе білуді үйретеді, олардың сөзін бөлмеуді, берілген сұраққа жауап беруді, қиқаңдамауды, «сіз» деп сыпайы сөйлесуді талап етеді. Егер жақын адамдарына құрметпен қараушылыққа отбасында үлкен мән берілсе, онда ол тамырын терең жаяды, - деп тұжырымдайды қазақ педагог-ғалымы К. Оразбекова өзінің «Иман және инабат» атты еңбегінде. Ғалымның осы тұжырымдамалары отбасындағы ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық өзіндік сананы қалыптастырудағы этностық жаңсақ нанымдарды дамытудың мәнін көрсетеді деуге болады. Себебі, баланы мұндай адамгершілік бағытпен тәрбиелеу, оның бойында имандылық, үлкенге деген құрмет, сыпайылық, инабаттылық, ұстамдылық, ұқыптылық, тәртіптілік негізін құрайтын жаңсақ нанымдардың көрінісін білдіреді.
Қоғамнан тыс адам болмайды. Адам белгілі бір қоғамда өмірге келіп, білім алып, есейіп ер жетіп, рухани жағынан толысып, қызмет етеді. Ал еңбек адамды тәрбиелеу мен оның қалыптасуындағы басты фактор. Адам отбасындағы қарым-қатынаста өзінің әлеуметтік мәнін, мәдениетін, санасы мен ойын дамытады, өзін белсенді және өзіндік пікірі бар жеке адам ретінде қалыптастырады.
Қазақ халқының өзара қатынасындағы қарым-қатынас әртүрлі өзіндік ерекшеліктерімен көзге түседі. Бұл ерекшеліктер атадан балаға мирас болып келе жатқан өзара қатынас ережелерімен тұрақтанған. Ендеше, олар қалыптасқан жүріс-тұрыс таптауырындарынан көрінеді. Бұл таптаурындар адамның бала кезінен қалыптастырылып келе жатқан жаңсақ нанымдар нәтижесі болып табылады.
Жаңсақ нанымдар – белгілі ережелер негізіндегі қабылданған ақпараттардан пайда болып, әртүрлі танымдық процестерге байланысты өңделіп отыратын адам санасының қызметі нәтижесінде көрінетін өмір бағыты. Ол адам бойында оң және теріс қылықтарды қалыптастырады. Бірақ белгілі әлеуметтену процесінде дамитын танымдық іс-әрекетте өзгерістерге ұшырап отырады.
Халқымыздың көптеген салт-дәстүрлерінің өзінде туыстық қарым-қатынас ерекше орын алады. Бір бірімізбен қалай туысамыз, алыс- жақынымызды қалайша ажыратамыз, кім бізге қай жағынан туыс т.б. осы сияқты сұрақтарға жауап беруде туысқандық қарым-қатынастың, оның ішінде әр туыстың орны, мәні бөлек, әрі ерекше.
Туысқаншыл, бауырмал халықтардың бірі - біз қазақ халқы, бір-бірімізбен қалай туысамыз? Қоңыр қазақтың өзіне тән барша қасиетін ана сүтімен, жусан иісімен, күйдің күмбірімен, саумал иісті самалдың лебімен бойына дарытқан, көкірегі ояу, көзі ашық, халқының тарихын, әдет-ғұрпын, салтын білетін азамат - өзінің шыққан тегін, кіндік кесіп, кір жуған ата жұртын қастерлеп, жеті атасын жадында тұтуы шарт.
Қазақ халқы алысты жақын тұтып, жақынды бауыр тұтып, туыстық желіні үзбеген. Бұның барлығы халқымыздың айрықша қасиеті, ерекшелігі. Қазақи бауырмалдық оған тән табиғи қасиеттің бірі болып табылады.
Қазақтың үш жұрттық туысқандық байланысы жанашырлық, сүйеніштік, қорғаныш-тіректік сапалары туысқан, қандастығы адамдардың бір-біріне ыстықтығын, бауырлығын анықтайды. Бұны қазақтың «Атасы басқа – аттан түс» деген нақылы өте анық көрсетеді. Туыстық негіз бен атаулар осы үш жұрттан басталып, жақындық, іліктік қатынас «ағайын», «туыс», «нағашылы-жиенді», «ілік», «жамағайын», «жекжат», «жұрағат», «туыстық», «құдандалы» деген туыстық қатынасты көрсететін жаңсақ нанымдардың түпкі негізін, яғни генезисін түсіндіреді. Қазақ халқы қазақ баласын қай рудан, тектен болса да бөтен деп санамаған. Себебі туысқандық жіктер жеті атаға дейін жақындықты білдіретін болған.
Отбасылық қатынас – филогенетикалық, социогенетикалық, онтогенетикалық, ұжымдық және даралық негіздегі сананың қазіргі заманғы және мифологиялық психикалық ақиқатын құрайтын күрделі феномен екендігін алғашқы бөлімде жақсы көрсеттік. Ендеше «отбасы» - қандай да болмасын ұлттар мен ұлыстардың әлеуметтік жағдайларын анықтайтын ерекше ұйымдасқан топ.
Дүние жүзі халықтарының отбасын құру ережелері әр түрлі - олар: Индоевропалық, Оралдық отбасы, Алтайлық, Кавказдық, Чукотка Камчатск, Эскимос-алеут, Кытай-Тибет және Жоқағыр (Юкагир) отбасылары. Осылардың ішінде қазақтар жанұясы алтай отбасыларының қыпшақ тобымен топтасады.
Егер тарихи-этнографиялық зерттеулерге жүгінсек, алтай тобы отбасыларының басым көпшілігі түркілер, яғни түркі тілдес халықтар екендігін байқаймыз. Олар көбінесе малмен, көшпенді шаруашылықпен айналысқан.
Мұқтар Мағауин өзінің «Қазақ тарихының әліппесі» кітабының әуелгі сөзінде: «Қазақ халқының тарихи құжаттарында нақты таңбаланған азаматтық тарихы соңғы мың жарым жылды қамтиды. Егер арғы тамырымыз, Орталық Азияны мекендеген көне тайпалар шежіресінен сөз қозғасақ, төрт мың, бес мың жыл тереңге кетер едік. Ежелгі түрік дәуірінен бері тартып, Алтын Орда заманына ұласқан ұлыстар шежіресіне келсек, бұл да сала-сала, қат-қабат әңгіме. Азды–көпті мөлшерде соның бәрін байыптар болсақ, межелі жерге жуық арада жете алмаймыз. Таза қазақ атымен аталған ұлттық мемлекет шаңырақ көтерген дәуірдің өзі ұзақ та күрделі хикаят», - деп, қазақ халқының тұрмыс-салты даму жолының өзінше күрделілігін байқатады.
Осындай өте көлемді тарихы бар қазақ халқының отбасы қатынасындағы ерекшеліктер де - өзінше тарихи-әлеуметтік тұрғыда қалыптасқан әлеуметтік топ.
Әр ұлттың өзіне тән әлеуметтік-экономикалық, тарихи-саяси, және ұлттық-психологиялық ерекшеліктері бар. Олар халықтың мінез-құлқын, болмыс-бітісін, әлеуметтік–тіршілік жағдайларын және өмір сүру салтын таныта алады. Мысалы: қазақтарға тән бауырмалдық, қонақжайлық, ақжарқындық т.с.с. Әрине, бұл қасиеттер басқа да халықтарда бар. Дегенмен де қазақ халқына тән бұл қасиеттердің қалыптасуы өзінің ерекше механизмдерімен көзге түседі.
Халқымыздың салт-дәстүрлері тіршілік кәсібіне, наным-сеніміне, өмірге деген көзқарасына байланысты ұрпақтан-ұрпаққа берілгенде ауысып, өзгеріп, жаңарып отырады.
Негізінен, салт-дәстүрлерді: бала тәрбиесіне, тұрмыс-салтқа, әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлерге байланысты деп үш топқа бөлеміз. Бұлар туралы талдаулар жұмысымыздың келесі тарауларында қаралады. Біздің әңгіме желісінің өзегі болып отырған тақырып: некелесу мен отбасы қатынасының өзіндік-психологиялық ерекшеліктері.
Отбасы мен некелесу рәсіміндегі дәстүрлік әрекеттер әлеуметтік-тұрмыстық–мәдени салт құрамындағы ұлттың болмысын көрсететін компонент дей аламыз. Себебі, бұл феномен өз мазмұнында бала тәрбиесін, адамның тұлғалық қалыптасуын, әлеуметтік- шарушылығының жетілу, даму динамикасын, өзара қарым-қатынас жүйесін қалыптастыратын ерекше қоғамдық құбылыс. Сонымен қатар, отбасын ғылымда: «әлеуметтік топтардың ішінде ерекше қызметімен оқшауланатын әлеуметтік институт», - деп көрсетеді.
Отбасының құрылуы ер адам мен әйелдің ортақ мәмілеге келіп, өзінің болашақ өмірін бір-бірімен біріге отырып жалғастыруға ерікті екендігімен анықталады. Бұл екі адамның келешекте бала тәрбиесін, үй шаруашылығын және де басқа әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді ортақтасып шешуге дайын екендігін жақсы сезінуі, түсінуі қажеттігімен отбасын құрып, некелесу шартының бірі болады. Осылайша, отбасы өзіндік ішкі мәдениетін дамытады. Оның қалыптасу деңгейі жоғарыда көрсетілген шарттар мен олардың өмірлік көзқарастарына, құндылықтарына, мақсат-мүдделеріне байланысты.
Отбасының даму деңгейін былайша көрсетуге болады:
1) Қоғамның биологиялық үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Отбасы өз ішінде көбейе отырып, жыныстық қажеттіліктер мен ата-аналық міндеттерді жүзеге асырады. Қазақ халқында бала тәрбиесі көбінесе ананың міндетінде немесе әже-аталарының тәрбиесінде болады. Осыған орай атасы, әжесі бар балалардың әке-шешелері балаларына тікелей әсер ете алмайды. Көбінесе бұл әрекеттер «жасырын» түрде жүзеге асады. Ал, ерлі-зайптылардың бір-бірінің «көзіне шөп салушылық» құбылысы қазақ өмір салтына қайшы келіп, өте үлкен қылмыс болып есептеледі (басқа да халықтарда кездеседі). Отбасының негізгі мүшесі - ер-азамат өз отбасы мүшелерінің табиғи қажеттілігін (тамақ, киім, баспана) қамтамасыз етеді.
2) Отбасы болашақ ұрпаққа мәдени мұраны табыс ете отырып, қоғамның мәдени тұтастығын қамтамасыз етеді. Қазақ отбасында кездесетін отбасы мүшелерінің қарым-қатынас мәдениеті, үлкенге, кішіге, аға-жеңгеге, іні-қарындасқа деген және басқа да отбасылық дәстүрлік рәсімдер әкеден балаға мирас болып беріліп отырады да, ұлттық құндылық ретінде өзіндік - қоғамдық белгімізді сақтатады.
3) Отбасы өз балаларына әлеуметтік жағдай туғызады. Мәселен, қазақтарда «тұңғыш бала», «кенже бала», «қыз балалардың» отбасында алатын орындары және атқаратын рөлдері нақтылы анықталған.
4) Отбасы өз мүшелерінің көңіл-күйінің көтеріңкі болуына, олардың өздерін жақсы сезінуіне жағдай жасап, адамның тұлға ретінде азғындауына жол бермейді. Бұл жөнінде, қазақта «ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» - деген сөзі бар. Сонымен қатар, біздің халқымыз «әке балаға сыншы», баланың қандай да болмасын жағымсыз қылығын әке әр уақытта ескеріп отырған.
5) Отбасы - әлеуметтік ортаның негізгі түрі. Отбасы құрылымы әртүрлі болуы мүмкін. Белгілі бір қоғамның даму деңгейі мен сол қоғамдағы салт-дәстүрлерге, т.б. факторларға байланысты экзогамдық, моногамдық, полигамдық некелесу түрлері болады. Қазақ халқында «тоқалдық», «әмеңгерлік» некелесулердің де қоғамдық мәні бар.
Отбасының қоғамдағы алатын орнын, ұлттық тұлғаны қалыптастырудағы рөлін көрсету үшін этногенезі мен этностық тарихын сөз өзегі етеміз.
Отбасы қоғаммен қатар дамып, қоғаммен бірге өзгеріске түседі. Ұлттық сана-сезімнің қалыптасуында, негізінен, басты рольді отбасындағы тәрбие атқарады. Ал, қазақтардың отбасындағы ұлттық ерекшеліктеріне келетін болсақ, ол ең бірінші салт-дәстүрден басталады. Салт-дәстүр дегеніміз халықтардың кәсібіне, сенім-нанымына, тіршілігіне байланысты қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын қоғамдық құбылыс. Ол отбасындағы тәрбиеде қалыптасады. Жеке адам жаңа салтты ойлап шығара алмайды немесе бұрынғы қалыптасқан салтты жоғалта алмайды.
Салт-дәстүр белгілі бір әдет-ғұрыптарымен байланыста туады. Мысалы, бала тәрбиесімен байланысты шілдехана, сүйінші сұрау, бесікке салу, сүндетке отырғызу; ал үйленумен байланысты құда түсу, жасау беру т.б. салт-дәстүрлер қазақ халқында ежелден сақталған. Мұны тұрмыс-салт дәстүлері деп атайды. Оған байланысты әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерде халықтың арман-тілегі, ой-пікірі, келешек ұрпаққа айтар өсиеттері - оларды жандандырушы негізгі механизм болмақ. Олардың барлығы тойларда, жиындарда, сонымен қатар, туыстық қарым-қатынастарда жүзеге асырылады. Осындайда жастайынан баланы келешекке дайындайтын отбасының ролі, атқаратын қызметі өте ерекше. Қазақ халқының отбасында жастар жағына имандылық қасиеттерді дарыта отырып, тәрбие берген. Қызды құтты жеріне шығарып салу, келін түсіру, құда күту, нәрестені бесікке салу т.б. эстетикалық тәрбиенің құралы болған.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет